Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұлт үшін туған Жүсіп Досовтың есімі ұмытылмауы тиіс


24 августа 2017, 04:49 | 2 341 просмотр



Талай мұрағатта болдым. Бірақ «Алаш» партиясы мүшелерінің толық өмірбаянын кездестіре алмадым. Ал Алматыдағы Президент мұрағатында баға жетпес құнды деректері бар құжаттарға кез болдым. Жалпы кітап немесе мақала жазғанда нақты деректердің көшірмесі берілсе, оқушы қауымға сенімді болады. Қағазға түскен осынша құжат мәңгілік сақталса ғана ұрпақтан-ұрпаққа жетпек. Сонау парсы, қытай мұрағаттарында бірнеше мыңдаған жылдардың құжаттары жатыр. Қазіргі компьютердегі ақпараттың кез келген уақытта жойылып кетуі мүмкін ғой. Ал қолжазбалар мәңгілік сақталады. Мәскеу, Омбы мұрағаттарынан алған құжаттарым, сондағы деректерге сүйеніп жазған кітаптарым теңдесі жоқ байлық емес пе?

Дегенмен, Президент мұрағатында жатқан аса құнды құжаттардың кейбір жазулары өшіп бара жатқаны байқалды. Оны қалайда сақтап қалудың жолын табуымыз керек. Мен кейбір хаттардың бірнеше бетін көшіре алмадым. Бұл құжаттар құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Осы хаттардың ішінен сол кезде Алаш партиясының көзқарасын қолдаған, ұлтшыл деген атқа ие болып қуғынға түскен адал азаматтарымыздың бірі Жүсіп Досовтың ісіне кез болдым. Ал 1937 жылғы «халық жаулары»деген тізімде Абдолла, Әбілқайыр Досов атты азаматтар жүр. Олардың бұл Досовқа қандай қатысы барын айта алмаймын.Мұрағаттан Досов Жүсіптің өмірбаяны туралы құжат табылды. Бұл хатпен бірінші рет танысып отырған мен екенмін. Жүсіп ағамыздың өзі жазып кеткен өмірбаяны орысша екен. Қазақшаға аударып беріп отырмын.«Өзімнің өмірбаянымда мен өзіме мінездеме беріп, революциядан бергі істеген істерімді баяндайын. 1917 жылдан осы уақытқа дейін Перов атындағы жоғарғы ­бастауыш училищесінің оқушысымын. Ол жерде мен революция туралы ешқандай түсінік алған жоқпын. Халықтың тапқа немесе партияға бөлінгенін естіген емеспін. Сол себепті мен ешқандай партияда болған емеспін. Жоғарғы бастауыш училищені бітіргенде, 1917 жылы Уақытша өкімет орнағанда мен оқуымды жалғастыру ниетімен жеке меншік оқу орнында оқыдым. 1917 жылдың аяғында өкіметті басқару коммунистердің қолдарына өткенде мен ең алғашқы болып білім саласында «Қазақ жастар бірлігі» атты үйірмені Перов уезінде ұйымдастырдым. 1918 жылдың басында коммунистердің бағдарламасымен таныс­тым. Әртүрлі брошюраларды оқыдым. Түрлі қызметтер де атқардым.Мұсылман жұмысшыларының орталық кәсіподақ ұйымы төрағасының хатшысы болып істедім. Ол туралы құжатым бар. Партияның бағдарламасын оқып, 1918 жылы 15 тамызда мүше болдым. Мүшелік билетім бар.10 айдай орталық бюрода істедім. Одан өз еркіммен кеттім. Ташкентке келдім. Онда жоғарғы оқу орындары уақытша жабық болғандықтан 6 айлық мұғалімдік курсті бітірдім. Оны бітірген соң 1919 жылы 2 айлық өлкелік педагогикалық курста тыңдаушы болдым. Мұғалімдік қызмет атқару құқығына ие болып, 1-ші сатылы мектептің 5 сыныбына дейін сабақ беретін куәлік қағазын алдым. 1919 жылы шілде айының аяғында інім екеуміз Перов қаласына келдік. Сонда қызмет атқара бастадым. Мұғалім, мәдени-ағарту мекемесінің басқарушысы, бір мезгілде РКИ-дің Мұсылман бюросы Президиумының мүшесі болдым. Қолымда құжатым бар.1919 жылы желтоқсан айында Мұсылман бюросының атынан делегат болып қырғыз конференциясына қатысуға Ақтөбеге бардым. Конференция аяқталған соң Киртүркістан военревкомы жастарды Кирреспубликасына жұмысқа шақырды. Солардың ішінде мен де болдым. Перовтағы Мұсылман бюросына есепті жолдасым арқылы жібердім де Орынборға келдім. Онда Крайнаркомның жанындағы мектеп инспекторы болып қызмет атқардым. Сол кезде мектеп жұмыстарын зерттеуге Қостанайға іссапармен келдім. Уезд Челябинск губерниясына қарайтын, сол себепті маған бұл уезді тексеруге рұқсат бермеді.1920 жылы мамыр айында Торғайға іссапармен бардым. Онда педагогикалық курс ашуға жіберді. Кирпростың рұқсатымен Туруезде нұсқаушы болып қалдым. Мүнда мен компартияға тіркелдім. 1921 жылы денсаулығыма байланысты бұл қызметтен кетіп, алыс ауылға мүғалім болып бардым. Онда денсаулығым нашарлап (бронхит), мені қызметтен босатты. Сонымен 1921 жылдан денсаулығыма байланысты жұмыс істемеймін. РИК-тің мүшесі де емеспін. Мен тұрған жерде партия ұйымы жоқ.Сонымен, біріншіден, аштыққа байланысты, екіншіден көп ауырғандықтан, үшіншіден отбасын асырайтын қаражат болмағандықтан қызметтен және партия мүшелігінен қол үздім».Өмірбаян осылай аяқталады. Жүсіп Досовтың 1923 жылдардағы тағдыры белгісіз. Анандай ауыр тұрмыстан қалайша тірі қалғаны, қайтадан Семейде қалалық атқару комитетінің төрағасы болғаны түсініксіз. Әсіресе сол кезде ешнәрседен сескенбей, қазақ халқының намысын қорғағаны таңғалдырады.Мұрағаттағы құжаттарға қарағанда бұл ағамыздың өмір жолы үнемі күреспен өтіпті. Шаш ал десе бас алатын шовинистер қаптап жүрген Семейде 1924 жылдары қалалық кеңестің төрағасы кезінде қол астындағы орыстардан қазақша сөйлеуді, істі қазақша жүргізуді талап етіпті. Оның бұл әрекетіне қарсылық жасап жоғарғы орындарға арыздар бұрқырап түсіп жатқан. Ол арыздарды қарап қорытынды жасайтындар да солар сияқтылар.Енді сол арыздарға тоқталайық. Қор 718, 1-ші тізім, 234-іс. Бұл хатпен менен бұрын ешкім таныспапты. Арыз беруші – Досовтың хатшысы Пастор. Жүсіп ағамыз орыс хатшысынан қазақ тілін үйренуді, хат қай тілде келсе де оған жауапты қазақ тілінде дайындауды талап еткен. Хатшысы «мен қазақша білмеймін, тапсырманы орыс тілінде жазыңызшы» дейді. Ж.Досов «қазақша үйрен» деп өз ұстанымында қалады. Содан Пастор бақылау комиссиясына шағым жасайды.Міне, қазақ тілін елемеу сонау 1920 жылдардан басталған екен. Бірақ қайсар Ж.Досов өз бетінен қайтпайды. Тергеуші Досовқа ескерту жасағанмен ағамыз оған мән бере қоймайды.Енді хатшы Пастордың хатымен таны­сайық. Құпия деген белгісі бар.

«Семей РКП(Б) губерниясының бақылау комиссиясына. Осы хатқа губатқару комитетіне қырғыз тілінде түскен екі өтінішті қоса отырып, ол хатқа губатқару комитетінің төрағасы Ж.Досов ұсынысын қырғыз тілінде бергенін хабарлаймын. Ол халықтан түскен арызға тапсырманы қазақ тілінде береді, Мен одан орыс тіліне аударып беруді сұрап «Тілді білмегендіктен мұндай тапсырманы орындау мүмкін емес» дедім. Оған жауап ретінде ол «Аппаратта қырғыз тілін білетін мамандар бар. Губернияда 60 пайыз қырғыздар тұрады. Сондықтан тілді үйрену қажет» деді. Мен «Аппаратта көпшілігі орыс тілділер. Губернияда Зайсан және Қарқаралы уездерінде ғана хаттарды қырғыз тілінде жазады. Оларды аударуға тура келеді. Ал сіздің талабыңызды орындау үшін бүкіл аппаратты қырғыздандыру, іс жұмысын қырғыз тілінде жүргізу керек» дедім. Ол «аппаратты қырғыздармен ауыстыру керек» деді. Мен «Өте дұрыс. Бірақ кадр жоқ, қайдан аламыз. Бұл мүмкін емес. Сол үшін ұсынысыңызды орыс тілінде жазсаңыз дұрыс болар еді. Әйтпесе берген тапсырмаларыңыз уақытында орындалмайды, президиумның барлық тапсырмаларын орындау жауапкершілігі маған жүктелген. Инструкторлар мен аудармашылар үлгермейді» дедім.Хаттарға оның қырғыз тілінде қолын қойып берген тапсырмаларын жіберіп отырмын.Төрағаның хатшысы.

Мұрағатта сақталған құжатқа қарағанда Пастордың арызы бойынша 1923 жылдың 28 желтоқсанында РКП(Б) Қырғыз облыстық бақылау комиссиясына 30 парақтан тұратын істің қорытындысы жіберіледі. Бақылау комиссиясының тергеушісі М.Голубцов шағымды бір жыл бойы қарапты (ағамызды осыншама қорлаған). Қорытындыда «Екеуінің арасындағы жанжал күрделі мәселе әрі әкімшілік іс болғандықтан,келешекте мұндай әдіс мемлекеттік іске зиянын тигізбеу мақсатымен Досов жолдасқа ескерту жасалсын. Алдағы уақытта бұл мекеменің абыройын сақтау үшін мұндай қақтығысуды болдырмау керек» деген түйін жасалған.Мұрағатта осыдан кейінгі Ж.Досовтың тағдыры туралы құжаттар кездеспеді. Ал 1937 жылғы қазақ жерінде құрылған «жасырын контрреволюциялық ұйымның мүшелері» деген тізімде оның аты аталмайды. Онда Әбілқайыр, Абдолла Досовтар бар. Біреуі Шымкент облысы атқару комитетінің төрағасы, екіншісі Шымкент облыстық партия комитетінің хатшысы болған. Ал Жүсіп ағамыз денсаулығы нашар болғандықтан өмірмен ертерек қоштасқан болуы мүмкін.Меніңше, Ж.Досов мәдениетті, тәрбиелі отбасынан шыққан, сауатты, халқына жақсылық жасауға ұмтылған азаматқа ұқсайды. Тар заманда өз ұлтының мүддесі үшін күресе білу әркімнің қолынан келген жоқ. Бұл ағамыздың ісін үлкен ерлік деп түсінген дұрыс болар еді. Ұрпағы бар ма, жоқ па, белгісіз. Бар болса әкесінің, атасының есімін жоғары ұстасын дегім келеді. Ал ұрпақтары жоқ болса, онда оның артында шымкенттіктер, тараздықтар, бүкіл қазақ халқы бар емес пе? Азаматтың есімінің өшуіне жол бермей, есте сақтау шараларын жасайық.Биылғы Алаш қозғалысының 100 жылдығын лайықты атап өткен жөн. Дәл сол азаматтар болмаса патша заманында қазақ деген аттан біржолата айырылып едік қой. Кеңес өкіметінің саясатына батыл араласып, автономия алуға, одақтас республика атануға да солар қол жеткізді емес пе? Олардың бүгінгі тәуелсіз мемлекетке айналуымызға қосқан үлесі зор. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан Ж.Досов сияқты қайраткерлеріміздің ерлік істерін дәріптейік, есімізде мәңгі сақтайық.