Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мектеп - дарындылықты шыңдаудың негізгі көзі


22 октября 2009, 09:54 | 7 942 просмотра



Дарындылық—адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет. Дарындылық пен қабілеттіліктің не екенін,оқушы дарындылығын анықтайтын психодиагностикалық әдістемелердің тиімділігін, нәтижелілігін білетін мұғалім ғана дарынды оқушымен нәтижелі жұмыс істей алады.

Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты—олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету- оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады. Баланың дарындылығын анықтап, олармен жұмыс жасау қалай жүзеге асырылуы керек ? Ол үшін :

•Дарынды оқушыны таңдаған кезде оқушының жеке құжаттарын, мінездемесін , сынып журналын зерттеу;

•Оқушының сабақтағы , сабақтан тыс кездегі іс-әрекетіне бақылау жасап, талдау жүргізу;

•Әр түрлі әдістерді пайдаланып оқушы білімін тексеретін жұмыстарды ұйымдастырып, баланың білім деңгейін анықтау керек.

Кез-келген мұғалім осындай жұмыстарды жүйелі жасап және жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізе алса ғана, оқушылардың дарындылығын, қабілет мүмкіндіктерін айқындай алады. Дарындылықты,оқушының креативті белсенділігін айқындау процесі көпжақты.

Дарындылық- табиғи және тәрбиелеу барысындағы дарындылық болуы мүмкін, сондықтан да оның қалай пайда болғанына қарамастан диагностикасы болу керек. Осы тұрғыда мектеп психологының ролі артады, олар педагогтарға көмек көрсетуі қажет. Дарынды оқушыны диагностикалауды мына бағытта жүргізуге болады:

-Оқушының креативті ойлауына;

-Оқушының өзін-өзі бағалау деңгейіне ;

-Оқушының толеранттылығына;

-Оқушының интуициясына;

-Ол лидер ме ?

-Өзін оқымысты деп бағалай ма?

-Оқушының қызығушылығы;

-Оқушының көңілінен шығатын іс-әрекеті;

-Оқушының тұлғалық бейімділігі мен қабілеттілігі.

Сонымен қатар мектеп әкімшілігі тарапынан мұғалімнің де дарынды оқушылармен жұмыс жасау бейімділігін де диагностикалау қажет,яғни «субъект-субъект» парадигмасының орындалуы, оқушы мен мұғалім арасындағы синергетикалық педагогиканың басшылыққа алынуы.

Қазіргі таңда дарынды оқушылармен жұмыс жасаудың негізгі бағыттары берілген. Бұл бағыттардың мақсаттары мен міндеттері төмендегідей:

•Дарынды оқушының ақыл-ойының, эмоционалдық және әлеуметтік дамуы мен ерекшеліктерінің өзіндік ашылу деңгейі мен өлшемін ескеру;

•Жан-жақты ақпараттандыру;

•Коммуникативті бейімдеу;

•Дарынды оқушының шығармашылық бағытының ашылуына көмек көрсету;

•Дарынды оқушының қоршаған ортаға өзін-өзі жарнамалауы;

•Жеке бас құзыреттілігін дамыту.

Бұл мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін мынандай жұмыс түрлерін жүргізу керек:

1.Оқушымен жасалынатын жұмыстың икемді және ұтқыр жоспарын құру;

2.Жеке пәндерді оқытуда тәуелсіз қозғалыс жасау;

3.Дарынды оқушының өзінің жұмысын өзі жоспарлап, шешім қабылдауына ықпал ету;

4.Дарынды оқушының қызығушылығына байланысты оқу жоспарын құру;

5.Оқушының мектептегі тьюторлық орталық пен тринитаризм академиясымен тығыз байланыс жасауына ықпал ету;

6.Дистанциялық оқуды ұйымдастыру.

Осындай жұмыс түрлерін ұйымдастыруда мынадай мәселелерге баса назар аудару керек:

1.Пән сабақтарында шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды іріктеу, орындау, талдау жұмыстарын жүйелі жүргізу.

2.Дарынды оқушылардың білім деңгейі мен олардың өз мүмкіндіктерін пайдалану көрсеткішін арнайы әдістемелер бойынша жүйелі түрде тексеріп отыру.

3.Сабақтан тыс мезгілінде жүргізілетін жұмыстарды- пәндік олимпиада, ғылыми конференцияға, интеллектуальдық турнирлер мен шығармашылық байқауларға дайындық жұмыстарын жыл бойы жоспарлы жүргізу керек.

4. Білім беру мекемелерінде дарынды оқушылар үшін арнайы сыныптар мен топтар құрып, оқу бағдарламаларын жеделдетіп оқытуды ұйымдастыру;

Жеделдетіп оқыту бағдарламасын мұғалім оқушымен және ата-анамен бірігіп құруы тиіс.

Аралас сыныптарда дарынды оқушылардың танымдық қабілетінің дамуына бақылауды мынандай бағыттарда жүргізу керек:

1.Оқушының өзіне деген сенімділігін орнатуына жағдай туғызу;

2.Мұғалім мен оқушының ынтымақтастығы /Витогендік технология /;

3.Бастапқы кезеңде бағасыз бақылауды қолдану;

4.Оқушыны мадақтау, марапаттау;

5.Оқушыға дер кезінде бақылау жүргізудің логикалық түсініктемесі;

6.Сабақ үстінде шағын топ әдісін қолдану,т. б.

Мектепте дарынды оқушылармен жұмыс нәтижелі болу үшін, балалардың ата-аналарымен де бірқатар жұмыстар жүргізілуі керек.Олар:

•Ата-аналар күндерін ұйымдастыру;

•Мектеп психологы тарапынан ата-аналарға кеңес беру;

Дарынды оқушымен жұмыс №2 Қабанбай орта мектебінде көп жылдар бойы жүргізіліп келеді. Мектепте жеке пәндерді оқуда ерекше білім жетістіктерін көрсеткен оқушылардың мәлімет банкісі құрылып, порт-

фолиосы жинақталды, оқушылардың білім жетістіктері мен психологиялық дамуының диагностикалары салыстырылды.

Дарынды оқушымен жұмыс істейтін мұғалімдердің бейімділігіне тестілеу жүргізілді.

«Дарын» шығармашылық орталығы құрылды. Оқушылар дарындылық сферасына байланысты топтарға бөлінді. Әр сфера бойынша жұмыс жоспары құрылды, жұмыс жоспарының орындалуына ,оқушылардың шығармашылық ізденіс жұмыстарына бақылау түрлері белгіленді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей мектептегі талай балалардың қабілеттерін ұстаздар ашқанының арқасында бірнеше оқушылардың дарындылық, шығармашылық қабілеттері ашылып, жоғары жетістіктерге жетті. Мектептен 6 оқушы «Алтын белгі» белгісіне ие болып отыр, спорт бағытында Летов Данияр,Мұрат Елжас, Қанағатов Архат, Сұлубай Аманжол Республика көлемінде жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанды, бейнелеу өнері бойынша Бағдат Азат «Саябақтар шеруі» атты халықаралық экологиялық қозғалысқа арналған сурет көрмесінде І орынды иеленді. Жылда мектебіміздің оқушылары пән олимпиадаларына, «Ақбота» марафонына, «Кенгуру» интеллектуальдық жарыстарына қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі. Ендеше баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу,оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы екенін әр ұстаз естен шығармауы абзал.

Автор:
Н.Б.Бисарина, №2 Қабанбай орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Алакөл ауданы