Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ ҰШПАҚҚА ШЫҒАРМАЙДЫ


28 сентября 2012, 14:34 | 2 419 просмотров



Ағылшын тілін үйренейінші, күндердің күнінде керегі боп қалар деп, бір айлық курсқа жазылдым. Ұстазды Англиядан алдырыпты. Орысша ағып тұр. Әлқисса, сабақ басталды. Күннен-күнге ағылшын тілі бізді өзіне қарай сүліктей сорып тартып барады. Көрнекі құралдары, Англияға саяхат сабақтары, керемет кино түсірілімдері, әдеби кітаптары, түрлі-түсті суреттері, сондай бір тамаша. Сабақ қызған сайын бұрынғы ойымыз өзгеріп, ағылшын тілі «керемет» екен, қазақ тілің оның жанында «далада қалады» деген сияқты әңгімелер айтыла бастады. Ағылшындық оқытушымыз: «Егер қазақ балаларының болашағын ойласа, әлемдік деңгейде білім алып, технологияны меңгерсін, талантты, дарынды болсын десе, балаларына бала-бақшадан бастап ағылшын тілін үйрету керек», – деген де бәріміз ду етіп, ұзақ қол шапалақтадық. Бала-шаға, немере-шөберемізге бала-бақшадан ағылшын тілін үйрететін болып серттестік. Қайсыбір көңілі бос қазақтар көзіне жас алды. Біреулер Англияға кетіп қалуды армандап, қазақ болып туғанына өкініп жатыр. Кешке үйге барып асықпай ойланып едім, ағылшын ұстаздың айтқаны ақылыма қонбады. Ертеңіне сабаққа келдім де: – Ұстаз, Англияда ағылшындар балаларына 12 жасқа дейін ешқандай басқа тілді үйретпейді екен. Басқа тілді үйренбеген ағылшындар ақымақ па? Сонда тумай жатып үш тілді үйренетін қазақтар ақылды ма? Тіл білгеннен ақылды, талантты болатын болса, ағылшындар неге бала-бақшадан жапон тілін үйренбейді – дедім. Ұстаз аузына сөз түспей сасқалақтап қалды. Ағылшын тіліне «жерік» қазақтар маған ала көзбен қарап, «не оттап отырсың» дегендей көздерімен ішіп-жеп, бажырайсын келіп.

Әлемдік жаңа технологиядан, білім-ғылымнан алдына жан салмайтын жапондар балаларына 12 жасқа дейін ешқандай шет тілін оқытпайды екен. Әлде, осы жапондар ақымақ па? Ағылшын тілін оқытпай-ақ, әлемдік жетістікке қалай жетті ендеше? Орыс тілімен «әлемнің білімін меңгереміз» деп далада қалдық емес пе? Өйткені орыс тілінде ғылым дамыған жоқ, тек шет елдің жетістіктерін орысшаға аударып, көшіріп бізге беріп отырды. Орыс тілі арқылы, дамып, жетіліп «дана» болған Олжас Сулейменовтің «…В идеале любой молодой казахстанец в будущем должен быть трехязычным – казахский, русский, английский. Порядок может быть и другим: русский, казахский, английский. Если мы хотим быть достойно представлены в экономике и культуре Евразийского региона и мира…» деген сөзінен-ақ оған ұлтының болашағы бір тиын екені түсінікті. Енді орыс тілінің орнын ағылшын тілі баспақшы. Одан не пайда табамыз? ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов: «Алдағы жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанда бірінші сынып бағдарламасына ағылшын тілі енгізілетіндігін айта келе, енді 4-5 жылдан кейін біз кейбір пәндерді, мәселен биология, химия, физиканы мектептерде ағылшын тілінде оқытатын боламыз...», – деді бір сөзінде. Қазақ тілін жөндеп сөйлей алмайтын бірінші сынып оқушысына ағылшын тілін, билік өз қолына алып, зорлап оқыту тәсіліне көшті. Бір сыныпта 25 бала болса, оның ары кеткенде бесеуі ғана тұрмыстық ағылшын тілін меңгеруі мүмкін, қалғандары бағасын алып, сыныптан сыныпқа көшіп жүре береді. Үш тілден не қазақша, не орысша, не ағылшынша білім ала алмай білімсіз ұрпақ қалыптасатын болады. Оның үстіне, ағылшын тілінде де елінде де ғылым дамып жатқан жоқ. Әсіресе, соңғы 50 жыл көлемінде Шығыс Азия «жолбарыстарының» жаңа технология мен білім-ғылымды дамытқан жетістіктерін, ойлап тапқан роботтарын, ағылшын тіліне аударып басқа мемлекеттерге таратып отыр. Әлемдік білім-ғылымда ағылшын тілі тек аударма рөлін ғана атқарып отыр. Бізге де тәуелсіздік алғалы жаңа технология орыстан шықпаса да, орысшаға аударылып орыстікі сияқты келіп жатыр емес пе, ағылшын тілінің қауқары да сол ғана. Сонда министр нені көксеп жүр? Мысалы, жапонның шығарған роботының теориясын жапоннан ағылшынға, ағылшыннан орысқа, орыстан қазақ тіліне аударылған соң ол қайбір білім болады дейсің, әйтеуір аты бар, заты жоқ быламық-батпақ білім болып шығады. Өйткені әр ұлт бар нәрсені өздерінің ұлттық қадір-қасиетіне, тіл заңдылығына қарай бұзып аударады. Бір сөзді екі немесе үш рет бұзған соң одан не түсінесің? Бұл біздің сорымыз. Қотарылған, қойыртпа, быламық тілден білім шықпайды. Бұл тек әлемде болып жатқан өсек-аяң, ақпарат, оқыс оқиға тағы басқаларды жеткізуге жарайды. Кезінде ғылым тілі деп латын тілін пайдаланған, сол өміршең болса, неге еуропада қолданыстан түсіп қалды. Қазір, Кеңес Одағында білім-ғылым таратушы болған орыс тілі де түсіп қалды.

Бүгінде Англияның ұлы корольдігіне қарайтын, ағылшын тілін өз тілдеріндей көретін 25 мемлекет бар. Тіпті бүкіл әлем бойынша ағылшын тілінің дәурені жүріп-ақ тұр. Жалпы қазіргі кездегі «мәдениеттілікке» жатқызылатын ұғымдардың ішіндегі сөйлеу, ас ішу, киіну, жүріп-тұру, билеу сынды тұрмыстық қажеттіліктердің көбі ағылшындардың ұлттық мәдениеті, дәстүрі екенін екінің бірі біле бермейді. Орыстанған ұрпақ енді ағылшын мәңгүртіне айналуға жол тартса, қазақ қашан тамырымызға жалғанамыз?

Дэвид Кристал «Тіл ажалы» атты кітабында: «…Солтүстік Америкада 187 жергілікті тіл бар. Сол 187 тілдің бәріне қазір ағылшын тілі қауіп төндіріп тұр…» деп жазады. Бұл қауіп бізге де жетті.

Автор:
Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасының иегері