Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мамандық таңдаудың машақаты — мүлт кетпе


22 августа 2016, 06:39 | 2 361 просмотр



Жаңа оқу жылының басталуына бірнеше апта ғана қалды. Мамыр айында алтын ұя мектептерімен қоштасып, ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен мектеп түлектері жаңа белесті бағындыруға қызу кіріскен. Жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырып, мемлекеттік білім грантының иегері атануға үмітті талапкерлер конкурс нәтижесін асыға күтіп жүргені белгілі. Ал бұл кезекте билік басындағылар білім грантына ие болып, кейін белгісіз себептермен оқудан шығып қалған студенттердің бюджет ақшасын қайтару мәселесін талқылау үстінде.

«Бюджет қаржысын қайтаруы тиіс»

Оқудан шығарылған студенттер бюджет қаржысын қайтаруы тиіс. Жуырда еліміздің Есеп комитеті Білім және ғылым министрлігіне осындай кеңес берді. Есеп комитетінің отырысында 2015 жылға қаржыландыру барысында 366 студент үлгерімі төмендігіне байланыс­ты оқудан шығарылғаны белгілі болды. Олардың оқуына 938,9 миллион теңге жұмсалған. Ал білім грантына ие болған студенттердің мұндай шығынына бүгінгі күнге дейін ешкім де жауап берген емес. Бұл мәселе заң жүзінде ретке келтірілмегендіктен, оқуын тастап кетіп қалған студенттерден ешқандай қаражат қайтарылмаған. Сондықтан, Есеп комитеті Білім және ғылым министрлігіне студенттерден осы шығынды қазынаға қайтаруды талап етіп, оны заңмен бекітуге кеңес берді. «366 адам академиялық қарыздары болғаны, үлгерімі төмендігі, бұзақылық жасағаны, ішкі тәртіпті бұзғаны үшін және өз қалауымен оқудан шыққан. Оларды оқытуға миллиардқа жуық теңге кеткен. Ол бір жылдың ішінде. Менде бір ұсыныс бар, қандай да бір қайтарым жасау, «Болашақ» секілді бір ережелер енгізу керек», – деді жиын барысында Есеп комитетінің басшысы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин.

Әрине, қандай жағдай болса да қазынадағы қаржының есепсіз жұмсалмауы қажет. Бұл орайда Есеп комитетінің айтқан ұсынысы орынды-ақ. Шын мәнінде, білім грантына қол жеткізген студенттердің университетті жарты жолдан тастап кетуі мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны желге ұшыру деген сөз емес пе? Қазақстанда жастардың жоғары білім алуы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып отырғаны үнемі айтылуда. Десек те, берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланбайтындардың қатары да аз болмай тұр. Мұны Есеп комитетінің жоғарыдағы мәлімдемесі дәлелдейді. Ал әлем бойынша экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы байқалып отырған тұста қазынадағы қаржыны дұрыс игерудің маңызы зор екенін есте сақтағанымыз абзал. Комитеттің отырысында мәлім болған тағы бір жайт бар. Өткен жылы еліміздегі жоғары оқу орындары бюджеттің 7 миллиард теңгесін тиімсіз пайдаланған. Университеттердің ректорлары түрлі қажеттіліктер үшін қазынадан миллиардтаған қаражатты бөлдіргенімен, оны игере алмаған. Ал 2 миллиардқа жуық теңгенің мақсатсыз жұмсалғандығы анықталды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында 500 студентке арнап салынған жатақханада 250 орын бос тұр. Қазынадан бөлінген қаржыны ысырап қылғандардың қара тізімі де жасалған. Тізімнің көш басында Өскемен қаласындағы Серікбаев атындағы мемлекеттік техникалық университет, Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университет, Солтүстік Қазақстан облысында тағы бірнеше оқу орны тұр.

Студенттердің оқудан шығып қалуы кей жағдайда парақорлық пен алаяқтыққа жол ашуы мүмкін. Мәселен, үстіміздегі жылдың мамыр айында Ақтөбеде «оқу орнына қайта орналастырамын» деп ақша алған алаяқ сотталды. 29 жастағы Қайсар Асқаров үш жылға бас бостандығынан айрылды. 29 жастағы жігіт сабақтан қалғаны үшін оқудан шығып қалған медицина университетінің үшінші курс студентін оқу ордасына қайтадан орналастырмақ болыпты. М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студентінен оқуға емтихансыз қайта қабылдану үшін 355 мың теңге сұрайды. Оның 300 мың теңгесін оқу орнының қызметкері, ал 55 мың теңгесін өз қызметі үшін алатындығын айтқан. Бұл ұсынысқа келіскен қыз 300 мың теңгені алаяқтың қолына ұстатыпты. Ал қалғанын келесі күні беруге келіседі. Осылайша, алаяқ студенттен «оқуға қайта орналастырамын» деген желеумен бірнеше рет ақша сұраған. Алайда барлығы 970 мың теңгені қалтасына басқан жігіт өз уәдесінде тұрмаған. Сот отырысы барысында 29 жастағы жігіт өз кінәсін мойындады. Сотталушының анасы жәбірленушіге 970 мың теңгені қайтарып беріпті. Айта кетейік, сотталушы бұған дейін де дәл осындай қылмысы үшін істі болған. 2014 жылы ақтөбеліктердің бірінен мемлекеттік қызметке тест сұрақтарынан сүрінбей өтуге көмектесемін деп 200 мың теңге алған. Бұл қылмысы үшін сот оны екі жылға бас бостандығынан айырған болатын. Білім саласында мұндай алаяқтықтар да, тәртіп бұзушылық пен жемқорлық та жиі кездесіп жатады.

Сонымен қатар, жарты жолда оқуын тастайтындардың орнына ақылы негізде білім алып жүрген студенттердың ауысуына мүмкіндік бар. Ал бұл мүмкіндік тегін білім алуға ниетті студенттерге қалай беріледі? Әлгіндей түрлі себептермен оқудан шығып қалған студенттердің еншісіндегі мемлекеттік грантқа ие болу үшін өтініш жазып, конкурсқа қатыса алады. Бір жағынан, оқу үлгерімінің төмендігінен не болмаса тәртіп бұзышулықтың әсерінен университетпен қоштасқандардың грантын кезінде ұпайы жетпегендіктен тегін оқу мүмкіндігінен қағылған талапкер иелене алады. Біреуге қажетсіз болған тегін оқу мүмкіндігі екінші адамның бағына бұйыратыны қуантады. Мемлекеттік білім гранты қолданыссыз қалмайды дегенімізбен, бөлінген қаражаттың тиімсіз пайдаланылғаны көңіл қуантпайтыны рас. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені заң жүзінде бекітпегендіктен, әзірге жағдайдың бәрі бәз баяғы қалпында. Ал ведомство Есеп комитетінің аталмыш ұсынысын әрі қарай қарастырып, тиісті шешімін шығарар болса, оқудан шығып қалмас үшін студенттердің барын салатындары белгілі.

31 мыңнан астам білім гранты бөлінді

Биылғы жылы жоғары білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырыс 31 702 грантты құрайды. Оның ішінде сырттай бөлімге 300 грант, жоғары оқу орындарының дайындық бөліміне – 2500 орын, жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде тілдік дайындық деңгейін арттыру үшін 450 орын бөлінген. Мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінен 3162 грант «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» (Серпін-2050) бағдарламасы бойынша, оның ішінде 1000 грант – педагогикалық, 1717 – техникалық, 345 – ауыл шаруашылығы және 100 орын медициналық мамандықтарға қарастырылды. Мемлекеттік тапсырыс аясында қабылдау үшін Назарбаев университетіне (700), А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне (200), М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалына (125), Мәскеу авиациялық институтының «Восход» филиалына (45), Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне (500), Қаржы академиясына (50) және Қазақ-Британ техникалық университетіне (200) мақсатты орындар бөлінген. Сондай-ақ, педагогикалық мамандықтарға – 5000, гуманитарлық ғылымдар – 700, құқық – 100, өнер – 170, әлеуметтік ғылымдар – 700, жаратылыстану ғылымдары – 1470, техникалық ғылымдар және технологиялар – 12593, әскери іс және қауіпсіздік – 60, медициналық мамандықтар – 3000, ауыл шаруашылығы және ветеринария – 2690 мемлекеттік білім гранты бөлініп отыр. Магистратурада мамандар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс 7429 орынды, оның ішінде бейінді магистратураға 3000 орынды құрайды. PhD докторантурадағы мемлекеттік тапсырыс 628, оның ішінде 43 орын Назарбаев университетіне бөлінген.

Мемлекеттік білім беру грантын тағайындау комиссиясының өкілдерінің айтуынша, жыл өткен сайын қазақстандық талапкерлердің техникалық, педагогикалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына қызығушылығы артуда. Биыл оқу грантынан барлығы 59 мың 677 түлек үмітті. Педогогика саласына 5 мыңға жуық грант бөлінген. Мәселен, география пәні бойынша байқауда бір орынға 28 түлек үмітті. Алғашқы әскери дайындыққа 22, музыкалық білім беруге 18, бейнелеу өнері мамандығының бір орнына 14 адам таласуда. Ал техникалық сала ішінде геодезия және картография, электроэнергетика, ақпараттық технологиялар мамандықтарына сұраныс көп. Сондай-ақ, биыл ауыл шаруашылығы және ветеринарлық мамандықтарға 2 мың 690 грант бөлінген. Бұнда да бәсекелестік өте зор. «Бір орынға 22, 23 талапкер таласып отырған жерде қуануға болады. Биылғы жылы педогогикалық, техникалық, медициналық мамандықтарға сұраныс жоғары. Қарап отырсаңыз, соңғы жылдары сонымен қатар ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтар бойынша сұраныс өсіп келе жатыр. Соның ішінде ветеринарлық медицина, ветеринарлық санитарияға деген қызығушылық жоғары. Бұрынғы жылдары мұндай жағдай байқалған жоқ», – дейді Білім және ғылым министрлігі Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлзат Көбенова. Бірақ өткен оқу жылында бөлінген мемлекеттік гранттың саны биылғыдан көп болатын. 2015 жылы 32 168 білім гранты бөлінгені есте. Былтыр білім гранттарының конкурсына 67 377 адам қатысты, оның ішінде 53 162 адам қазақ тілінде білім алуды қаласа, 14 215 – орыс бөліміне тапсырды.

Мамандық таңдауда мүлт кетпе

Қалай айтсақ та, Қазақстанда жастардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, тегін орта білім, жоғары оқу орнына тегін оқу мүмкіндігі, тіпті, шет мемлекетте білім алуға да мүмкіндік бар. Ал азулы АҚШ-та студенттерге мұндай қолдау көрсетілмейді. Өйткені онда тегін жоғары оқу орнында білім алу мүмкіндіктері шектеулі. Университеттердің бөлген гранты бойынша тегін білім алуға болады, бірақ оның да саны көп емес. Бұған қарап отырып, «Қазақстанның білім сапасы жоғары болуы керек емес пе?» деген ойдың туындайтыны заңдылық. Қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектер мамандық таңдауда жиі қателеседі. Көбінесе жастар ата-ана, туған-туыс, дос-жаранның берген кеңестеріне сүйене отырып, мамандық таңдайтыны үнемі айтылып жүрген жайт. Елімізде көп отбасында ата-анасының мамандығы қандай болса, балалары да сол салаға бет бұрады. Бұл жиі кездесетін жағдай. Қарапайым отбасында ешкім баласын ақы беріп оқытқысы келмейді. Сондықтан, өзі танитын мамандыққа беріп, таңдауына араласады. Бұл кей жағдайда сәтті шыққанмен, көп жағдайда қателікке алып барады. Оның үстіне, жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының қымбат болуы талапкерлердің грант көп бөлінетін мамандықтарды таңдауына ықпал етуде. Осының нәтижесінде, өз мамандығын түсінбейтін әрі ұнатпайтын жастар қалыптасады. Елімізде мамандар жетіспейтін салаларға кадр даярлау үшін мемлекеттік білім грантын да белгілі бір мамандықтарға көбірек көбірек бөлетіні рас. Бұл да өз кезегінде орынды шешім. Өйткені осы арқылы техникалық мамандықтарға деген сұраныс арта бастады. Бірақ грант үшін мамандық таңдаған жастардың ертеңгі күні диплом үшін ғана білім алмасына кім кепіл?! Олардың барлығы бірдей шын мәнінде білікті маман болып шыға ала ма?

Мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оған бейжай қарауға болмайды. Қазіргі кезде жастар мамандықтың мансабына да қызығады. Мамандық таңдауда селқостық танытып, аяғында опық жейтін жандар қаншама. Айтулы жоғары оқу орындарын тәмамдап, қолына дипломын алған соң оның пайдасын көрмей, ақыры сандықтың түбіне салып қоятындар да жетерлік. Бұл еңбекке қабілетті жастардың жұмыссыздар санын арттыруына ықпал етеді. Кейбір мектеп түлектерінің мамандық таңдардағы алғышарты жоғары жалақымен байланыстырылады. Нарықтық заманда жалақының да көп болуы маңызды. Бірақ білікті маман атануды бірінші орынға қою керек. Қазақстан егемендікке қол жеткізген шақта аудит, қаржы саласындағы мамандар үлкен сұранысқа ие болды. Бүгінде өнеркәсіптің дамуымен техникалық мамандықтарға сұраныс артып отыр. Бірақ жастардың басым бөлігі техникалық, яғни дәнекерлеуші, электрик сынды мамандықтарға өз еркімен барғысы келмейді. Бүгінгі таңда сұранысқа ие, қоғамға қажет мамандықты игерген жастың асығы алшысынан түсетіні анық.

Кәсіби біліктілігі жоғары маман әрқашан сұранысқа ие. Әсіресе, техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар мен жаңа мамандықтар бойынша кадрларды даярлау маңызды болып отыр. Алайда диплом алған маманның барлығына жұмыс табылмайтыны да белгілі жайт. Ал жұмыс табыла қалған жағдайда жұмыс беруші тарап оқу бітіріп келген студенттен жұмыс тәжірибесін сұрайды. Дипломын қолына енді алған жас маманда еңбек өтілі қайдан бола қойсын? Сондықтан, жоғары оқу орнын бітіргендердің арасында таңдап алған мамандығы бойынша жұмыс таппай, құрылыста, базарда немесе басқа да салаларда жұмыс істеуге мәжбүр болып жүргендері жетерлік.

Сондықтан, жас талапкерлер мамандық таңдауда мүлт кетпеуі қажет. Оған қоса, Білім және ғылым министрлігі де мемлекеттік білім гранттарын бөлуде қателік жібермегені жөн. Ал Есеп комитетінің грантқа қол жеткізгеннен кейін оқудан шығып қалған студенттерден мемлекет қаржысын қайтаруды талап етуі де орынды шешім тәрізді. Қазынадан бөлінген қаржы жастардың білікті маман атануы үшін жұмсалуы қажет. Мемлекет қаржысының да сұрауы бар емес пе?

Автор:
Әсел ӘНУАРБЕК.