Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Өткенге – құрмет, бүгінге – өнеге


14 сентября 2017, 11:42 | 1 100 просмотров



Алаш ел болғалы халқымыз қастерлеген салт-дәстүрлеріміздің әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар екендігі белгілі. Солардың ішінде рухани-әлеуметтік құндылығы жағынан ерекше орны бар дәстүрлеріміздің бірі – ас беру.Түп негізінде қайтыс болған адамның аруағы риза болсын деп еске алу кәдесі жатқан ас беру дәстүрін халқымыз бір жағынан той деп есептеген. Ат шаптырып, бәйге берген. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейтін қазақ, «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» дегенді де айтқан. Бұл ас беру дәстүрінің қаншалықты салмақты орны барын, оның ел өмірінде ағайындық тетікті жандандырып, баршаға елеулі ықпал ететін қозғаушылық күші бар жөн-жоралғы екенін дәлелдейді.

Қазақ даласында елге атағы шыққан арқалы адамдарға талай мәрте ас берілгені тарихтан белгілі. Оның дақпырты мен дабылы алты Алашқа жетіп, ауыздан-ауызға тараған. Үш жүзге сауын айтылып, есепсіз мал сойылып, жүздеген, мыңдаған үй тігіліп, даланы ұлан-асыр думанға бөлеген. Асқа әр елдің ақылман ақсақалдары мен билері, батырлары, өнерпаздары мен балуандары, көкпаршы, мергендері шақырылып, шашасына шаң жұқпас жүйріктері алдырылып, әлеуметтік үлкен маңызы бар берекелі шара өткізілген.Сөзіміз жалаң болмасын, өткен заманға үңіліп, азырақ еске түсіріп көрейік. Аңыз ретінде де, тарихи нақты дерек ретінде де тіркелген әңгімелерге назар аударсақ, сайын далада Алаш жұрты айта жүретін талай айтулы ас берілген екен. Солардың бірі – 1860 жылы Қарқаралы өңірінде Ерден Сандыбайұлына берілген ас. Осы алқалы асқа Арқа төсінде 500 киіз үй тігіліп, 160 жылқы, 200 қой сойылған. Тұлпардың дүбірі елді аяғынан тік тұрғызып, бас бәйгеге 100 жылқы тігілген.Ел аузында аңыз болып жүрген Абылай ханның асы, Өскенбайдың асы, Сағынайдың асы сол кезеңдегі қазақ қоғамының бірлігін, сынға түсер сындарлығын, ас беруші ағайынның мырзалығы мен жомарттығын, тіпті рудың, елдің бедел биігін танытқандай.Қай жерде де, қай өңірде де ас алдымен оны ұйымдастырушы жұрттың намысы мен абыройын бағалауға негіз болды. Тарихи деректер ас беруші оны жоғары береке-бірлікте өткізуге, асқа жиналғандардың талап-тілегін қанағаттандырып, ата-баба дәстүріне сай жол-жобасын сақтап, қонақтарға қалтқысыз қызмет етуге тырысқанын көрсетеді. Сол арқылы қазақ даласының әр түкпірінен келген беделді билер мен ру басылары, ақсақалдардың еркін әңгімелесіп, ел ішіндегі даулы мәселелерді бірігіп шешуіне жағдай жасалған. Сондықтан да ас беру дәстүрі дала демократиясында, далалық әлеуметтік маңызды сапалық қатынастарда елеулі орын алатын пәлсапалық мәселе болған деу керек.Ас беру дәстүрінің қоғамдық рөлі Шоқан Уәлиханов еңбектерінде де айтылады. Ол қырғыздың «Манас» жырының көлемді бір бөлігі – «Көкетайдың асын» жазып алған. Онда ас берудің ежелгі нұсқалары ыждаһаттылықпен суреттеледі. Сол сияқты атақты түріктанушы В.В.Радлов қазақтың ас беру дәстүрін Ұлы жүз жерінде болған бір асқа қатыса отырып жазып қалдырған. Ол ас беру дәстүрі қазақ қоғамының бұлжымас заңындай биік деңгейге көтерілгенін мегзейді.Ал Алашорда көсемі Ә.Бөкейханов 1900 жылы «Дала уәлаяты» газетінде жарық көрген «О киргизских поминках» атты мақаласында «ас – көшпелі қазақ халқының ең қасиетті дәстүрі» деп бағалаған. Этнограф-зерттеуші Құрбанғали Халиди қазақтарда ас беру дәстүрінің исламға дейін пайда болған құбылыс екенін айтады. Ас беру мәніне Мәшһүр-Жүсіп Көпеев те көңіл бөлген. Ол ас үстінде серт беру, асқа салтанатпен келу, кісі күту, бәйге дауы, балуан күресі сияқты дәстүрлерді құнды дерек ретінде ұсынып, оның қоғамдық мәнін аша түседі.Сонымен, ас беру – қазақ халқында ежелден қалыптасқан игі дәстүрлердің бірі. Аты ас аталғанымен, бұл шараның мағынасы халыққа тамақ берумен шектелмейді. Ас барысында өнер, спорттық, шешендік жарыс­тар ұйымдастырылып, дала жағдайындағы үлкен форум түрінде өткен. Сонымен бірге әр атаның сөз ұстайтын білікті ақсақалдарымен, қабырғалы билерімен ақылдаса отырып, ортақ мәселеге байланысты маңызды пәтуаға келу де болып тұрған. Мәселен, Әбілмәм­бет­тің асында Абылай, Абылайдың асында Уәли хан болып сайланған. Сөйтіп, ас барысында әлеуметтік мәселелер де шешіліп отырған.Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында астың халықтық дәстүрді сақтаудағы рөлін шеберлікпен сомдайды. Бұл жағдай романда Құнанбаймен үнемі теке-тіресте жүретін сол заманның азулы шонжарларының бірі Бөжейдің асын беру кезіндегі оқиғалар тізбегі арқылы суреттеледі. Онда астың халық жадында ұзақ уақыт сақталатыны мынадай теңеулермен беріледі:«…Енді осы жылы түскен келін, осы жылы өлген кәрі-жас, осы жылы болған құдалық, бала сүндеттеу, күйеу келу – баршасы да астың жылымен саналады. Тек адам жайы емес, кейіндеп барып атақ алатын бәйгелер болса, олар да Бөжейге ас берген жылы тай еді, құнан еді немесе іштегі құлын еді деп сөйленетін болады. Ұлы дүбір. Үлкен астың осындай боп, уақыт өлшеуіне айналып кететіні анық».Қазақ даласында көшпелі тұрмыс кезінде Астан үлкен шара болған емес. Ол халықтың араласуына, бірі-бірін жақын білуіне мүмкіндік берген. Ас беру арқылы марқұмның ұрпақтары өздерінің байлығын ғана емес, қолдарынан ұлан-ғайыр іс келетінін, ағайынның ұйымшылдығын, беделінің зор екендігін паш етіп, айбыны мен айдынын алысқа асырған.Береке-бірлікке, ынтымаққа бастаған осындай ас беру дәстүр-рәсімі қазақтың Адай тайпасының арасында да ежелден қалыптасқан. Мәселен, шежіреші Алшын Меңдалыұлының айтуынша, 1750-1850 жылдар арасында Маңғыстау, Жем, Үстірт бойын жайлаған Адай елінде айтулы тоғыз ас өткен. Олардың жетеуіне 800-1000 үй тігілген.Жаңай Қожаназар байға Жем бойындағы «Ақкиіз-тоғайда» берілген асқа мың үй тігіліп, 2 мың қой сойылған. Мерекеге хан келген. Оны күймеден түскеннен үйге енгенше аяғының астына ақ киіз төсеп қарсы алған. Жоғарыдағы жер атауы содан қалған делінеді. Осы аста бәйгеге 500 ат қосылып, бас жүлдені – 100 атты Шонтының көк аты алған. 1000 үй, 750 үй тігіліп, бәйгеге 100 түйе қосылған, екі үйге бір байталдан сойылған айтулы үлкен астар Назарұлы Тастемірге, Есен Сейіт биге берілген.Ас беру тәрізді халықтық дәстүрдің түрлі саяси жағдайларға байланысты бәсеңдеген, тіпті ұмытыла бастаған кезеңдері де болды. Қазақстан тәуелсіз ел атанғаннан кейін бұл игі дәстүр жалғасын тапты. 1991 жылы Торғайда өткен Ахмет пен Міржақыптың асы, 1992 жылы өткен Көкшетаудағы Абылай ханның асы, Ақмола облысында өткен Бөгенбайдың асы, Талдықорғанда өткен Қабанбайдың асы осының айқын дәлелі.Сонымен, жоғарыдағы әңгімелерден қазақ баласының өткенге салауат айтып, ас беру арқылы дүниеден өткен ет жақын туыстарын, жақындарын еске түсіріп қана қоймай, жалпы жұртты береке-бірлікке, ынтымаққа шақыратын келелі іс атқаратынын байқаймыз.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто