Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Біз көрген білім


22 декабря 2015, 11:57 | 2 250 просмотров



Қазақ елінің тәуелсіздік мерекесі – 16 желтоқсан, барлық қазақстандықтар үшін ортақ күн. Тәуелсіздік мерекесін тойлап, қай телеарнаны қоссаң Тәуелсіздік туралы хабарлар, қай газет бетін ашсаң Тәуелсіздік туралы мақалаларды көресің. Тәуелсіздіктің 24 жыл ішінде мемлекетімізде көптеген өзгерістер орын алды. Кез-келген мемлекеттің дамуының негізгі әрі маңызды көрсеткіш –халқының білімі. Бүгін біз Қазақстан білім беру саласының сонау 1991 жылдан бері орын алған өзгерістер мен ерекшеліктеріне тоқталып өтпекпіз. Жасыратыны жоқ, білім беру саласы қоғам тарапынан ең көп сыналатын саланың бірі. Білім беру жүйесіндегі реформалар мен өзгерісті халық белсене талқылай түседі. ҰБТ, жоғарғы білім, бала-бақшалардағы жағдай, оқулықтар сапасы, мектеп мәселесі, мұғалім мамандығының рөлі тағысы тағы. Тұғыры биік мемлекеттің болшағы –білімді ұрпақта. Сол себептен де білім мен ғылым мәселесі әр уақытта өзекті болып қала бермек. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап білім беру саласында болған өзгерістер сан алуан. 24 жыл ішінде 12 білім министрі ауысып, әрқайсы өзімен бірге жаңа «өзгешелік» алып келген. Жаңа бағыт, жаңа технология, жаңа даму. Әр министр ұсынған жаңа технология мен жаңа бағыт білім беру саласын әлемдік стандартқа ыңғайластыру, нарықтық экономикаға білім беру жүйесін бейімдеуді көздеді. Бірін халық қолдаса, екіншісіне наразы болды. Бүгінгі уақытты өткен күндермен салыстыруға келмейді, себебі 24 жыл өтті. Бәріне уақыт сыншы. Біз болашаққа бағдар беру үшін өткенді саралаймыз.

Статистика сөйлейді

90-жылдар барша посткеңесттік елдер үшін ең қиын-қыстау уақыт болғаны аян. Әлеуметтік тұрақсыздық, жұмыссыздық кезеңі еді. Ұлттық Статистикалық агенттік дерегіне үңілсек, 1992 жылы елімізде 8578 бала-бақша болса, 1995 жылы бұл көрсеткіш 5058-ке төмендеген. 1997 жылы елімізде ЖОО-ы саны 144-ке көбейіп, студенттер саны 318755- ке жеткен. 1997-1998 оқу жылдарында 8238 мектеп тіркелсе, 2000 жылы мектеп саны 8309 болған. 2000-2001 оқу жылында елдегі 47 мемлекеттік жоғары оқу орыдарындағы студенттер саны 267 447 болды. Өзінің он жылдық дамуы барысында жоғары кәсіби білім берудің мемлекеттік емес секторы жалпы білім беру жүйесінде елеулі рөл атқара бастады. 2001 жылдың басында елде жоғары кәсіби білімді мамандар даярлауға мемлекеттік лицензия алған 121 мемлекеттік емес жоғары оқу орны болды. Сонымен 2002 жылы Қазақстанда ЖОО-ының жалпы саны 177-ге жетіп, 590982 студенттер білім алды. 2003-2004 жылдары бала-бақшалар саны 1120 – ға жетіп, 168761 бүлдіршін тәрбиеленеді. 2001—2007 жылдары — Орта білім беру мен жоғарғы білім беру жүйелерін стратегиялық дамыту қоға алынады. 2004 жылы мектеп бітірушілердің білімін бағалап, түсу емтиханын біріктіретін Ұлттық бірыңғай тест жүйесі заңдық күшіне ие болды. Белгіліл ресми деректерге сүйенсек, 2004 жылы Білім және ғылым министрлігінің бюджеті 31 миллиард теңге құраса, 2007 жылы 131,5 миллиард теңге болды.

1990-1991 оқу жылдары Қазақстанда 55 ЖОО-ны тіркелген. Он жылдан соң бұл сан 170 оқу орнына көбейген. 2004-2005 жылы Қазақстанда 180 оқу орны болған, 2006 жылдан бастап ЖОО жабыла бастады. Сөйтіп 2007 жылы елімізде ЖОО-дары саны 167 болды.

Заман заңмен өзгерді

Жаңа заманға қадам басу, жаңа заңдарды талап етті. 1995 жылы Қазақстанда жаңа Конституция қабылданып, онда жалпыға бірдей міндетті әрі тегін орта білім беру бағыты жарияланды. ҚР “Білім беру туралы” жаңа Заңы 1999 жылы 7 маусымда қабылданды. Бұнда бұрынғыдай жалпы білім беретін мектептің бастауыш (1 – 4-сыныптар), негізгі (5 – 9-сыныптар) және жоғары (10 – 12-сыныптар) деп аталатын үш сатысы бекітілді. Орта (толық) білім алудың түрлі жолдары айқындалды. Орта білім жалпы білім беретін (күндізгі, кешкі) және кәсіптік мектептер (лицейлер) мен колледждерде берілетін болды. Мұнда оқушы кәсіби мамандық алумен қатар оқуын мектеп бағдарламасы бойынша аяқтайды. “Білім беру туралы” Заңға сәйкес бұрынғы нормативтік құқықтық негіз жаңартылып, мемлекеттік “Білім” бағдарламасы жасалды. Бұл бағдарлама білім беру жүйесін реформалауды қазіргі экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайға сәйкестендіреді. 1994 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындала бастайды. Он жылдың көлемінде мыңнан аса бала алдыңғы қатарлы шетелдік ЖОО-лардан білім алса, 2005 жылдан бастап «Болашақ» балалар санын 3000-ға жеткізеді.1995—1998 жылдары — Жоғарғы білім жүйесі мазмұнының жаңаруы, модернизациялануы. Жоғарғы білімді реформалау үрдісі 1995 жылдан бастап қолға алынды.1996 жылдың соңында шет елдерде тұратын отандастарды қолдау мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның шеңберіне тарихи отанына оралған оралмандарды оқыту мен қайта оқыту кіреді. 1997 жылы республиканың сегіз облысында дарынды балалар үшін арнаулы мектептер мен мектеп-интернаттары бар республикалық “Дарын” ғылыми-практикалық орталық құрылды. 1999—2000 жылдары — білім беру саласын қаржыландыру және басқару децентрализациялау, білім беруді ұйымдастыруда академиялық еркіндік берілді. 1997 жылы орта білім жүйесін ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның мақсаты – республика мектептерін мультимедиялық компьютерлік сыныптармен қамтамасыз ету, компьютерлік оқу бағдарламаларын, электрондық оқулықтар жасау, білім беруді басқару жүйесін ақпараттандыру. “Жалпы білім беретін мектептер үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау және басып шығару туралы” кешенді бағдарлама жалпы білім беретін мектептер үшін жаңа үлгідегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жасауды мақсат етеді. Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тілдерді оқытудың түпнұсқа бағдарламалары мен жаңа технологиясын дайындауды, қазақ тілін оқытуды тиімді жүргізуге байланысты оқулықтар, аудиокөру, компьютерлік бағдарламалар шығаруды көздеді. 2004 жылы 2004-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың өңірлік бағдарламасы қабылданады. Соның аясында 12 жылдық білім жүйесі енгізіле бастайды. Айта кетейік, 12 жылдық модельге көшу, яғни оқушылардың жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған жоғары сатыдағы бейіндік және кәсіптік бағдарлы оқыту жүйесін қалыптастыру – ең күрделі міндеттердің бірі. 2005—2010 жылдары — жоғарғы білім беру жүйесін нарықтық экономика жағдайына тиімді икемдеу жолдарын іздеу. Қазақстан Республикасында бiлiм берудi дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы қабылданады. 2007 жылы біздің елде «Білім туралы» жаңа заңның редакциясы жарық көреді. Сәл кейін Білім беруді дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған бағдарламасы мен 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданады. 2007 жылы «Білім туралы» Заңға сәйкес, «Кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру ережесі» бекітіледі. Кредиттік оқыту технологиясы – білім беру технологиясы, өз бетімен білім алу деңгейін көтеру және дара негізінде шығармашылық білімді меңгеру, оқу процесін және білім көлемін кредит негізінде есепке алуды, білім беруді таңдап алған траекториясын регламенттеу. 2008 жылы Елбасы «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қояды.2008 жыл: «Тұңғыш Президенттің 20 интеллектуалды мектептері» жобасы шеңберінде жалпы білім беретін мектептер желісін құру мен олардың жұмыстарын үйлестіру мақсатында «Өркен» АҚ құрылды. 2010 жылдың бас шенінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітіледі.2010 жылы Қазақстан 47 елдің басын қосқан «Болон» процесіне қосылады.2010 жылы 2020 жылға дейінгі білім беруді дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы қабылданады.

Жаңа бағдар бағытында

Бүгінгінің бағыты ертеңге бағдар болатыны анық. 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы қабылданды. Нәтижесінде 2010 жылда республика бойынша бала-бақшалар саны 4781-ге жетіп, 2012 жылы Қазақстандағы мектепке дейінгі тәрбиелейтін мекемелер саны -7221- ды құрады. Білім беруді дамыту 2011-2020 жылғы бағдарлама қабылданды. Мектептерде « E-learning» электронды жүйесін енгізу қолға алынды. 2011-2012 оқу жылдарында елімізде 146 ЖОО-ны тіркелді. Жоғарғы білім сапасын арттыру мақсатында университеттер саны қысқартылып, 2012-2013 оқу жылдары елімізде 139 университет болды. Дәл бүгін елімізде 125 жоғары оқу орны жұмыс істейді, солардың ішінде 20-ға жуығы жеке меншік. Білім және ғылым министрлігінің бүгінгі күнгі жоспарлары бойынша 2016 жылға қарай бүлдіршіндердің 80 пайызы балабақшаға баруы тиіс. Мектепке дейінгі ұйымдардың саны 10 мыңға жеткізіп, жоғары білімі бар педагогтерді барынша арттыруды көздемек. 2015 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға бағытталған, сонымен бірге 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға негізделген. «Негізгі жаңалықтардың бірі білім беру жүйесіне студенттердің міндетті өндірістік тәжірибеден өтуі, дуальды оқыту, жастардың бірінші жұмысшы мамандығын тегін алуы секілді мәселелер заңнамалық тұрғыда қамтылады. Бұл ретте дуальды оқытуды өндірістік оқытудың кемінде алпыс пайызда болуын, кәсіпорынның базасында тәжірибеден өтуі қарастырылады. Бұдан бөлек, заң жалпы жүйелік шараларды, соның ішінде мұғалімнің, педагогтың беделін көтеруге бағытталған бірқатар нормалар енгізілді», - деген еді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов заң жобасы туралы. Мұғалімдерді даярлау мен жұмысқа қабылдауға қатысты талаптар күшейтіледі. Педагогика мамандығына тапсыратын талапкерлер үшін 2016 жылдан бастап қосымша емтихан енгізіледі. Жұмысқа қабылданатын үміткерлерден бұрын сотталғандығы мен психологиялық ауруларының бар-жоғы да тексеріледі, педагогикалық этика қағидасы мен оны орындаудың міндеттілігі енгізіледі. Сонымен бірге ата-аналар мен басқа да заңды өкілдерге педагогтардың қадір-қасиеті мен ар-намысын құрметтеу міндеттеледі. Бұдан бөлек, заң жобасымен 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған адамдарға оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мамандығы бойынша міндетті жұмыспен өтеу нормасы енгізіледі. Әскери және арнаулы оқу орындарын қоспағанда, халықаралық аккредиттеуден өткен жағдайда ғана 2017 жылғы 1 қаңтардан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, ал 2020 жылғы 1 қаңтардан техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдардың мемлекеттік үлгідегі құжаттар беруіне рұқсат беру жолымен біртіндеп аттестаттаудан аккредиттеуге өту ұсынылады. Білім беру деңгейлері бойынша оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің және оқу құралдарының сараптамасын жүргізу ұйымдары жөніндегі қызметке мемлекеттік монополия енгізіледі.

Автор:
Автор: Мәдина ОМАРҚҰЛОВА