Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ана өкініші ойландырады


24 августа 2017, 08:23 | 2 268 просмотров



Жаз мезгілі. Аптап ыстық. Автобуста адам лық толы. Кенеттен жолдағы аялдамадан бір топ жолаушы мінді. Ақ жаулығын таққан ана менің жаныма жайғасты. Қолында үлкен сөмкесі бар. Жасы келген ана ауыр күрсініп қояды.Автобустың ішінде «Өмір-өзен» әні берілуде. Көзіме жасқа толы ананың жанары мен мұңлы келбеті түсті. Көңілін аулайын деп жөн сұрастым.

Көрші ауылдан екен, жасы жетпіске таяп қалған. Жанайқайын бөгде адаммен бөліскісі келді ме, қайдам, әңгімесін ­бастады.– Ей, қарағым, осы жасқа келіп дорба арқалап, жолға шығу маған оңай дейсің бе? Жетісіп жүргенім жоқ. Абақтыға барам, ұлымды көруге. Кезінде сол ұлымның болашағынан үміттеніп, үлкен шаhарға оқуға жібергенмін. Алайда «жылтырақ заттың» көптігі ме, ортаның әсері ме, білмедім, әйтеуір бір демалысқа келгенде «Апа, мен намазға жығылдым» деді. Мен қуандым, ата-баба жолын қуып, бес парыздың бірін орындап жүр екен деп. Келесі келгенде бізге діни сауатты ашатын кітаптар әкелді. Оны отбасымызбен оқыдық. Содан бірнеше ай баламнан хабар алмай алаңдадым.Бір күндері ұлым үйге келді. Отбасымызбен қатты қуандық. Бірақ қуанышымыз көпке созылмады. Өзіне арналып жайылған дастарқанға отырмады, өз бөлмесіне кіріп оқ­ша­ланды, оқуынан шыққанын айтты. Балам бір-екі күн үйде болып, кейіннен қалаға кетті.Күндер, айлар өтіп жатты. Кеш бата ауылдағы полиция қызметкерлері мен бірнеше адам үйге кіріп келіп, баламның қайда екенін сұрады. Қалада екенін айттық. Олар балама іздеу салғандығын, ұлымның жат дін жетегінде кеткендігі, қылмыстық әрекет жасағаны туралы айтты. Үйдегі ұлымның әкелген діни кітаптарын тәркіледі. Көз жасымызды төгіп біз қалдық.Ұлымды қашып жүрген жерінен ұстап, сот болып, бас бостандығынан айырды. Міне, енді соған кетіп барам. Қай ана өз баласын жамандыққа қияды. Екі-үш айда бір барып, халын біліп тұрамын.Айтарым, тек бала емес, біз отбасымызбен де кінәліміз. Себебі осыған жол бердік, қарамадық, байқамадық, араша түсе алмадық. Ата-ана да жауапты. Сау бол балам, менің аялдамам! – деді бейтаныс әйел.Автобус қайта қозғалғанда, есіме мына аңыз оралды.Баяғы бір заманда су тасығыштар ортақ құдыққа келіп, үлкен ыдыстарын таза суға толтырып алады. Сосын әрқайсысы өз ауы­лы­на аттанады.Су келді деп ауыл адамдары су тасығыштың маңайына жиналады. Бірақ ауыл адамдарының ыдыстары таза болмапты.Бірінші ауылдың ыдыстары таңқурай тосабынан босаған екен. Екінші ауылдікі балықтан босапты. Үшіншісінікі ішімдік сасып тұрыпты.Су тасығыштар ыдысты тазаламаса, су бүлінетінін айтып ескертеді. Бірақ ауыл адамдары бұл сөзге тоқтамайды. Елді сусамыр етіп тастап кетуге болмайды ғой. Амал жоқ сол ыдыстарына мөлдір судан құйып беруге тура келеді. Су құйылған ыдыстың дәмін бойына сіңіреді. Әр ауылдың адамы судың дәмі осындай екен ғой деп ойлайды. Кейін өзге ауылдың тұрғындарымен кездесіп судың дәмі мынандай деп әңгіме-дүкен құрады. Әр ауылдың суы әр басқа екенін білгенде бөлек бастаулардан алынған болар деп топшылайды. Өзара кімнің суы ең таза деп дауласады. Осы даудың аяғы кері кетіп, тартыс ұзаққа созылыпты. Бір-бірінің суын сыйламаған көршілерін жау көретін болыпты. Өздерінің білместігімен судың сапасын емес, өздері дарытқан дәмін бағалағанын байқамапты.Дін де су сияқты. Ол саф таза. Ізгілік дарытушы. Тек кей адам оны өз білместігімен бүлдіріп жатқанын байқамайды.