Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Көмір тапшылығы қашан жойылмақ?


1 февраля 2018, 05:46 | 3 419 просмотров



Қоңыр күзде басталған Талдықорғандағы көмір кезегіне тұрған көлік қарасы әлі күнге азаяр емес. Оның  үстіне қаңтарда қаһарына мінген қатты аяз  отын таппай сабылған жұртқа жығылған үстіне жұдырық болған. Қыркүйек айында 9 мың 200 теңгеден сатылған Семей көмірінің бір тоннасы қазір 13 мың 500 теңге. Бірақ, дәл осы бағада екінің бірінің қолына тие бермейді. Тапқан адам алыпсатарлардың қолыннан бір тонна көмірді 20-25 мың теңгеден сатып алуға мәжбүр.

IMG_2780-300x200.jpgфото А.Нұршанов

Осыған байланысты біз алдымен Талдықорған қаласындағы көмір сататын орындарды аралап, жағдайды өз көзімізбен көріп қайтқан едік. Біз барғанда бірде бір орында көмір жоқ. Тек ұзын сонар көлік кезегі мен жаурағандарына қарамай сарыла күтіп тұрған жұртты көрдік. Олардың алдының көмір қоймаларын күзеткеніне 10 күннен асқан. Қала тұрғыны Қайрат Қалыбаев: «Мен осында көмір күтіп жүргеніме бірнеше күн болды. Аптасына екі рет екі вагоннан келеді. Ол осыншама көліктің қайсысына жетеді? Кейбір көліктер ауланың ішінде тұр. Көмір сатушылар алдымен соларға тиейді. Ал, қақпа сыртында тұрған көліктер бір жылжып қана осылай қала береді. Алдымен алғандар базар маңындағы қаппен сатушыларға жеткізеді. Олар небәрі 30-35 кг тұратын бір қап көмірді  1300-1500 теңгеден саудалайды. Осының барлығы аймақтағы көмір тапшылығынан туындап отыр» – дейді.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алар» демекші, «қара алтынды» қала ішіне тасымалдау құны да бірнеше есеге өскен. Бұрын қала ішіне 3-4 мың теңгеге жеткізсе, қазір 10-12 мың теңге алады.  Тіпті, қала маңындағы ауылдарға тасымалдау 20-25 теңгеге дейін көтерілген. Көмір сату орындарының қожайындары болса қашқақтай сөйлеп: «Тапсырыс берілген, көмір келеді. Алды келіп жатыр» дегеннен басқа жарытып жауап берген жоқ.

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныстың айтуынша,  көмір мүлде жоқ емес. Аптасына  5-6 вагоннан жеткізілуде. Бір вагонда 69 тонна. Бірақ келген көмірдің көбін Ақсу, Сарқан сынды аудандардың шалғай ауылдарының тұрғындары тасып әкетуде. Мәселен, олар алыстан келген соң бір «Камазға» 30-40 тоннадан тиеп әкетеді. Сондықтан жергілікті тұрғындарға жетіспеуде.  Қала әкімдігі «Қазақстан темір жолымен» үнемі байланыс жасап, көмірдің тоқтаусыз жеткізілуін қадағалауда.

Бұл жөнінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасымен арнайы тексеру тобы құрылған. Әкім орынбасары Айдарбек Байжанов басшылық ететін бұл құрам көмір тапшылығын қолдан ұйымдастырып, жұртты әбігерге салғандарды тауып жазаламақ. Қазір тиісті жұмыстар атқарылуда.

Алматы және Алматы облысындағы көмір тапшылығана байланысты арнайы мәлімдеме жасаған ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қазір күнделікті жағдай бақылауда. «Көмір өндіру мен оны тасымалдау бойынша еш кедергі жоқ. Ақшасын төлеп тапсырыс берілсе болғаны. Қанша керек болса, сонша өндіріледі. Қаңтар айының соңғы күндері Жетісу өңіріне 16 мың тонна көмір жөнелтілді. Енді бірнеше күнде ол да барып түседі. Бастысы, жергілікті билік қадағалауды күшейтуі тиіс» – деді министр мырза.