Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Біз «Түркіміз» бе, «Түрікпіз» бе?


24 июня 2016, 06:16 | 1 485 просмотров



Қазақ баспасөзі мен кітаптарда соңғы жиырма-отыз жылда «түркілер», «түркі халықтары», «Түркі қағанаты» дейтін атаулы сөздер кеңінен қолданылып жүр. Қазақ тілінің ішкі үйлесімі бойынша, «түркі» дейтін сөздің ешбір оғашы жоқ, бірақ бұл - зат есім емес, сын есім - «қазақы» деген тәрізді; адами, кәсіби, ғылыми - бәрі бір орайда. Сондықтан «түркі» - мүлде басқаша ұғым бермек. (Осыған қарайлас «түрки» бар - яғни «түрік тілі».)

Тарихи тұрғыда негізі жоқ, теріс қана емес, қисынсыз: «қазақ» этнонимін «қазықа», немесе «қызақ» деп түрлендірген сияқты. «Түркі» дейтін халық та, «Түркі қағанаты» дейтін мемлекет те болмаған, сондай-ақ, бүгінгі, түп негізі бірлес, тілдері үйлес, ағайын жұрттардың ортақ атауы да «түркі» емес. Бұл жер астынан жік шыққан барлық «түркінің» ақиқат түбірі - «түрік». Орта ғасырлар тарихында жарым әлемге қанат жайған, құдірет-күші кенеусіз «Ұлы Түрік қағанаты» болды, мемлекетке ұйытқы, негізгі халық - «түрік» атанды. «Мен - Тәңірі текті, Тәңірі сыпатты түрік Білге-қаған... Түрік жұртым үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым...» Бұл халық тарихтың келесі кезеңінде бүкіл Еуразия құрылығына таралды. Ұрпақтары уақыт оза келе әрқилы аталғанымен, бәрі де түрік жұрағаты болып қала берді. «Түрік халықтары» дейтін ортақ атау - Еуропа ғылымында, бар тарихта біржола қалыптасты (орысша - әуелде «татарские народы и племена», кейінірек Батыс әсерімен «турецкие народы»).

Ежелгі тарихты кәміл таныған қазақ зиялылары да XX ғасырдың басында осы «түрік» этнонимін жаңадан жаңғыртып, жалпыға ортақ «түрік халықтары» атауын қатарға қосады. Қайтадан ту көтерген Алаш мемлекетінің гимні: «Арғы атам - ер түрік, - Біз қазақ еліміз!» - деп жариялаған. Бұдан соң: «Ежелден ер түрік, - Оқ тескен етіміз, - Қасқарып, қайтпаған, - Еш жаудан бетіміз!..» - деп шалқиды. Алаш ардагері Әлихан Бөкейхан қашанда: «Біздің түрік текті қазақ халқы...» - деп жазады. Аз-мұз кейінірек Мұстафа Шоқай бауырлас, туыстас бүткіл «түрік халқына» жар салады, оның ішінде жігерлі, жаңашыл «түрік жастарына» ұран тастайды.

Осы екі аралықтағы Сұлтанмахмұт, туған жұрты, оның өткендегі тарихы мен өз тұсындағы ахуалын салғастыра келе: «Бұлардың түрік еді арғы заты, - Әлемді тітіреткен салтанаты, - Бүгінде азып, тозып, күлкі болған, - Бұлар да сол түріктің жұрағаты!» - деп күйінген - жүз жыл өтсе де, әуелгі күшінде тұрған лепес. Қайткенде де - түрік, түрік және түрік халықтары! Тек біз ғана емес. Ресей шегінде отарлық күн кешкен бұлғар (қазан татарлары) мен башқұрт және Қырым түбегін, Қапқаздың қырқасы мен қаптал етегін қоныстанған ағайындар, тіпті шыбаш пен сақа-якутке дейін түгелдей ежелгі «түрік» негізіне ден қойыпты.

Ал Бірінші Жихан соғысынан соң Ежелгі Осман империясының түпкі қонысында қайта құрылған мемлекет - Ата-Түріктің басшылық, нұсқауымен «Түркие», «Турк жумхурияты», яғни Түрік республикасы деп ресми түрде атала бастаған. Енді Ресей империясы шегінде коммунистік қызыл орыс өкімі біржола орныққан кезде, дағдылы «түрік» этнонимі екі тармаққа ажыратылады: Анадолы түрігі - «турок», «турки», ал қалған барлық түрік қауымының атауы - «тюрки», «тюркские народы» болып өзгертілді. Бұл жіктелу - 1926 жылы Бакуде өткерілген, тілге, мәдениетке қатысты көптеген мәселелер оңымен шешіліп, латын жазуына жаппай көшу туралы қарар қабылданған айтулы оқиға - «Бүкілодақтық Бірінші түркология құрылтайында» («Первый Всесоюз¬ный Тюркологический съезд») ресми түрде қабылданған болатын. Әлбетте, жоғарғы өкімет нұсқауы әрі дәп осы кезде айырым елеусіз көрінген, өйткені, осы «тюрк» халықтарының барлығының өз тілдерінде аталу да, жазылу да бірегей - «турк», «түрік» болып қала бермек. Және дәп солай жалғасты.

Біздің қазақ ғылымында да, шамамен 1970 жылдарға дейін «түрік халықтары» деп жазылып келді, ал өткен тарихтағы ұлы мемлекет ешбір бұрмасыз «Түрік қағанаты» аталды. Алайда советтік орыс саясатында «Пантүркизм» дейтін үрейлі ұғым бар, бірте-бірте қазақтағы «түрік халықтары» түп негізінен аулақтап, «түркі халықтарына» айнала бастады. Ақыры, міне, әлі де бұғаулы бастың саясаттан тысқары ерікті ауыз заманында, манағы жасанды «тюрк» жобасымен, ежелгі «түрік» этнонимі мүлде қатардан шығарылған екен: «түрік» - ол Түркия халқына ғана тиесілі, ал қалған жұрт, оның ішінде қазақ та «түркі» болғаны мақұл. Осы ораймен жалбағай жазармандар Ежелгі Ұлы Түрік қағанатының бар тарихта тұрған, әлі де теріске бұзылмаған өзіндік атауына дейін өзгертіп салды: «Түркі қағанаты». Даналықтың ерекше үлгісі. Шындығында, бұрнағы, қағанат аталған мемлекет бүгінгі Түрік республикасынан шалғай, алыс бір қиырда жатыр ғой. «Түрік» деп танылуы қисынсыз, «Түркі» деп, нақты айғақтаған жөн. Өстіп, бұл «Түркі қағанаты» ағымдағы баспасөз бетінен озып, бірте-бірте қазіргі тарихшыларымыздың «ғылыми» еңбектеріне көше бастапты.

Есебі, осындай қисық пен қыңыр бар тарапта қатарға қосылды, ежелгі тарихи атауды ығыстырып шығарды деген сөз. Енді қараңыз. Жоғарыда айтқанымыздай; «Қазықа хандығы», «Қызақ Ордасы» деген жаңаша атауға тоқтау мүмкін бе. Мүмкін екен. Түрік қағанатын «Түркі қағанаты» деп отырмыз ғой. Айырымы қанша. Жоқ, мұндай бұралқы атаулар осы қалпында қалуға тиіс емес. Ерте ме, кеш пе, түзетілуі шарт.

Өткен мың жарым жылдық тарихта - «түрік», «Түрік қағанаты», кейінгі бес ғасырда аралары ажырап, әрқайсысы өз дербестігін тапқан қауым жұрттың ортақ атауы - «түрік халықтары». Егер Осман империясындағы жұртшылық өздерінің арғы бабаларының есімін сақтап қалса (шын мәнісінде алғашқы президент Мұстафа Кемал қалпына келтірсе), бұл - тек қана сүйінішті жағдай, ұлттық сананың биік көрінісі, ал «түрік халықтары» дейтін анықтама - сені Түркиямен қосақтап, Ресей сияқты басыбайлы құлға айналдырып жібермейді. Азып-тозудың ең сұмдық белгісі - ата-анаңнан безу десек, түп тамырын теріске шығарған, туған халқының ежелгі атауынан жеріп, арғы тарихтағы ұлы империясының есіміне дейін өзгерткен ғаламатты қалай бағалауға болады? Тексіздік, ұлтсыздық деп қазбаламай, ең жеңіл, бергі себебін айтайық - қара танымаған сауатсыздық аталады.

Автор:
Massaget.kz