Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Жол картасы» іс жүзінде


28 августа 2009, 11:08 | 2 423 просмотра


Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген деректеріне жүгінсек, «Жол картасының» төрт бағыттары бойынша облысымызда 283 жоба іске асырылуда. Соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесіне 6361 жұмыс орнын құру үшін 4777,6 млн. теңге бөлінді. Бұл бағытта облыстық 8 аудан және 3 қалада 49 жоба бойынша, оның ішінде 12 су құбыры, 7 канализация, 9 жылу беру, 4 электр және газбен қамтамасыз ету жүйелерін қалпына келтіру және дамыту жұмыстары атқарылып жатыр.

Барлығы 2449 жұмыс орны құрылатын жол жөндеу жұмыстарына 2783,6 млн. теңге, Бұл сома 29 облыстық, 66 объект аудандық маңызы бар жолдарды қалпына келтіруге жұмсалмақ.

Биылдың өзінде ондаған мектеп, аурухана, мәдениет және спорт нысандарын және бұлардағы жылу беру жүйесін ағымдағы жөндеуге де баса назар аударылды. Осы шараларды іске асыру үшін 3143,6 млн. теңге бөлінді. Жаңадан 6567 жұмыс орны ашылмақ. Білім беру, денсаулық сақтау мекемелері ғимараттарын жөндеуден өткізуге жергілікті жерлердің өзінен құрылыс бригадаларын құру ісі жолға қойылды.

Жол картасы инвестициялық бағыттарының барлық 283 жобасы бойынша конкурстар уақытылы өткізілді. Жұмыс берушілермен келісімдер жасалды. «Жол картасының» төрт инвестициялық бағыттары бойынша жоспарланған 19597 жаңа жұмыс орындары құрылып, оларға 19597 адам жұмысқа орналасты. 2009 жылдың мамыр-шілде айларына «Жол картасының» 4 бағыттары бойынша қарастырылған қаржы көлемі 8160,5 млн.теңгені құрады. Ағымдағы жылғы мамыр-тамыз айларына «Жол картасының» 4 бағыты бойынша қарастырылған қаржы көлемі 10540 млн.теңге көлемінде бекітілді.

Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауына орай облысымызда жастар тәжірибесіне, олардың белсенділігін арттыру бағытында жаңа жобалар белгіленді. Аталған бағыт әлеуметтік топ қатарындағы азаматтарды және оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыруға бағытталған.

Бұл мақсаттарды нақты іс жүзіне асыру үщін республикалық бюджеттен 728 млн. теңге қарастырылды. Аталған соманың 532 млн. теңгесі - 5911 әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға, 196 млн. теңге - 2177 оқу бітіруші түлектерді жұмыспен қамтуға жұмсалмақ. Бұл бағдарламаларға қатысушы 6 айға дейін республикалық бюджет қаражаты есебінен 15 мың теңге мөлшерінде еңбекақымен қамтамасыз етілетін болады. Бүгінгі күнге бұл бағдарлама толығымен орындалды деуге негіз бар.Әлеуметтік жұмыс орындарына 6540 адам, жастар практикасына 2384 адам жіберілді.

«Жол картасы» шеңберінде даярлау және қайта даярлау бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 1239,9 млн.теңге бөлінген. Бірінші бағыт бойынша (жұмыспен қамту стратегиясының шеңберінде жобаларды іске асыру үшін мамандар даярлау) 4196 адамды даярлау жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 306,2 млн.теңге қарастырылды. 2009 жылдың 21 тамызына дейінгі дерекке жүгінсек, жастарды қайта даярлау курстарына 4186 адам жіберілді. Оқуды аяқтаған жастардың баса көпшілігі қазірде алған мамандықтары бойынша еңбекпен қамтамасыз етілді.

Алдағы 2009-2010 оқу жылында кәсіптік лицейлер мен колледждерге мемлекеттік білім беру тапсырысы облыс аумағындағы 31 оқу орындарына, оның ішінде 21 мемлекеттік, 3 жеке кәсіптік лицейлер мен 9 колледждерге белгіленді. Оқу процесі қыркүйек айында басталады.

Төртінші бағыт бойынша медицина мамандарын даярлау және қайта даярлау бағдармаласы жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 206,7 млн.теңге қарастырылған. Аталған сома 450 дәрігер, 720 орта медициналық мамандарды оқытуға бағытталған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне жүгінсек, қазіргі уақытта 115 адам даярлау курстарына жіберілсе, 80-ні оқуды аяқтады.

Облыс бойынша «Жол картасы» аясында ағымдағы жылы 50 білім ошағында күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл мақсатқа 2 миллиард 146 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күнге аталған соманың 90 пайыздан астамы мақсатты жұмсалды. Қайта оқып, кәсіби білім аламын дегендерге жол ашық. Жалпы, «Жол картасы» бағдарламасының негізгі мақсатының бірі-жер-жерлердегі еңбек және әлеуметтік бөлімдермен тығыз байланыста болу. Сол арқылы жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту.

Автор:
Ырыс КЕНЖЕ