Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Әкенің балаға берер ең жақсы сыйлығы


9 августа 2017, 10:21 | 1 029 просмотров



Жүсіпбек Аймауытов бабамыз бір сөзінде: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе: баланы жан-жақты білу керек» деген екен. Кейде өз баламыздың қабылетін, болмысын, мінез-құлқын ескермей, шамасынан тыс «Тапсырмалар» жүктейміз, айтқанымызды істетуге тырысамыз. Бұл әрекетіміз сәтсіз болып, әке мен баланың арасында түсінбеушілік пайда болады. Осы ретте бала тәрбиесіне қатысты бірнеше факторларды ескере кеткіміз келеді.Біріншіден, дұрыс үлгі. Балаға сөзбен емес, іспен үлгі болу. Оның көзінше күнәлі іске бой алдырмай, барынша теріс қылықтарды жасаудан бас тартқан абзал. Өйткені, бізден кеткен қателікті сәби «дұрыс дүние» екен деген пікірде қалады.Екіншіден, жұмсақтық. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оларға деген мейірім-махаббаты оянбайды. Оны бетінен қайтару немесе қателігін жұрт көзінше бетіне басу – орынсыз. Өз қателігін өзі түсініп, мойындатуға тырысуымыз тиіс. Сонда ол саналы түрде шалыс басқан қадамын ендігәрі қайталамауға тырысады.Үшіншіден, кейде қаталдық та қажет. Ол өзінің әдепсіз әрекеті үшін әкесінің ашуланатынын білуі керек. Жұмсақтық жақсы. Бірақ ол баланы босаңсытып жібермеуі қажет. Сол үшін даналықпен қаталдық көрсету де жақсы.Төртіншіден, онымен үлкен адамдарша пікірлесу, сөйлесу. Көп жағдайда оны сөйлетуге, пікірін ашық айтуға дағдыландырғанымыз абзал. Өз пікірін білдіре алмай өскен бала үлкейгенде де ынжықтық танытады. Бұған да мән бергеніміз жөн.Бесіншіден, жүйелі түрде жасалған тәрбие. Балаға аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбиесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді. Бала болған соң, бұзықтық жасайды, босаңсиды, теледидардан көргенін қайталағысы келеді. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген дұрыс.Алтыншы, оның қолымен қайырлы істерді жасау. Мысалы, көшеде кетіп бара жатырмыз делік. Жол бойында қайыр сұраған қарияға, мүгедекке балаңыздың қолымен ақша, т.б. беру. Сонда бала өскенде мұндай қайырлы істер оның бойында қалыптасып, өмірінде көрініс табады.Жетінші, сыйлық беру. Сыйлық – кез келген жүректі жібітеді. Сыйлық беру арқылы жаттаған «тақпақты» немесе берген тапсырманы талап етіңіз. Өйткені, сыйлық алған адам берушіге «берешек» боп қалады. Беру арқылы, өз «билігіңізді» жүргізесіз.Сегізінші, дұғагөйлік. Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі жарасқан қайырлы баланы Алладан тілеу. Өйткені, қайырлы ұрпақты пайғамбарлар да Жаратушыдан сұраған. Қазақтың: «Бала бер, бала берсең сана бер. Сана бермесең ала бер», – деген қанатты сөзі қайырлы ұрпақты тілеуден туған ниет.Тоғызыншы, балаларды алаламау, бәріне бірдей қарау, бірдей көңіл бөлу қажет. Бірін екіншісінен артық жақсы көру – үлкен қателік. Бұл жарға жығады.Мұсылманның мұраты – Иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өсиетті сөзінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – ол тәрбие», – деген. Бір ғұламаның: «Бала қымбат болса, баладан да оның тәрбиесі қымбат», – деген сөзінде де үлкен мән жатыр.Ағабек Қонарбай,namys.kz

Автор:
bakittiotbasi.kz


Комментарии


Комментариев нет.

Ваш комментарий:

Ваш IP адрес 54.81.192.192 будет сохранен вместе с комментарием