Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Елорда тарихы – ел тарихы


8 сентября 2017, 11:05 | 1 117 просмотров



Астана қалалық Тарихи-мәдени мұра нысандарын және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі кәсіпорын басшысыСамат Тергембаевпен сұхбат

16-1.jpg

Кез келген елдің мәдениетінде ерекше орын алатын материалдық жәдігерлерге ескерткіштерді жатқызуға болады. Ескерткіштер кешегі мен бүгінді, бүгін мен келешекті байланыстырып тұрған темірқазық іспетті. Ол қала келбетін өзіне тән өрнекпен айшықтап, сәулеті мен ажарын ашады. Бір ескерткіш арқылы елді, тұтас мемлекетті танып білуге болады. Өнер тарихында ондай мысалдар аз емес, әрине. Осыдан жиырма бес жыл бұрын, Ақмола қаласында ұлт тарихына байланысты жалғыз С.Сейфуллиннің ескерткіші тұрды. Мемлекеттік дәрежеде танылып, зерделенген мұндай басқа ескерткіштер болған жоқ. Тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге жаңа елордамыз Астанада ұлттық рухымызды асқақтататын қыруар жұмыс атқарылды. Сол кездегі игілікті шаруаның бірі – Мәдениет басқармасының жанынан Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция ашылды. Бұл жоғымызды түгендеп, барымызды жария етуге жасалған қадам болып еді. Ары қарай шаруа дөңгеленіп жүре берді.Осы орайда Астана қалалық әкімдігінің Тарихи-мәдени мұра нысандарын және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі кәсіпорын басшысы Самат ТЕРГЕМБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Самат Ілиясұлы, Сіз кезінде он жылдан астам уақыт Қала әкімдігінің жанынан құрылған Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі қалалық комиссия хатшысы болдыңыз. Бүгінгі көзбен қарағанда, комиссия жұмысын қаншалықты тиянақты атқарды деп ойлайсыз?– Бірден айта кетейін, комиссия құрамында тарихи-мәдени мұра саласында елімізге танымал А.Ш.Чиканаев, Р.О.Чекаева, С.И.Рүстембеков, М.К.Хабдулина сынды ірі мамандар, қалалық мәслихат тарапынан С.С.Хамхоев, А.Қ.Байгенжин сынды азаматтар көптеген жылдар бойы қоғамдық негізде жұмыс атқарып келді. Комиссия жұмысына қала әкімінің орынбасарлары төрағалық етті.Жұмыстың жайы, мақсатымыз белгілі болған соң бірінші кезекте, жергілікті халықтың мүддесіне сәйкес ел мен жер тарихына қатысты нысандарды іздестіріп табу қажет болды. Олардың тізімін жасап, зерделеу және тарихи-мәдени құндылығын анықтап, ескерткіш мәртебесіне ұсыну, осы мәртебеде заң жүзінде бекіту жұмыстары үздіксіз жүрді. Мұндай іс-шаралармен қатар тізімдерді ҚР Мәдениет министрлігіне жіберіп, келісімдерін алдық. Қалалық мемлекеттік мекемелермен рәсімдеу жұмыстары қатар жүрді. Тарихи-мәдени мұра саласындағы мамандардың сараптамасымен құндылықтары анықталған нысандары қала әкімдігінің қаулысымен жергілікті маңызы бар ескерткіштер мәртебесіне ие болды. Нәтижесінде астаналық ескерткіштердің алғашқы мемлекеттік тізімдері қалыптасты.– Не нәрсені де бастау оңай емес. Тас екеш тасты да орнынан қозғау үшін ойлану керек. Құрылысы қауырт жүріп жатқан қалада бұл бағытта қиындықтар мен түсінбеушіліктер болды ма, болса, қалай шешімін тапты?– Әрине, қиындықсыз болмайды. Біз комис­сия­ның мәжілістеріне көнекөз ақсақалдарды, жергі­лікті тұрғындарды, басқа да ұлт мәселелеріне байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерін, БАҚ өкілдерін шақырып отырдық. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демей ме, халқымыз. Түрлі ескерткіштерге зақым келтірген, күтіп ұстау міндеттемесін бұзған пайдаланушылар мен меншік иелерін, ескерткіштің қорғау аймағында жүріп жатқан құрылыс басшыларын және күн тәртібіне қойылған мәселелерге қатысты жеке және заңды тұлғаларды қоса шақыру дәстүрге айналды. Алып құрылыс күні-түні жүріп жатқан қалада тарихи құндылықтарды анықтаумен бірге сақтап қалу мәселесі де оңайға түскен жоқ.Saryarka.jpg

Астанада мемлекеттік тізімге енген 46 республикалық және жергілікті маңызы бар ескерткіштер, 37 тарихи-мәдени құндылығы анықталған және болашақта ескерткіш­тер қатарын толықтыратын нысан, 12 архео­логиялық ескерткіш бар. Құрылыс шекарасы күннен-күнге кеңейіп отырған жаңа қала – Астанада археологиялық ескерткіштерді қорғау аймақтарымен бірге сақтап қалу жолындағы іс-шаралар ерлікпен тепе-тең болды десек қателеспесбіз. Олар – Есіл өзені маңындағы сақ тайпаларының ру басшыларын жерлеу нысандарының біріне жататын Көктал қорымы (б.д.д.VII-III ғғ.), ерте темір ғасырының кезеңіндегі қорғанға ұқсастық байқатқан Талдыкөл қорғаны ( б.д.д. V-ІV ғғ.), осы аймақты мекендеген бірнеше этнос топтарының Орал маңындағы савромат-сармат әлемімен байланыс­тарын айқындайтын Күйгенжар қорымы (б.д.д. І мыңжылдықтың соңы), Сарқырама өзенінің жанында орын тепкен Сарқырама қорымы (ерте ортағасыр), екі қорған үйіндісінен құралған Шұбар қорымы (ерте ортағасыр), 1200 жыл бұрын VІІІғ.пайда болып,ХVІ-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген Бозоқ қалашығы. Қазақстан археологиясының атасы,марқұм К.Ақышевтың басшылығымен басталған зерттеу жұмыстары қалашықта 1999 жылдан жүріп келеді. Ресей, Татарстан, Қазақстанның жетекші ғалым-медиевистерінің сараптамалық қорытындысымен материалдары Еуразиялық ғылыми археологиялық кеңістікке енген Бозоқ қалашығы Қазақстан астанасының қазіргі аумағын игеру үрдісінің көне түркі дәуірінде басталғанын айқындайды.– Расында, елорда маңайы тұнып тұрған тарих… Халқымыздың сан ғасырлардан қалған, көмескі тартқан сүрлеу жолдары еріксіз тәнті етеді. Ал енді шаһардың ішіндегі мұралар туралы не айтуға болады?– Қала құрылысы және сәулет өнері ескерт­кіш­терінің қатарында – қыз және ер балаларға ар­налған екі ағаш үйден құралған бұрынғы Мұсылман мектебі, (ХІХ ғ. басы), Акмолинск қаласындағы қазақ көпесі Б.Қосшығұловтың қаражатына тұрғызылған Мұсылман жастарына арналған Б.Қос­шығұловтың мектебі, (ХІХ -ХХ ғ. басы), Акмолинск қаласындағы көпес Нұрмұхамед Забировтың қаражатына салынған (қазақтар оны «татар» немесе «жасыл мешіт» деп атаған) бүгінде сақталып қаған Жасыл мешіттің қоршауы (1895 ж), құрылысы алғашқы орнында 1854-1856 жж. жүргізілген, кейінірек 1900 жылы қазіргі орнына көшірілген, ағаштан салынған Константин-Елена шіркеуі, Ресейлік Николай атындағы Бас обсерваторияның тапсырмасымен Екатеринбург обсерваториясы салған, бүгінгі күнге дейін бастапқы мақсатында пайдаланылып отырған Метеостанция үйі (1914-1916 жж) және өзге де нысандар назар аударады. Ал берірек келер болсақ, тың және тыңайған жерлерді игеру тарихымен тығыз байланысты Тың игерушілер сарайы (1963 ж), 1954 жылы алғашқы тың игерушілер келген вокзал, Ордерлі жүйенің классикалық тәсілімен салынған Теміржолшылар сарайы (1954 ж), Пионерлер үйі (1958ж) қала тарихының жылнамасындай көрініс береді.Бұлардан басқа, Кеңес дәуірінің 40-50 жылдары сәулет өнеріне тән эклектикалық бағытта салынған «Есіл» қонақүйінің ғимараты (1958-60 жж), Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетіне арнайы салынған үш қабатты Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің ғимараты (ХХ ғ. 50-ші жж.) тарихи және мәдени ескерткіш ретінде назарда тұр.– Астананың жаңа келбеті жаңа жылнаманың бет-пердесі сияқты. Әсем қаланың әр ғимараты өзіндік сыр-сипатымен ерекше. Ал қала көшелеріндегі ескерткіштер мен шағын мүсіндер ше? Әңгімені осы бағытқа өрбітсек…– Жаңа айттым ғой, 1994 жылы С.Сейфуллиннің жүз жылдық тойының құрметіне,музейінің алдында жаңа ескерткіші ашылды. 1995 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығына, соғыстан оралмаған жауынгерлерді есте сақтау мақсатында Победа көшесінде (кейін Жеңіс даңғылы) Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне ескерткіш тұрғызылды. Осылай, тәуелсіз жаңа заманның жаңа ескерткіштерінің астанадағы шеруі басталып кетті. Астанамыз Ақмолаға көшіп келгеннен кейін, 1998 жылы Арт центр «Номад» қоғамдық қорының президенті М.А.Мансұровтың ұйымдастыруымен Қазақстан мен Германия қалаларынан халықаралық симпозиумға қатысқан 20-дан астам мүсінші Астанаға өздерінің жұмыстарын сыйға тартты. Бұл мүсіндік жұмыстар – «Балық», «Есіл-Іле-Рейн», «Таңба-Тас», «Шаман», «Барыс», «Ата баба елітетін күй», «Аңшы», «Қыпшақ», «Бесік», «Адам ізі», «Шаһар қақпасы», «Ұмай», «Буйвол», «Балбал», «Ана мен бала», «Жұлдызшоқ», «Шабыт», «Диірмен», «Періште», «Бота» атауларымен тарихқа үңіле түсуге мүмкіндік береді. Әрі қызғылықты және жұмбақ формаларымен тұтас бір тас мүсіндер саябағын құрады. Бүгінде осы саябақты «Конгресс-холл» ғимаратының жанынан тамашалап көруге болады. Жалпы осы оқиғадан кейін қазақ елінің жаңа астанасына тарихи-мәдени мұра объектілерін сыйлау тамаша дәстүрге айналды.Astana-1.jpg– Бұл күндері елорда ескерткіштері қадау-қадау тарихи кезеңдердің белгісіндей болып тұр. Оған халық куә. Сол жаңа бағыттың бастауында биіктігі 97 метрлік «Астана-Бәйтерек» монументі тұрған сияқты ма? Содан кейін ары қарай жалғасып кете берді…– «Астана-Бәйтерек» монументі 2002 жылы тұрғызылды. Одан екі жыл бұрын, 2000 жылы Астанада Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамы Ауғанстанда қаза болған 761 жауынгердің есімі қашалып, мәңгілікке жазылған мемориал орнатты. 2006 жылы «Чернобыль апатының құрбандарына» қара түсті шытынап кеткен тастан, ортасында құрыштан жасалған атом символы орнатылған ұмытылмас белгі тұрғызылды. Кеңес Одағы құрамындағы Қазақ Кеңестік Социалистік республикасының тарихында «интернационалдық борышты өтеу» түсінігінде болған қаралы осы екі оқиға бүкіл әлемді сақтандыратын ескерткіш-белгілерге айналды. Санай берсең, тіпті көп, оның бәрін тізбелеп жату артық болар. Бірақ барлығы да халқымыздың тарихы мен мәдениетінен хабар беретін, жанымызға жігер, рухымызға қуат беретін дүниелер. Бәрі де қала сәулетімен біте қайнасып, Астананың ажарына ажар қосып тұр. Абайдың, Қанжығалы Бөгенбай батырдың, Құрманғазының, Жамбылдың, Әлия Молдағұлованың, Бауыржан Момышұлының ескерткіштері өзге де көптеген монументтер мен кешендер қала қонақтарының назарын аударуда.Астананың алғашқы мерейтойына әлемге аты әйгілі мүсінші Даши Намдаков «Ханшайым» мүсінін арнады. Суретшінің идеясы бойынша Алматыда орнатылған «Алтын адамдағы» Сақ жауынгері мен Астана Ханшайымы – ұлттық рухани құндылықтардың қорғаушыларына айналғандай.– Бұл жерде мына бір жайға тоқтала кетсеңіз. Елордадағы жаңадан тұрғызылып жатқан көптеген тарихи-мәдени ескеркіштерде Елбасының қолтаң­басы бар дейді мамандар….– Дұрыс айтады. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен және өз қолымен салып берген сурет-жобаларымен және қатысуымен Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би монументі (2001ж.), Кенесары хан ескерткіші (2001ж.), «Отан қорғаушылар» мемориалдық кешені (2001ж.), «Астана-Бәйтерек» монументалдық құрылысы (2002 ж.), «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды-мұражай кешені (2007ж.), «Қазақ елі» монументалдық кешені (2008ж.), «Атамекен» мемориалдық кешені (2009ж.), Қазақ хандығын құрған ­Керей және Жәнібек хандардың монументтік-мүсіндік композициясы ( 2010ж.), «Мәңгілік Ел» Салтанат қақпасы (2011 ж.), «Әзірет Сұлтан» мешіті (2012ж.), «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» (2012ж.), И.В.Панфилов монументі (2015 ж.), Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың (2015ж.) ескерткіші ашылды. Былтыр 16 желтоқсанда Президент ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы Дала Елі» монументін ашу салтанатына қатысты. 25 қырлы аспанға ұмтылған ақ мәрмәр 70 метрлік стела ел Тәуелсіздігін символдармен асқақтатып тұр. Жалпы елордада «Астана-Бәйтерек», «Атамекен», «Қазақ Елі», «Мәңгілік Ел» Салтанатты қақпасы, «Ұлы Дала Елі» монументі» ескерткіштері Тәуелсіз Қазақ Елінің символдары санатында техникалық бірегейліктерімен бірге тарихи, саяси-қоғамдық, көркемдік маңыздылығымен ерекше рөл атқарып келеді.– Елорда тарихы – ел тарихы. Ендеше оған қатысты тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау, келешекке жеткізу жалпы қоғамның қастерлі міндеті. Бүгінгі ұрпақ осы тұрғыда тәрбиеленуі керек. Осы орайдағы ойыңызды білсек?–Елорданың еңсесін және мәртебесін көтеріп тұрған осы ескерткіштер мен монументтерді күтіп ұстау, олардың жанында ашық сабақтар, кездесулер, кештер өткізу арқылы ұлттық тарихқа бойлау, ескерткіштерді келер күндерге, болашаққа бүлінбеген қалпында жеткізу мәселелері, әрине, ұлан-ғайыр жұмыстарды қажет етеді. Астана қаласының әкімдігі осы мақсатта 2015 жылдың басында Тарихи-мәдени мұра нысандарын және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекция кәсіпорнын құрды. Кәсіпорын ұжымы астананың тарихи-мәдени мұрасына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, техникалық жай-күйін зерттеуге, жөндеу-реставрациялау жұмыстарын жүргізуге және қадағалауға, оларды пайдалану мәселелерін шешуге және көпшілікке насихаттау мақсатында экскурсиялар жүргізуге, дәрістер оқуға, баспа өнімдерін шығаруға міндеттелген.Бір қынжылардық мәселе, ескерткіштерді қастерлеу, күтіп ұстау мәселесіне мәдениетіміздің жетіспей жатқандығын жасыруға болмайды. Ескерткіштерді бүлдіру әрекеттері, бейбастақтық жағдайлары жиі кездеседі. Сондықтан да алдымен сананы тәрбиелеу керек шығар. Осындай жағдайларды болдырмас үшін, әсіресе жас ұрпақ өкілдерін өткеннің қадір-қасиетін түсінуге, дәріптеуге тәрбиелей білу керек. Халқымыздың асыл қасиеттерін жас ұрпақ тілімізден, діліміз­ден, ұлт-азаттық күрестерден,өз ерлеріміздің ерліктерінен, ескерткіштерден алады, ақыл-ойларына дарытады да дамытады.– Әңгімеңізге рақмет!


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто