Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жетісуда ректорлар бас қосты


17 апреля 2015, 11:15 | 1 770 просмотров



Аймақтар арасында тұңғыш рет Алматы облысы еліміздегі ректорлар корпусының басын қосты. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорғанда ең беделді 10 ұлттық жоғарғы оқу орындарының ректорларымен екі жақты «Өзара ынтымақтастық» туралы келісімге қол қойды. Кездесуге жоғарғы оқу орындарының ректорлары, облыс әкімінің грантына үміткер 90 мектеп бітіруші түлек пен олардың ата-аналары қатысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ Ұлттық өнер университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің басшылығымен келісім нәтижесінде ата-ана қамқорлығынсыз және аз қамтылған отбасынан шыққан облысымыздағы мектеп бітіруші 90 түлектің аталған жоғарғы оқу орындарында өңірімізге қажетті мамандықтар бойынша алаңсыз білім алып шығуына жағдай жасалатын болады.

Облыс әкімі Амандық Баталов өз сөзінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғарыда аталған оқу орындарында білім алатын түлектеріміз бірнеше жылдан кейін тың ой, жаңа ұсыныспен оралып, әрбір саланың дамуына үлес қосады деген сенім білдірді. Мектеп бітіруші түлектерге алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуді абыроймен тапсырып, жоғарғы оқу орындарының студенттері атануына тілектестігін білдіріп, ректорларға да зор алғысын жеткізді. «Осы оқушылар күні ертең жоғары оқу орындарын аяқтаған соң «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көріп, облысымыздың өркендеуіне атсалысады деп ойлаймын. Жас мамандарды жұмыспен, тұрғын үймен, басқа да қолдау шараларымен қамтамасыз етуге жағдай жасаймыз», - деді А.Баталов.

Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері және Халық әртісі Айман Мұсаходжаева Жетісу жерінің өнер тарландарына, қайраткерлерге бай өлке екенін айта келе, бұл тегін оқу сертификаттары өлкенің жаңа жұлдыздарын жағатын, жаңа есімдерді дүниеге әкелетін үлкен мүмкіндік болады деген сенімін білдірді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: «Қазақстан 2050» Стратегиясын, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыратын - жарқын дамыған Қазақстан. Ал оны жасайтын - бүгінгі жастар. Адами капиталға салынған бұл инвестиция - елдің ертеңіне, жастардың жарқын болашағына деген жанашырлық деп білеміз», - деді өз сөзінде.

Соңында облыс әкімі мен жоғарғы оқу орнының ректорлары екі жақты келісімге қол қойды. Және 90 білім грантының иелігінен үміткер түлектерге ректорлар өз қолдарымен сертификаттар табыс етті.

Сонымен қатар, Талдықорғандағы «Жастар» саябағында «Білім аллеясы» пайда болып, оған еліміздегі ең беделді университеттердің ректорлары ағаш екті. Жоғары оқу орындарына бөлінген әкім грантының болашақ иегерлері - 90 оқушының да отырғызған көшеттері «Білім аллеясының» қатарын толықтырды. Бұл күні «Жастар» саябағына жалпы саны 100 тал егілді.

Автор:
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі