Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Кyзетте


4 сентября 2017, 04:08 | 2 215 просмотров



Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Төребек қария кеңестік кезеңде кеңшардың қойма меңгерушісі қызметін атқарған. Асқан жауапкершілікті, сауысқандай сақтықты талап ететін қызметіне басқалардан бұрын барып, ең соңынан қойманы күзетшіге өткізіп бергеннен кейін ғана қайтатын. Өйтіп әбігерленетіндей де жөні бар. Қойма деп аталатын сырты қораш, іші бұлың-бұлың бөліктерге бөлінген бәкене тамда не жоқ дейсің. Бүкіл шаруашылық байлығы осында сақталатын. Аудан, облыс­тан жоғары ­лауазымды өкілдер, тексерушілер келгенде тігілетін қазақ үй жабдықтары, қымбат кілемдер мен төсеніштер, тоңазытқыштар, самауыр дейсің бе, күміс қасықтар мен хрусталь ыдыстарға дейін сақтаулы, қаттаулы тұратын. Соның бәрін халықтікі деп есептеп, былайғылардың сұқ көздерінен қызғыштай қоритын. Шынтуайтқа келгенде, қоймада еншім бар-ау деген қарапайым ауылдықтардың ойы тұрмақ, түсіне де кірмейтін. Сол бұйымдар мен мүліктер ақырындап аудандағы ықпалды адамдар мен ауыл басшыларының иелігіне өтетінін қайдан білсін.

Өмір бір орында тұрмайды екен. Қоғам ауысып, заман өзгерді. Төребек күш, қуаты бұлықсыған отты жылдарында өзі үшін түк бітірмей, қызығын басқалар көретін байлықтың буына семіріп, қойманың бір уыс кілтін ұстағанға мәз боп, аяғын алшаң басқанын кейін ұқты.Қария терең күрсінді. Ақсақалдың бір білгені зейнет жасына дейін айналысқан ісі бойға жұқтырған әдет-дағдыдан адамның қартайғанда да арыла алмайтыны. Арқасын кеңге салу, жайбарақаттық дегенге қас. Біреу қуып келе жатқандай асын да асығып-аптығып ішеді.Ақсақалдар алқасына төраға боп бекітілгеннен кейін зейнеткерлердің хал-ахуалын сұрауды төл міндеті санап, ауылдың о шеті мен бұ шетін жаяу аралайтынды шығарды. Төрағаның көңіл бөліп, арнайы ат басын бұруы қарттарды мерейлендіріп, баяғы өткен жастық шақтарын бастарына орнатқандай әсерленді. Қатар үзеңгі қағысқан тұрғыластарымен өткенді еске алып қауқылдасқаннан жаны жадырап, Төрекең де бір жасап қалады. «Әркімді алсын құдай теңіменен» демекші, қадіріңді білетін тең-тұсыңмен сыр ақтарысуға жетер не бар десеңші. Күш-қайраты кеміп, кемелі істерден шеттетіліп өмір сатысының ең соңғы баспалдағына табан тірегендеріне көндіретін, кез келген сәтте тап беретін ажалды шет көрмеуге мойынұсындыратын кәріліктің адамға жан күйзелтерлік азабы да аз емес екен. «Алдан өлім күту қасірет емей немене» деп Төрекең іштей жеңіл күрсініп қойды.Қария көп ойланып-толғанып, қабырғасымен кеңесіп зейнеткерлердің басын қосып, жиын өткізді. Жиынға ауыл әкімі, учаскелік полицей, т.б. ықпалды адамдар мен кәсіпкерлер қатысты. Екі түрлі мәселені алға тартты. «Бүгінгі таңда осы отырған бәріміздің қабырғамызды қайыстырып, өзегімізді қыжылтатын уақытша шешімі табылмай тұрған аса күрделі мәселе бар. Кезінде ауылымыздың көрікті де еңселі ғимараттары саналып, көз қуантатын мәдениет үйі, қонақүй, дүкен, асхана, балабақша құрылыстары бүгінде жай түскендей жайрап, бүлініп, түкке алғысыз боп қалғанына қалай күйінбеске! Бұған сіздер мен біздер бейжай қарай алмаймыз. Себебі ауыл біздікі. Ауылымыздың суығына тоңып, ыстығына күйгенбіз. Біз де бір қауым елміз. Зейнетке шыққанымызбен қолымыздан әлі де көп нәрсе келеді. Өмір тәжірибеміз бар. Соңымыздан жастарды ертуге ақылымыз да, күш-қайратымыз да жетеді. Отбасы шаруасын дөңгелетіп әкеткен бір-бір шаңырақтардың ақылмандарымыз. Елдік мәселеге де атсалысайық. Ақсақалдар бастап, жастар жағы қоштап, жұдырықтай жұмылып әрекет етейік. Болашағымыз бірлікте екені рас. Пайдаланудан қалған, бірақ болашақта іске қосылады-ау деген үмітпен аталмыш құрылыстарды сақтап қалу үшін бір-бір түннен күзетейік. Қалай қарайсыздар?». Төраға залға жағалай көз жүгіртті.– Табылған ақыл!– Өте орынды!– Күзетеміз!Өзін қоштаған дауыстар сөзі­нің да­лаға кетпегенін аңғартып, арқалан­дырды.– Бұл мәселеге ауыл басшысы не айтар екен?– Ақсақал, пікіріңізді толығымен құптаймын. Күзетке жастар жағын ұйым­дастырып, тізімін жасауды және осы істі үнемі бақылауда ұстауды учаскелік полицейге тапсырамын.– Екінші мәселені ауыл басшысына, ел азаматтарына, кәсіпкерлерге қаратып айтқым кеп тұр.Аз-кем бөгелді.– Айтыңыз тосылмаңыз, құлағымыз сізде, – деді әкім.– Айтсам былай. Бүгінгі зейнеткерлер кешегі бейнетқорлар. Өз міндетіне атша жегіліп, бой жазбаған, қызық қумағандар. Жанбағыс қамымен әлі де ауыр еңбектен қол үзген жоқ. Ендеше, зейнеткерлер жиналып бас қосатын, мейрамдарда бір шәугім шай ішіп, әңгіме-дүкен құратын, ойларымен бөлісіп сырласатын арнайы орын керек. Кей ауылдарда зейнеткерлер үйі бар екен. Болашақта бізде де сондай жай бой көтере жатар. Әзірше әкімдіктен бе, басқа мекемелерден бе, бір бөлме бергізсеңіз. Залдағылар дүрлігіп, қозғалақтап:– Дұрыс-дұрыс, – десті.– Ыңғайына қарай бір бөлме қарастырамыз, – деді әкім.– Үшінші мәселеге көшейік. Өз еркімен күзетшілер сапынан табылғысы келетіндер қол көтеріңіздер.Бәрі түгел қол көтерді.Ауыл басшысы уәдесінде тұрып зейнеткерлерге әкімшілік үйінің астыңғы қабатынан бір бөлме босатып берді. Бір айда бір келетін кезекшілікке қариялар құлшына кірісті. Туған ауылының бір кә­десіне жарағанына, қоғамның өзін қа­жетсінгеніне қай-қайсысы да дән риза.Әдеттегісінше, қол шамын, таяғын алып сыртқа беттеген ақсақалға:– Бүгін де сен бе кезекші? – деді кемпірі.– Менен басқа екі шал, бір жігіт бар.Төрекең есік алдында аз-маз аялдады. Көзге түртсе көргісіз қараңғылықтан ештеңенің сұлбасын ажыратып болар емес. Қол шамын жағып, Мәдениет үйіне көшеге қараған алдыңғы жағынан келіп жетті. Мәдениет үйінің сырт жағында тал, теректер жиі өскендіктен, қашқандар тығылатын таса. Түнде «жұмыс істей­тіндер» үшін қолайлы қалқа жер. Сол жақты қарап шықпақ боп, бұрыштан айнала бергенде тәжікелескен әлдекімдердің үс­тінен түскені. Алғаш ішіп алғандар шығар деп ойлаған. Басқа, сөздері түзу. Бір­деңені бөлісе алмай жатқан сыңайлы.– Сен арамтамақ, дайын асқа тік қасық боп өзгенің үлесін жымқырудан бетің шылп етпейді.– Оллаһи, ант етейін, мен алғаным жоқ.– Енді кім алды?– Білмеймін.– Мә, саған білмесең!– Ойба-а-й!Төрекең қол шамның жарығын жағып қалғанда көргені – серейіп біреу құлап жатыр. Екіншісі қаша жөнелді. Дереу зардап шегушінің қасына кеп басын сүйеп, тұрғызбақ боп әуреленіп жатқанда әлдекімнің ту сыртыннан жақындағанын аяқ тықырынан сезді.– Ассалаумағалейкүм!– Әліксалам, Қаршығамысың?– Иә, мен, ата.– Қашан келдің?– Мен келгелі қаша-а-н. Назарда ұстауға тиісті орындарды түгел тіміскі­ледім. Бейсауыт жүрген жан байқалмайды. Спорт залда жаттығуым бар еді. Содан шыққан бетім осы.– Түнге дейін спортпен шұғылданатын жастардың бары қуантады.– Жастардың спортқа құлшынысы ала бөтен.– Мыналар неге сондай іспен айналыспайды деймін-ау.– Бұлар үлкен «ерлік» жасапты, ата. Байқамадыңыз-ау деймін, онсыз да ұсқыны қашқан Мәдениет үйінің қабырғасын тесіпті.– Қо-о-й!Қаршыға қол шамның жарығын қа­бырғаға түсірді. Төменгі жағында бір адам еркін сиятын үңірейген тесік көрінді.– Адамнан ұялу, құдайдан қорқу деген жоқ-ау имансыз немелердің, ә?– Тағы бір ойландыратыны қалың қабырғаны тесуге анау сияқты сумұрын­дардың қауқарлары жетпесі анық. Бір түнде жүзеге асырғандарына қарағанда техника қолданған болу керек.– Сонда ұтпағы не?– Көрермендер залына су жаңа орындықтар қойылған ғой. Қалай пайдалануға берілді, солай жұмыстары тоқтап, бір жола жабылып қалды емес пе. Соны жақсы білетін адамның қолы – бұл.– Ана баладан сұрап көрейік, білетін шығар.– Жақан бері кел, – деді анадайда тұрған балаға Қаршыға бұйыра сөйлеп.– Қабырғаны тесуге кімдер қатысты?– Басқа жақтан бейтаныс екі адам келіп, бұрғы сияқты құралмен тесті. Әл­гінде қашып кеткен Смағұл екеуміз ішіне кіріп, орындықтарды сыртқа шығардық.– Орындықтарды қайда қойдыңдар?– Бекболсын ағай машинаға тиеп алып кеткен.– Бекбосы-ы-н?!– Қай Бекбосын?– Бұрын Мәдениет үйінің директоры болған ағай.– Ойпырым-ай, ә. Басқадан күтсем де мынадай сорақылықты ­Бекбосын ағайдан күтпеп ем. Мейманасын тасытқан қызмет орнын талқандауға қолы қалай барды екен қалтырамай.– Жақсы екен деп жүрерсің.Күнің түскенде білерсің, – демекші, сыртына қарасаң, жылмақтай жігіт аға­сы. Сырты басқа, іші басқа деген осы да.Қария ауыр күрсінді. «Кімге сенеміз? Дүние-боққа соншама неге құмар болдық?» деген ащы ой өзегін өртеп жібергендей болды.