Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қылқалам шеберлері ой бөлісті


31 августа 2017, 03:58 | 2 329 просмотров



Тәуелсіз еліміздің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ғасырлардан сыр шерткен қасиетті мәдени сәулеттік ескерткіштерін, тарихи орындар мен ұлттық өнерді насихаттау мақсатында түркі тілдес елдердің еңбек сіңірген қылқалам шеберлері Шымкентте бас қосты.

Кескіндеме саласы бойынша өзара тәжірибе және пікір алмасуды көз­деген топ Оңтүстік Қазақстан об­лысы әкімдігінің үлкен мәжіліс за­лында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжановтың қатысуымен «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясындағы ХХ TURKSOY ұйы­мына мүше елдер суретшілері пленэрі бойынша дөңгелек үстел өткізді. Онда Оңтүстік өңірінің өзіндік табиғи географиялық ерекшеліктері мен көз тартарлық орындарын бейне­лейтін халықаралық деңгейдегі өнер шы­ғармаларын жасау, насихаттау мәселесі сөз болды.Алқалы жиынға 9 мемлекеттің, яғни Түркия, Түркіменстан, Өзбек­стан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Украина, Болгария, Молда­вия елдерінен 17 суретші, ал елі­міз­ден Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент қалаларынан 13 кәсіби суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ҚР Көркем ­сурет академиясының мүшелері және өнер профессорлары шақырылды. Дөң­гелек үстелде сөз алған облыс­тық мәдениет басқармасының басшысы Н.Ахметжанов ­Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда да аталған шараның маңызы зор екенін жеткізді.