Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бала асырап алушыларға не кедергі?


2 сентября 2016, 11:53 | 430 просмотров



Бауыр еті баласын әлпештеп, әлдилеп өсіру әрбір ата-ананың міндеті. Десек те қоғамдағы жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар статусына ие болған балалардың хал-ахуалы, өмірі мен оқу-тәрбие жағдайына алаңдайтын ата-анасының жоқтығы көпшіліктің  қабырғасына батады.  Бүгінде бала асырап алуға ниетті отбасылар мен тұлғалар саны жетерлік. Ал осы мейірімді бастаманы қолға алғандарға не кедергі?

Ең өкініштісі, ата-анасынан айрылған баланың статусын анықтау. Себебі, бірге туған бауырлары бар немесе ата-анасы қаржылық жағдайының нашарлығына байланысты уақытша тастап, кейіннен тіпті ұмыт қалдырған балалардың, сондай-ақ тастанды сәбилердің асырап алуға жатпайтыны жанға батады. Жоғарыда аталған балаларды бағып алуға, асырап, патронатқа алуға рұқсат жоқ. Тек тұл жетім статусына ие болған балақайлар ғана болашақ ата-анадан үміттене алады. Қазақстанда 30 мыңға жуық балалар үйінің тәрбиеленушісі болса, оның 7 мыңы ғана тұл жетім, ал қалғанын асырап алу үшін уақыт керек, өз ата-анасының рұқсаты, баласынан бас тартуы немесе күштеп ата-ана құқынан айыру керек. Алайда балалар түрлі жағдайларға байланысты баласынан бас тартпаған, оны құжатпен бекітпеген көкек әке-шешелер көп. Ал оның әрбірін тауып, бас тартуға тағы да зорлай алмайды. Себебі балалар ішімдікке салынса да өз анасын күтеді, ұрып-соқса да өз әкесін күтеді.

Жуырда, Қазақстанда ата-анасыз қалған балалардың мәліметтер базасы жасалды. Оғана 10 жасқа дейінгі 1 326 баланың анкетасы салынды. Қалған 7 мыңға жуық баланың анкетасы әлі дайын емес көрінеді. Ол көпшілік назарына ұсынылды, кез келген қазақстандық республика бойынша барлық өңірлердегі балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетімдер туралы мәліметті көре алады. Осы мәліметтер базасына да тұл жетімдер ғана енгізіліп, бауыры бар балалар мен тастанды сәбилер өз ата-анасын күтуге мәжбүр. Олай болса, өзге балалардың өз ата-анасы ешқашан қайтып келмесе, баласын алуға ниет білдірмегендіктен балалар үйіндегі жетім сол жерде қалуға мәжбүр, оны асырап алғысы келгендерге де беруге болмайды.

Кезекте тұрған ата-аналардың көп болуына тағы бір себеп – балалар үйіндегі балалардың 80 пайызының асырап алуға жатпайтыны. Мәселен, балалар амал жоқ мемлекеттің қамқорлығында қала береді. «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин бұл туралы бірнеше рет айтты, тіпті балалардың барлығын асырап алуға жатқызуды ұсынған еді, сондай-ақ мемлекеттік балалар үйінің қызметкерлерін балаларды асырап алуға бермейсіңдер, баланың мемлекеттік мекемеде қала бергені сендерге тіимді деп айыптағаны да есте. Қалай тартсаң да, әділі осы. Баланың балалар үйінде қала беруі сол мекеменің басшылығына тиімді, бір балаға жыл сайын 160 мың теңге бөлінеді.  Бұл барлық баланы қосқанда миллиондаған қаражатқа айналады. Ал баласының қарны тоқ, киімі көк, жылы жерде жүргені көкек ата-ананың барлығына тиімді. Сондықтан олар да баласынан бас тартпай-ақ, өз ісімен әуреленіп жүре береді. Оларды іздеп тауып, құқынан айыруға мекеме қызметкерлері де талпынбайды. Бұл жоғарыда аталған екі тарапқа да тиімді. Сонда баланың қамын кмі ойлайды? Әлбетте, мемлекеттің қамқорлығымен өсіп жетіледі, бірақ ол оған әке-шеше бола алмайды, өз үйінде, отбасында өмір сүру – әр баланың арманы.

Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева болашақта балалар үйінің болмайтынын айтқан болатын. Бұл оң бастаманың бүгін-ертең жүзеге асуы мүмкін емес. Алайда мұны жүзеге асырудың төте жолын барлығымыз көріп отырмыз, баланы асырау жолдарын жеңілдету. Осылайша кезекте тұрған үміткерлер балаларын тезірек алса, Қазақстан жетімін жылатпаған ел атанар еді.

Мынадай статистикаға көңіл бөлейік. Қазіргі таңда Қазақстанда жетім балаларға арналған мекемелерде әлі де 7 866 бала қалып отыр. Нәрестелі болуға ниетті ата-ананың саны да аз емес – 1800 үміткер. Мысалы, «Ана үйі» сайтының мәліметінше, Алматы қаласында жетім балалардың жалпы саны – 487 бала. Асырап алуға және қамқорлыққа беру органдарында бала асырап алуға кезекте тұрғандардың саны – 548 адам. Сонда бала асырап алатындардың саны жетім балалардан көп болғаны ма? Олай болса Алматы қаласындағы 487 баланы неге бірден 548 ата-анаға үлестіріп бере салмасқа? Жоқ. Баланы алуға талпынған ата-ананың жинайтын құжаттары көп, аттап өтетін табалдырығы мен асуы да көп. Сондай-ақ Астана қаласы бойынша 346 жетім болса, асырап алудың кезегінде тұрғандар саны – 386. Мұны қалай түсінеміз? Тағы да асырап алушылар саны жетім балалар санынан көп болғаны ма? Бір өкініштісі, қазақстандықтар бес жастан үлкен балаларды асырап алудан бас тартады. Кезекті көбейтіп тұрған фактордың бірі де осы.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша, жыл басынан бері балалар үйі мен нәрестелер үйіндегі 829 бала отбасын тапты. Атап айтсақ, қамқорлыққа – 183 бала, патронатқа – 123, асырап алуға – 105, өздерінің туған отбасыларына 418 бала қайтарылды. Бүгінде жетім балаларға арналған мекемелерде әлі де 7 866 бала қалып отыр. Миллиондаған халқы бар  мемлекеттер үшін бұл еліміздегі жетім балалардың аз екенін білдіруі мүмкін, бірақ бейбіт елде өмір сүріп, соғыссыз-ақ баланың ата-анадан ажырап қалуы жаныңды жабырқатады.

Автор:
Ақниет ОСПАНБАЙ. «Түркістан» газеті.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто