Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

КӨКЕЙТЕСТІ СҰРАҚҚА - САЛИҚАЛЫ ЖАУАПТАР


28 декабря 2013, 06:05 | 1 989 просмотров



Естеріңізде болар, 2013 жылғы желтоқсанның 15 күні КТК телеарнасындағы Артур ПЛАТОНОВТЫҢ «Халық қызметшісі» авторлық бағдарламасында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қонақ болған- ды. Ведомство басшысы білім беру саласындағы атқарылған істер, бүгінде жасалып жатқан жұмыстар мен алдағы уақытқа белгіленген жоспарлар турасында баяндады. Жасыратыны жоқ, еліміз егемендік алғалы бергі 22 жылда салада 12 министр ауысыпты. Аслан Сәрінжіпов кезекті 13-ші басшы. Ол қашан, қайдан келді? Бұл қызметке нендей жаңалық ала келді?

2013 жылғы қыркүйек айынан бастап Білім және ғылым министрі болып АСЛАН СӘРІНЖІПОВ тағайындалған-ды. Қызметіне келмей жатып әбден сыналған бүгінгі министрдің атқаратын жұмысы өте көп. Қазір ол алдыңғы министрлерден қалған «мұра» реформалар, мемлекеттік бағдарламалар, түрлі жүйелер және ҰБТ – мен жұмыс істеуде. Министрдің үкімет алдындағы баяндамасында ол 2016 жылға қарай бүлдіршіндердің 80 пайызы балабақшаға баруы тиіс. Ол үшін мектепке дейінгі ұйымдардың санын 10 мыңға жеткізіп, жоғары білімі бар педагогтерді барынша арттыруды көздемек. Сонымен қатар, 2015 жылға дейін барлық мектептер жаңа стандарттың негізінде білім беретін болады. Соның арқасында жалпы орта білім беру жүйесін жаңарту жоспарланып отыр. Осыған орай, Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны да өзгереді. Алайда, ең алдымен, қала мен ауыл мектептерінің білім беру деңгейін теңестіру керек. Бұдан бөлек, министр Сәрінжіпов кәсіптік-техникалық білім беру саласында педагог мамандардың тең жартысын қайта даярлаудан өткізуді де көздеп жүр. Оның пайымынша, бұның нәтижесінде отандық техник мамандарға деген сұраныс артуы тиіс. Сосын жоғары оқу орындары жаппай жекеменшікке көшуі мүмкін. Министрдің пайымынша, университеттерді мемлекет меншігінен шығару арқылы жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті күшейтуге болады. «Біз қазақ тілін дамыту ісіне ерекше ден қоятын боламыз. Болашақта қазақ тілінде сабақ беретін оқу орындары көбейеді. Ондай балабақшалар 2000- ға, мектептер 4000-ға, ал колледждердің саны 150-ге дейін жететін болады», – деген еді Аслан Сәрінжіпов. Білім және ғылым министрлігінің басшысы Аслан Сәрінжіпов отандық білім беру саласын жаңаша дамытуды көздейтіні сөзсіз. Сонымен ол халық қызметшісі ретінде не айтты. Соған құлақ салалық.

2014 жылы мемлекеттік ЖОО-дарын Бақылаушы кеңесі құрылатын көрінеді. Бүгінгі таңда елімізде 50-ден астам мемлекеттік ЖОО бар екендігі мәлім. Министрлік қазірде бақылаушы кеңесін құру және оларға дұрыс өкілеттік беру үшін нормативтік базасын дайындаумен айналысып жатқан сыңайлы.

Министрдің атап өтуінше, алдағы уақытта ректор өз жұмысы мен жоспарларын Бақылаушы кеңеспен үйлестіретін болады. Ал кеңес ректордың жұмысын бағалайды. Сонымен қатар жоғары оқу орнының қаржылық мәселелерін шешу ісіне де тікелей Бақылаушы кеңес атсалысады. Сондай-ақ А.Сәрінжіпов жалпы білім беретін мектептердегі оқушылардан ақша жинау мәселесіне де тоқтала келе, заңға сәйкес мемлекеттік мектептер ата-аналардан қандай да бір төлем талап етуге құқылы еместігін баса айтты. Қуанарлық жайт. «Егер мейрам, іс-шара өткізуге қосымша қаржы қажет болса, онда мұның барлығы ата- аналардың келісімімен ғана шешілуі тиіс. Бізде орта білім барлығы үшін тегін беріледі», - деді министр. Ата – аналар бөркін аспанға ататын болды-ау шамасы. Әй қайдам!

Кез-келген жалпы білім беретін мектептерде «кесте» бойынша ата- аналар жиналысы жаңа оқу жылының басталар алдында, Жаңа жыл қарсаңында, Наурыз мерекесі мен жыл соңында өтетіні бесенеден белгілі. Дәл осы басқосуларда күн тәртібіндегі «өзекті мәселелердің мәселесі» ретінде ақшы жинау қаралады. Жаңа жыл қарсаңында да бұл дәстүр өзінің өзектігін жоғалтқан жоқ. «Жасыл шырша» ертеңгілігіне, сый сыяпатқа, ескерілмеген шығындарға делініп әрбір оқушыдан .2 мың теңге жинастырылыпты-мыс. Министрдің айтқанында жан бар сияқты. Сынып кабинетін жөндеу, безендіру, ұсақ-түйек қажеттер алу да ата-аналар үлесінде ме дерсің кей-кездері. Бірақ, қалыптасқан қағидаға келгенде біз жомартпыз-ау, жомартпыз. Өкініштісі, «көш кеткен соң» әңгімені басқа бір арнаға айдап салып жататынымыз.

Соңғы жылдары еліміздегі білім беру мекемелерінің ғимараттары апатты жағдайда екені жайында көп айтылуда. Оның баса көпшілігі ауылды жерлерде. Қала да бұдан қалыс емес. Министрдің ақпаратына сүйенсек солардың жалпы саны бүгінгі таңда 200-ді құрап отыр. Халық қызметшісінің атап өтуінше, осы жылдың ішінде ғана республика аумағында шамамен 150 мектеп салынған. Ал жаңа бюджетте тағы да үлкен 50 мектеп салу қарастырылып отыр. Бұл ретте айта кетерлігі, 500-ден артық орынды мектептердің құрылысы республикалық, ал 200-ге дейін орынды мектептер жергілікті бюджет есебінен салынады.

-2012 жылы облыстар шамамен 70 апатты мектеп бар екендігін хабарлаған болатын. Ал Білім және ғылым министрлігі өзінің бақылау департаменттері арқылы тексеру жүргізгенде апатты мектептердің саны 200-ге жетті, - деді А.Сәрінжіпов.

Таға бір жаңалық. Алдағы кезеңдерде мектеп түлектері ҰБТ-ны бірнеше мәрте тапсыра алатын болады. Мұндай жаңалықты министр "ҰБТ жүйесінде проблемалар туындап отыр. Әрі оның ең бастысы оқушылар оқымайды, тестіге дайындалады. Бұдан бөлек күйзеліске ұшырау жүктемесі де тым үлкен. ҰБТ арқылы бірден бірнеше мәселе шешіледі. Олар мыналар: сіздің мектепті қалай бітіргеніңіз, мектеп жұмысын бағалау, ЖОО-да білім алу үшін грант аласыз ба әлде алмайсыз ба? Бірқатар ұсыныстар бар, олардың көмегімен бұл мәселелерді шеше аламыз. Дамыған елдердегі сияқты тестіні бірнеше мәрте тапсыру мүмкіншілігі берілуі мүмкін. Мүмкін сен тестіні күйзеліс кезінде не болмаса өзіңді нашар сезінгенде тапсырған шығарсың. Сонымен қатар тестіні онлайн режімде де тапсыруға болады", - деп түсіндірді.

Соңғы кезде еліміздің жоғары оқу орындары дербестік алатын болады деген әңгіме белең ала бастағаны аян. «КТК» телеарнасының «Халық қызметшісі» бағдарламасында қонақ болған ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бұл өзгешелікті растады.Министрдің атап өтуінше, кеңестік білім беру жүйесі нәтиже бергенімен, ол жоспарлы экономикаға негізделген болатын. Ал қазіргі нарықтық жағдайдағы еліміздің білім беру жүйесі нарық талабына сай өзгеріп, оңтайландырылуы тиіс.

- «Біз кадрлар дайындау үшін ЖОО-лардың дербестігі турасында айтамыз. Енді ЖОО-дарын министрлік жоғарыдан қандай мамандық дайындау керек екенін айтпайды. Ал ең бастысы - бұл бағдарлама мазмұны. Болашақ маманды неге оқыту керектігін ЖОО-ларға өз беттерінше айқындау керек болады. Егер дамыған елдерді алып қарайтын болса, онда оларда бұл жүйе қалыптасқан әрі академиялық еркін ұстаным барынша мықты қорғалған. Профессор өзі ісінің кәсібиі ретінде өз бағдарының мазмұнын өз еркімен айқындауға құқы бар. Ол конференцияларға қатысып, ғылыми жобалар әзірлейді. Жаңа білімдерді ой елегінен өткізіп, сол білімді әрбір семестр сайын өз бағытының мазмұнын байытуға жұмсайды», - деді министр.

Оның атап өтуінше, дербестік енгізілгеннен кейін әрбір ЖОО өзінің стратегиясына ие болып, ресурстарды табысты факультеттерге бағыттай алатын болады. «Дербестік элементтерін біздің ЖОО жүйеміздің заман талабына сай алға қадам бастыру үшін енгізу қажет. Білім беруді дамыту қажет, біз бір орында тұрып қала алмаймыз. Біз елу елдің қатарына кірдік, енді біздерге одан ары жылжып, отыздықтың қатарына ену қажет. Біз жоғары көтерілген сайын бәсекелестік те күшейе береді. Сондықтан да бізге даму, жаңашылдық қажет», - деп жауап берді Аслан Сәрінжіпов.

Орта білім беру жүйесін 12 жылдыққа көшіру турасындағы әңгіменің басталғандығы қашан. Бұл жайында министр 12 жыл білім алу - отандық білім беру жүйесін алға жылжытудағы маңызды компоненттердің бірі екендігіне тоқталды. Ведомство басшысының сөзіне жүгінсек, әлемнің дамыған елдерінде еңбек нарығына дайын болу үшін барлық халық 10 жылдық білім алу қажет деп саналады. Егер сіз жоғары білім алу үшін ЖОО-ға бармақ болсаңыз, онда сізге академиялық дағдыға дайындалу әрі оны дамыту үшін тағы да 2 жыл қажет. Яғни, сіз ақпараттармен, кітапханаларда электронды ресурстармен, жеке жұмыс істей алуыңыз керек көрінеді.

Бұл ретте министр Назарбаев университетін үлгі ретінде атап өте келе: «Бізге шетелден бакалавриат бағдарламасы келген кезде 11-сыныпты бітірген түлектеріміз аталған бағдарламаларды ойдағыдай оқуға дайын болмай шықты. Біздерге қосымша тағы бір жыл жүргізуге тура келді. Кімде-кім дайын болса әрі оқығысы келсе, онда ЖОО базасында қосымша тағы 1 жыл білім алады. Айта кетер маңызды жайт, автономия алатын, ал олар бастапқыда шағын ғана алдыңғы қатарлы қазақстандық ЖОО-дарында бакалавриат бағдарламасы жақсартылады және қосымша 1 жыл енгізіледі. Осы аралықта студенттер аталған халықаралық талаптарға дайындалып, тілді үйрену үшін қосымша сағаттар беріледі», - деді.

Оның атап өтуінше, 2015 жылы еліміздің 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуіне байланысты арнайы жұмыс тобы еңбек етуде. Айта кетерлігі, 12 жылдық білім алу жүйесіне барлығы бірдей көшпейді.

«Бұл ЖОО-ға түсу үшін дайындық жылы болады. Назарбаев университетінде 12 жылдық жүйе жұмыс істегеніне 4 жыл боллды. Қосымша бағдарламаларды оқығысы келгендерге бұл жыл өте зор пайда әкеледі», - деп қорытындылады министр.

«Слуги народада» қонақта болған Аслан Сәрінжіпов бұдан басқа сұрақтарға жауап берді. Министрден бүгінгі ҚОҒАМ солардың нақты орындалысын ғана күтеді. Айтылған жоспарлар СӨЗ және белгіленген МЕЖЕ қағаз жүзінде қалмаса екен деп үміттенеді ХАЛЫҚ.

Автор:
Ырыс АҚАДЫҚ.