Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ӨНЕРПАЗ ӨРЕНДЕРДІҢ СҮЙІКТІ АПАЙЫ


26 августа 2011, 07:52 | 2 806 просмотров



Ақсу ауданындағы Жансүгіров атындағы орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығының музыка және өнер пәнінің мұғалімі Ләззат Құдайбергенқызы Бекқалиеваның есімі өз ауданында ғана емес, аймағына таныла бастады. Бұл, әрине, өнерпаз өрендерді тәрбиелеуге жұмсалған күш-жігердің жемістері ғана.

Ұлы Абайдың: «Адамның адамшылығы-ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады»,-деген қанатты қағидасын Ләззат бойына терең дарытып, берік ұстанған болуы керек. Біз мұны оның өмірі мен еңбектегі табыстарынан байқап, көңіліміз толды. Оның бойына тән ізденімпаздық пен ізгілік қасиеттер оқытқан шәкірттерінің жүрегінен орын тапқанына еріксіз риза боласыз. Ұстаз бен шәкірт арасындағы кіршіксіз махаббатты, адалдықты сезінесіз.

Біздің ойымызша Ләззат Бекқалиеваның өнер жолын таңдап, оның бел-белестерінен абыроймен алға басуы кездейсоқ емес. Ләззаттың әкесі – Құдайберген мен анасы Алтын өз заманында Ақсу халық театрының сахнасында ән шырқап, алуан образдар жасағанын жұрт жақсы біледі. Солай дегенмен ерлі зайыптылардың ешқайсысы әншілік, актерлік, тағы басқа да білім беретін орта немесе жоғары мектепте оқымаған. «Ел іші-өнер кеніші» дегендей, олардың өнерге қанат қағуындағы күш—ауылдағы таланттылардың тәлімін көріп, соларға еліктеуі болса керек. Осындай ортада өскен, оқығаннан гөрі тоқығаны басым тума таланттарды жерлестері баяғыда-ақ мойындағын. Бүгінге дейін Ақсу халық театрының кешегісі мен келешегі әңгіме бола қалса, Құдайберген мен Алтынның есімдері атаусыз қалмайды. Екеуін жұрт елжіреп еске алады.

Осындай отбасында тәрбиеленген Ләззат қарындастың өнердегі жолына оралсақ, Жансүгіров атындағы орта мектептің он екі жасар қарлығашы 1983 жылы Алматы қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балалар-

ға арналған республикалық музыка мектебінде дирижерлік класта (жетекшілері А.А.Зиналиева, В.Н.Мамизеров) өнер-білім нәрімен сусындап, оңы мен солын танып, 2008 жылы Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің баян класына (жетекшісі Б.А.Мұстафин) оқып, білімі мен тәжірибелерін тереңдете түсті. Мұнан соң жоғары білімді жас маманның еңбек жолы Ақсу ауданындағы орта білім беретін Ақсу ауылдық мектеп – интернатында музыка пәнінің мұғалімі болудан басталды.

Осында біраз жыл еңбек етіп, еңбегі жанған жас ұстаз 2006-2007 оқу жылында қызметі ауысып, Жансүгіров атындағы орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталыққа мамандығына сай жұмысқа орналасты. Тиянақты білім мен қабілетін өнерлі өрендер тәрбиелеуге арнаған ләззат ауылдың талантты жеткіншектерінің басын біріктіріп, бірнеше байқаулар ұйымдастырып, өнерімен топты жарған оқушылардың есебінен «Балауса» хор ұжымын, «Бәйшешек» вокалды тобын, «Айгөлек» би үйірмесін қалыптастырды. Көп кешікпей ауылдың өнерлі өрендері ауыл тұрғындарына өздерін танытып, балғын өнердің тұсауы кесілді. Мектеп оқушыларының алғашқы қанат қақты қадамы мектептің беделін, ұстаздар мен ата-аналардың мерейін өсірді.

Атамыз қазақ «Ізденген жетер-мұратқа» деген ғой. Ләззат пен оның шәкірттерінің соңғы жылдардағы жетістіктерінен біз осыны аңғарамыз. Солардың кейбіреулерін атайтын болсақ, Ләззат Бекқалиева Ақсу аудандық «Нұр Отан-ән қанатында» байқауында шебер әншілік қырынан байқалып, бірінші орыннан көрінді. Ал «Жетісу жұлдыздары -2006» және «Жетісу жұлдыздары-2007» байқауларында оқушылар арасында би номинациясы бойынша Қарлығаш Жақанбай бірінші, аспаптық ән номинациясы бойынша Жадыра Құрманғалиева екінші, бишілер тобы үшінші биіктен көрінді.

Сондай-ақ 2008-2009 оқу жылында Сар-қан қаласында өткізілген облыстық Y-ші дельфийлік ойындарда Қанат Қожабеков бірінші, Ұланбай Төлеуғалиев екінші орынды жеңіп алды. Осы жылы тағы да Ақсу ауданы бойынша кіші ғылыми академиялық жоба жарысында Әйгерім Қуантаева үшінші, келесі оқу жылында екінші орыннан танылды. Бұл көрсеткіштер Әйгерімнің білімі мен ізденістерінің бірқалыпты өсу деігейін көрсетеді. Ауданда өткен Абай және Шәкәрім оқуларында «Бәйшешек» вокалдық тобы «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша екінші болса, 2009-2010 оқу жылында Ләззат Құдайбергенқызы баулыған шәкірттері «Балауса» және «Балдәурен» атты телевизиялық конкурсқа қатысып қайтты.

Музыка және өнер пәнінің мұғалімі Ләззат Құдайбергенқызы Бекқалиеваның өрендерді өнерге баулудағы табыстарынан ұққанымыз, ол өз мектебін, өз әріптестерін және өз шәкірттерін шын жүректен сүйеді екен. Оның аудандық «Сынып жетекшісі-2009» және «Жыл мұғалімі-2010» байқауларында тамаша белсенділік көрсетіп, «Жасампаз ұстаз» номинациясы бойынша топты жарып, қошаметке бөленуі жоғарыдағы айтқандарымыздың ақиқаты болмақшы.

Ізденімпаз ұстаз Ләззат Бекқалиева 2009-2010 оқу жылында облыстық семинарда «Сабақта интерактивтік тәсілдерді пайдалану арқылы музыка пәні мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін арттыру жолдары» тақырыбындағы ашық сабағы Жетісу жеріндегі өнерпаз өрендер тәрбиелеп жүрген әріптестерін бір толғандырып тастады. Оның өткен жылғы аудан мұғалімдерінің тамыз кеңесіндегі «Көркемөнер пәндері сабақтарында жаңа көркем өнер материалдарын және білім берудің иновациялық технологияларын қолдану туралы» баяндамасы да жақсы бағаланып, ол аудандық білім бөлімі мен аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ұлы Абай: «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй, көңілге түрлі ой салар, әнді сүйсең менше сүй»,-деп тегіннен тегін тебіренді дейсіз бе? Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Ләззаттың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған «Ешкім де ұмытылмайды» атты әдеби-музыкалық композициясы сәтті шықты. Онда «Жеңіс күні», «Сарбаздар», «Қараторы қыз», «Катюша», «Қасиетті соғыс» тағы басқа әндері орындалып, «Қасірет пен ерлік» атты көрініс ұсынылды. Мұны көрген және өз құлағымен естіген Ұлы Отан соғысының көзі тірі санаулы куәлері мен тылда еңбек еткен аналар орындарынан тұрып, көздеріне жас алып, олар Отан үшін шейіт болған ауылдастарын аса қимастық сезіммен еске алды. Олардың әрқайсысының Ләззатқа алғасытарын жаудырғанын көрген кейінгі ұрпақтардың да тебіренісін сөзбен жеткізу оңай болмаса керек. Сол күні және сол түні Ләззат өзін бақытты сезінді. Өзі де, тәрбиелеген ұрпақтары да өнер өріне шаршап-шалдықпай, екпіндеп, арындап қадам басып келеді. Жүздеген шәкірттерінің топ басында Ләззат Құдайбергенқызы Бекқалиева келе жатқандай көрінеді. Бұл елес емес, шынайы әсем өмір, сұлу өнер шеруі болмақшы. Өнерлі ұстаз бір мезгіл дамылдауды артық көретін сияқты. Қолы қалт еткенде өнерді насихаттау мақсатында тебіреніп, Алматы облыстық «Жетісу», республикалық қоғамдық-педагогикалық «Білім шапағаты» және Ақсу аудандық «Ақсу өңірі» газеттеріне мақалалар жазатыны да бар. Биылдың өзінде оның жас өрендерді баулу мәселелеріне арналған төрт әдістемелік, хабарлама сипатындағы бірнеше материалдары жарық көріпті. Мұнымен қатар ол ата-аналармен тіл табысып, шәкірттерімен сыр бөлісіп, мектепішілік және аудандық іс-шараларға қатысуға да уақыт табады. Қалай да үлгереді. Себебін бір өзі ғана біледі.

Орайы келген бір әңгіме-сұхбат барысында ләззат Құдайбергенқызынан мұғалімдік қызметтегі өзекті мәселелер, өзінің жеке-дара мақсаты мен алдағы міндеттері туралы білгіміз келді. Оның қысқа әрі нұсқа ойлары көп жайлардан еткенін жасырмаймын. Ол оқушысын ұлттық-мәдени құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелеуді маңызды деп санайды. Оқушылардың музыкаға қызығушылығын тәрбиелеп, оларды білікті, дарынды, өнерлі тұлға етіп шығару басты мақсаты екен. Оның алдында тұрған міндеттер мазмұны мен көлемі жөнінен ұлан-ғайыр. «Егер осы балалар ортасынан көрнекті тұлға дайындап шығара алсам, мұратыма жетер едім»-деді ол сөзінің соңында.

Қасиетті Ақсу өңірі әдебиет пен өнерге Ілияс, Молықбай, Сара Тастанбекқызы, Толғанбай, Қуат, Дәмеш Берсүгірова сынды тамаша дарындарды бергенінен еліміз қанық. Олардың дәстүрін бұзбай, өнерін жаңа ХХІ-ғасырда онан әрі жалғастырушылар бүгінде мектептердің қабырғасында қанатын қағып, өнерін баптап жүрген шығар. Біз осыған сенімдіміз.

Автор:
Болат АЗАМАТҰЛЫ. Ақсу ауданы.