Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жетісу қазынасы


9 октября 2017, 04:41 | 3 312 просмотров



Жетісу өңірі тарихқа толы мекен. Осында орын тепкен музейлер де сан ғасырлық тарихтан сыр шертеді. Солардың бірі – Жетісудың қақ төрінен орын тепкен М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық өлкетану музейі. Бұл мәдени орын 1974 жылы «Талдықорған облыстық тарихи-өлкетану музейі» деген атаумен ашылған. Кейін 1993 жылы еліне елеулі қызмет атқарған Мұхамеджан Тынышпаевтың атымен аталды. Мұражай ішіне бас сұқсаңыз тарихқа терең бойлап, ата-бабаларымыз қолданған көне заттарға кезігесіз. Мысалы: «Жетісу табиғаты» залында өлкенің тарихы, Жетісудан шыққан қоғам, өнер және мәдениет қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері туралы мәліметтер топтастырылған. Біз біле бермейтін нар тұлғалар, елім деп еңіреп, жұртым деп жұмылған дара тұлғалардың жарқын істеріне куә болып, бас иесіз. Өлкені зерттеу тарихында есімдері мәңгілікке қалған П.Семенов Тянь-Шанский мен Ш.Уәлихановтың өмірі мен қызметіне арналған экспозициялық кешен ерекше көз тартады.

«Өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың» деген дана халқымыз. Таным дүниесіне осылайша қарасақ, музей – өткен мен болашақты жалғастырушы түйін. Музей – өзінің жаратылысы жағынан ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту мекемесі болып табылады. Адамдардың бұл күнде тарихқа ден қоюы артқан жағдайда музей үлесіне үлкен міндет жүктеліп отыр. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай: «Тарих – өткеннің сабағы, алдыңғының кейінгіге өнегесі». Иә, болашағыңды өткеніңді тану арқылы білесің және нақты қадам жасай аласың. Егерде біз бабаларымыз салып кеткен сара жолмен жүрсек ешқашан адаспаймыз, өзімізде бар нәрсенің сипатын сақтай отырып өзгеше өң берсек ұтылмаймыз. Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы – ұлттық кодымызды қайта жаңғырту. Осы орайда еліміздегі барлық тарихи ескерткіштерді, киелі жерлер мен тұмса табиғатымызды жан-жақты зерттеп насихаттау мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынды.Muzei-2.jpg

Талдықорған өңірі де бұл ша­раларға атсалысып келе жатқаны белгілі. Жетісу жері қойнауы тарихқа толы мекен. Сан ғасыр­лық мұраны ішіне бүккен бірнеше музейлер де сан ғасырлық тарихтан сыр шертеді. Соның бірі – Жетісудың қақ төрінен орын тепкен М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық өлкетану музейі. Бұл мәдени орын 1974 жылы «Талдықорған облыстық тарихи-өлкетану музейі» деген атаумен ашылған. Кейін 1993 жылы еліне елеулі қызмет атқарған Мұхамеджан Тынышпаевтың атымен аталды.Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлға 1879 жылы 12-мамырда Алматы облысы Қабанбай ауданында дүниеге келген. Қазақтан шыққан тұңғыш инженер-теміржолшы, тарихшы, мемлекет және қоғам қайраткері. Небір қиын-қыстау замандарда өзінің біліктілігі мен білімінің арқасында қазақ үшін оңтайлы шешім қабылдап, ел үшін тың бастамаларды қолға алған азаматтың еңбегі қашанда ерен. Дара тұлғаның құрметіне есімі берілген музейге кірген бойда ерекше әсер алғанымызды жасыру мүмкін емес. Құдды бір уақыт билігін қолыңа алып, көне заманға саяхаттағандай боласыз. Сонау сақ, ғұн дәуірінен қалған жәдігерлер бірден баурап, өткен ғасырдың еншісіне алып барғандай. Біз сөз еткен тарихи музей «Жетісудың табиғаты», «Жетісудің көне және ортағасырлық тарихы», «Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы», «Жетісу патшалық Ресей кезеңінде», «Жетісу Кеңес дәуірі кезеңі» және «Тәуелсіз Қазақстан» бөлімдерінен тұрады. Мәдени ошақтың табалдырығын аттағанда бізді музей қызметкері Әлия Әбілбай қарсы алып, әр бөлімнің ерекшелігі мен құндылығымен терең таныстырды.Мұражай ішіне бас сұқсаңыз тарихқа терең бойлап, ата-бабаларымыз қолданған көне заттарға кезігесіз. Мысалы: «Жетісу табиғаты» залында өлкенің тарихы, Жетісудан шыққан қоғам, өнер және мәдениет қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері туралы мәліметтер топтастырылған. Біз біле бермейтін нар тұлғалар, елім деп еңіреп, жұртым деп жұмылған дара тұлғалардың істеген ерлігін көріп, оқып, бас иесіз. Өлкені зерттеу тарихында есімдері мәңгілікке қалған П.Семенов Тянь-Шанский мен Ш.Уәлихановтың өмірі мен қызметіне арналған экспозициялық комплекс безендірілген. Жетісу табиғатына арналған залда өлкенің керемет жерлерінің бірі – балықтың 20-дан астам түрі бар Балқаш көлінің диарамасы.Сондай-ақ бұл өңірде 520 мың гектар жерді алып жатқан «Алтынемел» Ұлттық табиғи паркі орналасқан. Осында экотуризм нысандарына арналған үш ескерткіш: «Әнші құм», «Ақтау» және «Бесшатыр» қорымдары бар. Ұлттық табиғи парк­те кездесетін Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қарақұйрық, құлан, қара ләйлек, бүркіт, т.б. аңдар мен құстардың тұлыптары экспозициядан орын алған. Табиғатта ­сирек кездесетін жұмбақ құбылыстың бірі – «Әнші құм». Құмды таудың ұзындығы 3 шақырым, ені 500 метр, ал биіктігі – 100 метр. Құм жел әсерінен қозғалысқа келген кезде, одан кәдімгі сырнайдың үніне ұқсас дыбыс естіледі. Осы ғажап көрініс диарамада көрсетілген. Шетелдік саяхатшылардың сүйікті жері «Әнші құмның» макеті де осы жерде. Табиғаттың құдіреттілігінде шек жоқ, шіркін! «Әнші құмның» ән салуын физиктер құрғақ құмдардың үйкелісі деп түсіндіреді. Қалай десек те, бұл табиғат-ананың адам баласына берген ерекше сыйы емес пе?! «Әнші құмның» төбесіне шығып, арманыңызды айтсаңыз, тілегіңіз қабыл болады деген де наным бар. Табиғаттың мұндай кереметі тек Қытай, Америка, Арабия және Ресей елдерінде ғана кездеседі. Бұл қатарды енді біздің Жетісу жерінің кереметі толықтырып тұр.Осы залда Жетісудың жер асты қазба байлықтарының үлгілері қойылған. Экспозицияда өңдеу және қаптау материалы ретінде қол­данылатын малахит, сұр агат, ақ мәрмәр тастармен қоса яшма, ­нефрит, сердолик, кварц сияқты түрлі табиғи тастардан жасалған әшекей бұйымдар да бар. Бұл коллекция 2002 жылы «Асылтас» акционерлік қоғамының геологиялық музейінен алынған.– Елбасы Н.Назарбаевтың ­«Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласындағы мақ­сатқа орай Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қар­масының жұмыс жоспарына 28 ірі жоба енгізілген. Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Мәдени мұра» жобасын жүзеге асыру аясында «Туған өлке» жобасы бекітілген болатын. Осы жоба бойынша М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі және оның филиалдары арасында музейаралық жылжымалы көрмелер жоспары мен жұмысшы тобы құрылды. 2017 жылдың басынан бері он алты музейаралық көрмелер жұмыс жасады. Олардың ішінде жоспардан тыс ұйымдастырылған көрмелер де бар. Атап айтсақ, Республикалық Есік қорық музейінің ұсынысы бойынша «Алматы облысының алтын картасы» көрмесі, ЭКСПО халықаралық көрме аясында безендірілген «Туған өлке – тұнған тарих» атты көрме нәтижелі жұмыс істеді, – дейді М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық өлкетану музейінің директоры Рысжан ­Аязбаева.Музей директорының айтуы бойынша, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Алашордалықтардың ұлт тарихында орны мен маңызы» атты ғылыми-теориялык конференция өткізіліпті. Университеттің фойесінде «Алаш қайраткерлері – біздің жерлестеріміз», «Алаш арыстары» тақырыптарында кітаптар мен құжаттар көрме­лері ұйымдастырылған екен. «Туған өлке» жобасының бірі – ауыл аза­маттарының демеушілігімен соғылған «Батыр бабалар» мемориалы. Сонау жаугершілік заманда елі, жері үшін жан аямай ерлік көрсеткен хандар, билер мен батырлардың портреттік галереясы Қазақстан тарихына енген белгілі тұлғалардың айқын көрінісін береді. Бұл облыс азаматтары­ның қолға алған шараларының алғаш­қысы, болашақта ілкімді істер көптеп атқарылмақ.Келесі бөлім жердің даму ке­зеңдері: палеозой, мезозой, кайнозой дәуірлеріне арналған экспозициядан басталады. Жетісу жерінде де кайнозой кезеңінде өмір сүрген ірі денелі сүтқоректі жануарлар болған десе сіз сенбеуіңіз мүмкін. Бірақ мұражайға келіп, өз көзіңізбен көрген соң алтыннан да қымбат тарихыңызға деген құрметіңіз қайта оянады. Бұған дәлел, мүйізтұмсықтың тасқа айналған жілік сүйегінің бір бөлігі. Жәдігер 1978 жылы облыстың Кербұлақ ауданынан табылған.Muzei-1-1.jpgМұнда Қопа бекетінің күншы­ғысында «Таңбалы тас» деген жерден жеткізілген тастағы бейне де бар. Тастың бетінде кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде бабаларымыз өздерінің қалай өмір сүргенін білдіру үшін қашап салған суреттері бар. Таутеке, бұғы, киік, шошқа, жылқы, бұқалардың кескіндері сол тасқа қашалған. Қолдарына ұзын найза ұстап, белдеріне қылыш асынған, кейбіреуі желбірете ту ұстаған 22 салт атты сарбаздың суреті өте әдемі бейнеленген. Археологтардың «Таңбалы тасқа» жүргізген зерттеуі нәтижесінде, бұл жердің тас дәуірінде адамдардың табынатын «қасиетті мекені» болғандығы анықталған. Зерттеу барысында бес мыңдай сурет есепке алынған. Олардың салынғанына төрт мың жылдай уақыт өткен. Қазір «Таңбалы тас» ЮНЕСКО-ның қарамағына алынып, туристер келетін мекенге айналды.«Жетісудың көне және ортаға­сырлық тарихы» залына шолу «Тас ғасырының классификациясынан» басталады. Осындағы неолит (б.д.д. V-ІІІ ғғ.) заманының экспонаттары, әйелдің мүсіні, қырғыш тастар, тас-жәшік табыты ерекше назар аударады. Залдағы Есіктен табылған «Алтын Адамның» көшірме мүсінін көрермен ұзақ тамашалайды. Жетісуды әр ­заманда мекендеген тайпалардың (ғұндар, үйсіндер, түркі тілдес тайпалар) тіршілігі мен тұрмысы жайлы археологиялық қазба байлықтар сыр шертеді. Олар – жартастағы бейнелер, балбал тастар, қыш ыдыстар.«Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы» атты экспозицияда дәстүрлі қолөнер бұйымдары: сүйекпен безендірілген ағаш төсек, көне сырмақтар, тұскиіздер, теріден, ағаштан дайындалған ыдыстар, ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, т.б. халық шеберлерінің қолынан шық­қан құнды заттар қойылған. Жеке сөреде көне музыкалық аспаптар: қобыз, домбыра, дауылпаз, шертер, сыбызғы орналасқан. Ал «Жетісу патшалық Ресей кезеңінде» атты қойылымда қазақтан шыққан тұң­ғыш ғалым, саяхатшы Ш.Уәлиханов және Жетісу облысының алғашқы губернаторы Г.А.Колпаковский, 1889 жылы өлкеде тұңғыш ашылған «Мамания» мектебі, оның іргесін қалаушы тарихи тұлғалар, алғашқы мұғалімдер жайлы баяндайды. Сол кезеңдегі сауданың дамуынан мәлімет беретін «Қарқаралы жәрмеңкесі» атты арнайы экспозициялық кешенде орыс самауырын, шығыс халықтарының құмғандарын, тігін мәшинесін, қазан, т.б. заттарды көруге болады.%D0%BA%D1%83%D0%BC%D1%8B%D1%80%D0%B0.jpg«Өлкенің соғыстан кейінгі даму кезеңі» деп аталған бөлімде өнеркәсіптің өркендеуі, ең үздік ­зауыттар мен фабрикалар, коммуналдық құралдар эксперименталды зауыты, КОКП-ң XXІ съезі атындағы тігін фабрикасы, Қарабұлақ қант зауыты, Қарғалы шұға комбинаты көрсетілген. Кеңес үкіметінің көрнекті мемлекеттік қайраткері, Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Д.Қонаевқа орталық экспозиция арналған. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Н.Алдабергенов пен Н.Головацкий, Социалистік Еңбек Ерлері А.Дайыров, З.Тамшыбаева сияқты құрметті атаққа ие болған 193 адамның материалдарымен танысуға болады.Музей экспозициясында осы өңірден шыққан талантты өнер тұлғаларының деректі материалдары көрсетілген. КСРО Халық артисі М.Төлебаев, Қазақ ССР-нің Халық артистері Н.Тілендиев, Е.Рахмадиев, Қ.Байсейітов, Б.Римова, Д.Рақышев, З.Қойшыбаева, Қазақ ССР-нің Халық суретшісі Ә.Қастеев, ақын М.Мақатаев, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Т.Әбжалиевтің өмірдеректік, шығармашылық құжаттары қойылған.Музей экспозициясының соңғы бөлімі – «Қазіргі кезеңдегі Алматы облысы». Бұл жердегі негізгі тақырып «Тәуелсіз Қазақстан» деп белгіленіп, ұлттық рәміздеріміз, еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың өмірі және қызмет жолдары көрсетілген. Келушілердің назарына Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған экспозициялық бөлім ұсынылған. Музей қорында жинақталған Алматы облысы аумағында өмір сүретін әртүрлі этнос өкілдерінің тұрмыстық бұйымдары, ұлттық киім үлгілері көрсетілген.1985 жылы музей экспозиция безендіру бойынша республикалық байқауда І орын алды. Қазіргі таңда музей қорында 24 мың 699 экспонат бар. Солардың ішіндегі аса құндылары – батыр, би, әулие Балпық Дербісәліұлының дулығасы. Оны бидің ұрпақтары 1985 жылы музейге тапсырған.Muzei-2-1.jpgКелушілерге ерекше әсер қалдыратын – композитор Мұқан Төлебаевтың қара пианиносы. Бұл аспап сазгердің ауылы Алматы облысының Сарқан ауданындағы Лепсі ауылынан сонау 1980 жылы музейге арнайы алып келінген. Пианиноның тарихы 1942 жылдан басталады. Осы жылы композитор «Біржан-Сара» операсын жазуды жоспарлап, туған ауылындағы інісі Әбілмәжінге пианино тауып қоюын өтініп хат жолдайды. Інісі аудан әкімшілігінің қолдауымен орталықтағы бір орта мектептен алған пианиноны туған ауылына әрең жеткізеді. Бұл уақыт Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кез еді. Көлік тапшы. Балқаш көліне дейін сиыр арбамен, көлден айына 1-2 рет қана қатынайтын пароходты күтіп, сонымен өткізіп, көл жағалауынан үйіне дейін түйе арбаға тиеп жеткізген деседі. Сөйтіп, бәрімізге белгілі опера композитордың туған ауылында дүниеге келген екен. Сондай-ақ мұнда жазушы, Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романының қолжазбасы да сақтаулы. Бұл Жетісу халқы үшін үлкен әрі қымбат олжа десек те болады. Жазушының өз қолынан туған туынды осы мұражайда алтыннан да қымбат қазына болып сақталуда.Міне, біз көзбен көрген сырлы тарих осылай сыр шертеді. Егер сізді ұлттық жәдігерлер мен Жетісудың тұмса табиғаты қызықтырса, бірден М.Тынышпаев музейіне бас сұғыңыз. Сырлы сөзбен суреттеген әсерден де жоғары әсер алатыныңыз анық.