Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МҰҒАЛІМ МИЫН ШАРУАҒА ЖЕГЕ АЛЫП ЖҮРМІЗ БЕ?


22 октября 2010, 11:21 | 1 999 просмотров



Мектепті көркейтетін жақсы мұғалім. Оқу-тәрбие қызметі сапасын тек мұғалімдер ғана шеше алады. Мектептің негізгі функциясы тетігі мұғалімдер қолында. Оқу-тәрбие қызметінің жанды нүктелерімен қалыптасқан жұмыс амалдарын жетілдіру жолдарын білетіндер де мұғалім. «Шын атқа мінгенше шыбықты ат қылып жүрген» мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы түзелсе сапалы жұмысқа құлшынысы мен жауапкершілігі артар еді. Ынта - ықыласты мұғалімдер үшін мектеп жұмысын уақыт талабына сәйкестеп қайта құру соншалықты күрделі де емес. Мұғалімдер білімі мен біліктілігін салыстырып, барын ұсынып, жоғын алатын әлемдік педагогика көкжиегінен әлі де оқшау күйде. Әсіресе, ауыл мұғалімінің өз ізденісін таныту үшін өрелі сарапшы табуға да мүмкіндігі жоқ.

Басқару тетігінде отырған кейбір тексерушілер ауыл жағалап талантты мұғалімдерді табуды емес, іліп аларларын жұлқыламаға салу арқылы бұқтыра түсуге бейім. Ондай жағдайда шарбат ішіп отырып, тұздық ұрттап қойғандай жайларға ұшыраған мұғалім сырт көзге шырайлы көрінбейді. Олардың салқын қандылығы ештеңеге елікпейтін енжарлықтан емес, не болса соған желп етпейтін естиярлықтан. Тебініп атқа мінер мінез мұғалімдерде жоқ. Тұсаулы аттай саясат ауласына бас сұқпайды. Әлеуметтік жағдайына алаңдаулы мұғалім үйіне кісі келсе, құда болар деп үміттенетін кәрі қыздың жеңгесіндей билік аузына жалтақтайды.

Көз ашқаннан көш соңында салпақтап ілескен мұғалім орта жолда не оңға, не солға бұрыларын білмей, күнкөріс қамында жүріп, қазіргідей « ешкім түсініп болмайтын каст» аталып жүр. Білім сапасына қанағаттанбаушылық туралы айтылып жүрген жайлар себептерін мектепке де, мұғалімге де жүктей салмай, оның шығу тегін әлеуметтік жағдайлармен байланыстыра ойластырған дұрыс. Мұғалім жұмысы тек жеке кәсіби шеберлігі мен білімділігіне байланысты емес, балалар мен ересектердің өмірлік ұстанымдарына да қатысты. Ал ондай ұстанымдар мен рухани құндылықтарды қалыптастыратын орта шекарасы мектеппен шектелмейді. Мұғалімнің жаңашыл ізденістері олжалы пайда табу үшін емес, қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында туындайды.. Мұғалім еңбегінің құны мен тұтыну құнын саралайтын салаға назар аударылмай отыр.

Нарықтық қатынас жағдайында педагогикадағы жаңа идеялар мен ізденістер қалыпты жоба шеңберінен шығып, нақты өнімге айналғаны дұрыс болар еді.. Педагогикалық өнімдердің де товарлық қасиеттері - құны мен тұтыну құны болуы тиіс. Шынайы мұғалім өзін-өзі жылтыратып көрсетуге үйір емес. Оның бағасын басқалардан бұрын бала біледі. Қазіргі қолданыстағы категориялар тағайындау жүйесі мұғалімнің кәсіби сапасы таразысы бола алмайды. Ең алдымен мұғалімдердің кәсіби шеберлігін анықтау, білімнің шынайылығын айқындау нормативтерін, білім сапасына жауапкершілік критериялары айқындалуы керек. Білім саласында сан алуан шешімдер мен реформалар толғағы жиілеп, мектеп ұжымдарының дайындық жайын ескермей, жаңа талаптар қойыла бастады. Жаңа идея, жаңа істерге көшуге іштей және сырттай ықпал ететін тетіктері мен аймағы анықталмай отыр. Мұғалім қызметінде жетістіктер мен жайсыздықтар, сәттілік пен сәтсіздіктер жиі алмасып отырады. Сондай ахуалда еңбегінің жетістігін есепке алу және бағалау жолдары айқындалмағандықтан, мұғалім еңбегі жемісін мақтаныш ете алмайтындай күй кешіп жүр. Білім беруге жаңа көзқарас формалды жоспарлардан, фактілерді ғана санамалайтын статистикалық мәліметтермен шектелуден арылуды қажет етеді.

Адам қызметін емес, документтерді, әкімшілік шешімдерді орындалуына бағытталған тексерулер мен бақылауларды бір жүйеге түсірілгені жөн. Мектеп басшылары оқыту әдістері моделдерінің конструкторы, ұжымды біріктіруші архитектор, қарым-қатынас қалыбын жасаушы әлеуметтік инженер, басқарудың менеджерлік амалдарын меңгерген басқарушы деңгейіне көтерілуі керек. Білім берудің әлемдік стандартына көшу үшін, ең алдымен, мектеп пен мұғалімге материалдық, моральдық, әлеуметтік қамқорлық пен көзқарас өркениетті елдермен теңестірілуі керек. Америкада оқыту сапасын зерттеп отыратын арнаулы орталықтар жаңашыл идеялары бар педагог-энтузиастерді іздестіреді. Мұғалімдердің кәсіби деңгейі мен шығармашылдық таланттарын анықтайтын « профессиональдық бағалау кеңесі» деп аталатын кеңес орталығы бар. Ол кеңес мектептерде балаларды жалықтыратын оқыту әдістерінен арылу мақсатында арнайы кешенді шаралар ұйымдастырады. Кәсіби біліктілігі төмен мұғалімдердің мектепте жұмыс істеуінен арылу мақсатында арнайы сынақ- тестілеу жүйесі енгізілген.

Мұғалімдер еңбегіне ақы төлеу оқыту шеберлігіне қарай дифференциацияланбай оқыту сапасы қалаулы нәтиже бермейтінін дәлелдеген. Англияда мұғалімдер дайындау сапасына айрықша мән береді екен. Мұғалімдер дайындайтын колледж, университеттерге неғұрлым дайындығы жоғары мектеп бітірушілерді тартады және мұғалім мамандығына тілек білдірген студенттерге жоғарғы стипендия тағайындайды. Мектептерінде ғылми атақтары бар , өз елдерінде «остепененные педагоги» деп аталытын педагогтар дәріс береді. Берілетін білім деңгейі, оқу программалары, оқыту әдістемелері, мұғалімдердің еңбек ақылары көлемі арнаулы орта және жоғарғы мектептерден кем түспейтіндей « академиялық модельге» көшірілген мектептер жұмыс істейді.

Автор:
Сакен БОЗАЕВ, зейнеткер ұстаз. КСРО және ҚР білім беру үздігі. Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегері