Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰЛТЫН СҮЙГЕН ҰЛЫ ЖҮРЕК


25 февраля 2011, 07:57 | 6 941 просмотр



Дәл осы тақырыпта қаламыздағы №17 орта мектебінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған әдеби-танымдық кеш болып өтті. Кешті қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері Г.Қ. Суанбаева мен Ұ.М. Аянбекова, Л.Б. Бексұлтанова ұйымдастырды.

Жалпақ жұрттың жүрегіне өрнекті өлеңмен жол тапқан Мұқағали ақынның ғажайып, сыршыл лирикалық өлеңдерін халық жүрегіне жеткізе білген мектептің дарынды оқушылары дәл осы кеште өздерінің рухани жан дүниелерін байытып қана қоймай көрермен көзайымына да айнала түсті.

Сахна төріндегі Мұқағали ақынның жеке портреті, тұған ауылы Қарасаздың, отбасымен түскен суреттері, жанжары Лашын және өмірден ерте озған сүйікті қызы Майгүлдің бейнесуреттері көрермен қауымның әрі залда отырған мектеп оқушыларының танымдық өй өрісін де арттырып, оларды қызықтыра түсті.

Ақынның жырлары кез-келген оқырман қиялына қанат бітіріп, шабытына шабыт қосып, сезіміне әсер етіп, шығармашылыққа жетелейтіні анық. Мектептегі дарынды оқушылар ақын шығармалары бойынша сурет салып, сыршыл сезімге толы эссе жазып, сүйікті ақындарына арнау өлеңдерін де жазған екен. Балғын жүректерден шыққан көздің жауын алатын бірқатар суреттер тобы қалқаншаға ілінген екен. Әсерлі суреттер...

Сол сияқты дәл осы кеште халқының шын бағасын алған Мұқағалидың өлеңдеріне жазылған әндері, шоқтығы биік поэмалары да орындалмай қалған жоқ. Мәселен, 9 «б» сыныбының оқушысы Келіс Ахметбеков «Сәби болғам келеді» әнін домбырамен құйқылжытса, 10 «ә» сынып оқушысы Әлия Бейсембаева ақынның қазақ әдебиетінен ойып орын алған «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын нақышына келтіріп жатқа оқып отырып, өзін жеке актерлік қырынан таныта білді.

Әдеби кешке қонақ ретінде арнайы келген қаламыздағы І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-нің оқытушысы, ақынның жерлесі Нысанбаев Жеңіс Нысанбайұлы соңында ақын жайында қызықты естеліктерімен бөлісті.

Иә, қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарамын! – деп ұлты үшін жырлаған ұлы ақынның ұрпақтары да ұмытпайды.

Автор:
Ә.ИЕБЕК, Суретті түсірген автор.