Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұстаздың бойынан кір іздегенше, нұр іздегені дұрыс!


5 февраля 2016, 10:41 | 1 918 просмотров



Еліміздің қай түпкірінде де «ұстаз» сөзі үлкен құрметке лайық екені рас. Ұстаздың алдына әріп танымай барып, бір қоржын білім алып қайтамыз. Ал адам баласы өмірге кірпіш болып қаланған соң, өмірлік азық-білім екенін түсінеді. Білмей келіп, білмей кеткен адамның мақсаты, мансабы болмайды. Мектеп қабырғасында қаздай басқан әр қадамымызды нық басуымызға мұғалімнің қосар үлесі зор. Ұстаздың қазықтай қағылған қағидашыл қасиеті 24 жыл бойы ұстанып келе жатқан Жанат Бейсембайқызы. Ол, Алматы облысы Талдықорған қаласы Бақтыбай ауылындағы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі Жанат Бейсембайқызы. Ағалиева Жанат Бейсембайқызы бұрынғы Семей облысы Ұржар ауданында Елтай ауылында 1969 жылы 23-шілдеде қарапайым да көпбалалы отбасында дүниеге келген. Жастайынан білімге құмар кейіпкеріміз ұстаздық жолына өзінің физика пәнінен берген апайын өміріне арқау, мамандығына деген сенімділік пен адалдықты жинақтауға дағдыланады, еліктейді.

- Жанат Бейсембайқызы, тәжірибелі ұстаз ретінде ең алдымен неге баса көңіл аударасыз – білімге ме, әлде тәрбиеге ме?

– Тәрбиеге. Мен үшін бірінші кезекте тәрбие мәселесі тұрады. Ұлы ғұлама әл-Фараби бабамыздың өзі айтқан ғой, «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп. Тәрбие болған жерде тәртіп болады, тәртіп болған жерде білім болады. Балаларымыздың тәртібі де, білімі де жаман емес. Мысалы, қалада қанша аудан болса, сонша контингент бар. Әр ауылдың, қаланың өзіне тән білімі мен тәрбиесі болады. Өздеріне тән тәрбие беру үрдістері болады.

- Тамыр-таныссыз, тірек-сүйеусіз қызметте өсу мүмкін бе?

– Мен қандайда бір жетістікке жеткен болсам, ол тамыр-таныстың арқасында емес, тек адал еңбегіммен жеттім, білім саласына арнаған 24 жылда шаршамай-талмай ізденіс үстінде болдым. Адал жұмыс істеп, өз еңбегіңмен талай жетістіктерге жетуге болады деп ойлаймын.

– Кейде ата-аналардың ұстаздарға көңілі толмай жатады. Біздің қоғамда ұстаздың беделі төмен деген пікірмен келісесіз бе?

– Мен айтар едім, әрбір ата-ана ұстаздың бойынан кір іздегенше, нұр іздегені дұрыс деп. Ол ақшамен өлшенетін дүние емес. Әрине, бес саусақ бірдей болмайды. Ұстаздың да ұстазы бар. Баламен дұрыс жұмыс жасай білуіміз керек. Ең жаман деген баланың бойынан тұнып тұрған бір қасиетті табуға болады. «Бұлақ көрсең көзін аш», - деп бекер айтпаған. Бала бойындағы бұлақтың көзін ашу біздің міндетіміз. Әрбір ұстаз баланың ішкі әлеміне, жан дүниесіне терең үңіле білсе сол ұстаздың мектепте жұмыс істеп, бала оқытуға хақысы бар. Ал бала оқытуды тіршілік көзі деп білетіндерге мектепте орын жоқ.

– Бала тәрбиесі, әсіресе қыз бала тәрбиесі туралы қандай жұмыстар жүргізесіздер?

– Бар тіршілік, жарқын болашақ қызға байланысты. «Отан – отбасынан басталады» десек, әрбір «кіші отанның» ұйтқысы, берекесі болатын – әйел адам. Ұлттың адаспай ұлт болып қалуы, қоғамның дұрыс дамуы, мемлекеттің өркендеуі – әйелге, келешекте ана болар қыздарымыздың қалай тәрбиеленетініне байланысты. Қыздарымызға дұрыс тәрбие беру – баршамыздың ортақ парызымыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман әлемінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қадірлейтін халықтың бірі де, бірегейі де біздің қазақ» деген екен. Ұлы Абайды ұлағатымен ұлықтаған Зере әжейдің, уыз сүтімен үкілеген Ұлжан анамыздың кейінгі ұрпағы қандай күйде? Осы туралы өз сабағымда да сабағымнан тыс уақытта да сыныбымдағы қыздарға үнемі жетік түсіндіріп отырамын. Ата-аналарымда сыныптағы балаларының тәрбиелері мен сабақ барысынан тыс қалмайды. Үнемі тығыз қарым-қатынаста байланыс жасаймыз.

– Қыз баланың ақылды да инабатты, өнерлі де өнегелі болып толысуына тек мектеп қана емес, ең алдымен ата-ана, сонымен бірге ағайын-туған, ауыл-аймағы да жауапты екендігін айтпасақ болмас…

– Әрине. «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді – қара күңнен тыйым» деген ата-бабаларымыз қыз баласын қаншалықты аялап әлпештесе, соншалықты қатал тәрбиелей білген. Ауыр сөз айтып, ұрыспай-соқпай-ақ, қас-қабағымен, өздерінің жүріс-тұрысымен, үлгілі ісімен тәрбиелеген ғой. Біздің ата-аналарымызға осы мінез жетпей жатады. Жастардың ата-анасын тыңдамауы, үлкендерге сөз қайтаруы, беттен алып төске шабуы, олардың темекіге, ішімдікке әуестене бастауы, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық әрекеттің өріс алуы – мұның бәрі қоғамда ушығып тұрған мәселелердің қатарында. Аналарымыз «баланы жастан» деп, бала тәрбиесін құрсақтан бастаған. Қазақ пәктік пен тазалықты, ашылмаған жұмбақ-сырды, мөлдір махаббат пен ыстық мейірді қыз бойынан көргісі келген. Бір отбасының ғана емес, бір рулы елдің, қала берді, бүтін бір ұлттың ұлт болып қалыптасуына әсер ететін тұлғаның ана екені даусыз. Ал бүгінгі бойжеткен – ертеңгі аяулы ана, ардақты әже. Демек, бүгінгі қыздардың қолында бүкіл бір ұлттың тағдыры мен болашағы тұр. Тарихқа көз жүгіртсек, Жібек, Баян, Айман-Шолпан, Құртқа, Баршын, Назым сияқты қыздарымыз, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз, ерліктің қос қанаты болған Әлия мен Мәншүк сынды әпкелеріміз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі болды. Болашақ ана атанар қыздарымыз бүгінде ізеттілігімен көзге ілігіп жүр ме, әлде олар өздерінің қадір-қасиетін түсінбей, көрінгеннің қолжаулығы болып жүр ме? Кейінгі он-он бес жылдың ішінде қыздарымыздың әбден жалаңаштанып кетуіне не әсер етті? Бұл орайда қыздарымызды кінәлай бергеннен гөрі, осы келеңсіздіктің себебіне терең үңілгеніміз жөн. Бұл жекелеген қыздардың кемшілігі емес, бүтіндей қоғамның, ұлттың мәселесі. Қыз өсіру – гүл өсірумен бірдей, дер кезінде көңіл бөліп, баптап, қадағалап отырмасаң, мезгілінен бұрын солады, тамыры шіриді… Құлағында сырғасы, шашында шашбауы бар, жан сұлулығы мен тән сұлулығы тең қазақ қызының басты тәрбиешісі – анасы болса, қыздарды аялап, құрметтеуге үйрететін, ұл баланың бойында ар-намыс пен жауапкершілікті, адалдық пен мәрттікті қалыптастыратын – әке. «Әкеге қарап ұл өсетіні, шешеге қарап қыз өсетіні» белгілі. Демек, аналарымыз бен әкелеріміз бала тәрбиесін уыстан шығарып алмай, тал бесіктен бастап, тұлға болып қалыптасқанша әркез қадағалап отыруы шарт. Теледидар, интернет тәрбиелейді деп жатамыз. Алайда баласын титтейінен теледидар мен интернетке итеріп тастап, өздерінің құлағы тыныш болса, соған мәз болатын ата-аналар да баршылық. Қазбалай берсек, қоғамдық дерттің түбіне жету қиын. Қазақта «Әкеден – ақыл, анадан – мейір», «Әке сөзі – оқ» деген жақсы сөздер бар, алайда қазіргі кезде бұл сөздердің мәні мен қадір-қасиеті қалмай барады. Сөзін баласына тыңдата алмайтын ата-аналар да баршылық.

– Ұстаздықты таңдағаныңызға өкінетін кездеріңіз бола ма? Басқа салаға ауысуыңыз мүмкін бе?

– Жоқ, ұстаздықты таңдағаныма өкінбеймін, басқа салаға ауысуым да мүмкін емес. 24 жылымды ұстаздық қызметке арнаппын, қалған ғұмырымды да ұстаздыққа арнаймын. Менің еңбегімнің жемісі – менің шәкірттерім. Әрбір шәкіртім үшін мақтанғым келеді…

- ХХІ ғасырдың ұстазысыз ба? Кешегі мен бүгінгі ұстаздардың сіз үшін айырмашылығы қандай?

- Ұстазымын. Әрбір ұстаздар қауымы заманы мен бірге еріп, болмаса одан әрі қарай жаңа заң шығарушы болуы керек. Қарап отырсақ, кешегі мен бүгінгінің ұстаздар қоғамындағы бір ғана өзгеріс бар. Ол ақпараттық-технологиялар. Қалғаны сол бұрынғы сабақ беру процесі. Әрине, білім жағынан тереңдей түсуі ол тек заман талабына қарай. Заманына қарай адамын біз дайындаудамыз. Біліктілігіміз бен білімімізді шыңдауда тек ізденісті, ғылыми бағыт-бағдарымызды жоғалтпауымыз қажет. Бүгінгінің ұстаздары менің пікірімше барлығы заманының айнасы. Сол кісілердің арқасында бәсекеге қабілетті жастарымыз шыңдалуда.

- Сіз айтып отырған ақпараттық технологиялар мұғалім жұмысын, бұрынғыдан да күрделендіріп жібермей ме?

-Екеуі де бар. Кейде жеңілдетсе, кейде ауырлатады. Бірақ, үйренуіміз міндетті. Бұл заман талабы. Бұл құрылғылардың шығуы мына, кейінгі жас мамандарға жақсы. Дайын шпаргалка. Бүгінгі күні бізде бәрі бар. Баланы қалай оқытамын, қалай дұрыс тәрбие беремін, қандай бағытпен жұмыс істеймін демейсің. Ғаламторды ашсаң дайын тұр. Оны көшіріп алатындар да бар, көшірмей түрлендіріп жұмыс жасайтындар да аз емес. Сонда да, өз мансабыңмен, біліміңе не жетсін. Өзімізде сондай нәрселерді ойлап табуға шамамыз жетеді. Бірақ, аздап жалқаулықтарымыз да бар.

- Жаннат Бейсембайқызы, бүгінгінің жас мамандары қандай?

- Жас мамандарымыз мықты. Олар өздерінің жастықтарына қарамай ізденістері мен білмегендерін үйренулері орынды. Балалармен қарым-қатынастары жақсы. Ата-аналарымен де тіл табыса алып, тығыз қарым-қатынаста. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Менің өзімнен білім алып шыққан оқушыларым бүгінде менің әріптестерім. Көңілім толады.

-Тәуелсіз елдің болашақ азаматтарын тәрбиелеуде ұстаздар қандай идеяларды негізге алу керек?

- Мен мұғалім ретінде оқушыларға білім беру мен тәрбие берудегі жауапкершілікті мұғалім бойындағы ең басты қасиет деп түсінемін. Ұстаздар қауымы елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыратын ұрпақ тәрбиелеуде үлкен жүкті арқалай отырып, қоғам алдындағы зор жауапкершілік жүктелгенін бүгінде нақты сезінген деп ойлаймын. Өзім де сол жауапкершілікті сезіне отырып, оқушыларға деген сүйіспеншілік, оларға қамқор болу, олардың жан дүниесін түсіну, оқушылармен дұрыс қарым-қатынас орнату, олардың әрқайсысына мән беріп, назарда ұстау мен үшін әдетке айналған. Менің бойымдағы баланы жақсы көру жасандылық емес, бұл менің табиғатымнан берілген қасиет. Оқушыларға аяушылық сезіммен қараймын, әрқашан мейірімді, төзімді болуға және оларға құрметпен қарауға тырысамын. Сондықтан да болар мектептегі оқушылар мені қатты сыйлайды, жақсы көреді, айтқанымды екі етпейді, мені ренжіткілері келмейді. Әлде қашан мектеп бітіріп кеткен түлектер де көре қалса өздерінің маған деген ыстық ықыластарын білдіріп жатады. Ал, енді өзім жетекшілік ететін сынып оқушыларыммен қарым-қатынасым ол тіптен ерекше.

-Оқушыларыңызбен қарым-қатынас ерекше деп айттыңыз. Ал ата-аналармен байланысыңыз қандай?

-Сынып оқушыларымның ата-аналарымен де тығыз байланыста боламын. Ата-аналары бала тәрбиесіндегі ортақ мақсатты түсінген, сондықтан олармен жұмыс істеу маған жеңіл.

-Мұғалімнің кәсіби біліктілігін арттыру туралы не айтасыз ?

-Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептері, Педагогикалық Шеберлік орталығы Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірлесе жасалған Қазақстанның жалпы білім беретін мектептері мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған оқу орындары бізге көп септігін тигізуде. Негізі осындай курстарға барып тұрған дұрыс. Себебі курсқа жан-жақтан ұстаздар жиналады. Солардан өз тәжірибеңді алмасуға және тәжірибе жинақтауға болады.

-Заманауи ұстаз болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы шарт?

-XXI ғасырдың басындағы қазіргі қоғам тез қарқында дамып қана қоймай, өз даму үдерісімен барлық саланы жандандыруда. Соған байланысты қоғамның әр саласында түрлі мақсаттар қойылып, оларды шешуге арналаған міндеттер аталуда. Білім беру саласы да ондай өзгерістерден шет қалған жок. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім, бастауыш мектеп, орта мектеп, жоғарғы білім беруде оқыту мен тәрбиелеудің жаңа әдіс-тәсілдері, технологиялары анықталып, жеке тұлғаны қалыптастырудың жаңарған, ақпаратты ағымы қуатты, жоғары технологиялық қоғамға сай моделдері жасалуда. Жылдар өткен сайын оқыту мен оқуда болып жатқан өзгерістермен бірге мұғалім мен оқушы арасындағы өзара қарым-қатынас пен әрекеттер өзгеріп тұрады, сондықтан бүгінгі мұғалімге қойылатын талап, жауапкершілік аса жоғары.

Міне, осыншама жақсы қасиеттерді болашақ ұрпақтарымыздың бойынан көрігіміз келсе, олардың табыстарына таңдай қаққымыз келсе ұстаз қауымы қара терімізді ағызып аянбай еңбек етуіміз қажет деп ойлаймын.

-Бақытты адам –өмірде дұрыс таңдау жасаған адам. Ал сіз өзіңізді бақытты ұстазбын деп айта аласыз ба?

-Мұғалімдер қоғам, қоғамдастықтар, ата-аналар мен оқушылар алдында олардың мектебі беретін білім сапасына ұжым болып жауап береді. Мен өзім жұмыс істеп жүрген мектебімді — өз үйімдей, өзім сабақ беретін оқушыларымды — өз балаларымдай, бірге қызметтес болып жүрген ұстаздарды өз туыстарымдай өте жақсы көремін десем артық айтқаным емес. Егер мамандық қайта таңдау қажет болса, мен осы ұстаздық жолды ойланбастан тағы да таңдар едім. Басқа мамандық туралы бала кезден бастап ойыма да кіріп шықпапты. Қоғам үшін өзіңді жауапты санаудан артық бақыт бола ма? Мен қазір баланың шуынсыз, қоңыраудың үнінсіз жүре алмайтын жағдайға жеткен ұстазбын. Адам өмірінде мамандық таңдаудан қателеспеу керек деген сөз бар ғой, ол шындық екен.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ


Комментарии


Сортировать по времени по рейтингу

Показаны записи 1-1 из 1.

жанат, 5 февраля 2016 в 20:25

Сәлеметсізбе,Ағалиева Жанат Бейсембайқызы курстасым еді, хабарласса жақсы болар еді. менің ұялы т. 87029762346<br /> Мақала керемет жазылған, Жанаттан сондай сөздер шығатын қыз еді.


Контент устарел, комментирование закрыто