Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Заман қайда бет алды?


19 февраля 2016, 03:55 | 4 456 просмотров



Әлемдегі ең бай компания

Осыған бір мысал ретінде дербес және планшеттік компьютерлер, аудиоплеерлер, қазіргі күні халыққа кеңінен танымал болып отырған iPhone телефондарын шығарушы атақты Apple компаниясының жағдайына тоқталайық. Өткен 2015 қаржы жылын компания 28 пайыздық өсіммен қорытындылады. Компанияға түскен түсім көрсеткіші 234 миллиард долларды құрады. Бұл цифрдың мәніне терең бойлау үшін, біз оны кейбір елдердің бюджеттерімен салыстырып көрейік.

Әлемнің ең алып елі Қытай Халық Республикасының қаржы министрлігі ағымдағы жылы ел бюджетінің кірісі 6,923 триллион юань болады деп белгілеп отыр. Бұл шамамен алғанда 1,088 триллион доллар деген сөз. Сонда Apple-нің 1 жылдық кірісі әлемнің ең алып елі Қытай Халық Республикасының кірісінен бар болғаны 4-5 есе ғана төмен болып отыр.

Еуропаны алға сүйреуші, осы өңірдегі ең қарқынды дамушы Германияда 2015 қаржы жылында бюджет кірісі 1,272 триллион еуро болады деп белгіленген. Бұл шамамен алғанда 1,4 триллион долларға тең көрсеткіш. Демек, Apple компа­ниясының 1 жылдық кірісі ең индустрияландырылған елдердің бірі Гер­маниядан бар болғаны 5-6 есе ғана төмен екен.

Біздің ТМД көлеміндегі ең ірі ел Ресей Федерациясында 2015 қаржы жылында бюджет кірісі 15,082 триллион рубль болады деп жоспарланған. Ресейдегі соңғы уақыттағы валюталар бағамымен алғанда, бұл шамамен алғанда 234 миллиард долларды құрайды. Демек, алып Ресейдің 1 жылда табатын кірісі бар болғаны 80 мың адам еңбек ететін Apple компаниясының кірісімен теңбе-тең екен.

Ал соңғы жылдары басынан дау-жанжал арылмай келе жатқан Украинада ағымдағы жылдың бюджеттік кірісі 198,032 миллиард гривен болады деп белгіленген. Бұл шамамен алғанда 21 мил­лиард доллар деген сөз. Сонда Apple ком­паниясының жылдық кірісі бұл елдің кірі­сінен 11 еседен астамға асып түсіп отыр.

Біздің осы жазғанымызға қарап, кейбір оқырмандарымыз Apple-ні әлемнің ең ірі компаниясы екен деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Бірақ, олай емес. Әлемде Apple-ден де ірі компаниялар жетерлік. Өзінің активтерінің көлемі жағынан алғанда қазіргі күні әлемнің аса ірі компанияларының алғашқы орындарын Қытайдың бірнеше банкі, АҚШ-тың Exxon Mobile секілді мұнай-газ саласының алыптары еншілеп отыр. Бірақ өзінің жедел дамуы, яғни тез баюы жағынан алғанда Apple осылардың барлығын шаң қаптырады. Бұл компанияның қолында қазір 150 миллиард доллардан астам бос қаржы бар. Сондықтан, нарықтағы капиталдану деңгейі жағынан алғанда, Apple қазір әлемде бірінші орынға шығып отыр. Капиталдану деңгейі деген сөзді қалай түсінуге болады? Оны ең қарапайым тілде айтсақ, былай болып шығады: ком­панияның бір акциясының құнын ол шығарған бағалы қағаздар санына көбейтеміз, сонда компанияның қар­жы нарығындағы капиталдану деңгейі анықталады. Міне, осындай есеппен жасалған рейтинг бойынша Apple әлемнің 500 ірі компаниясы кіретін тізбеде бірінші орынға шықты. Екінші орынға АҚШ-тың Exxon Mobile компаниясы, үшінші орынға тағы да АҚШ-тың инвестициялық секторда жұмыс істейтін Berkshire Hathaway компаниясы, төртінші орынға АҚШ-тағы есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету саласындағы қазіргі күні жұрт­қа кеңінен танымал болып отырған Google компаниясы, бесінші орынға тағы да осы салада жұмыс істейтін АҚШ-та тіркелген Microsoft корпорациясы, ал­тын­шы орынға Қытайдың мұнай-газ сек­­­торындағы PetroChinal компаниясы шықты.

Егер көз салып, ой жіберіп қарасаңыз, осы алтылықтың тізіміндегі үш компания­ның ақпараттық технологиялар мен бағдар­ламалық қамтамасыз ету саласында жұмыс істейтіндігін байқайсыз. Бұл нені білдіреді? Бұл тағы да біздің қазіргі әлеміміздің қай бағытқа қарай қозғалып келе жатқандығын білдіреді. Яғни, біздің әлеміміз болашақ бейнесі болып табылатын постиндустриялық қоғамға қарай жедел қарқынмен қоз­ғалып келеді. Ал ақпараттандыру сала­сының постиндустриялық қоғамды қалып­тастырушы факторлардың біріне ай­налғандығы белгілі.

Дәулетті адамдар кімдер?

Ақпарат саласының жедел дамуы нәтижесінде бүкіл жер шарында болып жатқан оқиғалармен күллі адамзат қоғамы күнбе-күн, тіпті, сәт сайын танысып отыратындай жағдайға жету үстіндеміз. Міне, осыған Apple, Google, Microsoft секілді компаниялар және бұқаралық ақпарат құралдарының қыз­меткерлері белсене қызмет жасауда. Аталған компаниялардың алды осыдан 30-40 жыл бұрын ғана пайда болды. Бірақ соған қарамастан, олар адамзатқа танымалдылығы, капиталдану деңгейі және адамзат санасына жасайтын ықпалы жөнінде әлемдегі алдыңғы орындарға шықты. Сондықтан, оларды бір есептен алғанда, біз постиндустриялық қоғамды қалыптастырушы алғашқы қарлығаштар деп есептейміз.

Оны айтасыз, қазіргі күні әлемдегі ең бай адамдар да бұрынғыдай қаржы мен мұнай саласынан емес, ақпараттық технологиялар мен бағдарламалар саласынан шығып отыр. Мәселен, Microsoft-тың негізін қалаушы Билл Гейтс әлемдегі ең бай адам болып есептеледі. Оның 73 миллиард доллар байлығы бар. Ал бар болғаны 2004 жылы ғана пайда болған Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Марк Цукерберг осыдан 8 жылдай уақыт бұрын, яғни 23 жасында әлем­дегі ең жас миллиардер атанса, жу­ықта ғана ол әлемдегі ең бай адамдар рей­тингі бойынша 4-ші орынға шықты. Ма­мандардың есебі бойын­ша, Facebook ком­паниясының кірісі бір жылдың өзінде 52 пайызға артқан. Сөйтіп, жуықта жария­лан­ған есеп бойынша Цукербергтің бай­лы­ғы 50 миллиард АҚШ долларын құра­ған.

Әлемдегі ең бай адамдардың тізбесінде мұнан кейінгі бесінші орынды тағы да ақпараттандыру саласында қызмет ететін америкалық Amazon компаниясының иесі Джефф Безос тұр. Оның байлығы 49,1 миллиард АҚШ долларын құраған.

Танымға салмақ түскен шақ

Әрине, постиндустриялық қоғам тек ақпараттық технологиялардың жедел дамуымен ғана орнамайды. Ол үшін күллі экономика, соның ішінде жаһандық экономика өзінің түрі мен сипаты, қолданатын құралдары тұрғысынан өзгеруі керек. Қазіргі күні осы өзгерістер әлемде қауырт жүріп жатыр. Ендігі кезекте бұл өзгерістер адамзат санасын да жаулай бастады. Міне, санаға ене бастаған осы өзгерістер қазірдің өзінде ұрпақтар арасындағы айырмашылықтарды ал­шақтата түскендігін сезіне бастадық. Мәселен, біздің қазіргі қоғамымызда жасы 50-60-тан асқандар қазіргі заманғы ақпараттық технологиялармен оншама таныс еместігі ақиқат. Тіпті, олардың қа­тарында компьютерді пайдаланып көр­мегендер де жетіп-артылады. Ал жасы 15-тен 30-ға дейінгі аралықтағы жастардың қолынан түрлі бағдарламалық қызметтермен қамтылған қазіргі заманғы қалта телефондары түспейтін болды. Тіпті, оны айтасыз, бесіктен белі шық­паған кішкентай сәбилердің өзі план­шеттік компьютерлер арқылы түрлі ойын қызығына беріліп отығанын көр­генде, еріксіз бас шайқауға тура келеді. Осылардың барлығы адамзат сана-сезі­мінде қазіргі күні ұлы өзгерістердің жүріп жатқандығын білдіреді. Енді бір 20-30 жылдан кейінгі адамдардың ойлауы мен іс-әрекеттері басқаша құрылатындығын осыған қарап-ақ шамалауға болады.

Біздің сәби кезімізде бізді ерекше еліктіретін дүние – аталарымыз бен әже­леріміздің айтатын қиял-ғажайып ерте­гілері болатын. Осындай тәтті ертегілерді аузымыздан суымыз құрып, қыбыр етпей тыңдай отырып, неше түрлі қиялдарға берілуші едік. Қазір байқасам, балалардың сана-сезімдерінің, ойлау қабілеттерінің ертерек жетілуі үшін мұның маңызы өте зор болған екен. Өйткені қиял дегеніміз, біздің төбеміздегі шетсіз-шексіз кең аспан секілді де, ал ой дегеніңіз сол қиял аспанында емін-еркін шарықтайтын қыран құс секілді ғой. Демек, баланың қиял әлемі кеңіген сайын, ойының да алғыр болып, қыран құстай алыстарға самғайтыны анық.

Қазіргі жас сәбилер қолындағы планшеттер – қазіргі заманның ертегі айтушылары. Өйткені, бұл планшеттерге салынған түрлі ойындар кезіндегі аталарымыз бен әжелеріміздің айтқан қиял-ғажайып ертегілеріндей оларды қатты еліктіреді. Сонымен қатар, олар бұл ойындар арқылы өздерінің білімдері мен дүниетанымдарын да ер­терек қалыптастырады. Демек, қа­зір­­гі ба­лалардың ерте жетілуі – заң­дылық.

Кешігуге уақыт жоқ

Иә, соңғы жылдары болып жатқан технологиялық өзгерістерге байланысты қазіргі әлем жедел қарқынмен өзгеру үстінде. Бірақ оны сезініп отырғандар да, сезіне алмай отырғандар да баршылық. Сезініп отырғандардың ащы дауысы әр өңірлерден естіліп қалады. Ондай адамдар мемлекет тарапынан қоғамға деген қарым-қатынастың өзгеруін, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің жаңадан құрылуын талап етуде. Бұл мәселеде қазіргі бір жыл кешігудің өзі, кейін ұзаққа созылған артта қалушылыққа ұласатындығын айтып дабыл қағуда. Соған бір мысал ретінде Ресей Сбербанкінің президенті Герман Грефтің жуықта осы елде болып өткен «Гайдар оқулары» форумы кезінде сөйлеген сөзін келтіруге болады.

«Мен бұл жерде қазіргі технология­лардың біздің маңызды үш дүниемізді қалай өзгертетіндігі туралы айтқым келеді. Бірінші – біздің бүкіл қоғамымыз бен мемлекетіміз. Екінші – бизнес. Үшін­ші, шамасы бұл ең бастысы болар, осы жерде отырған біздің әрқайсымыз, яғ­ни бүкіл қоғамымыздың әрбір мүшесі. Қазіргі технологиялық өзгерістер осының үшеуіне де үлкен әсер етеді.

Не айтуға болады? Иә, мұнай нары­ғының дағдарысқа тап болғандығы ақиқат. Қуат өндіру мен көлік саласы – бұ­лар көмірсутегі шикізатын бәрінен де көп пайдаланатын екі сала. Оның 18 пайызы электр өндіруге, 56 пайызы көлік саласына жұмсалады. Міне, осы екі салада да қазіргі әлемде түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр.

Тіпті, алыс болашақ туралы емес, қасымыздағы Қытай туралы айтатын болсақ, бұл елде 2016 жылдың соңына таман 70 ГВт қуат күннен өндірілетін болады. Жел, күн, биоэнергетика – осы­лар бірлесе келе 230 ГВт қуат өнді­руге қол жеткізеді. Бұған су энергети­касынан алынатын 230 ГВт қуатты қосыңыз. Сонда бәрін қосқанда 560 ГВт. Салыстыру үшін айта кетейік, бұл бүкіл Ресей Федерациясында өндірілетін қуат көлемінен 2,5 есе артық. Соған қарағанда, Қытай баламалы энергетиканы құру жөніндегі осындай қарқынмен таяудағы уақыттың өзінде дәстүрлі қуат көздерін бұрынғыға қарағанда 45 пайызға аз тұтынатын болады. Қытайдың әлемдегі ең ірі қуат тұтынушылардың бірі екендігін есепке алсақ, бұл дегеніңіз біздің көміріміз бен көмірсутегі қорларымыз бұрынғыдан осынашама аз тұтынылады деген сөз. Ал біз болсақ, Қытай рыногын есепке ала отырып, көмірге бұрынғысынша инвес­тиция салуды жалғастырып келеміз. Бірақ, оның дәуірі өтіп кеткендігін ескермей отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, кезіндегі тас дәуірі тастың бітіп қалуынан тоқтаған жоқ еді. Бүгінгі мұнай ғасыры туралы да осылай деуге болады. Оның аяқталуы ең әрі кеткенде электркөліктер инфрақұрылымы әбден қалыптасқанша, яғни шамамен алғанда енді бір он жылға ғана созылатын болар. Өйткені, мен Tesla автокөлігіне бірінші рет отырған кезімде-ақ болашақтың біз үшін күткендегіден де көп ерте келгендігін ұқтым. Мырзалар, біз қазірдің өзінде сол жерде, яғни сол болашақтың ішінде отырмыз».

Банкир осылай дей келе, ойын былай деп тұжырымдаған: Бұл ең жаманы ғана емес. Таяу уақыттардың ішінде мұнай импорттаушы елдер өз кірістерінен мүлдем айырылуы мүмкін. Дәстүрлі шикізаттардың орнына қуаттардың балама көздері келетін болады. Сөйтіп, мұнайға деген сұраныс жоғалады. Қазіргі Қытайдың жасап жатқан әрекеттері соның дәлелі. Бұл, әрине, Қытай үшін жақсылық, ал біз үшін қайғы. Өйткені, халықаралық рынокқа енді нені сатпақшымыз?

«Біз бәсекеде жеңіліс таптық. Өз уа­қытында жаңа заман талабына бейім­деле білген, инвестицияларды дұрыс дүниелерге бағыттай білген елдермен арадағы айырмашылық енді алшақтай береді. Тағы бір ағым – жоғары және төменгі білікті мамандарға деген сұра­ныстың артуы. Осының нәтижесінде төмен­гі білікті, яғни қарапайым кәсіптік жұмыстарды атқаруға дайын емес, ал жоғары білікті қызмет жасау қолынан келмейтін ортаңқол адамдардың басына қауіп бұлты үйіріледі. Олар жұмыссыз қалатын болады», деді Герман Греф.

Герман Греф осылай дей келе, Ресей экономикасын жеделдетіп әртарап­тан­дыруға, мемлекеттік басқару аппаратына, соттар мен құқық қорғау органдарына реформа жүргізуге шақырған. Сонымен қатар, білім жүйесін мүлдем өзгертуді ұсынған.

«Білім берудің бүкіл моделі (балалар бақшасынан бастап ЖОО-ны қоса алғанда) өзгертілуі тиіс. Онлайн-білім беру жүйесін де өзгерту керек. Өйткені, оның дәстүрлі білім беру жүйесінен, алыс­тан оқытқаннан басқа, ешбір айыр­машылығы болмай отыр», -дейді банкир.

Өзгерістер бәрімізді қамтиды

Ресейдегі «Гайдар оқулары» форумы қаңтар айының ортасында болып өткен болатын. Осыдан кейін Швейцарияда әлемнің алдыңғы қатарлы экономистері, елдердің мемлекет және үкімет басшылары, білікті сарапшылар мен ғалымдар, бизнес өкілдері жиналып, адамзат алдындағы түйткілді мәселелерді талқылайтын Давос форумы болып өтті. Мұндағы айтылған негізгі ойлар да Герман Грефтің қоғамды күтіп тұрған сын-қатерлер туралы болжамымен әбден үндес шықты. Форумды Төртінші өнеркәсіптік революцияның адамзатқа тигізетін әсері жан-жақты талқыланды. Осы жөнінде негізгі баяндаманы жасаған белгілі швейцариялық экономист Клаус Мартин Шваб адамзаттың төртінші технологиялық революцияның баспалдағына аяқ арт­қандығын мәлімдеді. Оның айтуынша, өзгерістер ауқымы адамзат өз тарихында осыған дейін бастан кешкен оқиғалардан әлдеқайда ауқымды да күрделі болады. Дәл қазір ұлы дүбір оқиғалардың қай қиырдан басталып, қалай қарай бет алатындығын кесіп айту қиын. Бірақ бұл өзгерістердің адамзаттың барлық топтарын, әрбір адамды, кез келген мамандықты, қоғамды, мемлекеттік басқаруды, бизнесті, бүкіл тіршілік пен тұрмысты қамтитындығы және бұл өзгерістердің бұрынғыларға қарағанда әлдеқайда жедел жүретіндігі қазірдің өзінде басы ашық мәселе.

Тағдыршешті кезең

Міне, құрметті оқырман, Елбасының 5 институттық реформа бойынша «100 нақ­ты қадам» Ұлт Жоспарынан елі­мізде не үшін әзірленгендігін осыдан кейін сіз өзіңіз де бажайлап байқаған болар­сыз.

Елбасы реформаларды жүзеге асыру нақты қолға алынған алғашқы күннің өзінде, яғни жаңа жылдың басында Үкіметке, басқа да билік органдарының басшыларына бұл реформаларды жүзеге асыру ісімен ойнауға болмайтындығын неліктен қатаң түрде қадап айтты? Неге «Ұлт Жоспары – қазақстандық ар­манға бастайтын жол» атты мақаласын еліміздің басты газеттерінде қатар жариялап, халыққа сөз арнады. Себебі, бұл реформалар көп өтпей-ақ біздің қоғамымыздың тағдыршешті мәселесіне айналады. Бұл реформалар біздің ғана емес, ұрпақтарымыздың да тағдырын шешетін болады. Егер біз реформалар­ды дұрыс жүзеге асыра алсақ, онда біз постиндустриялық қоғамға бет алған елдердің соңынан ілесеміз. Егер дұрыс жүзеге асыра алмасақ, онда қа­заққа сан ғасырлар бойы үнемі сол жағынан тиісіп келген тағдыр атты тарихи феноменнің шылауына түсіп, шылғауына айналамыз. Ол тағдырдың қазіргі аты – жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық, біліксіздік, тіршілікке қажетті кәсіптерді меңгеруге деген ен­жарлық, мансапқұмарлық, қоғамдық кертартпалық, рушылдық пен жершілдік және кезінде Абай атамыз айтып кеткен басқа да жаман қасиеттеріміз. Осындай қасиеттердің біразы қарапайым адамдарды былай қойып, қазіргі күні ел тағдырын шешетін жауапты қызметтерде отырған кейбір азаматтардың бойында бар екендігіне шүбә келтірмейміз.

Осындай кемшіліктердің белең алуына себепкер болатын басты факторлардың бірі – біздің елімізде еңбекті, жұмыстың нәтижесін, қызметкердің бойындағы қабілеті мен білімін, ізденістерін бағ­лаудың қалыпқа түскен жүйесінің болмауы. Кезіндегі теңгермешілік заман деп саналатын кеңестік кезеңнің өзінде еңбекті бағалаудың өзіндік бір өлшемдері бар болатын. Көбінесе, ол моральдық ынталандыру түрінде болатын. Ал қазіргідей нарық заманында, оның үстіне адам ресурстарын дамыту ісі алға қойылып отырған кезеңде еңбекті бағалау жүйесінсіз, соның ішінде материалдық бағалау жүйесінсіз жұмыс істеудің өзі мүмкін емес. Әрине, бәсекелестік ортада еңбек ететін кәсіпкер үшін мұның қажеті болмауы мүмкін. Өйткені, оның қызметінің тиімділігі бірінші кезекте шығаратын тауарларының немесе көрсететін қыз­метінің өтімділігімен анықталады. Ал мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер және компаниялар мен корпорацияларда, түрлі акционерлік қоғамдар аппараттарында қызмет істейтіндер үшін мұндай жүйенің болуы басты қа­жеттілік. Мұндай жүйенің жоқтығынан қызметкердің күнделікті атқаратын қыз­метінің сапасы бағалау өлшемдеріне түспей қалып жатады. Осыдан барып қызметкердің бойында немқұрайдылық пайда болады. Оның бойындағы білімі мен білігі, жұмыс істеу қабілеті бірте-бірте тежеледі. Қызметкер ізденбейтін болады. Таланты болса, ол сөнеді. Білімі болса, ол ескіреді. Ал қызметкер дегеніміз, ол жалғыз емес. Ол – миллиондардың біреуі ғана. Демек, елде осындай жағдай жаппай етек алатын болса, онда бүкіл қоғам тұншығады. Мұндайда жоғарыдан қолға алынған реформалардың өзі ешбір нәтиже бермейді. Міне, сондықтан да қазіргі күні әлемдегі білікті сарапшылар мен экономис­тер, соның ішінде заман ағымын болжауға бейімделген футурологтар күннен күнге жаңа өзгерістерге қарай бет алған қоғамда осыған дейінгі билік түрлерінің, әсіресе корпоративтік билік түрлерінің тігінен (яғни вертикальды түрде) құрылуының өзі іске бөгет болатындығын, ендігі кезде оның жазық­тық (горизонтальды) сипатының басым болуы керектігін айтып жатыр. Яғни алдымыздағы заман кез келген ұжымның әрбір мүшесінің белсенділігін оятуды қажет етіп отыр.

Осы ретте, еліміздің ТМД мемлекет­теріне қарағанда (ал ТМД аумағы дегеніміз Жер шарының үлкен бір бөлігі ғой) әзірге басты бір артықшылығы мемлекет басшылығының алдымызда күн­нен-күнге жақындай түскен жаңа заман талаптарына мемлекет пен қоғамды дайындауда өте белсенді көзқарасты ұстануы. Елбасының бес бағыт бойынша қолға алған 100 қадам реформасы – соның айқын дәлелі. Көптеген елдердің көзі ашық зиялы қауым өкілдері өз елдерінде нақ осындай реформалардың басталуын армандап отыр. Жоғарыда біз келтірген Герман Грефтің сөздері, Давос форуымындағы сарапшылар пікірлері соған дәлел бола алады. Егер «бірінші болып жүгірген бірінші болып жетуге тиіс» деген қағиданы еске алсақ, қоғамды кеңінен қамтыған үлкен реформаны, соның ішінде мемлекеттік билік пен сот билігі реформасын, өнеркәсіпті индустриялан­дыру бағдарламасын өңірдегі елдер арасында бірінші болып қолға ала отырып, осының өзінен біз қазірдің өзінде ұтысқа шықтық деп есептейміз. Өйткені, қазіргі таңда уақыт факторының маңызы өте зор.

Жалған білім жарға жығады

Халқымыз дұрыс жолға түсу үшін бізге енді білім саласындағы көзбояушылықтан арылатын уақыт келді. Жеке адамдардың ақша табу мақсатында құрып алған ЖОО-ларының жалған дипломы енді ешбір қажеттілікке жарамайтын болады. Шеттен инвесторлар келіп, Қазақстанда іс бастаған сайын жалған білімнің қанаты қусырыла түседі. Мәселен, «Теңізшевройл» компаниясы қазақстандық ЖОО-лар ішінен КИМЭП, анда-санда КБТУ түлектерін ғана қызметке қабылдайды екен. Се­бе­бі, олардағы оқыту стандарттары халық­­аралық деңгейге сәйкес. Басқа да шет­елдіктермен бірлесіп құрылған компаниялардағы талап та осыған ұқсас. Әрине, бұл үшін жұмыс берушіні сөгіп қажеті жоқ. Мұның өзі біздегі отандық жоғары оқу орындарының шамасы қандай деңгейде екендігін білдіреді. Неліктен мемлекет КБТУ мен Қазақ ұлттық техникалық университетін қосып жатыр?! Осы үдерісті одан әрі белсенді түр­де тереңдету қажет.

Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында елімізде кәсіптік білім берудің тегін болып жариялануының өзі бекер емес. Мұның себебін біз төртінші өнеркәсіптік революция туын­дататын сын-қатерлерге қарсы мемлекеттің жасап жатқан бір амалы деп түсінеміз. Өйткені, алдымызда келе жатқан заманға жалған жоғары білім қажет емес. Ондай өтірік диплом жастарымызды далада қалдырады. Тіпті, қазірдің өзінде солай болып та жатыр. Оның орнына жастардың күні ертең нанын тауып жейтіндей қарапайым да болсын бір кәсіпті меңгеріп шыққаны жөн. Мәселен, автоэлектрик деген қара­пайым ғана кәсіп түрі бар. Астанада осы мамандықты жақсы меңгеріп алған орыстың жас жігітінің үйінің қақпасына қазақтың өздерін әжептәуір қызмет атқарып жүрмін деп есептейтін біраз азаматтары, соның ішінде көлік пен құрылыс кәсіпорындарының бас инженерлері, жеке бизнесмендер мен кәсіпкерлер таң атпай барып, есігін күзетіп кезекке тұрады екен. Жаңағы жігіт қақпасынан шығып, кезекке тұрғандарды тізімге тіркеп, кімге сағат нешеде баратындығын айтады. Олардың әрқайсысынан 5 мың теңгеден жинайды. Бұл – барғаны үшін ғана алатын ақшасы. Жөндегені үшін сойып тұрып тағы алады. Сонда ойлай беріңіз, бұл жерде кім басшы, кім қосшы? Кімнің соңынан кім еріп жүр? Міне, қарапайым кәсіптің қадірі қайда деңіз!

Қимылда, халқым!

Әрине, реформалардың жүзеге асуы­на бірінші кезекте билік органдары жауап береді. Бірақ реформалардың тағдырын жалғыз билік шеше алмайды. Бұл реформалардың жүзеге асуы бүкіл халықтың белсенділігіне қатысты болып отыр. Осыны ойлағанда, кешегі Міржақып Дулатовтың дабыл қаққанындай «Оян, қазақ!» деп тағы бір рет айқай салғың келіп кетеді екен. Бірақ қазір оянудың өзі жеткіліксіз. Қалай алып қарағанда да, ХХ ғасыр ұлы дүбір оқиғаларымен қазақ халқын оятып кеткен ғасыр болды ғой. Ал ХХІ ғасырдағы жаңа өзгерістердің салмағы одан да зор болмақ. Сондықтан, «Қимылда, қазақ!» дегіміз келеді. Өйткені, енді аңырып отырудың жөні жоқ. Біз ХХ ғасырда мемлекеттің жетегімен өмір сүріп келдік. Ал ХХІ ғасырда мемлекет бұрынғыдай сенің өміріңе тікелей ықпал ете алмайтын болады. Әрине, ол өзінің негізгі қызметтерін сақтап, өз миссиясын жүзеге асыра береді. Бірақ қазіргі бәсекелестіктің алмағайып заманында, жаһандану үдерістері барған сайын етек алып, халықтар мидай араласа бастаған тұста енді әрбір адам баласы шын мәнінде өз тағдыры үшін өзі жауап бермек.

Бұл мәселенің, әсіресе, жеке адам мен бизнеске тікелей қатысы бар. Өйт­кені, мемлекет басқару ісін жеңілдету, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында электронды үкіметтің технологияларын осы саладағы компаниял­ардың көмегіне сүйене отырып енгізуі мүмкін, ал қоғам мен тұрмысқа, өнді­ріске, қызмет көрсетуге қажетті басқа технологиялардың барлығын компаниялар мен жеке адамдардың өздері енгізуі тиіс. Мемлекеттің міндеті адал шенеуніктерді тәрбиелей, әділ заңды­лықтарды орната, заманға сай сот пен банк жүйесін құра отырып, осыған жағдай туғызу. Қалған мәселелердің барлығын қоғамның белсенділігі шешеді.

Автор:
Сұңғат ƏЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».