Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ КҮЙШІЛІК ӨНЕРІ


25 апреля 2014, 10:30 | 4 811 просмотров


Қарлығаш ауылы, Алакөл ауданы.

Күйлер негізінен үш аспапта-домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалады. Соның ішінде дәстүрлі қазақ музыкасының мейілінше кең тараған және аса биік профессионалдық сөреге жеткен саласы -домбыра күйлері.

Домбыра ертеде пайда болып уақыт өткен сайын дамып отырған. Қазақтың дәстүрлі әндері түгелге жуық домбыраның сүйемелдеуімен айтылады.Алайда дом¬быра аспабының тембрлік диапазондық мүмкіндіктерін шегіне жеткізе ашқан жанр- көне ықылымда қалыптасып ХІХ- ғасырда өз дамуының шырқау шыңына көтерілген күй жанры еді.Сахара аймақтарының тарихи, мәдени аспапта орындалу техникасына бай¬ланысты қазақтың домбырашылық, күйшілік өнерінде жеті түрлі орындаушылық дәстүрмен мектептер қалыптасты. Бұл дәстүрлі мектеп¬тер Шығыс, Арқа, Қаратау,Сыр бойы, Жетісу, Маңғыстау, Батыс мектептері деп аталады. Қазақтың домбыра күйлері орындаушылық ерекшелігіне байланысты шертпе және төкпе деп жіктеледі.

Шығыс Қазақстан күйшілік дәстүрі аймақтық жағынан кең ауқымды қамтиды. Теріс бұрауда тартылатын «Шыңырау», «Тауқұдірет», «Сұрмерген» сияқты күйлер аңыз әңгімелерімен астасып жатқан көне жәдігерлер.

Қазақ халқының тарихындағы ең елеулі тұлғалардың бірі- Кетбұға күйші. Шыңғыс хан заманында өмір сүрген Кетбұғаның есімі дәулескер күйші ретінде белгілі. Шығыс күйшілік дәстүріндегі ірі тұлға- қазақ күй өнерінің оның ішінде шертпе күй саласының дамып көркеюіне көп үлес қосқан күйші- Байжігіт.

Байжігіт күйлерінің тақырыбы әр алуан. Оның «Көкбалақ», «Шаңды жорық» сияқты күйлерінен жаугершілік заманның көрінісін бер¬се, «Ерке атан» күйі мұңды тарихымен есте қалады.Семей өңірінің Шұбартау ауданының Бақанас, Көксала өзендерінің бойында өмір сүрген күйші мұралары Шұбартау, Аягөз өңірінде сақталған.

Жетісу күйшілік дәстүрі, бұл өңірдің де аспаптық музыкасы қаншалықты қызықты, әрі стильге бай болғанымен, осы күнге дейін түбегейлі зерттеу нысанасынан тыс қалып келеді. Жетісу дәстүрі Шығыс күйшілік дәстүрімен өзектес. Еліміздің Жетісу өлкесінде ертегі аңыз күйлерімен қатар авторлары ұмыт болып ел арасында сақталып қалған халық күйлері кеңінен кездеседі. Мысалы, «Аққу», «Аққудың зары», «Тепең көк» сияқты көптеген көне күйлер ерте дәуірлерден сыр шертеді. Тамырын тереңнен тартатын Жетісу күйшілік өнерінде бертін келе үлкен екі мектептің қалыптасқанын байқаймыз. Бұл мектептер дәулескер күйші- композиторлар Байсерке және Қожеке есімдерімен тығыз байланысты.

Қазақстанның шығыс, солтүстік орталық аймақтарын алып жатқан байтақ өңірінің атымен аталатын Арқа күйшілік мектебініңең көрнекті тұлғасы-Тәттімбат Қазанғапұлы. Шертпе күй саласында екі ішекті алма- кезек даралап қағу, бір ішекті бойлай шерту әдістерін көбірек қолданған. Бұл тарапта жаңашыл бағыт, оқшау мектеп қалыптастырған Тәттімбет күйлерін терең ойға, философиялық толғамға толы шертпе күйлердің үздік үлгісі десек болады. Небары 45 жас қана ғұмырында өшпестей мұра қалдырған. Қазақтың күй өнеріне жаңа саз, соны өрнектермен байытып, түрлі тақырыпты қамтитын 40-тан аса күй шығарған.

Қаратау күйшілік мектебіндегі негізгі тұлға -Сүгір. Шертпе күй шебері қазақтың аспаптық өнерінде өшпес із қалдырған Сүгір өзіне дейінгі Тәттімбет, Тоқа күйлерін жете меңгере отырып,мазмұнын көркемдік жағынан байытып, дамыта түсті. Сүгір күйлерін асқан шеберлікпен орындап жеткізушілер қатарында күйші, домбырашы Төлеген Момбековтың есімін айрықша атауға болады.

Маңғыстау күйшілік дәстүрі бұл өңірде қалыптасқан күйшілік мектеп оқшау ыңғайда дамыған. Орындаушылық және шығармашылық әдістерінің ерекшелігімен көзге түседі. Маңғыстау өлкесінде аңыз- әңгімелермен баяндалатын көне күй үлгілері айтыс- тартыс, тармақты, тізбекті тарихи күйлер мол сақталған. Қазақ музыкасының арнайы кәсіпқойлық жүйеде қалыптасуына, дамуына атсалысқан қазіргі заман күйші композиторлардың шығамалары да мол.

Күй-халқымыздың ұлан-ғайыр музыкалық қазынасының ең бір мол саласы, құрылымы, мазмұны басқа да көп сипаттары жөнінен ке¬мел дамып, биік сөреге жеткен жанрлардың бірі.

Автор:
Назерке АХМЕТОВА, музыка пәнінің мұғалімі. Үшарал қалалық балалар шығармашылығы орталығы Алакөл ауданы.