Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Өмірі үлгі болған өрнегімен


21 ноября 2014, 12:45 | 1 596 просмотров



Кей қасиеттер туа бітеді ал

кейбірі еңбек арқылы қалыптасады.

Абай

Әр адамның өзіне тән талғамы, ерекше қасиеті таланты болады. Адам бойындағы осындай ізгі қасиеттер сыршыл сезім мен асқақ арманға ұласады. Бүгінгі таңнын басты талабы оқушылардың білімі мен шеберлікті тең меңгеруі және еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Халқымыздың ежелден жемісі үзілмей келе жатқан салт –дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ұлттық қолөнеріміздің озық үлгілері мен сусындатып халық арасындағы темірден түйін түйген, ағаштан ою ойған шеберлердің қол еңбегін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген жандардың бірі, бірегейі Алдаберген Слямжанұлы. Игі істерді қандай да болмасын игеру үлкен жауапкершілікті, төзімділікті талап етеді. Технология пәнінің өзіне тән ерекшелігі қыз балаларды әсемділікке, әдемілікке ұқыптылық пен іскерлікке баулыса, ұл балаларды еңбекқорлыққа, еңбекке тәрбиелейді. Ата – бабаларымыздың ұмытыла бастаған қол өнер түрлерін білуге ұлттық дәстүрлерін көкейге түюге эстетикалық құндылығы мен тәрбиелік мәні зор. Жасынан еңбекке бейім әр нәрсенің сырын білуге құмар Алдаберген аға Өскемен қаласындағы педагогикалық институттың технология және еңбекке баулу пәнінің мұғалімі мамандығына жүрек қалауымен оқуға түседі. Сүлейменов Алдаберген Слямжанұлы 1951 жылы 16 қарашада Көктерек ауылында дүниеге келеді. Жоғарғы оқу орнын ойдағыдай аяқтап еңбек жолын М.Маметова орта мектебінде еңбекке баулу пәнінен сабақ беруден бастайды. Алдаберген ағанын сабақ беру тәсілі де өзгеше. Кішіпейілдігі мен іскерлігі оқушылардың ынтасын өзіне аударады. Қазіргі Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының негізгі мақсаты-техникалық кәсіптік білім берудің мазмұнын арттыру десек Алдаберген ағаның өзекті мәселесі «Ұлттық өнермен білімді ұштастыруға үйрету». Қолданбалы өнердің әлеуметтік тәрбиелік рөлі тек эстетикалық құндылығымен бағаланбайды – ұлттық дәстүрлермен сабақтастықтан көрінеді. Шеберлік, іскерлік және білгірлік тақырыбында әр түрлі көрмелер ашып оған өзі қолдан жасаған жүн бұйымдарын былғарыдан жасалған «атакәсіп», «анакәсіп» өнерлерімен насихаттаудағы жасалған заттарын қойған. Ертоқым, ат әбзалдары, домбыра, түрлі ою өрнектер, Абайдың сырлы домбырасы, оюлы табақ, сый табақ, қобызың үлкенді-кішілі түрлері әсем де әшекейленген түрлі тұрмыстық заттар көздің жауын алады. Олардың әр қайсысынан шебердің озық үлгісін көруге болады.

Өз пәніне деген ынта жігері мен оқушылардың да қызығушылығын арттыра отырып, еңбекке баулып, талғам – танымдарын жетілдіріп, және ұлттық қолданбалы өнерді үйретіп, оның дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Осы орайда еңбегі ескерусіз қалмай, бірнеше мәрте жетістіктерге қол жеткізіп, облыстық мектеп оқушыларының техникалық және сәнді қолданбалы шығармашылық сатысындағы ұсынылған экспонаты үшін құрмет грамотасымен және үш дәрежелі дипломмен марапатталды. Облыстық мектеп оқушыларының техникалық қол өнер шығармашылық көрме- байқауын жоғары дәрежеде ұйымдастырғаны үшін мақтау грамотасымен белсенді қатысқаны үшін алғыс хатпен және Сарқан ауданының әкімі атынан С.Бекішевтін алыс хатымен марапатталды. «Ең үздік жыл мұғалімі- 2007» байқауындағы іс-тәжірибелі жан-жақты насихатталып, аудандық грамотаға ұсынылды. «Еңбек пәні тұрмыстық техника» номинациясында 1 орынға ие болып бірнеше рет Нұр Отан партиясының мадақтама грамоталарымен және шығармашылық табыстары үшін аудандық оқу бөлімінің марапаттарын жеңіп алды.

2005-2006 жылдарда Алматы облыстық мамандар кәсібін дамыту институтының құрмет грамотасын алады. 2005 жылы өткен қол өнер бұйымдарының байқауында ертұрман, ертоқым жасауда ерекше еңбегі үшін құрмет грамотасына ие болады. «Электротехникалық пресс»кіші ғылыми академиясына барған жұмыстары «Жер серіктері», «Механикалық диірмен», «Ши тоқитын машина» еңбектері жоғары бағаланып лайықты бағасын алады. Өзінің еңбек жолында көргені де, көңілге түйгені де көп тәжірибелі ұстаз. Заман ағымымен оқушылардың қол өнерге деген жаңаша көзқарасын қалыптастырып, қол өнер түрлерін танып білуге, тұрмыстық бұйымдар жасауға бейімдеп, қызықтырып баулып келеді. Ұзақ жылдар ұстаздық пен қол өнерді серік етіп өзі еңбек сіңірген М.Маметова орта мектебінің ыстық-суығын бірге бөлісіп, жас мамандарға да ақыл-кеңесін беріп, қиын да, қызықты мұғалімдік еңбектің дәмін татып биыл зейнет жасына жетіп отыр. Осы уақыт ішінде өзінің қарапайым майда қоңыр сабырлы мінезімен әріптестері арасында шәкірттері мен ата-аналар ортасында беделді құрметке ие болды. Ұмыт бола бастаған қол өнер мен ұлттық бұйымдар жасауды ұрпаққа аманат етіп жүрген ағамыздың жақсы дәстүрі жалғасын тауып жатса, шәкірттері көңілінен шықса, көңілі өсіп марқайары сөзсіз. Шәкірттері: Сәбитов Н, Жүнісов Ж, Сүлейменова С, Серікұлы А, Қазыкенов Р, Қазез Р. т.б. шәкірттері ұстаз мерейін үстем етіп түрлі салада жемісті еңбек етуде.

Зейнет жасына келген ағамызды ортамыздан құрметпен шығарып салып ол кісіге бейнеттің зейнетін көріп Әнипа (Ақыпбекова)Сүлейменовамен ұзақ ғұмыр кешіп, қос қызығы Салтанаты мен Ләззатынан көрген немерелерінің қызығын қызықтап, төңірегіне шуағын төгіп, шәкірттерін ертіп, шабыттың шалқарынан көріне беріңіз деген ізгі тілегімізді білдіреміз.

Көркейтіңіз өмірдің кең өрісін,

Алда әлі атқаратын көп ісің.

Ұстаздықпен шыққан зейнетіңіз ұзақ болып,

Көре беріңіз еңбегіңіздің жемісін.

Автор:
Смагулова Салтанат Оралхановна М.Маметова атындағы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Көктерек ауылы