Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мектеп үйрететін орта, оның жүрегі мұғалім!


5 октября 2015, 05:07 | 4 763 просмотра



Білім кілті - мектепте! Мектептің айнасы, бәйтерегі -Мұғалім. Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне кезінде қазақ зиялылары көп көңіл бөлген. Ахмет Байтұрсынұлы “Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді” – деген болатын. Мұғалім білім нәрін себуші.

Өсіп келе жатқан ұрпақ – адамзаттың болашағы, жалғасы.

Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі қажет.

Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Алматы облысы Талдықорған қаласы №4 орта мектеп жақын күндері өзінің 85 жылдық мерейтойын тойламақшы. Қойнауында талай тарихты бүгіп жатқан білім ордасы осы жылдар ішінде мыңдаған шәкірттің жүрегіне нұр құйып, түлетіп ұшырды. Солардың жеткен жетістіктері, шыққан биіктері, атқарған игі істеріне сүйсініп, мақтанып жүрген жайы бар бүгіндері. Қылышынан қан тамған кеңес заманынан келе жатқан қазақ мектебі – осы киелі қара шаңырақ. Мерейтой қарсаңыда мектеп директоры Алматай Ерметайұлы Оңғаровпен сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.

– Алматай Ерметайұлы, сіз бас¬қарып отырған мектеп – көненің көзі. Бі¬¬лім ор¬да¬сының аймақ ай¬насы. Әңгі¬мемізді мектептің ір¬ге¬тасы қаланған жыл¬дардан бас¬тап, тарихынан сыр шер¬туден бас¬тасақ.

– Тарихқа жүгінсек №4 орта мектеп 1930 жылдан бері бастауынан білім нәрімен сусындап, тұмаларын жан-жаққа тарата бастаған киелі Жетісу өлкесінің білім ордасы. Ең алғаш бұл мектеп бастауыш сынып, сосын жеті жылдық мектеп болып ашылған. Сол кезеңдегі метеп директорлары:

1941-1942 жж.-Екатерина Федоровна Тарнова, 1959 ж-М.Горький атындағы орта мектеп болып өзгерді де директоры- Петр Иванович Шульгин. 1961 ж. Мектептің алғашқы түлектері: 1965-1976 жж.-Эдуард Александрович Кра, 1977-1979 жж.-Виталий Петрович Топоровский, 1979-1993 жж.-Иван

Алексеевич Опарин, білім беру ісінің үздігі, 1994-1995 жж.- Галина Григорьевна Степанова, 1995-2000жж.-№4 орта меженді мектеп-Тамара Ивановна Крайнова, білім беру ісінің үздігі. 2001-2012жж-Гаухар Сламғалиқызы Елубаева, білім беру ісінің үздігі. 2012-2013 жж.-Гүлнар Қабытайқызы Мұратбекова, білім беру ісінің үздігі. 2013 жылдан бастап білім ошағына мен келдім. Негізінен мектепті пайдалануға берілген уақыты – 1959, 1979, 1989 жылдар аралығында. Жалпы жобалау сыйымдылығы -1200. Оқитын балалар саны – 1726. Сынып кабинетінің саны -44, оның ішінде бастауышы -17. Оқыту тілі-аралас. Қазақ және орыс тілінде. Материалдық-техникалық базасы толық. Заманауй құрылғылармен жабдықталған химия, биология, физика кабинеттеріміз де бар.

-Өзіңіз басқарып отырған мектеп ұжымының бүгінгі хал ахуалы қалай? Әлемді жайпап жатқан дағдарысты қалай өткеріп жатырсыздар?

-Құдайға шүкір, соңғы жылдары мемлекет мектептерге көп көмек беруде. Қазір мектепті толығымен мемлекет өз қарамағына алған. Ең аяғы тазалыққа керекті құрал- саймандарымыздың өзі мемлекеттің мойнында. Мұғалімдерге де жағдай жасалған, айлықтарын уақытынан бір күн кешікпей алып отырады. Тек ұстаздардың құлшыныстары болса, пәнін, мамандығын сүйсе, меніңше көптеген шығармашылық жұмыстар істеуге болады. Ал, енді мектептің бүгінгі ахуалына келер болсақ, мен өзі бұл мектепке басшылық қызметке келгеніме 3-жылдай уақыт болды. Жұмысты дұрыс ұйымдастырып, мұғалімдерге жағдай жасап, әділ талап қоя білсең ол ұжым жақсы нәтижелерге қол жеткізеді деп ойлаймын. Бүгінгі таңда мектеп ұжымы жүйелі түрде жұмыс істейді. Тәрбие мен тәртіпке аса көңіл бөлінеді, өйткені тәртіп жоқ жерде қандай да бір жетістікке қол жеткізу мүмкін емес.

-Сіздің аталған мектепке басшылыққа келгеніңізге үш жылдай уақыт болыпты. Сіз келгелі мектепте қандай тың өзгерістер болды?

-Негізі адам өзін өзі мақтамайды ғой. Менің жетістіктерім деп те айта алмаймын. Қай жерде болмасын, мен жай мұғалім болайын, орынбасар, директор, басшы болайын әр нәрсені әр адам үлкен жауапкершілікпен істесе ол ұжым жетістікке жетпей қоймайды. Осы ретте, менің ұжымымның жауапкершілігі мол деп ойлаймын. Шын мәнінде ұжымымыздың ауызбіршілігі өте жоғары. Сол ауызбіршіліктің арқасында бүгінгі таңда талай жетістіктерге жетіп отырмыз деп айта аламын.

- Қазіргі қала мектептеріндегі оқушылардың бойынан ұлттық тәрбиені, қазаққа тән қасиеттерді байқай алмай жүрміз. Ол рас. Осы ретте сіз басшылық ететін мектепте ұлттық тәрбиеге қаншалықты көңіл бөлінген?

-Қай-қай мектеп болмасын, бірінші кезекте ұлттық тәрбиеге жіті көңіл бөлу керек. Мен мұғалімдерге: «Сіздер баланы ғана тәрбиелеп қана қоймайсыздар, қажет десе, қоғамды тәрбиелейсіздер»,- деп жиі айтып отырамын. Егер бала мектепте тәрбиесіз өссе, үйінде тәрбие көрмесе, оның ертеңі қалай болады? Ол мәңгі бала қалпында қалмайды ғой. Ол да есейеді, отбасын құрады. Өзі бір кітап оқымаса, білімін көтермесе, бала тәрбиесіне деген көзқарасы болмаса, қараңғы ата анадан қараңғы бала тумай ма? Сондықтан біз тек баланы ғана тәрбиелеп қана қоймаймыз, сонымен қатар олардың ата аналарының да тәрбиесіне көңіл аударамыз. Баланың бәрі жақсы. Жаман, қиын бала болмайды. Тек баланың жүрегінен жол таба білу керек. Балаларға: «Ертең бірің құл, бірің күң болмас үшін, білім алыңдар, сабақ оқыңдар», деп әрдайым айтып отырамыз.

-Мектеп басшысы ретінде тәрбие мен білім берудегі жылдық жоспарыңызбен бөліссеңіз?

- Білім алушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру басты мақсатым. Білім мен тәрбие берудегі ізгі жолда еңбек етіп жүрген кадр толыққанды, жоғары деңгейде жұмыс атқаруды жіті бақылау. Келешекке кемел, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.

– ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асуда?

– Жалпы білім берудің мақсаты – терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі дамытуға адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдерді қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруға негізделген, ақпаратты технологияны терең меңгерген, жылдам өзгеріп отыратын заманға лайықты, жаңашыл тұлғаны қалыптастыру. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы орта білім беру жүйесінің дамуымен тығыз байланысты.

- Кешегі мен бүгінгі ұстаздарға сізден кеңес?

- Кешегінің ұстазы болсын, бүгінгінің ұстазы болсын еш айырмашылық жоқ. Кеше де білім берген ұстаз... бүгінде білім берген ұстаз. Айырмашылық тек заманның ағымында. Оны өзгерткен мына біз адамзат қауымы.

– №4 орта мектеп балалардың жазғы демалысын, сауықтырылуын ұйымдастыруы қандай деңгейде?

– Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Жыл сайын балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу, сауықтыру шаралары, шығармашылық және қоғамшылдық белсенділігін арттыруға басты назар аударылады. Жартылай жетім, тұл жетім, жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар балаларына мектептен тегін сауықтырылуға жіберіледі.

– Талай белесті артта қалдырған мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігі қан¬дай? Республикада мектеп ме¬рейін, шет елде ел абыройын асы¬рып жүрген шә¬кірттеріңіз баршылық болар.

– Ғасырға жуық тарихында білім ордасы біршама түлектер ұшырды. Білім барысында қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардан, және пән олимпиядалардан жүлдесіз қалған күніміз болған емес. Мектебіміздің түлектері «Алтын белгі», ерекше үлгідегі аттестат иегерлері де бар. Ұлт¬тық бі¬рыңғай тестілеу қорытындысы бо¬йынша 2012-2013 оқу жылы 76,2; 2013-2014 жылдары 84,1; 2014-2015 жылдары 85,2 балмен қаладағы үздік бес мектептің сапындамыз. Біздің кемел келешегіміз әлі алда. Жалпы, мектептен түлеп ұшқан шә¬кірт¬тер арасында облысымызға, респуб¬ликамызға танымал болған, жоғары қыз¬меттер атқарған, еліміздің экономикасы да¬мып, әлеуметтік жағдайы жақсаруына сү¬белі үлес қосқан, әлі де еңбек етіп жүр¬ген азаматтар аз емес.

– Қазіргі күні жас ұрпақтың сапалы білім алуына, заман талабына сай өсіп-өнуіне жағдай жасалуда. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер ашылып жатыр. Бұл жағынан оқушыларыңыз бәсекелестік таныта алып жүр ме?

- Бәсекеге қабілетті, дарынды оқушыларымыз баршылық. Қоғамымыздың іргесін көтеруге, мектептен алған білім мен біліктіліктерін алға тартып, көштен қалмауға тырысатын шәкірттеріміз жеткілікті. Мектеп түлектері білім мен тәрбие алу жолында бір ғана бағытпен емес, бірнеше бағытты қолға алуда. Шет елмен байланысып, білім алу жолдарында ізденушіліктерін жоғарылату деңгейінде.

-Байқап отырсақ, мектеп бітіруші түлектер мамандық таңдауда ақсап жатады. Бәрінің экономист, заңгер болғысы келеді. Бірақ қазір ол мамандықтардың құны түсіп бара жатыр ғой. Өйткені екінің бірі заңгер, екінің бірі экономист. Ауылшыраушылық мамандарына қазір мемлекет көп көңіл бөлуде, бірақ оған бармайды. Ешкімнің ауылға барғысы келмейді. Мамандық таңдауда адаспас үшін оқушыларыңызға қандай да бір консультациялар, арнайы курстар жүргізесіздер ме?

- Ол міндетті түрде. 9-сыныптан бастап мамандық таңдауға жүйелі түрде жұмыстар жүргізіледі. Өйткені 9-сыныптан кейін оқушылардың көпшілігі колледжге барады. Мамандықтың алғашқы табалдырығын аттайды. Қазіргі таңда мектептерде бейімдеп оқыту қолға алынған. Оған дайындық тіпті 5-сыныптан басталады. Осы кезден бастап баланың неге бейім екенін түрлі тесттер арқылы, әңгімелесу арқылы анықтап, толығымен жұмыс жүргіземіз.

– Бүгінгі таңда балаларға ғылыми негізде білім берілуі тиіс. Ол үшін ғылыми атақтары бар жетекшілер керек. Білім ошағында ондай дәрежедегі мұғалімдер бар ма?

– Өзімізде мұғалімдердің әдістемелік бірлестіктері бар. Қазіргі заман талабына сай қазақ әдебиеті, тарих, география, биология пәндері мұғалімдері “Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту” жобасы стратегияларын, математика, физика, химия пәндері мұғалімдері “Деңгейлеп-саралап оқыту” технологиясын сабақтарында ұтымды пайдаланып жүр. “Деңгейлеп-саралап оқытуда” оқушының өз бетімен білім алудағы белсенділігіне баса назар аударылып, баланы дүниежүзілік білім жүйесінде қолданылатын рейтинг-ұпай жинау әдісіне баулиды.

– Қазақ мектептерінде сапалы білім жоқ деген пікірге көзқарасыңыз қалай?

- Ондай пікір ескірген. Білім аламын деген адамға қай тілде болмасын негізгі көздері бар. Білім алушыда соған деген ынтасы болуы қажет деп ойлаймын. Мұндай алып-қашпа әңгімелер көп. Білім адамды іздемейді, білімді адам өзі іздейді. Білімді, тәрбиелі, зиялы боламын дегенге қай жерде болсын есік ашық. Мектепте озық тәжірибелерімен көзге түсіп, оны баспасөз беттерінде жариялап жүрген мұғалімдер де баршылық. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Біздің мектепті терең білім беретін заманға сай жұмыс істейтін элиталық білім ошағы деп ұялмай айта аламын. ҰБТ-ның нәтижесі мұғалімнің білім деңгейін көрсетеді. Бір пәннен екі мұғалім болса, олардың арасында бәсекелестік болуы керек. Олардың әрқайсысы бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Сонда ғана білім сапасын жақсарта аламыз, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіретін шәкірт тәрбиелеу – біздің міндетіміз.

-Елбасы өзінің халыққа жолдауында педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор деп атап көрсетіп, біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құруға тапсырма берді. Бұған сіздер дайынсыздар ма?

- Мұғалімнің білімі мен біліктілігі қоғам үшін өзекті мәселе екені айқын. Оқушының функциялық сауаттылығы тікелей осыған байланысты. Мұғалімді мектепке жұмысқа жіберуді тәуелсіз жүйе шешуге көшсе шындығында ол мектептің қоғамдағы беделін арттыруға алып келер еді.

Біз оған да дап-дайын отырмыз десек артық айтқандық болар. Ұжымда жолдауды талдау барысында сөз еткеніміз рас. Дегенмен әр оқытушының өзінің дайындалғаны абзал. Әкімшілік те қарап отырған жоқ. Сонау 2008 жылдан бастап мұғалімдерден тест қабылдауды ұйымдастырып келеміз. Оның қорытындылары күнделікті қызметте пайдаланылып, кезекті біліктілікті анықтау аттестациясында ескеріліп жүр. Жоғарыдан түсетін ресми құжаттарды күтпей-ақ мектептің әдістемелік кеңесі арнайы жоспар жасап, әр мұғалімнің өзіндік білім көтеруіне жағай туғызып, бақылауға алды.

-ҰБТ бойынша жетістіктеріңіз жаман емес екен. Мектебіңізде қазіргі заманғы әдістемелер мен педогогикалық технологияларды енгізу, пайдалану дәрежесі қандай?

- Сіз айтқан педагогикалық технологиямен ғылыми әдістемелік жұмыс өз алдына үлкен әңгіме. Бұл жерде оқырманға түсінікті тілмен айтсақ, әр мұғалім өзіне қолайлы өзі білетін технологиямен жұмыс істейді. Бұл олардың шығармашылығына жол ашады. Бастысы мұғалім мен шәкірт арасында шынайы түсіністік ахуал болу керек. Мұны біздің тілде «ынтымақтастық педагогикасы» деп атайды. Қазіргі таңдағы басты талап мынау: мұғалім жол көрсетуші керекті мәліметтер мен әдебиеттерді тауып беріп түсіндіруші ролін атқару керек, ал шәкірт оны өзінше зерттеуші, ары қарай ізденуші ролінде болып қорытындыны өзі жасау керек. Бала қорытындыны дұрыс жасады ма, жоқ па, әрине ұстаз төреші болады. Міне осылай оқушы өзі ізденсе, өзі оқыса ол игерген ілім, білім терең де тиянақты болады. Мұғалімнің айтқанын тыңдап отыратын заман артта қалған. Мұны көпшіліктің білгені жөн. Біздің ұстаздар қауымы осы бағыттарда шығармашылықпен еңбектеніп жатыр.

– Қарап отырсаңыз, педагогтың атқаратын функциясы жан-жақты. Қойылатын талап та, жауапкершілік те жоғары. Қалай ойлайсыз, осындай талаптарды жүзеге асыратын, педагог қоғамымызда мәртебелі ме?

– Қоғамда педагогтың мәртебесін көтеруде мемлекет тарапынан біраз қадамдар жасалды. Біріншіден, Елбасының тапсырмасына сәйкес 2012 жылдан бастап мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі түбегейлі өзгерді. Аталған өзгерістерді Назарбаев Зияткерлік мектептері мен "Өрлеу" ұлттық біліктілікті арттыру орталығы әлемдік тәжірибе негізінде жүзеге асыруда. Әлемдік деңгейдегі әдістемелер жаңа формациядағы мұғалімдерді қалыптастырудың ортасы, жаңартудағы қозғаушы күшке айналады. Біліктілік санаттарына сәйкес мұғалімдерге 30 пайыздан 100 пайызға дейін қосымша ақы, ауылдық жерлерде қосымша 25 пайыз ақы төленеді. Ең бастысы, үздік практиканы меңгерген бұл мұғалімдер орта мектеп жүйесіне жаңаша леп әкеледі. Білім беру қызметінің сапасын жаңа деңгейге жеткізуге ықпал етеді. Мемлекет тарпынан педагогтардың мәртебесін көтерудің бір жолы – жыл сайынғы педагогикалық кадрларды дайындау үшін мемлекеттік тапсырыстар. Педагогтың мәртебесін көтерудің тағы бір жолы — әр педагог өзіне тиісті лауазымдық міндеттерді жоғарыда аталған біліктілік сипаттамаларға сәйкес сапалы орындау деп ойлаймын.

- Алматай Ерметайұлы, ұстаз ретінде бүгінгі білім беру жүйесіне деген сіздің пікіріңіз?

- Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі - мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс - оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін , барлық шәкіртін , мектебін шексіз сүйетін адам.Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті. Жаңа формация мұғалімі табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар : бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі. Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай- ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сыңдарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтердің, зиялылар қауымының деңгейіне байланысты. Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықтарды игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңестігіне ене отырып, басекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну – қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі.

– Соңғы жаңалықтарға құлақ түрсек, ҰБТ сынақтарын да өзгеріс күтіп тұрғандай…

– Иә, әрбір реформаның өзіндік жақсы жақтары мен кемшін түскен тұстары да болады. Соңғы кезде тестілеу сынақтарының көбейіп кетуі балалардың өз ойын еркін жеткізіп, анық сөйлеп, әдеби жазуына кері әсер еткені белгілі. Сабақтан бөлек, жай әңгімелесуде де балалар тақ-тұқ, қысқарған сөздермен сөйлеуге, жазуға құмар. Бұл болашақта үлкен қатер тудырады деп ойлаймын. Өйткені, «Өнер алды – қызыл тіл». Әркім өз ойын түсінікті жеткізе білуі тиіс

-Жас мамандардың білім қандай, талпынысына қандай баға бересіз?

- Біздің мектептегі жас мамандарға көңілім толады. Талап пен тәртіпке сай жұмыстарын уақытылы атқарады. Білім беру үрдісі де қанағаттандырады. Шет елмен тәжірибе алмасулары да бар. Жан-жақтылыққа жақсы бейімделген. Қоғамға да өз үлестерін қосып, әртүрлі байқауларға шәкірт дайындап, өздері де қатысып жүлделі орындармен оралып келеді. Алдарына қойған мақсат-мүдделері жақсы. Көштен қалмауға тырысады. Білмегендерін тәжірибесі жоғары ұстаздардан сұрап, үйреніп жатады. Оқуын, ізденуін тоқтатпайды. Үнемі жаңалық ашуға тырысып жүретін жас мамандардың жұмысы мені қуантады.

- 85 жылдық тарихы бар мектепке деген ата-аналардың көзқарасы қандай? Жалпы өзіңіз мектеп жұмысын қалай бағалайсыз?

- Жалпы мектепте ата-аналар комитеті құрылған. Барлық сынып-жетекшілер оқушыларының ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарады. Сынып сағаттарында, ата-аналар жиналысында да әр баланың ата-анасымен жеке-жеке сөйлесуге, көкей-кесті сауалдарына жауап беруге тырысамыз. Сабақтан тыс уақытта да байланысты үзбейміз. Сын айтылмай, мін түзелмейді деген. Сырт көз сыншы. Біздің мүлт жіберіп алған кемшіліктеріміз я болмаса ата-аналар тарапынан қосар пікірлер болса біз мұқият қадағалаймыз. Олардың көзқарастары мен пікірлерімен санасамыз. Ұжыммен талқыға саламыз. Шағымданушылар болса шағымдарына да баса назар аударамыз. Осының барлығы мектебіміздің артықшылықтары мен кемшіліктерін айқын көрсетеді. Ата-аналардың пікірін білу арқылы болашақ жоспарымызды қалыптастырамыз. Сонда біз нақты қандай мәселелерге мән беруміз керек, оқыту үдерісінде оқушыларға қойылатын талаптарды қалай өзгертуіміз керек. Білім мазмұнын қандай әдіс-тәсілдері арқылы меңгертудің жолдары тиімдірек, осыны талқыға саламыз.

«Білім шапағаты» анықтамасы

Мектептің атақты түлектері

1967 ж-Тлеуберді Жансенгиров, Талдықорған қалалық емхананың бас дәрігері

1967 ж-Валерий Метелев, химия ғылымдарының докторы, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Оксфорд университетінің құрметті докторы.

2003 ж-Андрей Аввакумов, «Союз» ғарыш кемелерінің инженер-сынақшысы, Байқоңыр қаласы. «Энергия» корпорациясының ұшқыш зымыран-ғарыш аппаратының инженер-сынақшысы Мәскеу қаласы.

Халықаралық байқаулар мен олимпияда жеңімпаздары:

2009-2010 оқу жылы – Фархат Орманов, ағылшын тілі, Кипр аралы.

Полина Зименко, биология, Кипр аралы.

Айгерім Ибрагимова, ғарыш туралы ғылым, Байқоңыр қаласы.

Мақпал Жақанова, ғарыш туралы ғңылым, Байқоңыр қаласы.

2010-2011 оқу жылы

Ардақ Жұмабекова, физика, Мәскеу қаласы

Санат Махмұт, ғарыш туралы ғылым, Бішкек қаласы

Шерали Манликов, математика Кипр аралы

2011-2012 оқу жылы

Еркебұлан Жақанбаев, физика, Мәскеу қаласы

Диана Манликова, ғарыш туралы ғылым, Мәскеу қаласы.

2012-2013 оқу жылы

Айп Ерасыл, ғарыш туралы ғылым, Байқоңыр қаласы

Андрей Ким, информатика, Мәскеу қаласы

Азамат Мамиров, ғарыш туралы ғылым, Байқоңыр қаласы

Ануар Нурбеков, физика, Мәскеу қаласы.

2013-2014 оқу жылы

Рамазан Рымбеков, ғарыш туралы ғылым, Байқоңыр қаласы.

Елнұр Ғылымбеков, физика, Мәскеу қаласы.

Андас Асубаев, физика, Мәскеу қаласы.

Дайана Манликова, ғарыш туралы ғылым, Байқоңыр қаласы.

Айгерім Базарбаева, физика, Мәскеу қаласы.

Әсем Искакова, математика, Мәскеу қаласы.

Әрбір мемлекеттің келешегі ең алдымен мектебінде шыңдалады. Ертең осы кең-байтақ елімізге ие болып, тізгінін ұстар-мектеп оқушысының білім сапасы бәрімізді де толғандырады. Білектің емес, білімнің заманы туған тұста бүгінгі қоғамда сапалы білім алуға мүмкіндік көп. ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, кәсіби мәдениеттілікті, терең білім мен ізденісті талап ететін дәуір десек, білім саласы қай кезде де қоғамның назарында. Алматы обылысы Талдықорған қаласындағы №4 орта мектебі биыл ғасыр ширегін сызып қоярлық тарихи меженің табалдырығын аттағалы тұр. Аталмыш қарашыңарақтың бүгінде қол жеткізген табыстары мен асқан асулары көңілге қуаныш ұялатып, шаттыққа бөлейді.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ