Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Әйгілі мультфильмдегі үлкен құпия


9 августа 2017, 10:15 | 1 026 просмотров



Өткенде Түркияда пиццаның қалай танымал болғандығы, нарықты қалай жаулағандығы, пицца жеу «мәдениетінің» қалай қалыптасқандығы жайлы бір мақала оқыдым. Түркияда ғана емес, жалпы пицца жеткен барлық елде де пиццаның дәл осы жолмен танымал болғандығына күмәнім жоқ. Оның ішінде Қазақстан да бар. Сол оқығанымды сіздермен де бөлісуді жөн көрдім.Түркия алғаш рет пицца дүкендерімен 1989 жылы танысады. Осы жылы бұл елде бірнеше пицца дүкендері ашылады. Алайда, танымал марканың Түркияда сол жолы айы оңынан тумайды. Ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмайды. Себебі, онсыз да ас мәзіріне бай түріктер пиццаны аса жақтыра қоймайды. Саудагерлердің салы суға кетіп, ашқан дүкендерін қайта жауып, келген іздерімен кері қайтады.1991 жылы Murakami-Wolf-Swenson Productions бір мультфильм жасап шығарады. Бұл мультфильм әлемде үлкен қызығушылыққа ие болады. Балаларды жіпсіз байлап алады. Бұл мультфильм Түркияға да келеді. Мультфильм жасаушы компания өнімін Түркияның жекеменшік телеарнасына ұсынады. Ұсынған бағалары да нарықтағы бағаның 10 пайызындай ғана. Яғни, 90 пайызға арзан мультфильмге телеарнаның араны ашылады. Ақыры телеарна «қақпандағы ірімшікті» саудаласпастан тез сатып алады. Бұл мультфильм де Түркияның балаларын өзіне баурап алады.1994 жылы мультфильм миллиондаған бала мен жастың жүрегінен орын алады. Балалардың қалам-дәптерлері, сөмке, киімдері, ыдыс-аяқ, төсек орындары, қабырғаға ілінген суреттері, қысқасы тұтынған әрбір заты осы мультфильммен, мультфильмнің кейіпкерлерімен байланысты болады. Не керек, соңында әлгі балалар аналарынан пицца пісіріп беруді сұрай бастайды. Пиццадан басқа ештеңе жемейміз деп қисаяды. Өмірі пицца көрмеген аналар пиццаны қайдан пісіріп бере қойсын. Бірақ, сұраныс барған сайын арта береді. Осы кезде кезінде тасы өрге домаламаған пиццериялар Түркияға қайтып келе бастайды. Жабылған дүкендер қайта ашылады. Дүкендердің сыртындағы пицца ұстаған мультфильм кейіпкерлерін көрген балалар аналарын дүкенге етегінен тартып кіргізетін халге жетеді. Осы кезде пицца саудасының көрігі қыза түседі. Үйге дейін тапсырыс берілетін болады. Содан бері пицца Түркия жастарының жерік асына айналады.Бұл мультфильмнің атын айтпасам да, іштеріңіз сезіп отырған болар. Бүгінгі 30 келген өзім қатарлас жастардың бәрі бұл мультфильмді кезінде сүйіп көргені жасырын емес. Тіпті, кейіпкерлерінің есімін де жеті атамыздай танимыз. Бұл – «Тасбақа ниндзялар».Міне, бір ғана мультфильм бүгінде Американың қаржы қорына қаншама ақша алып келді. Әлі күнге дейін қоржынын қампайта бермек. Онсыз да нарығымызға еніп кеткен пайдасынан зияны көп «апыл-ғұпыл астар» бізге әуелі фильмдермен келген. Гамбургер, сэндвич, кола дегендеріңізді мухиттың ар жағынан америкалықтар өздері келіп таныстырып кетті дейсіз бе? Мұның бәрін біз Голливудтың фильмдерінен көргенбіз. Ал дүкендері ашылғанда бұл тамақтар бізге таңсық болмады. Бардық та жыланның құйрығындай ұзын кезекке табанымыздан таусылсақ та тұрдық. Бұны былтыр Астанада ашылған McDonald’s-тың дүкенінде тұрған қарақұрым халықтың кезегінен-ақ көре беріңіз.Жалпы, мультфильмнің үлкен қару екенін әркім жақсы біледі. Абайша айтсақ, мультфильм «...қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман». Яғни, мультфильм өткір пышақ секілді. Пышақпен адамды да өлтіресің, соғымыңды да сойып аласың. Яғни, мультфильм жасаушының ниетіңе байланысты.Сондықтан да, мультфильм көру үшін де адамның критикалық-аналитикалық ойлау қабілеті болуы тиіс. Әрбір ата-ана баласына мультфильм көрсетпес бұрын оны әуелі өзі қарап шығып, ол мультфильмге сыни-аналитикалық тұрғыдан баға беріп, содан кейін ғана балаға рұқсат беруі керек. Әйтпесе, ертеңгі күні балаңыз пропоганда мен жарнаманың құлына айналып, қалтаңыз бен қаныңызды теспей соратын сорлыға айналады.P.S. Өткенде «Диномама» деген мультфильмді көріп шықтым. Көп адам мультфильмнің қызықты желісімен отырып, өнімнің басты мақсат-пиғылын байқамай қалады. Ал аңғарған жан 1 сағат 26 минуттық мультфильмнің барлығы бір ғана өнімнің жарнамасы екенін біледі. Бұл жайында келесі бір мақаламда жаза жатармын. Оған дейін балаңыздың не көріп жатқанына бір мән беріп көріңізші.Салтан САЙРАНҰЛЫ

Автор:
bakittiotbasi.kz


Комментарии


Комментариев нет.

Ваш комментарий:

Ваш IP адрес 54.81.192.192 будет сохранен вместе с комментарием