Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Балалардың басты кітабынан қате жібергендер кімдер?


28 ноября 2014, 10:13 | 1 963 просмотра



Көрнекті жазушы, Алаш қай­раткері Жүсіпбек Аймауы­товтың: «Балаға бастауыш сыныпта білімді тек ана тілінде беру қажет­тігін» қадап айтқаны бар. Та­балдырықтан биік нәрсе жоқ. Бала үшін табалдырық дегеніміз не?

Ол – мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, бойға құяр білім нәрі. Бастауыш сыныптың есігін алғаш ашқан баланы мұғалімдер әліппемен қарсы алады. Ал бүгінгі әліппе баланың талғамына сай келе ме?

«Тарыдай болып кіретін» ба­ла­ның әліппесінің де сиқы кете бас­тапты. Неге бұлай айтып отыр­мыз? Себебі соңғы күндері бас­пасөзде айғай-шуға айналған мә­селенің бірі – Сәбилерге ар­нал­­­ған әліппе оқулығы болып тұр. Атал­мыш әліппені Қараған­ды­ның «Полиграф-Проэкст» бас­па­сы жа­рыққа шығарыпты. Тіпті әліп­пе­дегі авторлардың да аты-жөні беймағлұм. Тек қаптаған су­рет­шілердің ғана тізімі көрсе­тілген. 

Қазақ және орыс тілінде ба­сылған бұл кітап қалайша мол таралымға шығып кетті? Тіпті мұқабасының төбесінде «жақын арада мектепке» деп жазылыпты. Демек, бұл әліппе мектеп оқулық­тарының санатына енгізіледі деген сөз. Сонда қатесі бастан асып жатқан әліппемен мектеп балалары білім алмақ па? Бұл сорақылыққа кім жол берді? 

Әліппені парақтаған жур­налист оның әр бетінің қатеге толы екенін ашына жазады. 

Ә деп алғашқы бетін ашқаннан бастап, кітапты шығарушылар «А» әр­пінің өзінен қателескен. Қа­зақта «А» әрпінен басталатын сөздер көп емес пе? Ал әліппе авторы ондай сөздің бірін де есепке алмаған. Алма мен алмұртты, ана мен апаны еске алмағанына қарағанда, оқулықты орыстілді автор жазғаны көрініп тұр. 

Құлынды тана деп, аруананы атан деп шатастырған автор неге көрсетілмеген? Құлын мен тананы ажырата алмаса, олар «бала тілінде» неге сөйлеуге құ­мартты екен? «Әліппенің» ең со­рақысы – «Сүю» сөзін ал­ған­дығы. Мектеп табал­дырығын жаңа аттаған балаға сүюді үйретіп, суреттің астына сүйіскелі тұрған қыз бен жігіттің суретін беру арқылы тәрбиелегісі келгендер не ұтпақ? Бұл да сананы улаудың жаңаша көрінісі ме? 

Қазақтың оқулығында неге қате көп? Кез келген оқулық ми­нистрлік тарапынан бақыла­нып отырады делік. Онда Қараған­дының «Полиграф-Проэкст» баспасы әзірлеген әліппесі неге таралымға шығып кетті? Сауат­сыз, қате басылған оқулықты баспаға әзірлеп ұсынған кімдер? Оны неге министрлік қадағалауға алмаған? 

Оқулықтардың қателікке бой алдыруының тағы бір себебі, асығыстықта жатыр. Оқулықтарға жыл сайын тендер бөлінеді. Тендер бойынша ұтып алған баспа қысқа мерзім ішінде оқулықты әзірлеп, жарыққа шығаруға тиіс. Асығыста дайындалған кітаптың шалағай болып шығатыны бесенеден белгілі. Әрі асыққан баспагер авторға ұзақ оқулық дайындауына мұрша бермейді. 

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Төкен Жұ­мажанованың: «Оқулықтың асығыс жазылмаған күні жоқ. Жаңа буын оқулығын екі айда жазып бітіріңдер дейді. Біздің беретін сабағымыз бар, жұмы­сы­мыз бар. Босатпайды. 

«Ешкім шығармашылық демалыс алып, оқулық жазып көрген жоқ» деп шырылдауы тегін емес. Әрбір оқулық кемінде бір жыл дайындалуы қажет. Әрі бір ізге салынған әліппені жыл сайын өзгертудің де қажеті шамалы. 

Бүгін әліппе, ертең қазақ тілі, арғы күні әдебиет оқулығы саудаға салын­басына кім кепіл?! Көкпарға саламыз деп, оқулықтың да құнын төмендетіп алған жоқпыз ба? «А» деп алманы емес, өгізді үйретсек, «Б» деп базарды шарлап кет­пейік! 

«Тәрбиешіге Отанның келешек өмірін тапсыруға болады, себебі тәрбие нәти­жесінде ақылды адам көбейсе – Отанның күзетшісі, қорғаны» деген Аймауытов. Біз бүгінгі қоғамда Отанның күзетшісін, қорғанын қатеге толы әліппемен тәр­биелей аламыз ба? 

Міржақып Дулатов: «Балаларды оқыту өз алдына бір ғылым. Ғылым – педагогика. Жас баланы оқыған нәрсесі хақында ойлануға, оның мағынасын, қасиетін сездіруге қалай үйретпек керек?» деп өткен ғасырдың басында неге ой толғайды?! Жас баланы саналылыққа үй­ретудің басты жолы әліппеде жатқан­дығын Алаш қайраткерлері жақсы сезін­ген. Сон­дықтан да осы жолда ғұмырларын сарп етті. 

Ал біз тәуелсіз мемлекет құра отырып, ұрпақты білімсіздікке итер­мелеп отыр­мыз. Оқулықтың, әсіресе, әліппенің сауатты болғаны абзал. Сауатты әліппе – сауатты ұрпақты тәр­биелейді. Балдыр­ғандардың танымын бұзбауымыз үшін, шала да­йындалған, сауатсыз кітаптың таралымына жол бермеуіміз қажет. Мұндай кітаптар балалардың танымын былғайтынын, ой-санасын кемітетінін ұмытпайық!

Серікбол Хасан, ақын:

–Баланың ең алғашқы кітабы – әліппе. Сондықтан, бала әліппеден не үйренсе, болашақта сол үйренгенін өміріне азық етпек. Өкінішке қарай, қазір бізде неше түрлі әліппе шығарылатын болды. Бұрын әліппе дегенді бір баспа ғана шығарушы еді. Қазір аты бар да, заты жоқ баспаның бәрі әліппе шығарғыш болып алды. Әліппені шашауын шы­ғармай, әп-әдемі, тап-тұйнақтай етіп шығарса, тағы өкпелемес едік. Шығарған әліппелері толған қате. Балаға деп мысалға келтірген мәтіндері мәнсіз. Соған қарағанда, кітап авторлары ертең ол кітапты бала оқитынын қапе­ріне де алмайтын сияқты. Әйт­песе, әліппені әлем-жәлем қылып шығара ма екен?

Сосын әліппенің суреттері сын көтермейді. Түсініксіз, әдепсіз суреттер басылған әліппелерді көрдім. Әріптерге қандай сөздерді мысалға келтіру керегін білмейді. Суретте бір басқа, атауында мүлдем басқа. Сонда мұндай сауат­сыздықты не үшін жасай­мыз. Меніңше, мұндай топыр­латып әліппе шығарудың астарында мүлдем басқа мәселе жатыр. Ол – әліппеден ақша жасау. Баспалар әліппені өзара бөлісіп, соны сатып, пайда табуды көксейді. Ал ол әліппені кімдер оқиды, одан не түсінеді. Ол жағы ой­лан­дырмайды. Сондықтан бұл мәселені жауапсыз қалдырмауымыз керек. Баласының болашағына алаң­дайтын ата-ана мынадай сорақылық­тың алдын алмаса болмайды екен.

Автор:
Гүлзина БЕКТАС. «Айқын»