Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Білім беру саласын жаңалықтар күтіп тұр


18 января 2016, 03:46 | 1 984 просмотра



Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы 6 қаңтарда «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» Қазақстан халқына арнаған мақаласын жариялады. Мақалада Елбасы өміріміздің барлық салаларын саралап, онда жүзеге асырылатын жаңа бастамалар мен алға қойған мақсаттар жайлы толғады.

ҚР Президентінің мақаласына орай ҚазАқпарат тілшісіне пікір білдірген Астана қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева осылай дейді.

«Мемлекет басшысының айтуынша, 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Осы кезең аясында түрлі сындарлы шаралар жүзеге аспақ. Өз мақаласында Елбасымыз еліміздегі білім мәселесін де назардан тыс қалдырмады. «Әлеуметтік жаңғырту ынталандырушылары» тақырыпшасында Мемлекет басшысы төмендегідей ой айтты: «Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайды. Білім беру саласында мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Білім беру үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады». Бұл мәселе Елбасының 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында да көрініс тапқан еді», - деді ол.

Осы сөзіне дәлел ретінде Э.Суханбердиева 2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» жаңа жобасының жүзеге асырыла бастайтындығын баса атап өтті.

«Елбасы атап өткендей: «оған қатысу, әсіресе, жас қазақстандықтарға олардың өмірлерінде кәдеге асатын арқаулық еңбек дағдыларын алуға жағдай жасайды». Бұл дегеніміз, бірінші мамандықты игерем деушілерді тегін оқыту. Мемлекет бұл үшін қаржы бөледі. Оның қайтарымы болатыны да сөзсіз. Бұл дегеніміз не? Бұл осыдан бастап, мектеп бітірген және жоғары оқу орындарына түсе алмаған түлектер еліміздегі жұмыссыздар санын арттыра бермей, тегін түрде бір жұмысшы мамандығын алып, өзіне нәпақа тауып, еліміздің экономикасы мен әлеуметтік хал-ахуалын дамытуға өз үлесін қосады деген сөз»,-  деді басқарма басшысы.

Оның пайымынша, қазіргі таңда әлемде етек жайған қаржы дағдарысының басты қатері - жұмыссыздықтың белең алуы. Осы ретте көз алдымызда жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламалар студенттердің өндіріс орындарында толыққанды білімін жетілдіріп, тәжірибе-дағды жинақтауын және оқу орнын бітіріп шыққан түлектерді нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуі тиіс. Ал бұл орайда алға қойылған мақсаттар ғана жүйелі жетістіктерге жеткізетіндігі анық.

Білім саласындағы тағы бір жаңашылдық - дуальды оқыту жүйесіне атсалысу. Бұл - дайындықтың теориялық бөлігі білім беру ұйымдарының базасында, ал практикалық бөлігі жұмыс орындарында өтетін оқу түрі. Қазіргі кезде 34 кәсіпорын 10 оқу орнында кадрларды даярлауда дуальді оқыту элементтерін қолдануда. Сондай-ақ, биыл оқытудың бұл әдісі 9 колледжде 9 мамандық бойынша енгізілмек. Негізінен, білім беру, медицина, құрылыс және теміржол салаларын қамтиды.

«Бүгінгі таңда Астана қаласының техникалық және кәсіптік білім беру саласы қызметкерлерінің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі - еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатын бәсекелестікке қабілетті кәсіби мамандар даярлау. Осыған орай, Қазақстан Республикасының әлемге танылуына үлес қосатын білімді және жоғары білікті жұмысшыларды тәрбиелеу - әрбір астаналық колледждің алға қойған мақсаты болуы керек», - деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, дуалды оқыту жүйесінің  негізгі мақсаты  техникалық-кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші жеке сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге даяр жұмысшы мамандар даярлау екені белгілі. Қазіргі кезде Астананың еңбек нарығында жоғары білікті жұмысшы мамандарының тапшылығы  пайда болды. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себепшісі - білім беру процесін ұйымдастыру ісіндегі кемшіліктер, яғни жас маманның бойынан табылуға тиісті тәжірибелік дағды, білім мен тәжірибені талап ететін нақты өндірістік жағдайлар мен теориялық білім беру арасындағы алшақтықтың орын алуы. Қалыптасқан жағдайда теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жою мәселесімен жұмыс берушіге күресуге тура келеді, себебі өндірісті білікті жұмысшылармен қамтамасыз ету - бұл жетістікке қол жеткізудің кепілі. Мұндай жағдайда жас мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқу, тәжірибеден өту, қайта даярлау қажеттілігі туындайды.

«Еңбек нарығы шарттарының өзгеруін ескере отырып, білікті мамандар даярлау жүйесін құрудағы әлеуметтік серіктестіктердің құрылымын белсенді пайдалану қажет. Кәсіптік білім беру саласында әлеуметтік серіктестіктің байланысы арқылы білім алушылардың таңдаған мамандық туралы түсініктері қалыптасады, оқу процесінде алған теориялық білімдерін тәжірибеде пайдалану дағдыларын тереңдетеді, өндірістік жағдайда шешім қабылдау  іскерлігі қалыптасады. Бұл - әрине, өтпелі нәтиже. Дегенмен ол Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасына, Кәсіпкерлер палатасына, колледждерге және әлеуметтік серіктестер - кәсіпкерлерге үлкен жауапкершілік жүктейді», - деп түйіндеді сөзін Э.Суханбердиева.

Автор:
Марлан Жиембай. ҚазАқпарат.