Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бала әке мен шешенің сөзін таңдап тыңдайды


8 августа 2017, 03:59 | 2 644 просмотра



Әдетте бала тәрбиесін жіті зерделеген ғалымдар арасында пікірқайшылықтар өте көп болады. Бірі дұрыс деп тапқан тәсілді екіншісі (көбінде ұлттық ерекшеліктерге сүйене отырып) қатеге шығарады. Мүмкін ол да дұрыс шығар. Ал, «ата-ананың отбасы тәрбиесіндегі көзқарастары бір келкі болғанда ғана баланы ойдағыдай тәрбиелеуге болады» деген тұжырымға келгенде көп ғалымның пікірлері бір жерден шығады екен. Тіпті мұны балаға дұрыс тәрбие берем деген ата-анаға айналып өте алмас қағида санайды. Мұндай болмағанда бала, «әкемнің айтқанын тыңдасам анамды ренжітіп алам ба, анамның айтқанын орындасам әкемнің ашуын тудырып алам ба?» деген үнемі екіұдай күймен ержетеді екен. Баланың басындағы мұндай күй оның үйрену нәтижесін нашар қылып қана қоймай, тәртіпсіздікке төте жол ашады. Қалай? «Екі қарға таласса бір қарғаға жем түседі» дегендей бала белгілі бір істе ата-анасының ұқсамаған көзқарасын байқаса бірден өз қалауын іске асыра алады. Тіпті есіріп сала береді. Бұл баланың алдындағы ата-ананың ең оңай жеңілісі. Мысалы, анасы баласына тамақтан бұрын пчения секілді ұсақ-түйек жемейсің десе, әкесі азырақ жесе оқасы жоқ – деді делік. Бала не істейді? Ол мұндайда шешесінің сөзін елемейді. Әкесі қолдайтынын білген бала әрине жегісі келіп тұрған дәмді жемектіктерге ауыз салады. Және әкесінің «азырақ» дегені де жайында қалады, ол сол мүмкіндікті жақсылап тұрып пайдаланды. Анасының сөзін тыңдамауға бойы үйренді. Ал енді белгілі бір істе баланың қалауына анасының пікірі дұрыс келіп қалса «анам рұқсат еткен» деп табандап тұрып алады да, әкесінің сөзі жайында қалады. Оған да бойы үйренеді. Бұл бала ата-ананың сөзін өз қалауына сәйкес келгені үшін ғана тыңдайтын болады деген сөз. Өсе келе екеуінікі сәйкес келмесе екеуінің сөзін де сөз екен демейтіні анық көрініп тұр. Осылайша ата-ананың пікірі бірдей болмаған жағдайда бала ырықты орынға шығады да, басқару қиынға соғады. Екеуі былай тұрсын, біреуі сөз ұқтыруға зар болады. Көп ата-аналар баласының ойдағыдай тәрбиеленгенін көксейді, сол үшін тер төгеді, уақыт бөледі, қиналады, уайымдайды. Өкінерлігі, екі жақтың ой-пікірі ұқсамауынан еңбектің көбі селге кетеді немесе кері нәтиже көрсетеді. Не істеу керек? Жоғарыдағы мысалға байланысты айтсақ, ата-ана ұқсамаған көзқарастарын бірден баланың алдында шығармай алдын ала келісіп алғаны дұрыс. «Тамақтан бұрын ұсақ жемектіктерді жесе тамаққа тәбеті тартпай қояды, тамақ ішпесе денсаулығына зиян» деген ойын анасы айтсын, «баланың қарны тез ашады, ұсақ-түйектердің де өзіндік қуаты бар, тәбеті тартып тұрғанда аздап жесін» деген көзқарасын әкесі айтсын, осыдан ортақ келісім шығады. Не жемейтін, не аздап жейтін, иә тамақты ертерек берейік дейтін белгілі бір тұжырымға келеді. Анығында осы үш тұжырымның да қатесі жоқ. Қателік ата-ананың бала алдында өз ойларын жөнге санап, ақыры екеуі де балаларына сөз өткізе алмайтын ырықсыз күйге түсіп қалулары. Бұдан сақ болған жөн. Тамақтың алдында копчения жеу, жемеу деген секілді кішкентай тартыстың өзінен қаншама үлкен қиындықтар балалап шығатынын аңғару қиын емес.Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ «Егемен Қазақстан»Толығырақ: https://egemen.kz/article/bala-ake-men-shesheninh-soezin-tanhdap-tynhdaydy

Автор:
bakittiotbasi.kz