Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Ақын болсаң алмас бол тайпалмаған, Сен айт менің ойымды айта алмаған...»


18 марта 2010, 16:33 | 5 781 просмотр



Қарасаз...

Қазақтың қанына сіңіп, болмысымен біте қайнасып кеткен қара өлеңнің хас шебері, аяулы ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың кіндік қаны тамған жер. Небір дүлдүлдерді, бұлбұлдарды, тау тұлғаларды мәпелеп өсірген өлке. Жүрегі елім, жерім деп дүрсіл қағатын ұландары бар, жүзінен ибалы нұры тамған сұлу қыздары бар, «қонақ келсе құт» деп қуанған асыл әже-аталары мен аға-жеңгелері бар тірлігіне бірлігі ұласқан қазақтың қарапайым халқы бар құтты мекен. Ақынның жүрегін сан рет сағынышпен шымырлатқан аядай ғана ауыл бүгінде ақынның 79 жасқа толу мерейтойын думандатуда.

Дәстүрге айналып үлгерген, бес жылдан асқан Республикалық мектеп оқушылары арасындағы «Мұқағали оқулары» атты көлемді шараның жас ұрпаққа берері мол. Ақын өсиет еткен жақұт жырларды жаттауына да телегей теңіз халқымыздың өлең-мұрасына тамшы боп қосылар балғын жырлардың да дүниеге келуіне көп септігін тигізеді.

Көзінің тірісінде лайықты құрмет көре алмаса да, ақын өзі дәл сезгендей ол жиырма бірінші ғасырдың құрдасына айналып үлгергенін бүгінгі жыр додасынан анық байқаймыз. Болашақпен тілдесіп, келер күннен көп үміт күткен ақиық ақынды бүгінде білмейтін қазақ жоқ. Білеміз деп бөсіп, керек кезде төрт жол өлеңі аузына түсе қоймайтындары да баршылық. Алайда, бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған, сан өнерді бір бойына сыйғызған жалынды жас ұрпақ ақын аталарының асыл қазынасын азайтпақ емес, кері сінше күннен-күнге жандандыруда.

Мұқағали оқуының мақсаты – оның мұрасын насихаттау арқылы жас ұрпақтың танымын арттыру, ақынның рухани жәдігеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу және ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді насихаттау, олардың бойларындағы табиғи дарыны мен талантын дамыту болып табылады.

Байқау ережесі бойынша сайыпқырандар бірнеше номинациялар бойынша сайысқа түсті.

«Менің пірім Мұқағали», «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап» айдарлары бойынша оқушы бірден Мұқағалидың бір өлеңін және өзінің төл туындысын ой кестесіне сай көркемдеп оқыса, «Жыр эстафетасында» екі поэма оқудан жарысқа түседі. Сондай-ақ ұйқасқа өлең құрайды, берілген өлең шумағын ой кестесіне қарай талдайды, Мұқағали мұрасына қатысты сұрақтарға жауап береді.

Нағыз жыр додасының қазанында екі күн қатарынан қайнап, қазақтың қаракөз қыздары мен ұландары қазыналы қара өлеңнің бал қаймағымен барша жұрттың таңдайын қақтырды.

Қарасаз төрінде жалауын көтерген дүбірлі доданы Алматы облыстық білім басқармасының бастығы Ләззат Тілеубайқызы Базарқұлова беташар сөз сөйлеп ашты. Ол өз сөзінде: «Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан мектеп оқушыларының арасындағы Мұқағали оқулары егемен еліміздің жас ұрпағын ұлтжандылыққа, адамгершілікке, өнегелікке тәрбиелеудегі маңызы зор. Себебі, халқымыздың төлқұжатына айналып үлгерген Мұқағали жырлары жас ұрпақты тәрбиелеудегі басты құрал болып табылады. Өйткені, ақиық ақынның жырларын балғын бүлдіршіннен бастап, еңкейген қарияға дейін жатсынбай оқиды. Өлеңдерінен ұлттық болмыс есіп тұрады. Мұқағали оқуларына еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген жастардың қатысуға тілек білдіріп жататындығы осыған дәлел. Осы шарадан көптеген жас таланттардың өнердегі тұсауы кесілді. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде еліміздің түрлі ақпарат құралдарында, өнер ордаларында жемісті қызмет етіп келеді. Бүгінгі шарадан да көптеген жастардың тұсауы кесіледі деп ойлаймыз. Қатысушыларға сәт-сапар тілейміз», - деді.

Мұқағали мұражайының директоры, Мұқағалитанушы, ф.ғ.к., Өтеев Жұмаш Мұқағалидың мұрасы жайлы тағылымға толы баяндама жасады. Сондай-ақ, Райымбек ауданының әкімінің орынбасары Ерлік Қуанышұлы құттықтау сөз сөйледі.

«Доссызбын деп айта алман халқым барда,

Саясында халқым бар салқындауға.

Қарғамаса болғаны халқым мені,

Айналмаса болғаны нарқым дауға...

Қалт-құлт етіп мейлі мен күн кешейін

Күн кешейін, еліммен бірге өсейін.

Мені әзірге, ей, тағдыр, мазалама,

Емін-еркін жұртыммен тілдесейін!», - деп жырлаған ақын арманы орындалып, туған ауылында екі күн бойы жас ұрпақпен емін-еркін тілдесті. Мұқағали оқуларынан әділқазылық еткен қазылар алқасы келесідей болды: Кәдірбек Құныпияұлы – ақын, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Анарыс» баспасының директоры, қазылар алқасының төрағасы;

Асқар Алтай – жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты;

Болат Жетекбай – ақын, Қазақфильм киностудиясының әдеби редакторы;

Жұмаш Өтеев – Мұқағалитанушы, фғ.к.

Ерғазы Манапұлы – ақын, облыстық «Білім шапағаты» газетінің бас редакторы, «Әбдраштың Жарасқаны» атындағы сыйлықтың лауреаты;

Көпшіліктің көңілінен шыққан жыр додасының қорытындысы бойынша:

Бас жүлдені Батыс Қазақстан облысы, С. Сейфуллин ат. №11 қазақ мектеп- интернатының 10-сынып оқушысы Ысқақ Оралбек ие болып, 120 000 теңгені қанжығасына байлады.

І орынды (90 000 т.) Алматы қаласынан келген, Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп- интернатының оқушысы Бауыржанұлы Думан мен Райымбек ауданының, А.А. Барманбекұлы атындағы орта мектебінен келген Сабырақын Қадыржан, ІІ орынды (70 000 т.) Ескелді ауданы, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектебінен Ақыметқанқызы Зәуре, Ұйғыр ауданы, Ақтам орта мектебінен келген Мустанова Назерке мен Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ұлттық гимназиясының шәкірті Қайыржан Назерке олжаласа, Райым ІІІ орынды (50 000 т.) Райымек ауданынан Еркін Алпамыс, Алматылық Қуанышбаева Айгерім мен Қостанай облысының, Ы. Алтынсарин ат. ДБАМИ келген Алкебаев Бақытжан өзара бөлісті. Жарысқа ат салыса қатысқан барлық қатысушыларға 5000 т. көлемінде ынталандыру сыйлығы берілді.

«Ақын болсаң алмас бол тайпалмаған,

Сен айт менің ойымды айта алмаған...», - деп ақын өзі өсиет етіп кеткен өлең көкжиегіне келген жаңа өрім, жауқазын жырларын жаңашыл иіріммен толықтырған жеткіншектер сайысы жұрт көңілін жыр кәусарымен суарды.

Ысқақ Оралбек, С. Сейфуллин ат. №11 қазақ мектеп- интернатының 10-сынып оқушысы, Республикалық М.Мақатаев оқуларының бас жүлдегері:

«Бүгінгі жарыс өте тамаша өтті деп ойлаймын. Әр облыстың балаларын алып қарасақ, ол өз аймағының дарыны, бетінде қалқып тұрған қаймағы. Аламанда, бәйгеде бас қосқанда біреу жеңіледі, біреу ұтады. Бірақ та оған мойымау керек деп ойлаймын. Бір Аллаға сыйынып тек алға ұмтылу керек!

Өзім Мұқағали атамның ең алғаш 1-сыныпқа келгенде «Тарыдай боп кіресің, таудай болып шығасың» деген өлеңін жаттап едім. 2-сыныптан бастап өлең жазып келемін. Мұқағали өлеңдері – тұңғиық поэзия. Оның әндерін шырқамайтын жан жоқ. Біз Мұқағали лирикасының тұңғиық тереңіне бой сүңгітсек, еріксіз ақын алдында тізе бүгеміз. Оның әлі де алуан түрлі бояуына қанығып, еріксіз ақын әлеміне елітіп кетеміз. Поэзия – тұңғиық мұхит, өзімді сол мұхиттың бір тамшысы деп санаймын.

Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, болашақта өзім де Мұқағали атамдай ақын болғым келеді».

Кәдірбек Құныпияұлы, ақын, «Қазақстан жазушылар одағы жанындағы «Анарыс» баспасының бас редакторы, қазылар алқасының төрағасы:

«Мынандай ауа-райының қолайсыз жағдайына қарамастан, ақ қар көк мұзды елеместен, Қазақстанның бір шеті сонау Орал мен Атыраудан бастап, бір шеті осы Алматы облысының түкпір-түкпірінен қаншама талапкерлердің келуіне қарағанда бұл Мұқағали оқуларының жылдан-жылға үлкен беделге ие болып келе жатқан көрсетеді. Биыл 32 бала келді де, олардың алғашқы 21-і келесі турга өтіп, солардың арасында бас жүлде сарапқа салынды. Қазылар алқасы негізінен бұл жерде талапкердің өлең жазу өрнегіне баса мән берді, өйткені, Мұқағали есімі аталып тұрғаннан кейін өлеңге деген көзқарас ерекше рөл атқарды. Сынға тек өлең жазу өнері ғана емес, сахнадаға өз-өзін ұстау әдебі де сараланды. Бұл жерде болашақ әртістер, дикторлар, ақындар, журналистердің бар екенін көзбен көрдік. Жалпы оқушылардың жүлде алу барысында реніштер болмаған сияқты, халық риза болып отыр. Сондықтан бұл дәстүр алдағы уақытта да жемісті жалғасын табады деп ойлаймыз.

Алыс аймақтан келгендер арасында бірнеше дүдәмал ойлардың ұшы да айтылып жатты. Мысалы, «былтыр қатысқан оқушы биыл неге қатыстырылады?» - дейді. Оларға мен айтып жатырмын, мысалы, спорт жарыстарының өзінде биыл жеңіліп қалған адам келесі жылы жеңісті қолдан бермеу үшін өзінің мүлт кеткен жерлерін түзету үшін әрине, дайындалады ғой. Сол сияқты, бұл да жарыстың бір түрі болғандықтан биыл құлап қалса, келесі жылы бірінші орын аламын деп талаптанып келсе, оны қалай кеудесінен итереміз. Биыл қатысып жолы болмаған жас таланттың келесіде қатысып жолы болуы әбден мүмкін».

Автор:
Бағдагүл ДӘУЛЕТ Талдықорған - Қарасаз- Талдықорған