Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жақұты болашақтың жастар болмақ


27 ноября 2009, 21:30 | 2 210 просмотров


Елбасымен өткен тікелей эфирдегі сауалдарды сараптағанда білім беру мен ғылым мәселелері төртінші орындағы топты құрады. Бұл мәселе қазақстандықтарды аз толғандырмайтындығын байқатса керек. Әсіресе жастар үшін көкейтесті екені даусыз.

Еліміздің болашағын білімсіз болжау әсте мүмкін емес. Сондықтан Елбасы білім саласына қатысты жолданған сауалдарға толымды жауап қайтарды.

«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік Һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады»-деп Мағжан Жұмабаев айтқандай білім берудің негізін мектепте қалауды қолға алған мемлекет басшысы әр облыста, әр қалада интеллектуалдық мектептер ашқызып жатыр. Бүгінгі таңда мұндай мектептер Астана, Семей, Көкшетау қалаларында бар. Бір-екі жылда интеллектуалдық мектептер республикамыздың барлық қалаларында ашылмақ. Онда тек дарынды балалардың оқитынын ескерсек, ауылды жердегі дарынды балалар үшін «бұлақтың көзі» ашылғандығы емес пе?!.

Елбасы алдымызға интеллектуалдық қоғам құру, Қазақстанның интеллектуалды элитасын дайындау міндетін қойып отыр. «Білімді, интеллектуалды адамдарсыз, дамыған ғылымсыз Қазақстанда перспектива болмайды»-деді Президент тікелейжеліде. Ал, Астанада ашылатын айырықша үлгідегі жаңа халықаралық университет жастардың ең жоғары оқу орнында білім алуына мүмкіндік ашып отыр. «Бұл университетті шетелдік профессорлардан тұратын арнайы кеңес басқарады. Бар факультет батыстық ірі оқу орындарының басқаруына беріледі. Оқу схемасы да осында жасалады. Бұл университетте білім алғандардың екі дипломдары: қазақстандық және батыстық жоо-лардың дипломдары болады»-деді Елбасы. Бұл оқу орнын құру оңайға түспейтіндігі анық. Нұрсұлтан Әбішұлы өзі атап өткеніндей университетте нанотехнологиялар, ақпараттық технологиялар, биотехнологиялар, математика мен физика бойынша қазіргі заманғы лабороториялар болмақ. Жастар үшін, еліміздің болашағы үшін осындай қадам жасап отырған Елбасының сенімін ақтау білімге құштар жастардың парызы деп ойлаймыз.

Университет тұрғысында ата-аналардың көңілінен шыққан тағы бір тұсы Елбасының: «Бұл университет бай ата-аналар үшін емес, талантты балалар үшін құрылуда. Оны құру ісінің ата-аналардың қалтасына ешқандай қатысы болмайды. Кім конкурстан өтсе, сол оқиды. Ұлттық біріңғай тестілеуді енгізу арқылы біз жамандық жасадық па? ҰБТ адамның ұлтына, тіліне немесе діни сеніміне назар аудармайды. Кімнің білімі болса, сол өтеді. Сондықтан егер өз балаларыңызды осы университетке түсуге қабілетті болатындай дайындай алсаңыздар, сіздер жақсы таңдау жасайсыздар. Сонда біздің жастарымызды қыруар ақшаға шетелдерге жіберудің қажеті болмайды»-деген сөзі.

Еліміздегі теңдесі жоқ жоғары оқу орнында білім алу кім-кімнің де болса арманы. Ол үшін терең білім керек. Ең бастысы жастардың бойында қиялдағы оқу орны емес, қолжетімді білім ошағының болатындығы қуаныш ұялатады. Тырысады, сол оқу орнына түссем деп талпынады. Нық қадам жасайды. Лайықты білім алады.

Осы және білім саласына қатысты өзгеде жаңалықтарды Елбасының өз аузынан естіп білген І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессорлық- оқытушылар құрамы мен студент жастары бір марқайып қалды.

Жоғары оқу орнын бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуы жайында қойылған сұрақ та қазіргі таңдағы көкейкесті мәселенің бірі. Елбасымыз Әл-Фараби атындағы Қазаақ ұлттық университетінде оқыған лекциясында жастарды ауылдық жерге жұмыс істеуге шақырған болатын. «Дипломмен ауылға атты» бағдарламаның жүзеге асып жатқаны белгілі. Мәселен, былтырғы оқу жылында біздің университеттің түлектері бастама көтеріп, ауылдық жерлерге жұмыс істеуге аттанды. Жоғары оқу орнын бітірген 154 студентіміз қазіргі таңда ауылдық жерлерде еңбек етуде. Бұл бастама биылғы оқу-жылында да жалғасын таппақ.

Автор:
Баян Мәшіріпханқызы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Баспасөз хатшысы