Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мектептегі үрейліліктің алдын алу үшін не істеу керек?


23 сентября 2010, 20:52 | 3 007 просмотров



Алғашқы қоңыраудың сылдыры біреулерге шаттық үніндей естілсе, енді біреулер үшін жаңа ортаға бейімделу қорқынышын шақыратын дабылдай болып естілуі әбден мүмкін. Баланың психикасын сақтау үшін оның денсаулығына жастайынан үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Мектептегі оқу жүктемесінің мөлшерден тыс болуының өзі «мектеп үрейлілігінің» пайда болуына себеп бола алады. Әрине, мұндай жағдайда баланың жас ерекшелігіне баса назар аударған орынды. Мектепте оқи бастаған күннен денсаулыққа әсер ететін күн тәртібін сақтау, тақтаға шығып сөйлеу, сабақта жауап беру қажеттілігі, бөгде адамдармен араласу сияқты мәселелер туындары хақ.

Мектептік үрейлілік адамның бір нәрседен қорқып, уайымдағанынан бастау алады. Бұндай құбылысты ата-ананың ерте сезіп білгені дұрыс, себебі баланың күйін түсініп, алдын-ала әрекет жасаудың маңызы өте зор. Әр адамда өзіне тән қорқыныш сезімі болады. Өз жағдайыңды танып-білу өз-өзіңді бақылауға және тәрбиелеуге әсер етеді.

Үрейліліктің белгілеріне ішкі қобалжу, мазасыздану, уайымдау, жүйке жүйесінің тозуы жатады, яғни жағымсыз эмоциялар арқылы көрінеді. Бұлар сана сезімнің бұзылуына, зейіннің, еске сақтау қабілетінің төмендеуіне әкелетін фактор болып табылады екен. Осы үрейліліктің пайда болуын балалардың бірбеткейлігі, еркелік, сезім төмендігі, қорқақтық, немқұрайлық, селқостықтың салдары деп түсіндіруге болады.

Үрейліліктің жоғарғы деңгейі өзгелермен қарым-қатынас жасауда қиыншылық тудырып, баланың өзіне деген сенімін жояды. Яғни, үрейлілік балалардың нәзіктігімен және сезім осалдығымен тығыз байланысты болады. Олардың ескертулерге өте сезімтал келіп, тез жауап қайтаруы сондықтан.

Аталмыш ауытқулар әр жаста алдын алып, жоюды қажет етеді. Үрейліліктен толықтай арылу үшін оның себебін нақтылап, баланы дұрыс қарым-қатынас жасаудың оң нәтижесін сезінуге үйрету керек және өз-өзіне баға беріп, оған шындықпен қаратқан абзал.

Мектеп үрейлілігінің алдын алу жолдары:

-үрейлілік туралы түсінік қалыптастыру. Бұл адамның бәріне тән қасиет, сондықтан оны танып-білудің маңызы зор;

-арнайы көңіл-күйге тапсырыс беру. Өз ойынша өзінің үрейлілігін бір жақсы әуенмен немесе әдемі көрініспен байланыстыру қажет;

-рөлдік ойынды пайдалану;

-дұрыс дем алу;

-жағдайдың маңызды және оның өзгермелі екенін түсіндіру.

Аталған амалдар сіздің балаңызға мектептегі үрейліліктің алдын алуға жәрдем береді және өзіне деген сенімділікті арттырады деген ойдамын. Қандай жағдай болмасын психологиялық дайындықтың қажеттілігі ежелден белгілі. Ендеше бүлдіршіндерімізді әрдайым қадағалап жүрейік.

Автор:
Дайындаған Мерей МҰРАТХАНҚЫЗЫ