Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«КЕМБРИДЖ ӘДІСІМЕН ОҚЫТУ ҰСТАЗДЫҚ БІР ҚЫРЫМДЫ АШТЫ»


24 ноября 2013, 07:52 | 2 931 просмотр



Ұстаздардың еңбегін өрнектеп қанша жазсақ та, қаншама жерлерде дәріптесек те, тіпті ақындар мұғалім еңбегіне тәнті болып жыр төксе де, көптік етпес. Олардың еңбегі қоғамды басқарғаннан да ауыр деп бекер айтпаған болар. Иә ұстаз тағылымынан артық не бар дейсіз?! Алдына келген шәкіртінің болашағы жарқын азамат болып қалыптасуы жолында олар төккен тер дүниенің еш байлығымен өлшенбес. Бүгін біз осы ұстаздар еңбегін, тағлымын дәріптеп, барша жұртқа таныстыруға арналған айдарымыздың кезекті санына қаламыздың орта мектептерінің бірінде еңбек етіп жатқан ісі қарайым болса да, еңбегі зор ұстаз - Масабаева Мейрамгүл Мұратбекқызы жайлы айтпақпыз.

Масабаева Мейрамгүл Мұратбекқызы 1974 жылы Ақсу ауданы, Ақсу ауылында көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келген. Ата -анасы қатардағы жұмысшылар бола тұра, жанұядағы 8 баланы да шамалары келгенше жоғары білімді етіп өсіруге талпынады. Осы жолда барлық ұрпақтарын қалаған оқу орнында оқытады.

Жас Мейрамгүл мектепті бітірген соң әке қалауымен Тараз қаласындағы технологиялық институтқа оқуға түседі.5 жыл мерзімдік оқуын тамамдаса да, өз қалауы болмаған соң ары қарай жұмыс жасай алмасын түсінеді. Ол жүрегінің қағысына құлақ түріп, жауапкершілігі мол мұғалімдік жолды таңдайды.Сөйтіп, педогогикалық институтқа оқуға түседі. Міне, содан бері 15 жыл өтті, Мейрамгүл Масабаева жаны қалаған сүйікті ісімен айналысып, ғұмырының 15 қысын, 15 көктемін мектеп қабырғасында өткеріп келеді. «Маған балалармен жұмыс жасаған ұнайды. Содан кейін шығар, осы бастауышты таңдағаным. Басқа пәнге де ауысқым келмейді. Өзге салада өзімді тіптен елестете алмаймын» -деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.

Мейрамгүл Масабаева бүгінде Талдықорған қаласындағы №4 орта мектеп қара шаңырағында 3 сыныпқа жетекшілік етіп келеді. Шәкірттерінің бәрін өз баласындай сүйеді.

-Білімнің негізі бастауышта қаланады деп жатады. Жүгі ауыр, жауапкершілгі зор жұмысыңыздың қызық та, қиын сәттерімен бөліссеңіз...

-Мұғалімдік саланың ішіндегі арқалаған жүгі ауыры бастауыш екені рас. Алғаш ұстаздық жолымды Тараз қаласындағы №45 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп-гимназиясынын бастадым. Ең бірінші мектепке барғанда шынымды айтсам қорықтым да. Әлі есімде бірінші күні Гүлмира есімді мұғалім қыздың жанына жіберді. Көрсін, таныссын деп. Сол кезде қорқыныш сезімі де жанымды биледі. Бірақ, менің мұғалімдікке деген үлкен қызығушылығым бәрін жеңді. Қысқа мерзім ішінде, балаларға да, қызметімнің жаңа қырларына да тез үйреніп, алып кеттім. Қазір маған енді бастауыш мұғалімінің қызметінен басқа артық қызмет, мамандық жоқ сияқты.

- Сіз екінші деңгейлі Кембридж бағдарламасына барып, біліміңізді жетілдіріп қайттыңыз. Бұл әдістен не алдыңыз? Бағдарламаның бізге берері не?

- Басында балалар сабаққа көп қызға бермейтін, оларды қалай қызықтырсам, сағатымды қалай тартымды өткізсем деген ой маған маза бермейтін. Осы сұрақтардың шешімін қалай табамын деп жүргенде мені ойламаған жерден 3 айлық Кембридж бағдарламасының курсына жіберді. Бұл өзі бір маған жемісі мол бағдарлама болды. Сол үш айлық курста балаларды сабаққа қызықтарудың әдіс- тәсілдерінің көп екенін білдім. Біз көбінесе балаларға шектеу қойып, оларға басымдылық көрсетіп сабақ барысында мұғалім 80 пайыз өзі сөйлеп, оқушыларға тек оқулықтың көлеміндегі ғана білімді беріп жатқанымызды түсіндім. Кебридж әдіс –тәсілдерінен үйренгенімді сабағымда пайдаланып көргенімде оқушыларымның сабаққа қатты қызыққанын байқадым.

Қазір өзім енді сырт көбен шолу жасап байқап отырсам, яғни балаларға еркіндік берсем, өз бетімен білім алуға жағдай жасасам, оқушы соғұрлым көп қызығады екен. Өздері ізденеді, өздері соны табады. Өз еңбектерімен оқып, ізденген соң, өз білгенін ішіне тығып, өзі ғана біліп отырмай, жанындағы жолдасына үйретуге тырасады.

Өз білімімен бөліскісі келіп тұрады. Бұл әдісті дүниетану болсын, математика болсын, қазақ тілі болсын жаппай барлық сабағымда кеңінен қолдануға тырысамын. Шынмен де балалардың сабақа деген белсенділігі, қызығушылығы артты...Себебі бұл әдіс арқылы бала өздігінен білім көкжиегін кеңіте алады. Сондықтан КЕМБРИДЖ бағдарламасы іздегенге сұраған әдіс болды. Бір мен емес, сол қысқа мерзімдік курсқа барып қайтқан ұстаздардың бәріне бұл әдіс өз пайдасын тигізді деп нық, сенімді айта аламын.

Қазіргі таңда оқытып жатқан әдістердің бәрі бұрыннан келе жатыр. Тек біраз жаңаша өзерістер енгізіп, элементтерін жаңартқан. Кембридж бағдаламасы да сондай, бұрыннан оқытылып жүр. Бірақ, соны дұрыс п а й д а л а н б а ғ а н б ы з . Дұрыс жолға қоймағанбыз.Топтық жұмыстар бар, бірақ, топтың ережесін қабылдау, оқушыны топқа қалай бөлу дегенді біз бұрындары сабағамызда дұрыс пайдаланған жоқпыз. Мысалы, «сыни ойлау» да бізде бұрыннан бар, бірақ, біз балаларға еркіндік берген жоқпыз. Ал мұның басты бағыты балалардың бойына еркіндік беру. Балалардың өз бетінше ізденіп, білім алуы. Ал, оған шектеу қойып келгенбіз. Ал, қазір барлық оқушы өз ойын айта алады. Менің тағы бір аңғарғаным, курсқа барған соң, ұстаз алдымен өзі өзгеруі керек . Өзі өзгерген адам сыныпқа келгенде өзгеріс енгізе алады. Егер де өзің өзгермесең, айналаңа жаңа леп, өзгеріс әкеле алмайсың. Мен курста жүргенде өзімнің сабақ беру әдіс –тәсілімді ой елегінен өткізіп, осы уақытқа дейін қандай қателіктер жібергенімді өзіме жіпке тізгендей қылып жазып отырдым. Курсты аяқтап келгеннен кейін, сол қателіктердің бәрін жоюға жұмыс жасадым. Соның бәрін жою арқылы мен өзім ғана өзгерген жоқпын, оқушыларымды да өзгерте алдым.

- Ә р і п т е с т е р і ң і з д і ң арасында осы өзгерісті байқағандар болды ма? Олардың пікірлері қандай?

Ия, әріптестерімнің менің бойымдағы жаңа лепті байқағандары болды. Мен біраз уақыт денсаулығыма байланысты мектепте болмай қалдым. Сонда менің орныма сабақ берген әріптестерімнің сыныбым туралы пікірлері мені қуантты. «Өз сыныбымнан шаршап шыққанда, сіздің сыныбыңызға барсам демалғандай боламын. Балаларыңыздың жаңа тақырыпты қағып алып, өрбітіп әкететіні ұнады» - деген бір ауыз сөзі менің еңбегімнің бағасын бергендей болды

- «Дарынсыз бала жоқ, талапсыз мұғалім бар» деген сөзге не айтасыз? Оқушының дарынын аша алмайтын, оның бойындағы ерекше қасиеттерін көре алмайтын мұғалімдер бүгінде білім саласында кездеседі ме?

- Мен бұл сөзбен келісе алмаймын. Талапсыз мұғалім жоқ. Ұстаздардың бәрі талапты.Әр ата-ана үйде отырып бір балаға сабақ үйреткенде шаршап кетеді. Ал, мектепте мұғалім 30 балаға үйретеді. Сондықтан мұғалім талапсыз емес, мұғалімнің ізденуге уақыты жоқ. Оның үстіне қағазбастылық дегенде өршіп барады. Сол да мұғалімнің уақытын ұрлайды. Ал, енді бала бойындағы дарындылыққа келетін болсақ, барлық оқушының бойында дарындылық бар. Ұстаз уақытында сол баланың ереккшелігін аша білуі керек. Ол көп еңбекті талап етеді. Ол үшін тек сыныппен ғана емес, әр баламен жеке –жеке жұмыс жасау керек. Әр баланың өз бойындағы қасиетіне қарай тұлға болып қалыптасуына көп тер төгілуі қажет. Мен өз тәжірбиемнен айтар болсам, екінші деңгейді оқып келген соң, сол бағдарламадағы әдіс- тәсілді келіп сабағымда пайдаланып көргенде, осыған дейін байқамаған нәрселерді көрдім. 2 жыл сабақ беріп жүріп бір оқушымның бойында сурет салуға деген ерекше күш, қасиет барын байқадым. Біз көбіне тек бейнелеу өнері сабағында сурет салдырамыз, соны бағалаймыз, сонымен жібереміз. Сондықтан бізге бала бойындағы қасиеттерді бақылып, зерттеуге уақыт болмады. Ал ,енді мына жерде топқа бөліп жұмыс жасағанда баланың бойында өзге пәндерге онша қызықпаса да, бейнелеу сабағына ерекше қабілеті барын көрдім. Бұл да – дарындылық. Сол дарындылықты ары қарай жан- жақты дамытсақ, мүмкін болашақта сол оқушыдан керемен бір сәулетші, немесе суретші шығар.Міне, осындай бала бойындағы бәрінде кездесе бермейтін ерекшеліктерді ұстаз дарындылық деп қабылдап, соның жолында еңбек етсе, баланың болашағы зор үміт күттірмек.

- Сіз бастауыш сыныпта 15 жылдан астам балалармен еңбек етіп келесіз. Осы бүлдіршіндердің бірінші сыныптан бастап, ағылшын тілін оқуы сізге қандай ой салады? Бұл алғаш қолына қалам ұстап, әліппемен енді танысып жатқан бала психологиясына қаншалықты күш салуы мүмкін?

- Ия, еліміздің барлық мектептерінде биылғы жылы бірінші сыныптан бастап жаппай ағылшын тілі, яғни «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы енді. Бірақ, мен балалардың бірінші сыныптан ағылышын тілін оқуына қарсымын. Ұрпағымыздың шет тілін білгені де дұрыс ,бірақ, бірінші сыныптан бастап емес. Бұл менің көңіліме тіптен қонымсыз. Себебі, 6 жасар бүлдіршін әліппені, 42 әріпті толық меңгерген жоқ, оған апарамызда ағылшын тілін қосып жібереміз. Бұдан бала қай жағын қабылдарын білмей шатасады. Оған өте ауыр. Ал, енді әліппе кезеңін аяқтап, ана тілге келгенде ағылшын тілін қосса, мүмкін кішкене болса да жеңілдірек тиер. Сонда мүмкін қазақ әрпін толық білген бала ағылшын әріптерін де алып кетер деп ойлаймын. «Үш тұғырлы тіл» деген дұрыс- ау, бірақ, оны бірінші сыныптан бастау балаға қиын.

-Сабақтарыңызда халықтық педогогиканы қолданасы ба?Ұлттық педогогиканың құндылықтары неде?

-Мен сабақтың үстінде халықтық педогогиканы міндетті түрде алып жүремін. Себебі менің өзімнің жұмыс жасайтын шығармашылық тақырыбым оқушыларды халықтық педогогика тұрғысында тәрбиелеу. Біздің балаларымыз Қазақстанда туып өсіп, қанымыз қазақ болған соң, ұлтына сай болып өскені дұрыс. Елінің тарихын біліп, сусындап өскен бала келешекте нағыз ұлтын сүйген азамат болып шығары аян. Сондықтан, әрбір оқушы елін, жерін, сал- дәстүрін, оның өткені мен кеткенін, қандай ұлтым деген ұлы азаматтар болғанын бәрін біліп өсу шарт.

- Үздіксіз еңбегіңізден алған ләззатыңыз қандай? Жаныңызды марқайтатын қандай жетістіктеріңіз бар?

- Өткен оқу жылын қортындылай айтар болсам, екінші деңгейдің сертификатын қолыма алғанымды ең үлкен жетістігім деп білемін. Содан кейін, былтырғы оқу жылында 2-ші сыныбымнан 10 үздік оқушы шықты. Бұл мен үшін зор жетістік.Себебі, күні бойы, қысы –жазы осы балалармен уақытым өтіп жатқан соң, олардың әрбір қуанышы мен үшін де қуаныш.

- Мейрамгүл Мұратбекқызы, өмірде өкінішіңіз бар ма?

- Кез келген жанда бір «әттеген-ай» деген болады ғой. Бірақ, өмірде соншалықты өкінішім бар деп айта алмаймын. Өзіме не керегін түсініп, жолымды адаспай таба білдім. Ұстаз болғаныма еш өкінбеймін, қайта бұл мамандығым арқылы өзімді осы ғұмырдың бір кірпіші етіп қалай білдім. Тәрбиелеп бастауыштан өткізген шәкірттермінің ешбірі мені жерге қаратқан емес. Мен оларды қалай жақсы көрсем, олардыа мені аналарындай сүйеді. «Ана мен ұстаз махаббаты егіз» деп бекер айталмаған ғой. Сыйлаған ұстаздық махаббатымды өзіме екі – үш есе етіп қайтарады. Жаныма жалау болған сүйікті қызым бар. Алла тағаланың шапағаты, ата-ана , туыстарымның,әріптестерімнің қолдауы шығар қызым биыл мемлекеттік грантпен өзі қалаған оқуға түсті. Қызым болашақта оқуын аман-есен аяқтап, елінің жақсы бір азаматы болса, менің бір аналық тілегім осы.

«Өзгенің бақытын аялаған, өз уақытын аямаған» - деген тәмсілді өз заманында ұлы педогогтарымыз Мейрамгүл Масабаева сынды ұстаздарға қарап-ақ, айтқан болар. Сондай ұлы педогогтардың сынығындай болған Мейрамгүл Мұратбекқызы нағыз ұстазға тән қасиеттердің бәрін бойына жиа білген екен. Мамандығын шексіз сүйетін кейіпкеріміздің жанары, оқушыларына деген шексіз аналық махаббатқа толып тұрды. Жақсы ұстаздың шығармашылық ізденісіне, толассыз еңбегіне зор табыс тілей отырып, өзін, ғұмырын арнаған мамандығының әрдайым рахатын тата берсін демекпіз!

Автор:
Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз