Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАБАНБАЙ БАТЫРДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ ОРНАТЫЛДЫ


24 сентября 2009, 05:09 | 4 074 просмотра


Жетісу жерінде Қаратал өзенінің жағасында Ұлы Даланың тағы бір ірі тұлғасы, ерен батыры Қаракерей Қабанбайдың ескерткіші орнатылды.

Қаракерей Қабанбайдың есімі әрқашан қазақ елінің есінде. Ұрпақтары оны ұмытпауға, қадірлеуге міндетті. Елі бардың - ері бар. Сонау Тарбағатайда тау мен тастың қиырында ата жауды қасқая қарсы алып, кеудесін оққа төсеп айқасып, еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алды. Түн қатып, толарсақтан қан кешті, жұртымен бірге қабырғасы қайысты. Ұрпақ үшін дұшпанымен сайысты. Жоңғарларға қарсы күрескен батырлардың ішінде киелі батырлар әулетінен шыққан Қабанбай батыр біздің тарихымызда ерекше орын алды. Жүзден аса шайқасқа қатысып, қолбасшылық істеп, бас сардарлық міндетті атқарды. Қырық жыл қылышын қынабына салмаған, атты жасақтар шайқасының тамаша білгірі, «ат үстіндегі жекпе-жектің теңдесі жоқ шебері» болып, қазақтын рухын биік ұстап, намысын жерге таптатпады.

Халқы оны құрметтеп «Ер Қабанбай», «Дарабоз», «Хан батыры» атап, батырына өлең-жырлар, аңыз, қиса-дастандар арнаған:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Сары Баян мен Сағынбай,

Қумап па еді жауыңды,

Қуантпап па еді қауымды...