Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тәрбиенің төрт тірегі


5 ноября 2010, 20:54 | 2 096 просмотров



«Адамға ең бірінші білім емес,тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы,ол келешекте оның барлық өміріне апат келеді»-деп ұлы ғұламиа Әл-Фараби айтқандай,ұрпақ тәрбиесі қай заманның,қай қоғамның болмасын көкейкесті мәселесі болып келгендігі дәлелдеуді қажет етпейді.

Сондықтан қоғамның алға басуы жас ұрпақты білім,тәрбие арқылы дамытуға,жаңаша ойлауға,іскерлікке үйретуге байланысты.Уақыт өткен сайын тәрбие үрдісін жетілдірудің жолдары мен әдістері үнемі жаңаруда. Өсіп келе жатқан ұрпақ-адамзаттың болашағы,жалғасы.Артта қалған ұрпақ саналы болса,адам баласының жер бетінде жасауы да сан ғасырларға жалғаса береді.

Бала тәрбиесі ең алдымен,аға ұрпақтың жас жеткіншекке деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығынан,ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттердің жиынтығынан туындайды.Атадан балаға ұласатын асыл құндылықтар үлкендердің әңгімесінен, іс-қимылынан танылып,сезім арқылы жүректен жүрекке беріліп отырған.

Балаға мейірімділік таныту мен сүйіспеншілігіңді көрсету-тәрбие берудің ең негізгі мәйегі.Әсіресе,кішкене балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны ерекше.

Олар тексүйіспеншілікпен ғана өсіп-жетіледі десек артық айтқандық емес.Бала кімнен мейірім көрсе,сол адамды ерекше жақсы көреді.Әрдайым соны іздеп тұрады. Оны ренжітпей, мейірімі мен сүйіспеншілігінен ажырап қалмау үшін оның айтқандарын орындауға тырысады. Өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді. Ендеше, сүйіспеншілік – бала тәрбиесіндегі негізгі қағида.

Баланың қатесін түзетіп, дұрысын үйретуде жаза берудің ерекше орны бар екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ жазалаудан бұрын қателерді түзетуде ең әуелі мейірім мен насихаттың әсері мол екенін ескергеніміз жөн. Себебі, балалар көбіне жасаған қателіктерінің парқына бара бермейді. Мұндай жағдайда балаларға ұрсып-зекудің пайдасынан зияны басым болуы мүмкін.

Үлкендердің баланың басынан сипауы, маңдайынан сүйіп, иіскеуі немесе құшақтап арқасынан қағуы, көтеріп құшағында тербетуі – бәрі-бәрі балаға оң әсерін тигізеді. Зерттеушілер құшаққа алынып, құштарлықпен сүйілмеген, басынан сипалап, маңдайынан иіскелмеген балалардың кейбір психологиялық ауруларға ұшырайтынын дәлелдеуде.

Ата –ана немесе кез келген педагог үшін балаға көп ұрсып, оған ұзақ ақыл айтқаннан гөрі оның басынан сипап, мейірім көрсетіп, арқасынан қағуы әлдеқайда әсерлі. Бұның астарында құрғақ сөздермен жеткізуге келмейтін небір сезімдер бар.

Тәрбиенің екінші тірегі -балаға құлақ асу яғни баланы тыңдай білу.

Баланы әуелі тыңдай білу қажет. Сөйлеген бала өзінің ішкі дүниесін ашып береді. Әр нәрсені дұрыс түсінуге бала ақылы жете бермейді. Сол себепті баланың не ойлап тұрғанын білу қажет. Біз көбіне баланы қателікке ұрындырған себептерді іздейміз. Дереу өзіне ұрса жөнелеміз. Балалар балалықпен қателік жасайды. Ал үлкендер болса, олардан үлкен кісінің істейтін ісін күтеді. Қате жасаса дереу ұрсып, жазғыра жөнеледі. Көбіне балаларын тыңдауды қажеттілік деп те ойламайды. Бала болса, өз ісінің қателігін түсінбегендіктен ата-анасының, үлкендердің не үшін ұрысқанын, немесе жазалағанын түсінбей дал болады. Сөйтіп, үлкендер маған жамандық жасады, ата-анам мені жақсы көрмейді деген ойға келеді. Міне сондықтан баланың ішкі дүниесімен сырласпастан, оның ойын білместен, жасаған ісінің дұрыс еместігін түсіндірместен оған ұрысу, жазалау дұрыс емес. Тәрбиенің үшінші тірегі- балаға балама нәрсе көрсету.Ата-аналардағы қателіктердің бірі – баланы не болса содан тыйып, іс-әрекетін шектей беруі. Баланың қате қылығын тыйған кезде, орнына басқа бір дұрыс нәрсені көрсету керек. Олай болмағанда бала баяғы істеген қателіктеріне қайта басуы не болмаса қырсық мінезділікке бейімделуі мүмкін. Мысалы, үйдің қабырғаларын сызғыштап ойнаған баланың қолына дереу басқа бір дәптер немесе қағаз ұстатып: «сызсаң мынаған сыз», «жүгірсең, мұнда емес ана жерде жүгір», «көрсең, бұл фильмді емес, ана фильмді көр» деген секілді баламаларды көрсетуіміз қажет.

Қазіргі кездегі қалада балалар баратын ойын залдары мен кино театрларда көрсетілетін фильмдер бала тәрбиесіне,мінез-құлқына залалды болуы мүмкін.Сондықтан балаларға ана жерге барма,мынаны көрме дегеннен гөрі,оларға басқа жағдай жасау керек.Мысалы,үйге компьютер алып, зияны жоқ ойындар мен фильмдердің СД-лерін дайындап, ойын ойнап, кино көретін уақыттарын белгілеген дұрыс.

Тәрбиенің төртінші тірегі-балаға тілек тілеу немесе бата беру. Қазақ халқы «батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер» деп бекер айтпаған ғой. Қандай жағдайда болмасын әр ата-ана баласына жақсы тілеу тілеп ,қандай да бір істі бастар кезде ақ баталарын беріп жатады.Осындай жақсы ниет-тілектердің әйтеуір біреуі қабыл болтындығына сенім білдіреді.Сондықтан «Баланың басты ұстазы-ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе , ұшқанда соны іледі» дегендей,отбасында әдемі таным-түсінік қалай қалыптасса, есейгенде де сол қасиеттерді бойына сіңіріп ержететіні сөзсіз.

Автор:
З.С.АЛДИБАЕВА,№8 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Сарыбұлақ ауылы Қапшағай қаласы