Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Рухани тәрбие – ізгілік бастауы


27 октября 2017, 04:06 | 3 182 просмотра



Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған ұлттық кодымызды сақтап қалу жөніндегі тұжырымдары көпшіліктің көкейінен шыққаны ақиқат. Жас ұрпақ өзінің ана тілімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, туған тарихымен терең тамырланғанда ғана өзінің болмысын сақтап қала алады. Ата-бабамыздың өмірлік салтын да берік ұстану, оны келер ұрпақтарға жеткізу кез келген азаматтың парызы болуға тиіс.

Ұлттық болмысымыздың өзегін сақтай отырып, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру біздің алдымыздағы басты міндет. Аға буынның алдында өз ұлттық мәдениетіміз бен ұлттық болмысымызды сақтаудың тиімді үлгілерін қарастырып, жаңаша ойлап, жақсы мен жаманды саралап, заман талабын жас ұрпаққа түсінікті жағдайда жеткізу міндеті тұр. Ол үшін елге белгілі қоғам қайраткерлері бас болып, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық жәдігерлеріміз – салт-дәстүрімізді дәріптеу, отбасы құндылықтарына баса назар аудару, тіліміз бен дінімізді, мәдениетімізді құрметтеу бағытында ауқымды жұмыстарды қолға алу керектігі түсінікті.Сондықтан жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, отансүйгіштікке тәрбиелеу басты назарда болғаны ләзім. Уақыттың көші алға жылжыған сайын адамзаттың өмір сүру салты да өзгеріске ұшырап отырады. Техника қарыштап дамып, түрлі технологиялар пайда болады, алға қойған мақсат-міндеттер мен таным-талаптар да өзгереді. Дегенмен, бір өзгермейтін құндылық бар. Ол – ұлттық болмыс, рухани тәрбие. Ел арасына іріткі салып, алалық кіргізетін талас-тартыстан бойын аулақ ұстап, тек қана ұлттық мүдде жолында қызмет қылған бабалар аманаты ғасырға жүк боларлық рухани әлемімізбен, иба-әдебімізбен, таным-түсінігімізбен сабақтасып жатыр. Сол аманат жүгі тарихтың қилы кезеңдерінен бізді аман алып шығып осы күнмен қауыштырды, болашақпен табыстырды. Ұстаз бола жүріп ұлтының қамын ойлаған кешегі Ахаңдардың арманы ақиқатқа айналды. Сол аманатқа қылау түсірмей кемел келешекке жеткізу – жас ұрпаққа тәрбие мен білім беріп жүрген ұстаздардың иығына артылған парыз жүгі деп есептеймін. Ұстаздық қызметімде осы уақытқа дейін мыңдаған шәкірттің алдында дәріс оқыдым. Бар білім-білігім мен ерік-жігерімді осы жолға сарп етудемін. Жастардың психологиясын, ойтанымын терең зерделедім. Мен ұстаздық етіп келе жатқан Қазақтың ауыл шаруашылығы институтында білім алатын жастардың дені алыстан арман қуып келген ауыл балалары. Аталмыш оқу орнында ел экономикасының қуатты бөлшегі саналатын аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін арт тыру жолында жастарға тек сала бойынша білім беріп қана қоймай, олардың рухани кеңістігінің дамуына, ұлттық болмы­сының сақталуы жолында қосымша тәрбие беріп келеміз.Биыл «ЭКСПО – 2017» көрмесін ойдағыдай өткіздік. Тәуелсіз еліміздің сәулеті мен дәулетін, өткені мен бүгінін, кемел келешегін ой елегінен өткізіп, жұмыр жердің бетінде жұдырықтай Қазақстан деген қуатты елдің бар екенін әлем тағы бір мойындады. Осындай айтулы мақсаттарға жету жолында жаңа заманның тарихын қалыптастыратын қайсар да өр, білімді де білікті, жоғары мәдениетке ие, рухани дүниесі бай жастардың орны бір төбе. Ұлт болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Сондықтан жастарымызды рухани тәрбиелеуде бәріміз табандылық танытуымыз қажет. Бұқаралық сананы өзгерту – заман талабы, тәрбие-ізгіліктің бастауы.