Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұлт ұстазы


22 декабря 2015, 11:50 | 1 774 просмотра



Мен қарапайым қазақ ауылында туып-өстім. Ауыл балаларымен бір¬ге оқыдым. Бұл өткен ғасырдың 50-ші жылдарының бас кезі. Алапат соғыстан кейінгі өте бір қиын кезең. Мектептің шағын ғана бөлмесінің бір бұрышында қолдан-қолға ауы¬сып әбден ескірген санаулы ғана кітаптар болушы еді. Сол бөлмеге жиі-жиі барамыз. Бірақ, ол кітаптарды негізінен жоғары сынып оқушыларына береді. Мен төртінші сыныпта оқып жүргенде біздің үйге кішкене ғана балалар газеті келіп тұрды. Аға-әпкем жаздырды ма, әлде мектептен беріп тұрды ма, ол жағы қазір есімде жоқ. Бір сөзін түсініп, бір сөзін түсінбеймін, бірақ түгел оқимын. Бір күні апамның жиен сіңлісі күйеуімен қонаққа келді. Сол ағамыз шылым орауға газет шетінен жыртып алыпты. Мен бағалы затымнан айырылғандай егіл-тегіл жылағаным есімде. Ана кісі әбден қысылып, үй ішіндегілер ұялып, кәдімгідей сасқалақтап қалған ғой. Айтайын дегенім, менің газет-журналдарға қызығушылығымның бастауында сол кішкентай ғана балаларға арналған басылым тұрған шығар деп ойлаймын. Кішігірім әңгімелер, қысқа ертегілер болушы еді. Өлеңдер мен жұмбақ-жаңылтпаштарды жаттап аламын. «Не оқыдың, қане, айта ғой», деген үлкендердің қолпаштауын мақтаныш көрем бе, қайталап айта берем. Ойлап тұрсам, нағыз тіл ұстартудың, әдебиетке қызығушылықтың мектебі екен ғой. Кейінірек үлкен мемлекеттік қызметке кел¬генде «Ұлан» газеті арқылы еліміз¬дің оқушы жастарына «Ай¬на-лайын балалар» деп сөз арнау¬ға мүмкіншілік туғанына қуандым.

Ата-аналар, ұстаздар қауымы балалардың неше түрлі өсек-аяң өріп жүрген интернетті қазбалай бермей, кітап оқуға, балаларға рухани азық ұсынатын өздерінің басылымдарын оқуға баулығаны абзал. Бұл әдетке айналса, үлкен классик-жазушылардың кітаптарын өздері іздеп оқиды.

Бұл бір сәттік тірлік екеніне, оның жемісі де оңды болатынына мен ұстаз ретінде кәміл сенемін. Менің ертерек қоғамдық жұмысқа келуіме, мемлекеттік қызметтерге араласа бастауыма да газет-журналдарға жақын болуымның әсері болған шығар. Сол кезден бастап еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» тұрақты оқырманымын. Мен үшін ол рухани қажеттілікке айналды.

Еліміздің бас басылымы білмегеніңді білдіретін Ұстаз сияқты, кейде ақыл-кеңес беріп отырған Абыз ақсақал сияқты, кейде емен-жарқын пікірлесіп отырған замандасың сияқты. Ал жұртшылықтың құрметінде жүрген айтулы тұлғаларымыздың ойлы сөзін оқығанда кеудеңде жаңа сана көзі ашылғандай рухани байып қаласың. Шындығында, осы газет еліміздің саяси-әлеуметтік, экономикалық, рухани өмірінің бір ғасырға жуық шежіресі іспетті. Айталық, өткен ғасырдың соңғы ширегінде Алаш ардақтыларының араға жарты ғасыр салып елімен қайта қауышуы бүкіл қазақ ұлты үшін ерекше қуанышты жағдай болды емес пе? Сол кезде аға басылым баға жетпес қызмет жасады. Ол әлі де жалғасып жатыр. Бабалар аңсаған еліміздің Тәуелсіздігін бүкіл қазақстандықтарға, төрткіл дүниеге жариялаған да «Егемен Қазақстан». Сол жылдары өтпелі кезеңнің қайшылықтары мен қиыншылықтарын еңсере отырып, мүлдем жаңа қоғам құруға бағышталған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының әр жылы халыққа арнаған Жолдауларын, барлық салиқалы саясатын көпшілікке насихаттап отырған да осы басылым.

Биыл көктемде кеңінен аталып өтілген Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған қаншама құнды дүниелер осы газет арқылы қалың жұртшылыққа жетті. Елінің амандығы мен жерінің бүтіндігі үшін, халқының бостандығы мен жарқын болашағы үшін оқ пен оттың астында жүріп өз Отанының сенімін абыройлы атқарып, тіпті жанын қиған, немесе денсаулығын берген, әртүрлі себептермен осы уақытқа дейін аты-жөні де аталмай келген боздақтар (олардың арасында он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей жастар бар) туралы қаншама жарияланымдар болды. Керемет сауапты іс атқарылды. Осы жұмыс әрі қарай да «Ақтаңдақтар ақиқаты» айдарымен жалғаса берсе ғой. Бұл өте керек. Себебі, өкінішті болса да бүгінгі жастар мұхиттың арғы бетіндегі, немесе кәрі құрлық елдерінің белгілі актері қандай фильмдерге түсіп жатыр, оның қанша үйі бар, қандай қымбат көліктері бар екені туралы күнделікті мәлімет алып отырады, ал өз тарихы мен оны жасаған тұлғалар туралы біле бермейді. Ол үшін оларды кінәлау да орынсыз. Біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Оның артықшылықтары да, қайшылықтары да жоқ емес. Осы жағдайда басқа елдің саяси құрылымы жалпы даму барысы, халықаралық қауымдастықтағы орны біздің елмен экономикалық және мәдени қарым-қатынасы, білім саласындағы өзекті мәселелері, адам капиталының өсу жолдары туралы хабардар болып отырғаны дұрыс. Газеттің «Замана» айдарымен берілетін мақалалардың танымдық маңызы өте жоғары. Әсіресе, Елбасы сапарлары туралы жақсы мәліметтер беріледі. Бұл құптарлық жағдай. Елбасының өте қиын әрі мазасыз, бірақ елі үшін, мемлекеті үшін жасалып жатқан ұлан-ғайыр еңбегін халқы біліп отырғаны керек. Екіншіден, бұл оқырмандардың сая¬си мәдениетінің қалыптасуына, сөз жоқ, әсер етеді. Жуырда ғана атап өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты жыл бойы аға газет бетінде өз тарихымыз туралы бұрын-соңды айтылмаған әңгімелер беріліп тұрды.

Меніңше, Елбасының сөздері, белгілі тарихшы ғалымдардың мақалалары елде үлкен бір рухани серпіліс тууына негіз болды. Елбасының «Біз Ұлы Дала мұрагеріміз» дегені бүкіл қазақ ұлтының мерейін өсіріп, еңсесін көтерді. Бұл өзіндік құны өте жоғары сезім. Енді ата-аналар, ұстаздар, бәріміз, әсіресе, жастар мемлекетіміздің болашағы үшін, еліміз шын мәнінде «Мәңгілік Ел» болуы үшін жауапкершілікті түсініп, әрқайсымыз биік мақсатқа өз үлесімізді қосуымыз керек. Қаншама құнды деректер жария¬ланды. Ол бүгінгі біздердің болашақ ұрпаққа қалдырған аманатымыз, яғни аға басылым еліміздің ертеңі үшін де қызмет жасап отыр. Бір ғасырлық ғұмырында оның беттерінде берілген құнды жария-ланымдарды біздің болашақ ұрпаққа қалдырған аманатымыз деп түсінем. Сондықтан да бүгінгі күніміз табысты болуы үшін, ертеңімізге сенімді болу үшін, ең бастысы, келер ұрпақ елінің тарихын, барлық ұлттық құндылықтарын және ұлт мақтанышына айналған айтулы тұлғаларын біліп өсуі үшін бүгінде бүкіл ұлттың ұстазына айналған «Егемен Қазақстанның» бар мүмкіншілігін пайдалануымыз керек. Ол үшін оның оқырмандары көп болса деймін.

Автор:
Шәмша Беркімбаева. АЛМАТЫ.