Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Дінтану негіздері» пәніне қосар ұсынысым


24 декабря 2009, 17:48 | 2 916 просмотров


Алланың өзі де рас, сөзі де рас.

Абай

Аллах тарапынан білдірілген әмір, міндет және тиымдардың жиынтығын дін деп атайтындығын барша мұсылман қауым біледі. Дін барлық ғылымдардың анасы және өмірдегі барлық құндылықтардың иесі. Егер сіз дінге шын сенсеңіз, ынта-ықыласыңыз туып, мойындасаңыз әр отбасының өркениетке қосар үлкен үлесі болар еді... Ол үшін әуелі әр адам ислам дінінің құдіретін, шынайылығын және артықшылығын танып, берік ұстамы мен сенімі болуы қажет. Дінге күдікпен сәл сенімсіздік, салқындық танытса және ой-пиғылы тұрақсыз, тайғақ болса, онда дінтанушы мұғалім пәнді қорғап, алып жүре алмайды.

Дінтану негіздерінен сабақ беретін адам «дінтарихынан» әлемдегі барлық діндердің шығуы, таралуы және оның құрылымына талдау жасаумен бірге (сабақ түсіндіргенде) ислам дініне «бүйрегі бұрып» тұруы абзал. Дінтанушының алға қойған мақсаты дінге деген сенімі мен ғылымға деген құштарлығы мол, қоғамдық ғылымдарға өте жетік, жоғарғы категориялы пән иесі болуы керек деп ойлаймын. «Дінтанушы» - теология мамандығын алғандар мектепке келгенде асып кетсе 5-10 сабақ үшін келе қояр ма екен? Онсызда ауыл мектептерінің көбінде аз ғана сағат пен шаруасына сүйеніп, әрең жүргендер жетерлік.

«Дінтану негіздері» пәнін алып жүретін мұғалімге менің қояр ұсынысым:

-Пәннен тест тапсырсын;

-Қоғамдық пәндерден сынақ алсын;

-Дінтанудан сабақ беретін пән иесіне мектеп директоры мен сол елді мекеннің әкімі ұсыныс, мінездеме жазып педкеңесте бекітсін;

-Дінтанушы мұғалімді жыл бойы кемінде бір-екі рет тексеріп отыруды аудандық білім бөлімінің құзырына алсын, курстан өтсін т.б.

Міне, сонда ғана «Білім шапағатының» №27, 20 қараша 2009 жылғы «Мектепте Дінтану негіздері пәнін кім оқытады, қалай оқытады?» деген Н.Б.Мансұров мырзаның мақаласындағы пікірлер мен «күдіктердің» азаюы, жеңілдеуі мүмкін деп ойлаймын.

Енді «Дінтану негіздері» пәнінін бағадарламалық мақсаты:

-Бүкіл әлемде Бейбітшілік миссиясының орнығуына діндердің ықпал-рөлі;

-Елбасының дүниежүзі діндер лидерлерінің съезіндегі сөйлеген сөзі және ондағы дін лидерлерінің пікір, ұсыныстары;

-Адамзаттың, барлық ұлттардың және барлық халықтардың біртұтастығы, діндердің өзара түсіністігі, бірлігі мен ынтымақ, келісім мен татулық, мақсат-мүдделері;

-Діндер мен адамзат тарихы туралы;

-Әлем ойының алыптары, философ, ғалымдарының пікірлері «толеранттылықты тану» негіздері;

-Ислам дінінің құндылықтары т.б. деп ойлаймын.

Автор:
Дәуіт Қожабекұлы, Абай атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі, Райымбек ауданы