Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАЛА – БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ


28 декабря 2012, 16:47 | 2 147 просмотров


2012 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «ҚАЗАҚСТАН– 2050» СТРАТЕГИЯСЫ – ҚАЛЫПТАСҚАН МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖАҢА САЯСИ БАҒЫТЫ» атты Қазақстан халқына жолдауын Алматы облысының балалардың құқықтарын қорғау департаменті қызметкерлері зор ықыласпен қарсы алды. Бұл жолдау – мүлдем ерекше, себебі Президент халыққа әлеуметтік, экономикалық дауылдарға қарамастан алға 2050 жылға дейін сенімді жылжу бағытын белгілеп берді.

Елбасы саяси, мәдени, әлеуметтік, экономикалық, құрылыс, ауыл шаруашылық алаңында атқарылған игі істерді және Қазақстанда ЭКСПО – 2017 Халықаралық көрмесінің өтетіндігін зор құрметпен атап өтті. Әсіресе Қазақстанның келешегі, іргетасы, туын жоғары ұстаушы жастар, жасөспірімдерге көрсетіліп жатқан істерге тоқталды.

Еліміз білім беру саласын дамытуда 129 елдің арасында көш бастаушылар қатарында келеді. Мемлекет жастардың білім, тәрбие алуына баса назар аударуда.

Өткен онжылдықта білімге бөлінген қаражат он есеге көбейді. Осы жылдары 800 жуық жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар, «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылғалы 3956 балабақшалар мен шағын орталықтар ашылды. Алматы облысы бойынша да талай маңызды да күрделі жұмыстар атқарылды. . Осының бәрі келешек ұрпаққа жасалынып жатқан серпінді шара.

- Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар – балалар үйлері толы. Бұл, өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаханданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуы тиіс емес. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс – деп атап өтті Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында. Ұлттық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Халқымыз: «Бала – отбасының ажары» демекші, біздің көңіл-күйіміз, адамдармен қарым-қатынасымыз, үлкен балалардың өзіндік өмірі көп жағдайда отбасындағы атмосфераға байланысты екені белгілі. Біз өзіміздің балалық шағымызды ыстық лебізбен еске алғанда, материалдық тұрғыда уайымсыз болғандықтан емес, ондағы жарқын елестерімен мәңгі жанымызда қалады. Елбасының қазақстандықтардың өмір сүру сапасының өсуіне, оның ішінде ана мен балалардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған Жолдау бұған дәлел болып табылады.

Қазіргі Жолдау Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің, әрбір отбасының, әрбір адамның, бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқатын одан әрі дамыту жөніндегі бағдары. Мемлекетіміз абыройы артқан айдынды елге, қуатты ұлтқа айналды. Осының бәрі татулықтың, еңбекқорлықтың, ауызбіршіліктің, дұрыс бағдарлама құрудың, оны іске асырудың арқасы.

Бүгінгі күні Қазақстан сенімді, дамудың еңселі әлеуетімен жаңа келешекке қадам басуда.

Автор:
С.ДОЛАЕВ, Алматы облысы балалардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары