Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тема: БІЛІМ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЕБЕРХАНАНЫҢ ШЕБЕРЛІГІ


19 марта 2018, 06:03 | 2 822 просмотра



Жаңа оқу жылы журналистика мамандығы үшін аса жағымды жаңалықтардан басталды. Күз айында Жетісу Мемлекеттік университетінің журналистика және филология кафедрасының ұйымдастыруымен студенттік телестудия жаңартылды. Ал 2018 жылдың басынан бері кафедра филиалы ретінде Талдықорған қаласындағы журналистер үйінде «Workshop» шығармашылық шеберханасы өз жұмысын бастап кеткен еді.  Жас журналистер мен студенттерге теориялық әрі практикалық сапалы білім беруді мақсат қойған мекеменің жоспары көңіл қуантарлық.

Университет қабырғасында оқып жүрген әрбір студент үшін лекцияны тыңдап, конспект жазып қоя салу тым аз екені анық. Оқыған біліміңді тәжірибеде саралап, көрсете алмасаң, болашақта өз ісіңнің үздігі боларың екі талай екені тайға таңба басқандай. Сондықтан жаңадан ашылған шеберханада бүгінде нағыз журналист мамандар келіп, өз жұмысының қыр-сырымен бөлісуде.

Ашылғанына небәрі бірнеше апта болса да, аз уақыт аралығында талай профессионалды тілшілер мен тәжірибесі мол мамандарды тоғыстырған кішкене ғана кабинетте жастар жағы баға жетпес байлыққа қол жеткізіп жатқаны өтірік емес. Аты шулы «Жетісу», «Алатау», «Огни Алатау» сынды облыстық, республикалық деңгейдегі газеттердің редакторлық, журналистік ұжымдары журналистиканың газеттік бағытынан хабар беруге тырысса, еліміздің республикалық телеарналарында қызмет жасап жүрген Талдықорғандағы меншікті тілшілер де шеберханаға келіп, сюжет жасау барысы мен сұхбат алу ерекшеліктерін барынша түсіндіруге тырысып бағуда. Сонымен қатар ақпараттық әлемде журналистерден өзге де маман иелері үшін де болашақта арнайы шеберлік сыныбы өткізіледі деп жоспарлануда. Мысалы, оператор, монтаж жасаушы, газет бетін өңдеуші сынды маңызы жағынан еш дес бермейтін кәсіби мамандарды даярлау да шеберхананың басты міндетінде.

Осы уақытқа дейін ЖМУ студенттері 10-ға жуық практик ұстаздармен кездесіп, танысу сабағын өткізді. Кіріспе ретінде ұйымдастырылған алғашқы дәріс барысы алдағы уақытта білімгерлерге берілетін тапсырмалармен жалғаспақ. Телевизиялық бағыттағы топтар сюжет түсіру, камераны дұрыс пайдалану, монтаж жасай алу, ракурсты дұрыс алу сияқты мәселелермен, ал газеттік жолды таңдаған жастар мақала жазу ерекшеліктер, стилистика, тақырып қою, корректорлық және редакторлық жұмысты үйренетін болады. Шеберхана қатысушылары педагогика жағынан да, оқу орны жағынан да барлық жағдай жасалды деуге болады. Ендігі міндет – жас тілшілердің нағыз маман болуы үшін тынбай еңбек етуінде.

Ел арасында бағзы заманнан журналистік қызмет жиі аталады. Кез келген елде түрлі жағдайды халыққа хабарлап, бәрі айтатын «алтын көпір» болып жүрген ақпарат берушілердің жай ғана қатардағы тілші немесе тіпті «сары баспаның» өкілі болмай, елі үшін шын қызмет ете алатын, халқы үшін пайдалы ақпаратты жеткізіп, өзекті мәселелерді алға қоятын, оны зерттеп, талдай алатын, қарапайым адамдардың күнделікті проблемалық оқиғалары мен мұң-мұқтажын жоғарғы билікке жеткізе алатын бірден-бір адам бар болса, ол – журналист. Сондықтан рухы мықты, қаламы ұшқыр жастарға білім беруде ерекше үлес қосып келе жатқан білім ордамыз Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университеті мен журналистер үйіне болашақ мамандар өздерінің ерекше алғысын білдіреді.

Автор:
Тоғжан Нұрайымқызы