Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЕЛ ЕЛУ ЖЫЛДА ЕМЕС, ЖИЫРМА ЖЫЛДА-АҚ ЖАҢАРДЫ


25 декабря 2010, 08:00 | 2 611 просмотров



Отаршылдық бұғауынан босағанымызға, міне, аттай 19 жыл болыпты. Бұл уақыт аз болып көрінгенімен, 50 жылда жаңаратын елдің тірлігін жасап тастағанымыз жасырын емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеше Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінен осыған тағы бір рет көз жетті. Жұртшылықты Тәуелсіздік күнімен құттықтаған Елбасы осынау ақ түйенің қарны жарылып, ақ биенің сүтіне шомылған күнді «Азаттықтың арайлы таңынан бері тәу етер киемізге айналған Тәуелсіздік - біздің ең ұлық мерекеміз» деп атады.

«Тәуелсіздікпен бірге біз елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті жаңғырттық. Осылайша төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың мәңгілік ел мұратын қайта жалғадық. Тегеуріні берік, тепкісі қатты нәубет замандарда тең жарымынан айырылған халқымыз ана тілі мен қасиетті дінінен көз жазып қала жаздады. Дегенмен соның барлығы қазағымыздың рухын жасыта алған жоқ. Қазақтың азаттыққа деген аңсарын жеңе алмады», – деді Мемлекет басшысы қазақ рухының асқақ екеніне екпін түсіре.

Елдің танымалдығы артқан сайын тәуелсіздігі орныға түспек

Елбасы ЕҚЫҰ саммитінің Арқа төрінде үлкен абыроймен өткенін айтып: «Қазақ қазақ болғалы мұндай үлкен мәртебеге жеткен емес», – деді. Расында, 11 жыл бойы еш елде өтпей келген ұлы жиынды егемендігімізге әлі 20 жыл да толмаған еліміз өткізіп отыр. Мұндай дүние осыған дейін кімнің қолынан келген еді? «Бұл Қазақстанның қолынан ғана келді», — деген Нұрсұлтан Әбішұлы келесі жылы, Алла жазса, Ислам конференциясы ұйымына мүше болып, Тәуелсіздік тұғырын беріктей түсетінімізді де атап өтуді жөн көрді. «Біз келесі жылы құрамына 57 мемлекет кіретін Ислам конференциясы ұйымына басшылық етеміз.

Бұл орайда Қазақ елінің танымалдығы артқан сайын оның Тәуелсіздігі орныға түсетіндігін ұмытпауымыз қажет», – деп атап көрсетті Елбасы.

Азаттық алумен іс бітпейді

Мемлекет басшысы азаттық алумен іс бітпейтінін, Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін заманға сай амалың болуы керектігін айта келе былай деді: «Біз тәуелсіздігінен айырылып қалған елдердің тағдырынан тиісті қорытынды шығарып, тағылымы мол сабақ алдық. Ел бірлігін басты байлыққа балап, саяси тұрақтылықты экономикалық жетістіктермен ұштастыра білдік. Осылайша Қазақстан шын мәнінде азат елге, айдынды мемлекетке айналды. Іргемізді бекемдеп, байтақ шекарамызды халықаралық құжаттармен мызғымастай етіп бекіттік».

Достық пен келісім дәстүрін ұрпаққа

аманаттау – біздің міндет

140-тан астам ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астына сыйғызып отырған– Қазақ елі. Елбасы осынау келісім мен достық дәстүрін келешек ұрпаққа аманаттау біздің міндетіміз екенін ескертті. «Мамырдың 1-і – Қазақстан халқы бірлігі күнін жаңаша түрде өткізу қажет деп есептеймін. Бұл күні Астана мен облыс орталықтарында жаппай шеру өткізіп, біздің бірлігімізді, достығымызды көрсетуіміз керек», – деген Елбасы Президент әкімшілігіне, «Нұр Отан» партиясына және Қазақстан халқы Ассамблеясына осыған қатысты нақты тапсырма берді.

Кедендік одақ – елбасының он жыл бұрынғы

идеясы

Бресттен Владивостокқа шейін, Мурманскіден Шымкентке дейінгі аймақтарда бірыңғай тасымал тарифін орнатқан Кедендік одақта бүгінде өз ізімен жүріп келеді. «Бірінші жартыжылдықтың өзінде Кедендік одақ жұмысы мүше елдер арасындағы тауар айналымын 38 пайызға арттырды», – деді Президент. Елбасының айтуынша, бұл өте дұрыс іс болды, әсіресе теңізге тікелей шыға алмайтын біз сияқты мемлекет үшін. «Осының бәрі жайында мен 16 жыл бұрын айтқан едім. Ол кезде Еуразиялық одақ құру идеясын ұсынған болатынмын», – деді Мемлекет басшысы идея бастауын Қазақстаннан алатынын меңзеп.

Қиын белестің

жартысынан өттік

Президент салтанатты жиында еліміздің 19 жыл ішіндегі жетістігіне де тоқталып өтті. Біз еліміздің гүлденуі жолындағы қиын белестердің тең жартысын артқа тастадық. «Әлемдік тәжірибеге қарағанда дамыған мемлекетті құру үшін 40-50 жыл қажет. Біз қазіргі кезде еліміздің даму жолындағы қиын белестің жартысынан өттік. Алайда бұлардың барлығы бізге оңайлықпен келген жоқ», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Ең бастысы, аз уақыттың ішінде экономика саласында толағай жетістікке қол жеткіздік. 10 жылдың ішінде білім және денсаулық сақтау саласының шығыстары сегіз еседен астам көрсеткішке өсті. «Тек осы жылдың тоғыз айының өзінде 7,5 пайыздық өсімге қол жеткіздік. Өнеркәсіп саласы 10,5 пайыздық белесті бағындырды. Біз 700-ден астам мектеп және 450-ге жуық денсаулық сақтау нысандарын салдық. Соңғы он жыл ішінде ЖІӨ жеті есеге ұлғайып, жан басына шаққандағы кірісіміз 8000 АҚШ долларын құрап отыр. Осы аралықта 110 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылды. Халқымыздың саны осы аралықта бір жарым миллион адамға көбейді», — деп атап өткен Мемлекет басшысы бұл жетістіктің барлығы да бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықтар достығының көрінісі екенін айтты.

Астана – түркі әлемінің астанасы

Есілдің ен бойына ел қондырып, сайын Сарыарқа төріне сәулетті Астананы салғанымызды атап өткен Мемлекет басшысы: «Астана рухы күллі әлемге бейбітшілік пен келісімнің кілтін ұсынды. Осында әлемдік діндер өкілдерінің басын қосқан үш бірдей съезд өткіздік. Ізгілік пен бейбітшілік шаһарына баланған еңселі елордамыз енді «Түркі әлемінің астанасы» атанып отыр»,– деді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Тәуелсіздікпен бірге тілімізді түлетіп, дінімізді өркендеткенімізді, тамырымызды жалғап, салт-дәстүрімізді жаңғырт-қанымызды баса айтты. Кейінгі кездері патриоттық сезім туралы да жиі айтатынымызды еске алған Президент «шын мәнінде отаншылдық – Тәуелсіздікті құрметтеу, мемлекетті қастерлеу, өз Отаныңды қалтқысыз сүю» екенін атай отырып, табанды тұлғалар тәрбиелеу арқылы ғана ел Тәуелсіздігінің баянды болатынын ұмытпауды ұлағаттады. Елбасы сондай-ақ келер жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы екенін де ескеріп, осынау ұлы мерекенің тағылымды шараларын ертеңнен бастауға шақырды.

Автор:
Салтан Сәкен