Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Зейнеп Ахметова қазақ тойындағы "сорақылықтарды" қатаң сынға алды.


10 августа 2017, 10:05 | 1 129 просмотров



Әйгілі Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова қазіргі заман тойларының қазақы салт-санаға жат әдеттерге толып кеткенін сынға алды. Бұл туралы жазушы Қыздар педагогикалық университетінің студент жастарымен болған кездесуде айтты деп хабарлайды NUR.KZ.Зейнеп Ахметова той-томалақта ұлттық дәстүрге қайшы әдеттерді қатаң сынады. Ол кездесудегі сөзінде өзі байқап жүрген ерсі әрекеттерге жеке-жеке тоқталды.Тойда жаңа түскен келінді төрге отырғызу«Баяғыда келін төрге отыру үшін еңбек сіңіру керек болған. Оларға бала туғаннан кейін ғана ата-енесі үлкен үйдің төріне шығуға рұқсат берген екен. Ал қазір, қарап тұрсаңыздар, төрге апарып қақайтып отырғызып, қарияларды етекке жайғастырып қояды. Жас жұбайлар төрге шығып отырғанша барлығы қарап тұруы керек. Осының өзі біздің ұлттық дәстүрімізге қайшы.Жартылай жалаңаш қалыңдық көйлегімен келінге беташар жасауБіз кез келгендікін оп-оңай аламыз. Өзіміздікін көрсеткіміз келмейді-ау, келмейді. Қараңыздаршы, қалыңдықтың киетін көйлектерін қараңызшы. Кеуде түгел ашық, оның бетіне бір жапырақ фатаны жауып соған беташар жасайды. Денесінің жартысы ашық бәлеге беташар жасаудың қажеті қанша?! Неге сол жерде үлбіретіп тұрып сәукеле, ұлттық киім кимеске?! Бұрын қыздарды ұзатататын кезде қырмызы көйлек кигізген. Үйінен шығар кезде қыз қызыл көйлегін шешіп, өзі кестелеп тіккен ақ көйлегін киген.Қыз ұзатуда әкесімен вальс билеуҚазір қыздар ұзату тойында сыңсу емес, әкесімен қоштасу вальсін билейді екен. Астапыралла, қай қазақ қызын билеп жүріп күйеуге берген? Мұндай салт ешбір ата-бабамызда болған жоқ.Гүл лақтыруКейінгі кезде қалыңдық ортада тұрып, артына гүлді лақтыратын әдет пайда болды. Сол тойда үлкен-кіші түгел жүреді, қыздардың әке-шешелері тұр. Байсырап бара жатқандай улап-шулап, соған таласып-тармасып, не көрінді сонша? Ұят нәрсе. Сол гүлді лақтырғанша, үкісін артындағы қыздарға үлестіріп бергені дұрыс. Енді ол келіншек болады, сәукеле киеді, бір жыл бойы соның желегін салады.Ата-енеге торт жегізуТағы бір сорақы нәрсе - ата-енеге торт жегізу. Сол торт қай уақытта келеді? Ел әбден қызып, түйенің екі өркеші көзге төртеу боп көрінген кезде келеді. Оның алдында шам өшеді. Тойда шам өшіру деген ырымға қандай жаман. Қазақ шырағың сөнбесін дейді. Ал қуаныштың үстінде шам өшіру қазақтың дәстүрінде жоқ нәрсе. Содан кейін жігіт пен келінді ортаға шығарады. Ата-аналары қоса шығады. Шаңырақ көтеріп, жігіт болып жатқан азаматтың қолына әйелге ұқсатып, пышақ ұстатып, оған торт кескізеді. Келін әлгі тортты қасықпен енесінің, атасының аузына салады. Ол бүгін атасының аузына қасық тықса, ертең көзін шұқып алады ғой?! Кішкене әдептілік керек емес пе?Бұл - бізде жоқ салт. Қазақта осы дәстүрді жасауға болады, "келіншай" дейтін бұрыннан бар. Келін түскен соң, ауылдың үлкендері келіннің тәтті шайын ішеміз деп келеді. Сол жерде келін ең алғаш сыннан өтеді. Оның отырыс-тұрысы, оның шай ұсынуы, баптауы сынға түседі. Содан кейін аталар бата береді. Әжелер қолындағы сақинасын білезігін «Итаяғыңа сал» деп шешіп кесеге сап береді. Ол тұңғыш баласын қырқынан шығарған кезде күмістерді суға салып, түсір дегені. Сол тойдың үстінде келін шай жасауға болады. Үлкендер отырған үстелге сызылып қана бір-бір кесе шай құйып берсе болады ғой?», - дейді жазушы қынжылысын айта келе.

Автор:
bakittiotbasi.kz


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто