Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БЕС АСЫЛ ІС


24 сентября 2009, 10:57 | 3 173 просмотров



Хакім Абай өнегесі

«... Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз...»

«Адам бір жылын ойласа – дән себеді, бар ғұмырын ойласа –ағаш отырғызады, ал ғасырлық болашағын ойласа – ұрпақ тәрбиелейді», - деген екен данышпан ата-бабаларымыз. Бала психологиясына барлау жасай білмеген – мұғалім, балдырғандармен тіл табыса білмеген – оқытушы, ата-атанамен ой ортақтастыра алмаған – педагог бола алмайды.

Хакім Абай Алла тағаланың өлшеусіз, біздің ақылымыздың өлшеулі екенін хатқа түсіріп кетті. Тәрбиені тәңір тұтқан ұлттың ұрпағы болғандықтан барар бағытымыздың тура, көтерілер белесіміздің биік болуы үшін данышпан Абайдың қағидаларын шәкірттер көкейіне сіңіретіндей деңгейде талдаудың берері мол.

Талап. Талаптанған жанның қашан да шығар тауы биік. «Талаптыға нұр жауар» деп халқымыз тегін айтпаған. Оның мысалын өткеннен де, бүгіннен де санамалап шығу қиын емес.

Сол талап ұлы Абайдың үш жылдың ішінде діни білімді толық меңгертіп, үш айдың ішінде орыс ілімін үйренуге жетелеп, кейіннен ақынға шығыс поэзиясының, орыс классикасын туған еліне кеңінен таныстыруына мүмкіндік берді. Бұл да дүниетанымын кеңейтуге ұмтылған ғұламаның зор талабының жемісі.

Сол талап Шоқанды, Қанышты ғылымның шыңына шығарды, Мұхтарды «әлем таныған Әуезов» дәрежесіне көтерді, арнаулы білім алмаса да Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақовтарды театр коррифейі деңгейіне жеткізді.

Талаптының алды жарық екенін көкірегінде сәулесі бар екінің бірі біледі. Сүйенішіміз – талап, желеушіміз бір Алладан кейінгі ел-жұрт болып, алға нық қадам басу ләзім.

Еңбек. «Менің жетістігім бір пайыз таланттың, 99 пайыз еңбектің жемісі» дегенді данышпандар жиі айтады. Неге? Алла берген қабілетті ашатын, жеріне жеткізетін құдіретті күш – еңбек.

«Еңбек ер атандырады». Тер төге жүріп жеткен жетістіктің жемісі тәтті. Күні кешегі Социалистік Еңбек ерлері, бүгінгі Елбасы Жарлығымен Еңбек ері атаған санаулы тұлғаларымыздың ел алдында жүзі жарқын. Қолға алған ісін шыр айналдыратындарды көргенде олардың тәжірибесі тынымсыз еңбегі арқылы келгенін сезініп сүйсінбей тұра алмайсың. Ал шәкірт үшін тынымсыз еңбек жоғарғы баға, ақжарма алғыс болып қайта оралады.

Ой. Хакім Абай айтқан терең ой ақылдылықтың сипаты. «Ой да көп уайым да көп ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең». Абай айшықтаған «Орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң» есерлерге етене, естілерге кешірімсіз.

Ойшыл деген сөз дана, данышпан, ғұламалармен мағыналас. Ой түбінде жатқан сөзінде көп көкейіне орнығатынын көріп жүрміз. Ойлана білген, толғана білген, өз ісін сараптай білген жанның қашан да асығы алшысынан түсетінін өмір сан рет дәлелдеді. Ұлы Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» дегенімен өз басының қызығын бүкіл адамзаттың бақыты жолында сарп еткендердің тарих алдында маңдайы ашық.

Қанағат. «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жарлының жалғыз атын сойғызады». Бұл бар боп аспауды, жоқ боп саспауды мақсат тұтқан халқымыздың қағидасы. Қанағатсыздық қай қоғамда болса да жемқорлыққа әкеп соқтырады. Ежелгі жыр-аңыздарда қанағатты ұмытқан жуандардың нәпсісін тия алмағаны үшін азап шеккені тайға таңба басқандай айшықталған. Бүгінгі тыныс-тіршілігімізде де соның айғағына жиі куә болып жүргеніміз ақиқат.

Рахым. Бұл сөз мейірім, қамқорлық, жүрек жылуы сынды сөздердің синонимі. Рахымды адам айналасына шуақ шашады, төңірегіне нұр себеді. Рахымды жанның жүрген жері шұғылалы. Қатыгез адамға жан жуымаса, рахымды азаматтың дос-жараны көп болады.

Ұстаздық тәжірибемде қолда барын қатарластарымен бөлісіп, көштен қалған сыныптастарын қолдауға, қорғауға әзір кең пейілді шәкірттерім аз болған жоқ. Кейіннен олардың бәрі дерлік қоғамымыздың белді азаматтарына айналғанын көзіміз көрді. Ел мақтаған, Алланың назарына ілінген айтулы азаматтар сапынан көрінуі үшін жанымыз дархан, жүрегіміз кең болғаны абзал.

Автор:
Сайраш Шоманова Абай атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі. Сарқан ауданы


Комментарии


Сортировать по времени по рейтингу

Показаны записи 1-1 из 1.

Turk, 8 июля 2016 в 12:59

I have an idea...we could all sign on to a civil clios-actasn Section 1983 suit against Barry (suing a government official for civil injuries he caused under color of law), but MAKE SURE that the case is heard by a 7th Amendment common-law jury (thanks, Red Beckman!), where the jury, not the judge, makes all findings of fact and rulings of law. (The judge is sidelined due to conflict of interest, being that he is also a government employee). What do you folks think? Thanks.-- echofoxtrot


Контент устарел, комментирование закрыто