Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

STOP!


22 февраля 2013, 18:09 | 1 968 просмотров


АСПАННАН НЕ ЖАУДЫ?

Иә, на жауды өзі? Естеріңізде болар, өткен аптада қостанайлықтар аспаннан жанып, құлап түсіп жатқан әлдебiр нәрселерді байқады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, сағат 9-дан 15 минут болған тосын оқиғаға куә болғандар оны метеорит деп болжап отыр. Куәгер азамат «9.15-9.20 сағат ара-лығында қала үстімен метеорит ұшып өтті. Оны автодром маңында көріп тұрдым. Жанған құйрығы бар теннис добындай жап-жарық шар Қостанайдың үстімен ұшып өтті» деп мәлімдеген.

STOP!!!

Мәселе мұнда да емес. Соңғы кездері жер сілкінісі, сел, тасқын, тіпті ғарыш кемесінің қалдықтары құлап, басқа да табиғи апат болып жатса, бірінші кезекте әлбетте, қарапайым халық біледі, басынан кешеді. Болары болып, бояуы сіңген кезде ғана төтенше жағдай ведомствосындағы шенділер естиді. Өкініштісі сол, аталған министрліктің басшысы ондай жайдан вице – премьерден хабардар болып жатса не шара. Метеориттің құлап келе жатқаны тұралы да қаймана халық бірінші болып білді. Мұндайда қазекем «сенген қойым сен болсаң...» демей ме. Сақ болайық, ағайын.

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ШЕТЕЛ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ

НЕ ҚҰНЫ БАР?

Қазақстан тәуелсіздік алғалы 22 жылға аяқ басты. Екі онжылдықтан астам уақыт ішінде қазақ тілі грамматикасындағы бодандық тарапынан қордаланған қорлау үрдісі одан әрі дамытылуда. Ұлы Абайдың қара сөзінде «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деген бар.

Мәселе мұнда да емес.

STOP!!!

Елімізде қазақ тілі мәселесімен айналысып, шешетін құзырлы мекемелер баршылық. Мемлекет тарапынан қарастырылып жатқан қаражатта да есеп жоқ. Бірақ, қазақтан қазақ тілін зерттейтін адам таппай, ұйғырдан шыққан түрколог, профессор Райхангүл Мұхамедова мен Гиссен Университетінің түркологы, профессор Кирчнер Маркке күніміз түскені ме? Олар бірнеше жылдан бері қазақ тілін зерттеуге арналған жобаны жүзеге асырып жатқан көрінеді. Міне солай.

Ал, біз биік мінберден ғана тіл жайында айтумен келеміз. Өкінішті!

БАЛҚАШ КӨЛІ 2050 ЖЫЛЫ ЖОҚ БОЛАДЫ

Жиырма бірінші ғасырдың ортасына таман дүние жүзіндегі ең ірі көлдердің бірі Балқаш көлі құриды. Болжам бойынша, көлдің суы тоқсан пайызға тартылуы ықтимал. «Мұны «Маккинзи» халықаралық сапаршылардың зерттеуі көрсетіп отыр» деп мәлімдеді ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрінің кеңесшісі Айнұр Қуатова.

Мәліметтер бойынша, Қытай мен Қазақстанның жедел дамуынан 2045 жылға қарай көлдің су қорының 86 пайызына жуығы жоғалып, бұл аймақта Қазақстан үшін бұрын-соңды болып көрмеген экологиялық апат басталады. Қуатова ханымның сөзіне қарағанда, Балқаш көліне құятын су жыл сайын 2-3 пайызға азайып барады, осындай жағдай 2030 жылға дейін жалғасады.

STOP!!!

«Қазақстан -2050» стратегиясымен тұспа-тұс келуін қарашы. Қазіргі уақытта біздің елімізге су ресурстары Қытай мен Өзбекстаннан келеді, ал 2030 жылға (тағыда "2030") қарай оларда суға сұраныстың қатты өсуінен Қазақстанның сумен қамтамасыз етілуі күрт азаяды. Балқашқа құятын судың 80 пайызын Іле өзені әкеледі, Қытайдың су тұтынуының артуынан оның су деңгейі күрт төмендейді. Қазір Қытай 555 миллиард текше метр суды тұтынса, он сегіз жылдан кейін бұл көрсеткіш 818 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Бұл жағдай халықаралық деңгейде шешім қабылдауды қажет етеді.