Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БҰЛ ЖОБА БIЛIМ ЖҮЙЕСIН ТҮБЕГЕЙЛI ӨЗГЕРТЕ АЛМАЙДЫ


26 апреля 2013, 12:09 | 2 011 просмотров



ҚР Бiлiм және ғылым министрi Б.Жұмағұловқа хат

ҚР Бiлiм және ғылым минис¬трлiгi 2015 жылдан бастап мек¬тептердi оқушы санына қарай қаржыландыру жүйесiн енгiзбек. Қай мектептiң оқушылары көп болса, бюджеттен алатын қаржысы да қомақты болмақ. Биыл¬ғы қыркүйектен бастап Ақтөбе облысының бiрқатар мектептерi де осы жаңа жүйе бойынша жұмысқа кiрiспекшi.

Бiр қарағанда, бастама тәуiр¬-ақ секiлдi. Әрине, баланың болашағына бейжай қарамайтын ата-ана бiлiм сапасы жоғары, мұғалiмi бiлiктi мектептi таңдайтыны белгiлi. Ынталы оқушысы көп бiлiм мекемесiнде қосымша сыныптар ашылады. Әр оқу¬шыға бюджеттен тиетiн қаржы көлемi өскен сайын мұғалiмiнiң де еңбекақысы жоғарылайды. Қысқасы, ұстаз сабақ сапасын жақсартуға мүдделi. Осылайша мектептер арасында бiлiм бәсекесi қалыптаспақ. Ал бәсеке бар жерде бiлiм сапасы артады. Бiр қарағанда, осының бәрi дұрыс-ақ. Алайда жобаның көлеңкелi тұстарына зер салып жатқан ешкiм жоқ.

40 жыл оқытушылық тәжiри¬бемнiң қатпарларына үңiлiп, зерделей келе, бұл жаңа жоба бiлiм жүйесiн түбегейлi өзгерте алмайды деген қорытындыға кел¬дiм. Бiрер жыл бұрын Ресейде дәл осындай мектептердi бала саны негiзiнде қаржыландыру қолға алынып, ақыр соңында қо¬жырапты. Себебi, мектеп директорлары мұғалiмдерге балаларды көбiрек тартуға тапсырма жүктейдi. Оқытушы сабағын сапалы өткiзудiң орнына, көше кезiп бала қуалап кеткен. Оқушы саны жетпеген жағдайда өмiрде жоқ балаларды өтiрiк тiзе берген. Бiлiм бәсекесi жайына қалып, директорлар бюджеттен ақша жымқырудың жолына түскендiктен жобаның негiзгi идеясы iске аспай қалған. Бiздiң де осындай жолға түсуiмiздi мен жоққа шығармаймын. Өйткенi бiз – парақор елмiз, парақор жұртпыз. Парақорлық бiздiң сүйегiмiзге дейiн сiңдi. Мектептерде де солай. Бiлiм басқармаларының бастықтарымен ауыз жаласқан мектеп директорлары парақорлық пен жемқорлықтың қаулап тұрған заманында, орайы келiп тұрғанда қонышынан баспай қала ма? Бұл мектептерде жаңа жемқорлыққа жол ашпақ! Мұ¬ғалiм сапаға емес, санға мән бередi! Бiлiм сапасы құлдырайды.

Бiлiм министрi Бақытжан Жұмағұлов мектептердi оқушы санына қарай қаржыландыруды “революциялық қадам” деп теледидардан жар салды. Минис¬трдiң ойынша, жобаның ұтымдылығы бiлiм саласындағы бә¬секелестiктi дамытады. Мектеп басшысы бюджет қаржысын тиiмдi жұмсауға ынталы болады. Қысқасы, директор – менеджер. Мектептегi бәсекелестiк оқушыны бiлiмнiң биiк шыңына кө¬тередi. Министр осылай десе де, тәжiрибелi мұғалiмдер жаңа жобаны қолдамайды. Бiз басқаша ойлаймыз. Бiздiң пiкiрiмiз – министрдiң бұл қадамы ауыл мектептерiне күйрете соққы беру. Мұның бiрiншi себебi, ауыл мектептерi оқушылар санын көбейтпек түгiлi, бала санын әзер жинап, жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Оның үстiне, жаңа жоба бойынша ауыл мектептерiнiң 30 пайызы ғана оқушы санына қарай қаржыландыру жүйесiне енбекшi. Бiлiм және ғылым министрлiгi 5 849 мектеп ауылдық жерлерде орналасқан деп мәлiмет бередi. Мұның 70 пайызы шағын мектеп (малокомплектный) санатына жатады. Қысқасы, бала саны аз шағын мектептердi реформа айналып өтедi.

Ауыл мектебiнiң жай-күйiн ауыл мұғалiмiнен артық бiлетiн ешкiм жоқ. Жаңа айттық, бала саны аз, тiптi кей мектептерде оқушы саны 10-20-дан аспайды. Екiншiден, ауыл мектептерiндегi компьютер, көшiрме аппараттар және күнделiктi техникалық жабдықтар ескi әрi жиi бұзылады. Ескiнi жөндейтiн мамандар тағы жоқ. Ауыл мектебi интерактивтi тақта түгiлi, бор жақсы жұғатын кәдiмгi қабырғадағы көк тақтаға зәру. Қысқасы, оқу-материалдық базамыз өте нашар. Мәселен, мектебiмiзге жиырма жыл iшiнде қандай да бiр әдiстемелiк, техникалық құралдар алынған емес. Пәндiк сабақтар оқу-әдiстемелiк құралдармен, қосымша әде¬биет¬термен толыққан емес. Интернетпен байланысы әлсiз мектепте қайдағы реформа?

Алдағы оқу жылында 1-сыныптан бастап ағылшын тiлi барлық мектептерде оқытылмақ. Қаншама ағылшын пәнiнiң маманы керек? Оларды қайдан алмақ? Осы да ақылға сия ма? Лингафон кабинетiн қайдан табасыз? Бәрiмiз де немере өсiрiп отырмыз. Қиналамыз. 6-7 жастағы балақайдың жағдайын ойлап қамығамыз. Әрi-сәрi күйде қала ма, әлде оқудан көңiлi қалып, беттемей кете ме деген қауiп бар.

Бiр қарағанда, министрдiң талпынысы – ауыл мен қала мектебiн теңестiру, заман көшiнен, бiлiмi мықты жұрттардан кейiн қалмау. Бiрақ бiздiң қазiргi жағдайымызда бұл мүмкiн емес. Себебiн жоғарыда айттық, ауыл мектептерiнiң материал¬дық базасы күшейтiлмей, компьютермен жабдықталмай, интернетпен байланыс жақсы жолға қойылмай, ең бастысы, сауатты да бiлiктi мұғалiмдерсiз бұл жоба iске аспайды. Сонда ғана қала мен ауыл мектебi екi аяғын тең басады.

Қазiргi кезде педагог мамандығының беделi мен мәртебесiн көтеру керек. Жақсы оқитын оқушыдан жақсы студент шығады. Жақсы студенттен бiлiмдi де бiлiктi мұғалiм жетiледi. Осы қағидамен жиырма жылда бiз қандай жас мұғалiм даярлай алдық дегенге жауап iздейiк. Бүгiнгi жас маманның жиынтық бейнесi қандай? ҰБТ-дан 43 балл жинаған мектеп бiтiру¬шiлердi ЖОО ақылы бөлiмге талғаусыз қабылдай бердi. Бұлар ақшасына сенiп, диплом алды да мектептерге кiрдi. Педагогиканың иiсi мұрнына бармайтын талай жан сырттай оқып бiтiрдi. Қаптаған жоғарғы оқу орындары диплом шығаратын баспаханаға айналды десем, артық айтқаным емес. Тестiлеу мен ақша бiлiмдi құртуға айналды.

Соңғы 20 жылда топырлап бiтiрген мұғалiмсымақтарымыз бiлiм орындарының негiзгi тiрегiне айналып үлгердi. Сырттай бiтiргеннiң сипаты мынау: дәстүрлi педагогиканың иiсi мұрнына бармайды. Қайтсем оқушыны бiлiмдi етем деп бас қатырмайды, есесiне, мектеп¬тегi басшылық лауазымға жетуге жанын салады. Осы жолда арын сатуға да даяр. Қағазбастылықты жаны сүйедi. Ауданнан жеткен кез келген тапсырманы (мұғалiмдерге қатысты болмаса да) талғаусыз орындайды. Мақсат – аудан басшысының көзiне түсу. Себебi педагогикалық қызметтен гөрi басшылық қыз¬меттi жақсы көредi.

Министрге айтарым, сiздiң кейбiр идеяларыңыз теория жүзiнде дұрыс болғанымен, iске асыру қиынға түсер. Өмiр жолы жаңа ғана басталған қазақтың қарадомалағына обал жасамаңыз. Бiлiм ақшамен, мансаппен өлшенбейдi.

Осылайша 40 жылғы педагогтық тәжiрибемнен жиған-түйгенiмдi газет арқылы жет¬кiзудi парыз санадым. Бiлiм беру – ойыншық ойнау емес! Оқушы – сынақ жүргiзетiн қуыршақ емес. Ол – ертеңгi қазақ мемлекетiнiң иесi. Қысқасы, ұстаз беделiн көтеру үшiн нағыз педагогтарға жол ашу керек, мұғалiмдердi мектеп директорларының уысынан шығарып, аудан, әкiмдер мен бiлiм басқармаларының науқандық жұмыстарға жегушi қолжаулығы етуден құтқару керек. Ұстаз ұстаз болсын, ұстаздықпен айналыссын!

Автор:
Алпысбай ТҰРАЛИН, Сарат орта мектебiнiң математика пәнiнің мұғалiмi, Әйтеке би ауданы, Ақтөбе облысы