Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЖҮЙРІКТЕР БАР БӘЙГЕДЕ ОЗАТҰҒЫН...


23 ноября 2012, 15:55 | 3 777 просмотров



Әсем ән - әрдайым адамзат жанын ғажайып әлемнің бесігінде әлдилейтін сырға толы сезімнің сұлу да сиқырлы сазы. Жер жүзіндегі тіршілік иесінің жансарайын сәулесімен жарқырататын әннің әрбір ырғағы көкіректегі көңіл теңізін тебірентіп, сезімнің тамырын тірілтетін құдіретке ие. Осынау таңғажайып өнерге бар жан-тәнімен ғашық өнерлі өреннің бірі – Мөлдір Әлібекова.

Әуел баста аспанда өрлетіп, асқақтата салған Біржаннан, бабымен қалықтатып, сыңғырлата сылқым айта білген Ақаннан, көмейінен күмпілдей төгілетін Үкілі Ыбырайдан, сан түрлі үнмен ұштаса естілген Жаяу Мұсадан қалған ұлық өнерге деген сезім балғын қыздың жүрегіне ес біліп, тіл үйренген сәтінен бастап-ақ ұя салған. Көксу ауданы, Балпық би кентінің қазақ орта мектеп-гимназиясының 3 «а» сыныбында оқитын кішкентай Мөлдірдің кіршіксіз көңілі әрдайым жаныңды жаздай жадырататын сыңғырлы саздың сарынынан сая табады. Үш жасынан бастап әуелетіп әнге сала бастаған кішкентай қыз мереке күндері мектеп сахнасынан түспейтін білім ошағының мерейлі мақтанышы болып келген болса, қазір Мөлдір Республикалық деңгейдегі өнерпаз. Биылғы жылы Алматы қаласында өткен «Күз мереке» балалар мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Республикалық және халықаралық ән-би байқауының «эстрадалық вокал» номинациясының I орын жүлдесін – Мөлдір Әлібекова жеңіп алған болатын. Мөлдір бұл өнер додасында Жетісу жерінің тумасы, компазитор Әли Демегенұлы Алпысбаевтың «Мен бақытты баламын» және «Қазағым» деген әндерін шебер орындап шықты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жалпы саны 200-ге жуық жас өнерпаздардың ішінен озық деп танылған жерлесіміз, келер жылы Корей мемлекетінде өтетін әлемдік байқауда еліміздің намысын қорғамақ. Талантты жас әнші сахна төрінен самұрықтай самғаған әуезді әнімен асқар таудай ата – анасын қуанышқа кенелтіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Бұлбұл үнімен, әсем әнімен халықты ән өнерімен сусындатып жүрген Мөлдірдің өнер қоржынында: аудандық, қалалық, облыстық жүлделі марапаттаулармен қатар Алматы қалалық «Таланттарды іздейміз» балалар шығармашылық ән-би байқауының «Эстрадалық вокал» номинациясының бас жүлдесі марапаты да бар.

Ұстаз үшін шәкіртінің озғанынан асқан мадақ пен мәртебе жоқ екендігі аян. Мөлдірдің бойындағы өнерге деген талап пен талпынысты байқап, осындай үлкен белестерден көрінуіне себепші болған жандардың бірі – Ғалия Кабрахманқызы Демесінова. Ғалия апай бастауыш сынып мұғалімі болса да, ән-күй сабағы мұғалімдерінен де еш кем емес. Бұлай дейтін себебіміз, Мөлдірді аталмыш Республикалық болсын, өзге де жарыстарға арнайы маман дайындамаған. Бұл жетістік- оқушының таланты мен ұстаздың ұлы мейірімімен ұштасып отырған сезімнің тоғысы. Осы орайда жас өнерпаздың ұстазы - Ғалия Қабдрахманқызы былай дейді:

- Мөлдір мектепте оқу озаты, сонымен қатар ол суретті де жақсы салады, биді де нақышына келтіріп орындайды. Бір сөзбен айтсақ, Мөлдір «сегіз қырлы, бір сырлы» оқушы. Мен оны үлкен әлемдік өнер сахнасынан көргім келеді. Мөлдірді елдің, халықтың қызы етіп тәрбиелеп келе жатқан ата-анасына алғыс білдіремін.

Иә. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» - демекші, осындай отаншылдық рухта, киелі өнердің өрінен көрінуге құштар жастар аз емес. Солардың ішінде аймақтық ауыл, аудандардан аталмыш жарысқа қатысып келген оқушыларымыз да бар. Атап айтап болсақ, олар: Көксу ауданы, Құндақбаев атындағы орта мектептің оқушысы - Дәлелжан Мақпал, саз жетекшісі, өнердегі ұстазы - Саят Забирұлының шәкірті. Гмін Қуанбек – Айнабұлақ бекетінің мектепке дейінгі шағын орталығы бар мекемесінің оқушысы, Изгуттинов Бейбіт Отарбайұлының тәлімгері.

Ән - көптің күш қосып, бірігуінен туатын жалпылама өнер емес, жеке тұлғалардың біреуіне ғана қонатын жалқы өнер, дара қасиет десек, сол бақ болып дарыған қасиеттің қадірін түсіну азаматтық парыз деуге болатын шығар. Осы орайда Мөлдірдің анасын әңгімеге тартқан едік:

- Ғалия Сейітомарқызы, қызыңыздың бойындағы өнерге деген құштарлық кімнен дарыған, отбасыларыңызда өнер адамы бар ма?

- Отбасымызда жолдасым Әлібек өнерге жақын адам. Бұрындары Республикалық сахналарда өнер жұлдыздарымен ән шырқайтын еді. Сондай-ақ, Мөлдірдің апасы да өнер саласына жаны жақын кісі. Ол кісі көбіне би өнеріне бейім болатын. Мөлдірдің өнерге деген бойындағы құштарлығы осы кісілерден дарыған деп ойлаймын.

- Сіз 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған анасыз, сол балаларыңыздың барлығы да өнерге жақын ба, жоқ басқа саланы таңдағандары бар ма?

- Үш балам да өнерге жақын. Қазіргі таңда үлкен қызым – Меруерт, өз алдына отбасын құрып, бала тәрбиесімен үйде. Ал ұлым – Жәнібек жоғарғы оқу орнында студент. Балаларымның ішінде кенже қызым – Мөлдірдің өнерге деген таланты ерекше.

- Ана ретінде қызыңызға айтар тілегіңіз, арманыңыз қандай?

- Енді әрбір ана үшін бала бақытынан асқан ешнәрсе жоқ. Қызымның осындай белестерден көрінуі мен үшін үлкен бақыт. Болашақта Мөлдірге тек сәтті қадам, нұрлы болашақ, асқақ арман тілеймін. Келешекте оны үлкен өнер белестерінен көргім келеді.

- Аналық тілекпен берген сұхбатыңызға рахмет!

Анасымен болған сұхбаттан соң біз, жас өнер иесі, бүгінгі мақаламыздың кейіпкері – Мөлдірмен де кездесіп, бір-екі ауыз сұхбат алған едік:

- Мөлдір, бағындырған белесің құтты болсын! Бүлдіршін болсаң да, бойыңа бар өнерді жинаған екенсің. Жалпы тартысты додадан алған әсерің қандай, қандай көңіл-күйдесің?

- Рахмет! Мен бұл жарысқа барар кезде бас жүлдені жеңіп алам деп ойламадым, бірақ ішкі жандүниемде сондай бір сезім болды. Өте қуаныштымын. Ендігі кезекте қазақ елінің намысын қорғауға бар ынта жігерімді қосамын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе!

- Алға қойған мақсаттарың қандай?

- Болашақта «Ғұмырдария» Республикалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының қолдауымен, ұсынысымен бейнебаян түсірсек деген жоспарлар бар. Жеке басыма келсек, ел сенімін абыроймен ақтап, өнер саласында өз орнымды танытсам деген арман-тілектерім де жоқ емес.

- Армандарыңның орындалуына біз де тілектеспіз. Мөлдір, осы өнер сайыстарынан басқа да іс-шараларға қатысасың ба?

- Иә. Мен ән салудан бөлек, әдеби кітаптар оқып, ақын-жазушыларымыздың өмірімен, шығармашылығымен танысқанды ұнатамын.

- Әдебиет саласында қай ақынның шығармаларын көптеп оқисың?

- Қазақ ақындарының ішінен көбіне Абай, Мұқағали, Шәкәрім, Мағжан аталарымыздың шығармаларын оқығанды ұнатамын. Соның ішінде Мұқағала Мақатаев шығармалары жаныма ерекше жақын. Қазір ән өнерінен бөлек, келер жылы болатын Мақатаев шығармашылығына арналған Республикалық «Жырлайды жүрек» атты байқауына дайындық үстіндемін.

- Өнерің өрге жүзсін, Мөлдір. Әңгімеңе рахмет!

Әке жолын қуған балақанның қарлығаштай қалықтаған шырайлы әндері шаңырағын шаттыққа бөлеп, шуақ шашады. Құшақ жайған жарқын болашақта әлемнің әйгілі сахналарынан қазақ әндерін шарықтата бергейсің, өнер әлемінде өрге жүзіп, қанатың талмасын деген тілектеміз!

Автор:
Әйгерім БАҚТЫБАЕВА өз тілшіміз