Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Заманның сөзін сөйлеген


27 октября 2017, 10:07 | 1 075 просмотров



«Ұлт қалай жетілмек?», «Қазақ ұлы мұратына қалай жетпек?», «Қағидаға айналған қателер қалай түзетілмек, санадағы жаралар қалай жазылмақ?», «Мемлекет саясатының беломыртқасы, рухтың түп қазығы, ар мен жан тірегі, ұлттық сана, тіл тағдыры, елдік дәстүр қалайша жанданбақ!» жайындағы отты, уытты ойлы толғамдар – қоғам, ғылым қайраткері, оқымысты Тұрсынбек Кәкішұлының тұлғалық бітім-болмысын айқындайды. Оның 1992 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақ Елінің Бірінші Құрылтайында: «Қазақ» не «Алаш» атты Орталық жасалсын! Оның үнемі жұмыс істеп отыратын басқармасы болсын! Әр елден таным-білігі жетілген адамдар сайлансын! Негізгі үлесті Қазақстан мемлекеті қоссын! Дүниежүзіндегі қазақтардың мәдени байлығы атажұртқа жиналсын!» деп дауылпаздықпен мәлімдегенінен қыруар сыр түюге болады. 

Ұлт руханиятының жоқшысы, әдебиет тарихшысы, көсемсөзші, ұстаз Т.Кәкішұлы қазақ әдебиеті сынының ғасырлық тәжірибесін елеп-екшеп ғылыми қолданысқа түсірді, Сәкен өмірінің эпопеясын кемелдікпен толғады. Жиенғали Тілепбергеновтің, Саттар Ерубаевтың, Сабыр Шәріповтің мұрасын жинақтап, жариялады. Көсемдер тобының ортасында оттай лаулап, олардың шығармашылығы турасында түйдек-түйдек тұжырымдар туындатты. ХХ ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап, Р.Бердібай, М.Дүйсеновтермен тізе қосып, айтыс өнерінің отын маздатты, сөз өнері ғылымына ынталыларды тура жолға түсіріп, жігерін қайрап, қолдады.Ұлттық көркем сөз өнерінің өсу, өркендеу жолдарын, ұлттық прозаның даму белестерін, әдеби мұраның жариялану тарихын, қазақ зиялыларының қайырлы қадамдарын, ел мен жерді көркейту, кейінгі ұрпақты есейтіп, естелікке баулу үшін ізгіліктің шырағындай, білімнің бұлағындай, парасаттың биігіндей болған «Садақ» сияқты қолжазба журналын ешуақытта ойдан шығаруға болмайды. Бұл басылым 1915 жылдың ­9 ­қа­рашасынан бастап, 1918 жылдың 10 ақпанына дейін Уфа шаһарында «Ғалия» медресесінде оқитын ішінде оты, көкірегінде көзі бар өнерге құлшынған қазақ шәкірттерінің қажыр-қайрат жұмсауымен үздіксіз жарияланып отырған. Тұңғыш редакторы сара сөздің сардары Бейімбет Майлин де, сонан соң қазақ баспасөзінің көрнекті қайраткерлерінің бірі –жазушы Жиенғали Тілепбергенов болған екен. Ара-арасында «Тілші» газетінің редакторы болған, «Правда» газетінің тілшісі қызметін атқарған, қазақ тілінің әдістемесі бойынша көптеген еңбектер туындатқан, «Ырысты» дейтін повесть жазған профессор Хажым ­Басымов (1896-1939) «Садақтың» 8, 9, 10 нөмірлеріне бас сарашылдық жасаған. Хажым Басымов 1930 жылдарда Қостанай мұғалімдер институтында оқытушы болған. Ол сөз зергері Сейітжан Омаровтың ұстазы. Бұл орайда күйлі-қуатты, сырлы ойлардың сандығындай «Садақ» журналының шығу тарихына, оның ғажайып әлеміне шұқшия үңілген, күрделі ізденістердің қиыр-шиыр жолдарын жанкештілікпен бастан өткізген, маңдай терін есепсіз төккен, табанын тоздырған, 1957 жылдың тамызынан бастап Ақмола, Қызылжар, Уфа, Қазан, Санкт-Петербург, Мәскеу, Ташкент қалаларын шарлап, архивтердің ішек-қарнын ақтарып, тарландарды тірілтіп танытқан, қолжазба сырларын ағытқан, сөнген шоқты лаулатқан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, білімдар ұстаз Тұрсынбек аға Кәкішұлы еді. Соның жемісті нәтижесі – «Садақ» эссе-кітабы (Алматы, «Жалын», 1986). «Садақ» қолжазба журналының тарихын жарты ғасыр бойы жалықпай зерттеп келе жатқан оқымыстының толықтырылған нұсқасы «Сандалтқан «Садақ» кітабы 2002 жылы жарық көрген-ді.Ғалым өз еңбегінде 1953 жылы «Садақ» ­туралы белгілі ақын Жақан Сыдықовтың аузынан естігенін әрі ақиқат шындықтан аулы алыс «аңыздай көрінгенін» жазыпты. Содан өзі «Жаңа әдебиет» журналының 1931 жылғы 7-ші санында Жиенғали Тіленбергеновтың «Кім қалай жазған?» деген анкета сұрақтарына берген жауабындағы: «Медресе «Ғалияға» мен барған жылдан бастап қаламымызды әдебиетке үйрету үшін «Садақ» деген жасырын журналды шығарып тұрдық. Журналымыз ойыншық сияқты болса да, қаламымыз едәуір ысылып қалды» дегенін оқыған соң, одан сайын қанаттанып, аңсап армандап ықыласы ауған «Садақтың» соңына шырақ алып түседі. Кейбір сандарын Қазақстан Республикасы Ұлттық Мемлекеттік кітапханасынан табады. Атап айтқанда, 1916 жылғы 20, 21, 22 номерлері. Әсіресе «Жекейдің» жасырын атын (бұл –Жиенғали Тілепбергенов) көргенде жүрегі атша тулап, ыждаһатпен тексереді.Т.Кәкішұлының «Садақ» кіта­бын­да көркем мәдениетіміздің көрнекті өкілі, қолжазба журналының тұңғыш редакторы Бейімбет Майлиннің санаткерлік һәм қаламгерлік, ұйымдастырушылық әрі азаматтық істеріне айрықша ден қойылады. Ғалым Темірғали Нұрғазиннің пікіріне жүгінсек, Б.Майлиннің 21-дей бүркеншік есімі бар екен. Яғни «Толстой қаза», «Б-т», «Жолшы», «Жолаушы», «Қайдауыл», «Қарсақ», «Малай», «Шаңқан», т.с.с.«Садақ» қолжазба журналында Майлиннен кейін редактор болған суреткерлік қабілетіне ұйымдастырушылық қызметі сайма-сай Жиенғали Тілепбергенов шығармашылығын Т.Кәкішұлы түбегейлі тесе-тексеріп келеді. Оның журнал бетіндегі әдеби мұрасы қомақты. Әңгімелері, суреттемелері, ертегілері, оқшау сөздері, жолжазбалары, көркемдік мәні ерекше «Жазғы кеш» атты әңгімелер топтамасы түгел келтірілген.Ж.Тілепбергенов атақты оқымысты ­Құдай­берген Жұбановпен бірігіп мақала да жазған. Жазушы мұрасын ыждаһатпен зерттеп жүрген Тұрсекең оның 1969 жылы «Ізбасар» деген жинағын шығарған болатын.1917-1918 жылдарда Сабыр Айтқожинмен бірге «Шәкірттер» ұйымын басқарған Зейнелғаби­ден Иманжановтың ұстаздық еңбегін, «Зейнел мек­тебінің» тарихын жүрек толқытарлық сезіммен түсіндіреді. «Зейнел мектебінен» ақын Өтебай Тұрманжанов, жазушы Жүсіпбек Арыстанов, профессор Бейсембай Кенжебаев, мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов пен Үрия Тұрдықұлова, ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлы ұшып шыққанын баяндайды. Автор дарқан дарын Хажым Басымовтың (1896-1939) шығармашылығына кеңінен тоқталады. Ол «Ырысты» повесін жазған жүйрік қаламынан эсселер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, хабар-ошарлар, өлеңдер, мақалалар туындаған. 12 оқу құралын редакциялаған, бағдар­ла­малар жасаған, қазақ тілінен мол ғылыми еңбек­тер мен көптеген қолжазба мұралар қалдырған. Осындай бағалы деректерді, қымбат мәліметтерді, құнды мағлұматтарды топтастырып беруі – Т.Кәкішұлының «Садақ» эссесінің елеулі сипаты.Ал Салахиддин Сарталиев – «Мақтым» повесінің авторы. Ол Астрахандағы «Уахбия», Қазандағы «Мұхаммедия» медреселерінде біліммен сусындап, 1917 жылы «Ғалия» медре­сесіне түскен. Осы жылы жаңағы «Мақтым» повесі жариялана бастапты. Зерттеуші Т.Кәкішұлы «Ғалияда» оқыған Зияш Алдабергеновтың (1890-1970) өмірі мен өнерпаздық жолдарынан сыр толғайды. Бұл кісіні Сәкен Сейфуллин 1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне орналастырады. Осыдан да Зияш Алдабергеновтің зиялылығын, тектілігін тануға болады. Профессор Т.Кәкішұлы оның эпистолярлық мұрасын шабытпен талдауы, «таудан аққан бұлақтай екпінді де мөлдір» философиялық ойларға толы үздік толғам-пайымдауларын тілге тиек етуі, «сөз асылын жидекше теретін» талант болмысына тәнті етуі қызық­тырады. Оның шығыс даналары ­әл-Фараби, ибн-Сина, әл-Бируни, Мұхаммед Хайдар­ Дулати мұра­ларын ой сүзгісінен сүзіп зерделеуі қандай тамаша!Сабыр Айтқожин де «Ғалия» медресесінің шәкірті (1916-1919). «Бостандық туы» газетінің редакторы болған. Драма үйірмесінде жетекшілік жасап, спектакльде ойнаған, сахна өнеріне жетік екен, «Тау баласы» деген бүркеншік атпен «Садаққа» мақалалар бастырған.«Ғалия» түлегі Әбілғазы Иманбеков Аягөзде 1914 жылы мектеп ашқан. 1911 жылы Темір уезінде мұ­ғалім болған. 1912 жылы Аягөз жанындағы Көгіл­дір тауынан қанат байлап ұшқан. 1925 жылы Бүкілресейлік мұғалімдер съезіне делегат ретінде қатысқан. 1937 жылдың сойқанына ілігіп, атылып кеткен. Әділғазы Иманбеков жазушы Ғабиден Құлахметовтың атасы екен.«Садақ» журналының үлгі-өнегесі ұлағат-тағылымы өзгеше. Бірінші: Қолжазба журналды шығарушылар, шынтуайттап келгенде, шынайы зиялылар, адамгершілік мәдениеттің көрнекті өкілдері, яғни зиялылық дегеніміз жеке тұлғаның даралық қасиеті, табиғи ойлау қабілеті, отаны-жұрты үшін ұдайы еңбектенуі, болмыс-жаратылысының күрескерлік рухқа толылығы, адамзатқа ортақ істермен шұғылдануы, тарихи міндеттерді мінсіз атқаруы. Демек, «Ғалия» медресесінде білім алған қазақ шәкірттері осынау жаңашыл бастамалармен, ірі, кесек іс-қимылдармен, шығармашылық нәтижелермен қымбат.Екінші: ел жүрегіне ерендігімен жол тапқан, ғасырлардың мұң-мұқтажын толғатқан Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов, Хажым ­Басымов, Салахаддин Сарталиев, Зейнелғабиден Иманжанов, Зияш Алдабергенов, Сабыр Айтқо­жин, сынды саңлақтармен бірге, Нұғман Манаев, Әбдірахман Мұстафин, Армия Ешкеев, Бейім­бетпен кластас Сайфи Құдаш секілді сандаған көкірегі даңғыл санаулылардың өмірі, өнері, тағдыры Тұрсынбек Кәкішұлының «Садақ» эссе-кіта­бында тебіреніспен әңгімеленеді. Сол себепті солардың асқақ рухына бағышталған сом ескерткіш деу парыз.«Садақ» қолжазба журналының тарихын ыждаһатпен зерделеді, жиһанкез атанып, архив қорларын сүзіп, ішек-қарнын ақтарды. Бұл ретте Еділдің қызыл желіндей шарболаттай шамырқанған шабытты ақын Ғафу Қайырбеков:…Зулады ол талай жолдың белін бұрап,Жеткізбей қиын мақсат, ауыр мұрат.Алдынан архивтерін жайып салды,Байырғы Қазан, Уфа, Петроград – дей келіп,Сондағы тапқан оның Ұлы олжасы,Кәдімгі шын оқымысты атағы екен – деп түйіндейді.Асылы, аяулы ұстазымның болмысына ­мі­нез­деме берер болсам, ол – бықсық, жалтақ, тай­ғанақ, жантық емес. Қулығы, арамдығы, мәй­мөң­кесі, ішкі бүкпесі, есебі жоқ. Ойын солқылдата, күндей күркірете, жай отындай жарқырата айтады. «Айна айна емес, халық айна» дегендей, ел осылай таниды. Бұған 2013 жылдың 5 қазанында Абылай ханның үш жүз жылдық салтанатында ұлттың, ұлы жұрттың жалынды сөзін айтқанына халқы куә. Бұл ұлт қайраткерінің аңызға айналған тарихи сөзі еді. Ұлт суреткері Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, «қынаптан суырылған қылыштай қылпып тұратын», «буырқанған әдебиет айдынында» «60 жыл ғұмырын ақиқат жолындағы арпалыстарға арнады».Қазақтың абыз ақыны Мұзафар Әлімбай жайсаңды жоқтауында:«Жаралған намыстан,Айбынды арыстан.Мерейлі, кенейлі,Әлсізді жебеген,Алыппын демеген» деуі шынайы да әділетті!

Алматыда саналы ғұмырын ұлт әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне, ғылымы мен білімінің дамуына арнаған қазақ халқы­ның ардақты перзенті, көрнекті ғылым, қоғам қайраткері Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті.Кеште Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин сөз сөйлеп, Алаш жұртының ардақтысына айналған ғалымның өмірі мен еңбек жолына тоқталды.Салтанатты шарада Рамазан Стамғазиев, Гүлзат Дәуірбаева, Талғат Әбуғазы, Мөлдір Бақытнұрқызы және т.б. әншілер өнер көрсетті. Тұрсынбек Кәкішевтің ғылыми зерттеуіне айналған Сәкен Сейфуллиннің әндері орындалып, ғалымның өміріне ар­налған арнайы бейнесюжет көрсетілді.Айта кетейік, бұған дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығына арналған «Тұрсынбек Кәкішұлы және әдебиет тарихының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. ҚазҰУ-дың Филология факультетінде ғалым атындағы дәрісхана ашылды және «Ер Жәнібек» халық­ара­лық қоғамдық қоры футболдан халықаралық турнир ұйымдастырылған болатын.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто