Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Оңтүстіктің өнері тамсандырды


7 сентября 2017, 05:03 | 2 226 просмотров



Астана қаласында «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері ұйымдастырылып, барша сән-салтанатымен жарасымды болып өтті. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениет пен байлық паш етілетін 43 мәдени, көпшілік іс-шараның барлығы бас қалада апта бойы көрме қонақтары мен Астана жұртшылығының назарына ұсынылды. ­ЭКСПО шаһарын бір мезет ән мен жырдың қаласына айналдырды. 600 домбырашы күй күмбірлетіп, жастар Шәмші әндерінен бастаңғы берді. Этноауылда, ЭКСПО қалашығында ОҚО қонақжайлылықтың ерен үлгісін көрсетті. Диқанкөлдің қымызы, Маяқұмның шұбаты дәм татушылардың ерініне тиіп, таңдайында қалды. Иә, бұл еңбекқор Оңтүстік жұртының тынымсыз тірліктегі ұйысқан бірлігінің жемісі. Назарларыңызға «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясындағы Оңтүстік Қазақстан облысы күндерінде өткен көлемді шараларды топтап беруді жөн санадық.

Шаттыққа кенелткен  ән шашу

Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Астана қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері аясында жалпы жұртшылыққа арналған «ЭКСПО-ға» Оңтүстіктен ән шашу!» атты облыстың өнер шеберлерінің гала-концерті өтті. Гала-концерттің ашылу салтанатында сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев барша астаналықтар мен қонақтарды Конституция күнімен құттықтады.Оңтүстік өнерпаздарының концертіне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Досаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Сыртқы істер министрі Қ.Абдрахманов, Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Аманшаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары мен Қазақстандағы шетел елшілері және қоғам қоғам қайраткерлері қатысып, бүгінгі кештің мәртебелі меймандары болды.Өңірдің өзіндік келбеті мен ерек­шелігін, мәдени, рухани байлығы мен тарихи ізгі қадамдарын жұртшылыққа насихаттау мақсатындағы айтулы шараға облыстың 1000-ға жуық мәде­ниет және өнер шеберлері қатысты. Өнер көшінің алғы баспалдағы жергілікті өнерпаздардың гала-концертімен басталып, Астанадағы мәдениет күндерінің шымылдығы түрілді. Киелі, тарихи мекенге бай күнгей өлкенің шарасы «Қазына», «Шамсинур», «Тұмар», «Шаттық» би ансамбльдері мен балет тобы, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілерінің қаты­суы­мен «Тіршіліктің бастауы – Қазығұрт» сазды-хореографиялық композициясынан бастау алды.Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілгендей туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, Отан-ана мен сарабдал саясатты елдің асқақ өмірін насихаттау мақсатында дүниеге келген Н.Бейсеқожаевтың «Нұрлы жол» күйі Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония­ның «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестрі, облыстық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, «Оңтүстік-Цирк» мекемесінің «Х-бэнд» эстрадалық джаз ансамблі­нің орындауы­мен паш етілсе, ән ­падишасы Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен құралған попурри де өнер сүйер көрерменге жол тартты. Халық әндері мен дәстүрлі әндер және ­сопранолар мен тенорлардың шеруі, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атан­ған өнер дүлдүлдерінің орындауымен Б.Сердалының «Түркістаным – Тұраным» әні мен «Қазына» би ансамблі «Дала даналығы» биі рухты көтеріп, жігерді оятар леппен орындалды. Бұдан бөлек, 600 жас домбырашы бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап, домбыраның күмбірлеген үні көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Гала-концерт барысында Оңтүстік өңірінің тумасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші ­Алтынай Жорабаеваның орындауындағы «Елімнің жүрегі – Астана» әні аясында «Шамсинұр», «Шаттық» би ансамбльдері өзіндік өнердің үлгісін көрсетті. Шара соңы «Мәңгілік ел үшін» сазды-әуенді композициясымен қорытындыланды.Елордадағы Оңтүстік Қазақстан облысы күндерінде Астана қалалық «Оқушылар сарайында» «Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмінің тұсауы кесілді. ­«ЭКСПО-2017» халықаралық маманданды­рылған көрмесі аясында тұсауы кесілген шығарма туған елге деген сүйіспеншілікті арттыру, өңірдің әсем табиғаты мен киелі жерлерін және тарихи ұлы тұлғалардың өмірін насихаттау бағытында түсірілген.

Астана төрінде – «Томирис»

«ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында астаналық цирк сүйер көрерменге «Оңтүстік-Цирк» мекемесі «Томирис» қойылымын тарту етті. Бұл қойылым еліміздегі цирктер тарихында тұңғыш рет қолға алынған тарихи – театрландырылған көрініс болып саналады.Бас режиссері – Данияр Серікбаев болып табылатын қойылымда сақтар дәуіріндегі қазақ даласын мекендеген еркін, азат, рухы биік, қайсар халықтың өмірі көрсетілген. Сонымен қатар мұнда ұлы даланың қадір-қасиетін ұрпаққа насихаттайтын қазақ қызының қайсарлығы, тектілігі мен даналығы, Тұмар (Томирис) ханшайым мен Кир патшасының арасындағы байланыс, қақтығыс, қақтығыстың шешілуі кеңінен көрсетілді.Цирктік жанрлармен қамтылған тарихи бейнелерді Оңтүстік-Цирктің әртістері ойнап шықты. Қойылым 95 минутты қамтиды. Қойылым барысында клоундар мен акробаттар, әуе гимнас­тары мен қиыннан қиысқан трюктер арқылы жауынгерлік үлгісін көрсететін ат өнерінің жігіттері, жыртқыш аңдар мен жан-жануарлар әлемі қызықты нөмірлерімен жаңа образдарды ойнап шықты.

2-2-1.jpg

«Жер кіндігі – Қазығұрт»

Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері аясында «Қазақстан» орталық концерт залының фойесінде «Жер кіндігі – Қазығұрт» атты көп салалы ғылыми көркемөнер көрмесі өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттауға арналған шараның мақсаты – Астана қонақтары мен жұрт­шы­лығын Оңтүстіктің тарихи шежіре­сімен таныстыру.Оңтүстік өңірі тарихи-мәдени ескерткіштерге толы аймақ. «Жер кіндігі – Қазығұрт» көп салалы ғылыми көркемөнер көрмесінде 9 бөлім­нен тұратын тарихи шежіреден сыр шертетін белгілі қылқалам иелері­нің шығармалары, қолөнер шебер­лерінің жасаған бұйымдары мен тарихи фотосуреттері және облыс музейлерінің жәдігерлері жұрт назарына ұсынылды.Оңтүстік Қазақстан өңірінің ­жастары астаналықтарды әндерімен тамсандырып, Құрбан айт мерекесі қарсаңында халыққа 5 мың қорап бауырсақ таратты.ОҚО мәдени күндері аясында шара тізгінін қолына алған Оңтүстік ­жастары таң сәріден бастап қалалықтарды думанға бөледі. Арапа күні жас өрендер халыққа бауырсақ таратуды шешкен екен. Ол үшін Елордада кәсібін дөң­гелеткен оңтүстікқазақстандық кәсіп­керлермен келісіп, олардың мейрам­ханаларында бауырсақ пісірген. Бауырсақты 5 мың қорапқа бөле салып, Бәйтерек монументі маңынан «Хан­шатыр» сауда орталығына дейінгі аралықта жүрген қалалықтар мен шаһар меймандарына таратып берген. «Ханшатыр» мен «Керуен» сауда орта­лықтары бұл күні той-думанға айналып кетті. Домбыра мен баянға қосылып шырқаған оңтүстік жастары өнерімен тамсандырды.«ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің аясындағы Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері жоғары деңгейде өтті. Мәдениет күндері аясында өзге де қызықты да тартымды шаралар ұйымдастырылды.