Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАЙЛАР БАЙИ БЕРСІН, КЕДЕЙЛЕР КЕДЕЙЛЕНЕ БЕРСІННІҢ КЕРІ…


24 мая 2013, 11:01 | 3 181 просмотр



Мәжіліс депутаттары тарапынан халықтың, мемлекеттің мүддесін қорғайтын орынды сауал-ұсыныстар шығып жатады. Бірақ олардың жолдаған сауалдары мен жасаған ұсыныстарына, өкінішке қарай, тиісті жауапты органдарда отырған «білгіштер» көбінесе «бас десе құлақ дейтін» сырғытпа жауап беріп, жалтара салуды әдетке айналдырған. Мәселен, мына бір ұсыныстың жөні айрықша болған еді, бірақ амал не, жауабы… «жақсартқымыз келген еді, жақауратудан аса алмадық» (В.Черномырдин) дегендей, қашанғы күйінде қалды.

Бұл ұсынысты өткен жылдың маусым айындағы жалпы отырыста депутат Тұрсынбек Өмірзақов сауал ретінде Қаржы министрі Болат Жәмішевтің атына жолдаған. Мәселенің мәнісі – әлеуметтік әділеттіктің болуын қалауға тіреледі. Түрлі дерек көздеріне қарағанда, Қазақстан азаматтарының байлары мен кедейлерінің арасындағы табыс айырмашылығы 30 есеге дейін шарықтап кетіпті. Мұны атағы асқар таудай экономист, Ұлттық ғылым академиясы Экономика институтын ұзақ жылдар басқарған академик Аманжол Қошанов есептеп шығарыпты. Демек, ең төменгі еңбекақы 18660 теңге болса, жоғарғылар 600 мың теңге алады деген сөз. Бірақ ресми түрде осылай белгіленгенімен, іс жүзінде төменгі еңбекақы 25-30 мыңның төңірегінде. Ендеше, жоғары еңбекақы алатындар да 1,5-2 еседей артық алады деген сөз.

Әрине, біреудің мүлде аз алуы немесе өте көп алуы еңбегіне байланысты. Бірақ жеке табыс салығын (ЖТС) көп алатындарға көп, аз алатындарға азырақ етіп, азды-көпті әділеттік орнатуға болады. Мұндай тәжірибе әлемнің барлық елдерінде бар. Азуын айға білеген ежелгі капиталист, бай елдердің өзі кедейлерін қолдап, оларға салынатын ЖТС-ті азайтып, есесіне байлардан түсетін салықты қомақтырақ етіп, бюджеттің кіріс бөлігін арттырып отыр. Сондықтан да АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Канада секілді елдердің бәрі де ЖТС-тің осындай прогрессивті мөлшерлемесін (ставка) қолданады. Яғни, табыс өскен сайын, салық мөлшерлемесі де артады. Ал кедейлерге тіпті 0-дік мөлшерлеме қолданылады. Бұл – табыс салығынан олар мүлде босатылады деген сөз. Өте көп еңбекақы алатындар тіпті табыс салығын 50 пайыздық мөлшерлемеге дейін төлейді. Ал бізде ше…

Бізде бәрі бірдей. Салық жинаушылар бастарын ауыртқысы келмейді, аз аласың ба, көп аласың ба – есеп емес, 10 пайыздан төле деп қолдарын жаяды да отырады.

Айта кетерлігі, 2007 жылға дейін бізде де салықтың прогрессивтік мөлшерлемесі қолданылған. Атап айтқанда, табыс салығының мөлшерлемесі 5 пайыздан басталып, еңбекақы жоғарылаған сайын біртіндеп, 20 пайызға дейін көтерілетін. Бір қызығы сол жылдарда ЖТС- тің бюджет кірісіндегі үлесі 7 пайыз болыпты. Ал қазір, жұрттың бәрін бірдейлегендегі үлес те 7 пайыз екен. Демек, салықшылар бюджет үшін ештеңе де ұтпаған, тек кедейлерді тұқыртып, байларға пайда қылғаны ғана көрініп тұр. Бұрынғы мөлшерлемемен алғанда 24000 теңге еңбекақы алатын табысы аз жандар ЖТС-ті 5 пайыз ғана төлеп, бюджетке 1200 теңге ғана аударса, қазір 2400 теңгесін үзіп береді. Байларға 1200 теңге түк емес болғанымен, кедейлер үшін әжептәуір ақша. Керісінше, 400 мың теңге еңбекақы алатын бақуатты адам бұрын 80 мың теңге ЖТС төлесе, енді 40 мыңмен оңай құтылатын болған. Басқа дүниенің бәрін бай, қуатты елдердің үлгісімен жасағысы келетін біздің шенеуніктер салыққа келгенде неге байларға бүйректері бұра қалғаны түсініксіз.

Өзінің депутаттық сауалында осы мәселені көтерген Т.Өмірзақов Қаржы министрлігі 2011 жылдан бастап ЖТС-тің прогрессивті мөлшерлемесін енгіземіз деген еді, енді оны 2013 жылға қалдырыпты. (Биыл да енгізген жоқ). Осының себебі неде? Мен прогрессивті мөлшерлемені тезірек енгізіп, 15 айлық есептік көр¬сеткіштен (АЕК) төмен еңбекақы алатындарды ЖТС-тен мүлде босату үшін оны 0-дік мөлшерлемемен бастауды ұсынамын, деген еді депутат.

Ал енді, министрдің міндетін атқарушы (сол кезде) Р.Дәленовтің жауабына келейік. «Действующим Налоговым кодексом предусмотрены льготы по индивидуальному подоходному налогу для определенных категорий граждан, в том числе участников Великой отечественной войны, лиц, награжденных орденами и медалями бывшего Союза ССР…» т.с.с. Осы жерге түрлі жеңілдіктердің қандай қатысы барын Дәленов білмесе, біз білмедік. «Бас десе құлақ» деудің бір мысалы осы.

Осы арада айта кетейік, депутаттың сауалы тарапынан да бір әттеген-ай кеткені көрініп қалды. Өйткені, ол: «…до 2007 года в Казахстане уже действовала прогрессивная ставка налогообложения: от 5% до 20%» дей келіп, сауалының қорытындысында: «Предлагаю ввести прогрессивную шкалу индивидуального подоходного налога и первую ступень ИПН снизить до 0% как зарубежом… следующая ступень – 5%, потом уже – 10%…» деп жалғастырады. Осы жерде ол 10 пайыздық үлестен әрі көрсетпепті. Бірақ өзі 20 пайызды алдында көрсетіп тұрып, 10 пайыздық үлестен асырмау керек дегенді ешқашан айтпасы белгілі. Бірақ сол «қателікке» шап ете қалған қаржыгер: «касательно введения прогрессивной ставки по индивидуальному подоходному налогу от 0% до 10%, сообщаем, что данная мера может повлечь уменьшение доходов бюджета в виде индивидуального подоходного налога за счет снижения налогооблагаемой базы. В связи с изложенным вопрос введения прогрессивной ставки индивидуального подоходного налога от 0% до 10% не поддерживаем», деп «құтылып» кеткен.

Сөйтіп, тағы бір ұтымды ұсыныс жерде қалды. Жалпы, қаржы қызметінің басында отырғандар байлар байи берсін, кедейлер кедейлене берсін деген қағидатты ұстанатын секілді.

Автор:
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».